84-бап. Ауысымдық жұмыс 1. Өндірістік процестің ұзақтығы не жұмыс берушінің өндірістік қызметінің режимі күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан асып кеткен жағдайларда ауысымдық жұмыс белгіленуі мүмкін.
2. Ауысымдық жұмыс кезінде жұмыс ауысымының ұзақтығы, бір жұмыс ауысымынан екіншісіне өту қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып жұмыс беруші бекіткен ауысым кестелерімен белгіленеді.
3. Жұмыс беруші ауысым кестелерін қызметкерлер назарына осы кестелер қолданысқа енгізілгенге дейін бір айдан кешіктірмей жеткізеді.
4. Қызметкерді қатарынан екі жұмыс ауысымында жұмысқа тартуға тыйым салынады.