Н.И.Краузе бойынша ұлпаларды консервілеу. Аузы тығыз жабылатын шыны құттыға 1% хлорацид ерітіндісін құйып, оның ішіне 2,5 - 20 грамдық ұлпа бөліктерін салып бөлме температурасында қараңғы жерге қоямыз.
Бірінші 3 - 4 күні хлорацид ерітіндісін күн ара ауыстырып, кейін тек 6-шы күні ауыстырады. 7 күндік консервілеуден кейін ұлпа пайдалануға дайын болады. Тура осы талаптарды ұлпаны 2% хлорамин ерітіндісімен консервілегенде бұлжытпай орындау керек. (М.В.Плахотин, П.Ф.Сим-бирцев). Консервіленген ұлпаларды сол ерітіндінің өзінде 4-айлық уақытқа шейін сақтауға болады. Бірақ ұлпаны қолданар алдында 1 тәулікке хлорацид ерітіндісімен алмастыру керек.
В.А.Герман және И.А.Каланшик бойынша ұлпа ұнтасын даярлау. Тоңазытқышта консервіленген ұлпаны (бауыр, көкбауыр, ен және тағы басқа) залалсыздандырылған ет турағыштан өткізіп, заалсыздандылылған изотониялық ерітіндісімен 1:3 ара қатынаста ерітіп, 2 сағат бөлме температурасында тұндырады. Сосын 60 минут 80°С су моншасында ысытады да, 2 қабат стерильді дәке сүзгісінен өткізеді. Сүзіндіні 5-10 мл ампулаға құйып ауызын дәнекерлеп 120°С -та автоклавта 60 мин залалсыздандырады. Салқын қараңғы жерде сақтайды.
Теріні айтылып кеткендей әдіспен алып, 2% хлорацид ерітіндісінде 7 күн консервілейміз. Терінің өлшемі жарақаттың немесе ойылымның өлшемімен бірдей болу керек. Жарақатты және оның айналасын антисептикалық өндеуден кейін консервіленген теріні жарақатқа бейімдеп қондырып, таңып тастайды. Бейімдеп қоңдыруды әр 5-7 күнде қайталайды.
Ұлпа терапиясының әдістері. Емдік мақсатта көбінесе консервіленген ұлпаны денеге жамап бітіру кең қолданылады. Ол үшін мойын аумағының ортаңғы тұсында операциялық алаңды дайындап, жергілікті инфильтрациялық жансыздандыру жасайды. Сосын теріңдігі 2-3 см ұзындыққа кесіп, ішін кеңейтіп тері асты қалта жасайды. Қан ағысын тоқтатқан соң, асептика, антисептика талаптарын қадағалап, консервіленген ұлпаны қуысқа енгізіп жараның жиектеріне 3-4 жерден тігіп салады. Керек болған жағдайда ұлпа терапиясын 20 күннен соң қайталайды.
Жарақаттар, ойылымдар мен күйіктерді емдеуде хлорацид немесе хлорамин ерітіндісінде консервіленген тері не басқа ұлпаларды бейімдеп қондыру (аппликация) әдісін қолданады. Малға егетін ұлпа мөлшері малдың түрі мен салмағына тікелей байланысты.
Ұлпа терапиясын жазылуы ұзаққа созылған жарақаттарда, ойылымдарда, қаяуларда, торшалардың бөлініп көбеюінен мүшенің ұлғаюында (пролиферат), тыртықтан пайда болатын контрактураларда, өзектің таралуында, терінің созылмалы ауруларында, жүйке қабынғанда, жартылай және толық салдануларда, ашық іріңді-өлі етті процесстерде, көз ауруларында, акушерлік - гинекологиялық патологияларда, ішкі жұқпалы емес ауруларда қолдану жақсы нәтиже береді. Ал жабық іріңді-өлі еттену процесстерінде, сепсисте, ірі қара малдың 7 айлық буаздығынан бастап емге қолдануға болмайды.
Соңғы жылдары мал организмінің қорғаныс күштері мен өнімділігін көтеру мақсатында лазер нұрын пайдалану медицина мен ветеринарияда кең өріс алуда.
Ғалымдардың деректеріне сүйенсек лазер нұрының әсері ауыл шаруашылық түліктерінің ет, сүт, жүн өнімділігін арттыруға, сонымен қатар асептикалық және ойылым жараларды емдеуде өте жақсы нәтижелер береді екен.
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің хирургия кафедраның қызметкерлері А.А.Иманбаев, Б.К.Ильясов, Ғ.А.Ишмухамедов кейінгі кездері лазер нұрын хирургиялық ауруларды емдеуде пайдаланып, оның мал организміне жалпы әсерін, әр түрлі жарақаттардың жазылу процессіне әсерін зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Ғылыми зерттеулер лазер нұрының әсері жарақаттың биологиялық өздігінен тазару кезеңін тездетіп, жас дәнекер ұлпаның өсіп жетілуін, оның эпителийленілуін жеделдететіні дәлелдеді.
Клиникалық, морфо - биохимиялық зерттеулерді пайдаланып гелий неонды лазер нұрының жергілікті әсері ірі қара мал жарақатның регенеративтік қалыпқа келу процессін жеделдетіп, жазылу мерзімін қысқаратыны айқындалды. Ірі қара мадың әр түрлі жарақаттарын емдеуде лазер нұрын пайдаланып кешенді емдеу әдісі игеріледі.
Қансырау. Жарақаттардың жиі кездесетін асқынуларының бірі осы қансырау. Қансырау әсіресе ірі қан тамырлардың жарақаттануынан көп қан жоғалту салдарынан болады. Жалпы жан – жануарлар қанының 1\3 жоғалтса оның өміріне қауіп төнеді. Қанның көп аққаны жаман. Алғашқы кезде малдың қан тамырының соғысы, тынысы жиілейді. Көрінетін кілегей қабықтары бозарып, көкшіл тартады. Мал жатып қалып, кейіннен жағдайы ауырлап өліп кетуі де мүмкін. Мал түліктерінің қансырауға төзімділігі әр түрлі. Мүйізді ірі қара малымен иттер төзімді келеді. Мысалы мүйізді ірі қара денесіндегі 60 қанынан айырылғанда ғана өлуі мүмкін (жалпы қан мөлшері 15 литрдей болады), ал жылқы қансырауды ауыр көтереді. Ол қанының 40% жоғалтса өлуі мүмкін. Сондай – ақ ауру, арық малдар қансырауға төзімсіз келеді. Әсіресе ірі қан тамырлары жарақаттанса қансырау жылдам болады. Ұйқы артериясы жарақаттанғанда 15 – 20 минуттан соң, ал жамбас артериясы жарақаттанса 30 минуттан соң қансырау болады.
Қансыраудың себептері көп. Қан қысымы көтерілгенде, артериосклероз ауруына шалдыққан малдың қан тамыры жарылып кетуі де ғажап емес. Сондай-ақ сыртқы ауаның қысымы төмендегенде аурудың құлағынан, танауынан, тамағынан қан кетеді. Сыртқы атмосфералық ауа қысымы ұлғайғанда да қан кетуі мүмкін. Операция кезінде құрсақ немесе кеуде қуыстарынан көлемді ісік алынса, солардың орны да қанауы мүмкін. Сондай жағдайлардың бірі- қан ауруы гемофилия. Гемофилия ауруына шалдыққан малдың төл кезінен-ақ қанның ұю процессі баяулап, ауру мал әлсін - әлсін қансырай береді. Оған еркек жынысты малдар жиі шалдығады. Танаудан, ішектен кеткен қанды тоқтату өте қиын, төл кездерінде осындайға душар болған малдар кейін өлімге де ұшырайды. Мұндай мал қосымша хирургиялық ауруға шалынса, оны өлімнен құтқарып қалу өте қиын болады. Сондықтан хирургиялық операция алдында, операция кезінде және операциядан кейін осындай ауруға көп көңіл бөліп, қажет кезде қан құйып, қанап тұрған жерді тығындап, фибрин пленкаларын кең қолдану арқылы қансырау процесін тоқтату керек.
Әсіресе бауыр ауруына шалдыққан, сарғайып кеткен малға қан құю қажет. Ондай малдарда қан ұюы төмендеп кеткендіктен, операциядан соң ішектен, танаудан қан кетеді. Кейде тері астындағы қан тамырларынан да қан кетеді. Мұндай жағдайды холемиялық қансырау деп атайды. Сарғайған малды операциялық алардан бұрын оған қан құйып, азығын жөндеп, К, С витаминдерін енгізеді.
Айтылған себептерден басқа қансырау қан тамырының осалдығынан пайда болуы мүмкін. Қан тамырының қабырғасы осал болса, қан сыртқа шығады. Фосфор, бензолмен уланғанда, уремия. холемия жағдайына ұшырағанда, орталық жүйке жүйесінің қызметі нашарлағанда, қантамырының төңірегіне, сыртына шығады. Жүйке және эндокрин мүшелердің қызметі нашарлағанда танаудан, емшектен, ішектен кеткен қанды викарлық қансырау деп атайды.
Қансыраудың салдарынан ағзадағы қан азаяды да, торшаларда қан жеткіліксіз келеді. Қансырау өткен уақытына қарай екі түрге бөлінеді. Біріншісі бірден қансырау, екінші ол ұзақ уақытқа созылған баяу қансырау. Бірден қансырау кезінде мал организмдегі қан гемоглобинінің үштен бір бөлігін жоғалтып алса, уақыт тарлығына байланысты жоғалтқан қанның орнын толтыруға мүмкіншілік болмағаннан мал өлімге ұшырауы мүмкін. Осындай жағдайда ми да қансызданып қалады. Содан келіп тіршілік өше бастайды. Бірден қансырау салдарынан қан қысымы тез арада төмеңдеп кетеді, қан ішіндегі эритроциттер саны да күрт азаяды. Ал ұзақ уақытқа созылған баяу қансырау кезінде мал ағзасы жоғалтқан қанды толықтыруға мумкіншілік алады. Мұндай малдың өз бетімен жүру қабілеті болады.
Қансырау жағдайына ұшыраған мал организімінің жолғалтқан қанын толтыруы уақытқа, аурудың жүрек – қан тамыры жұмысының жағдайына байланысты. Әлсіреген, жасы ұлғайған малдың, сонымен қатар өте жас төлдердің жоғалтқан қанын толтыру процессі созылмалы келеді.
Қансыраған малдың ағып тұрған қанын операциялық әдіспен тоқтатпаса ол өледі. Жарақаттанған қан тамыры аса ірі болмаса және қан ұю процессі өзгермеген болса, тамыр өзегінде ұйыған қаннан тығын пайда болып, аққан қан өз бетімен тоқтайды. Қан құю процессі нашар болғанда жарақаттанған жерден аққан қанды тоқтату өте қиынға түседі.