Мақсаты: 1. Ұлы Отан соғысы, оның зардаптары, Ұлы жеңістің мән - маңызы туралы мағлұмат беру.
2. Оқушылардың тіл байлықтарын, ойын, мәнерлеп оқу дағдыларын ұштау.
3.Отансүйгіштікке, елжандылыққа, батылдыққа, шыншылдыққа баулу.
Тәрбие сағатының барысы:
Жеңіс туы желбіреген кездерде,
Қуаныштың жасы үйірілген көздерге.
Отан үшін отқа түскен аянбай,
Батырлықтың рухы мұра біздерге.
Ұлы Жеңіс тарихтада жырланған,
Тебіренер еске алса әр халық.
75 жыл мерей тойы жеңістің
Ардагерлер рухына бағыштайық!
- Құрметті оқушылар !
Әр адам үшін жақын да қымбат мереке 1941 - 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңіс күніне санаулы күндер қалды.
Жеңіске жету жолында Қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан соғысы тарихындағы жарқын беттерге айналды. Сондықтан Жеңіс күні әрқайсысымыздың жүрегімізге жақын.
Өкінішке орай, уақыт сол ұлы оқиғаларға қатысушыларды біздің қатарларымыздан алып кетіп жатыр. Олар азайған үстіне азайып барады. Бірақ ешкім де, ештеңе ұмытпауы тиіс! Себебі, бұл – біздің тарихымыз, біздің мақтанышымыз, біздің даңқымыз!
Әсемай: 1941 жылы маусымның 22 – сінде Гитлерлік Германия Отанымызға соғыс жарияламастан опасыздықпен шабуыл жасады.
Жеңіс үшін шыбын жандарын құрбан еткен бірнеше миллиондаған адамдардың есімдерін есте сақтап, 1418 азапты күн мен түнді болашақ үшін ерен еңбекпен, қайсар ерлікпен өткізгендерін ұмытуға болмайды.
Мирас: Ұлы Отан соғысының дүние жүзі үшін маңызы зор болды. 1945 жылы 8 - мамырда Берлинде фашистік Германия жеңілгенін мойындап қол қойды. 1945 жылы мамырдың 9 – ында бұрын – соңды болмаған мың зеңбірек 30 дүркін салют атылды. Міне, жеңіс күні осылай келген еді.
Маркизат: Дүние жүзі халқы бостандық алды. Халық Отан ұғымың терең сезіне түсті. Қаһарман ерлік пен еңбек жеңіп шықты. Зұлымдық, басқыншылық тізе бүкті. Бірлік, ерлік, халықтар достығы нығая түсті. Биыл Ұлы Жеңіске 75 жылдығын атап өтеміз. «Ешкім де ұмытылған жоқ, еш нәрседе ұмыт қалған жоқ». Осынау сөздер Жеңіс күнін мерекелеу кезінде жиі айтылады, осынау сөздер соғыста қаза тапқандар ескерткіштеріне де қашалып жазылған.
Ерсін: Жеңіс күні өмірді сүйер адамзаттың есінен мәңгі кете ме? Бірақ бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ.
Гитлершілдер соғыстың бас кезінде 190 дивизияны, 5 мыңдай ұшақты, 3700 танкті, 50 мыңдай қару шабуылға шығарды. Жерімізге басып кірген жау әскерінің жалпы саны 5, 5 миллион адамға жетті.
Әмина: Осы сұрапыл соғыста жауды талқандап Ұлы Жеңіске жетуге қазақстандықтар да өз үлесін қосты. Жүздеген мың қазақстандықтар қолына қару алып, өз Отанының бостандығы үшін күресті.
Қазақстандықтар Брест қамалын қорғады, Мәскеу түбінде өлімге бас тікті, Сталинград, Курск доғасындағы шайқастарда ерекше көзге түсті. Берлинді шабуылдады, Рейхстагқа қазақ жігіті Рақымжан Қошқарбаев Жеңіс туын 1945 жылдың 30 сәуірінде тікті.
Алмаз Қ.: Ия, бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен Қасым Қайсенов, Нұркен Әбдіров, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сияқты есімдері аңызға айналған аталарымыз бен апаларымызды тарих бетінде «Батыр» деп жазып кетті.
Әсел:
Сүйінші, халқым сүйінші,
Сүйіншіге - сүйінші!
Шаттан ата - анамыз!
Шаттан ата - бабамыз!
Кек қайтарып фашистен,
Соғыс бітті жеңіспен.
Жеңдік жауды күресте,
Жасалсын той мереке!
Жеңістің туы жалтылдап,
Жығылмай мәңгі тұрады.
Сол тумен өскен аршындап,
Ерлердің бізбіз ұланы
Аяулым:
Қиындық кезең сындары
Ерліктің отын маздаттың.
Соғыстың сұрапыл жылдары -
Тағдыры талай боздақтың.
Аттанып ердің дүрмегі,
Отан деп келді сөз басы.
Соғыстың күңгірт күндері -
Жесірдің ащы көз жасы.
Нұршат:
Алыстап жылдар барады,
Білініп уақыт бағасы.
Соғыстың зарлы заманы -
Жетімнің қайғы, наласы.
Ерлікке толып өткені,
Ұмытылмай тұрды ер ісі.
Соғыстың соңғы көктемі -
Солдаттың асқақ Жеңісі.
Нұрхан:
Жақыны қамығып ойланған,
Тағдыры солай болса бір.
Оралмай қалып майданнан,
Хабарсыз кетті қаншама ұл.
Өссе де ұрпақ тербеле,
Демейік өткен солғындар.
Ұмытылмай жатсын кеудеде
Соғысты көрген тағдырлар.
Салмағын содан ұғасың,
Жеңістің білсең бұл күнін.
Осынау күннің куәсін
Құрметтей, ұрпақ, жүр бүгін!
Асылжан:
Ерлікті жұрты бағалар,
Із қалған өткен жылдарда.
"Жеңіс!" деп тұрды қалалар,
"Жеңіс!" деп тұрды қырлар да.
Сан рет ел боп егілдің
Уақыттың салған тезіне.
Қымбат қой құны өмірдің,
Қымбатқа түсті өзі де.
Үміт боп елде жағылды,
Құнды еді сосын бұл жеңіс.
Ар жүгі болды арудың
Тындырған тылда іргелі іс.
Асылажар:
Ерлікті содан таба алдың,
Жігерге бөлеп өскінді.
Соғыстан соң да медальдің
Сыңғыры болып естілді.
Тыныштық күннен нұр тамды,
Самғады аппақ қанатта.
Ән болып сосын шырқалды,
Өлең боп түсті параққа.
Заманың алға басар да,
Тарихтан тағлым тыңдатты ой.
Адамдар үшін қашанда
Жеңістің құны қымбат қой!
Достарыңызбен бөлісу: |