«Ақтаңдақ» кезеңдер тарихымызда аз болған жоқ... Біз халқымыздың тарихындағы ақтаңдақтарды 1980 жылдардың екінші жартысындағы жариялылық, демократияландыру деп аталатын кезеңде айта бастадық. 1989 жылы Колбин кетіп, Орталық Комитеттің басшылығына Нұрсұлтан Әбішұлы келді. Коммунистік партияның Орталық Комитеті арнайы қаулы шығарып ұлттық тарихтың ақтаңдақтарын, Ұлт-азаттық қозғалыс мәселелерін еркін айтуға мүмкіншілік туды. Алаш қозғалысына қатысқан шығармашылық топтың Шәкәрім, Міржақып, Мағжан шығармаларының ақталуы да 1989 жылдан басталды. Ұлттық тарихты қалпына келтіру тәуелсіздіктен бұрын ойластырылған еді. Бұл жолда Елбасымыз көп еңбек сіңірді. 1998 жыл «Ұлттық тарих» жылы деп жарияланып, 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынды. Оның аясында шетелдегі тарихи деректерді елге қайтару жүзеге асты. Көп кешікпей бұл жоба «Халық тарих толқынында» деген президенттік бағдарламаға жалғасты. Елбасының тікелей қолдауымен бұрын беймәлім болған тарихи деректерді жинақтауда көп шаруа атқарылды. Тарихи-мәдени мұралар жинақталды, ақтаңдақтар ашылды. 1993 жылы репрессия құрбандарын ақтау жөнінде арнайы заң қабылданса, 1997 жылы Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.Ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жоюға бағытталған шаралар мен тарихымызды ұлықтауға арналған мемлекеттік бағдарламалар тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап рухани құндылықтарымызды дамыту жолында қызмет жасап келеді. Осы қатарда 2004 жылдан басталған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы және 2017 жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалары ұлттық тарихымызды зерделеу мен жаңғыртуды көздеп, рухани құндылығымызды дәріптеуге тікелей атсалысып отыр.