Металдардағы ток тасушылар еркін электрондар болып табылады.
Газдардағы электр токтары Қалыпты жағдайда газ бейтарап молекулалардан (немесе атомдардан) құралады, сондықтан ол изолятор болып табылады. Газдың молекулаларының кейбір бөлігі иондалғанда, яғни олар ион мен еркін электрондарға ыдыраған жағдайда, ғана газ арқылы электр тогы өте алады. Бұл үшін газ қандай да бір иондағыштың әсеріне шалдығу қажет. Газды әртүрлі иондағыштардың әсері арқылы иондауға болады: өте күшті қыздыру, қысқа толқынды электромагниттік сәуле шығару (ультракүлгін, рентген және гамма-сәулелері), электрондар, протондар, - бөлшектер ағыны. Молекуладан (атомнан) бір электронды қағып шығару үшін иондау энергиясы деп аталатын белгілі бір энергияны жұмсау қажет. Иондау энергиясының мәндері әртүрлі газдар үшін 4÷25 эВ аралығында орналасады. Иондалған газда оң иондар және электрондармен қатар сондай-ақ, электрондардың бейтарап молекулаларға қосылуының нәтижесінде пайда болатын теріс иондар да болады. Газдың иондалу процесімен әрдайым бірге оған кері процесс – рекомбинация да жүреді.