Жартылайөткізгіштер Бірқатар элементтер (кремний Si, германий Ge, селен Se және т.б.) мен химиялық қосылыстар, мәселен галлий арсениді GaAs, индий арсениді InAs, индий антимониді InSb, кремний карбиді SiC және т.б.) жартылай өткізгіштер болып табылады.
Төмен температураларда жартылай өткізгіштер изолятор болып табылады, алайда температура артқан сайын олардың меншікті кедергісі едәуір төмендейді. Бұлай болу себебі жылулық қозғалыстың әсерінен ток тасушылар шоғырының ұлғаюында. Кристалды қыздырған кезде жылулық тербелістер валенттік байланыстардың үзілуіне әкеледі. Нәтижесінде, соған дейін валенттік байланысты түзеуге қатысатын электрондардың кейбір бөлігі өткізгіштік электрондарына айналады. Валенттік байланыстың үзілуі байланысы жетіспейтін бос орынның - кемтіктің - пайда болуына әкеледі.
Электр өрісі бар жағдайда токтың қалыптасуына өткізгіштік электрондары да, сондай-ақ кемтіктер де өз үлесін қосады. Химиялық қоспасы және басқа ақаулары жоқ таза жартылай өткізгіштердегі қарастырылған өткізгіштік процесі жартылай өткізгіштердің меншікті өткізгіштігі деп аталады. Жартылай өткізгіштердің электр өткізгіштігі сондай-ақ қоспаға да байланысты болуы мүмкін. Өткізгіштік электрондарының пайда болуына әкелетін қоспалар (мысалы, кремний құрамындағы мышьяк) донорлық, ал кемтіктерді тудыратын қоспалар (мысалы, кремний құрамындағы бор) акцепторлық қоспалар деп аталады.
Егер жартылай өткізгіштегі электрондардың шоғыры кемтіктердің шоғырынан едәуір көбірек болса, онда n-типті жартылай өткізгіш туралы сөз етеді.
Егер де оң кемтіктердің саны әлде қайда басым болса, жартылай өткізгіш p- типті жартылай өткізгіш деп аталады. Басым бөлігімен қатысқан ток тасушылары негізгі ток тасушылары, ал аз бөлігімен қатысқандары – негізгі емес ток тасушылары болып саналады.
Көптеген тұздардың, қышқылдардың және сілтілердің судағы ерітінділері электр тогын жақсы өткізеді. Оларды электролиттер немесе екінші текті өткізгіштер деп атайды.
Ерітілген заттың молекуласы еріткіш молекулаларының әсерінен оң және теріс иондарға ыдырайды, олар ток тасушылары болып табылады. Бұл процесс токқа тәуелсіз жүреді және электролиттік диссоциация деп аталады.