«Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер
онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол - ар кететұғын
іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал
іздемек - ол арлы адамның ісі.
«Қалауын тапса, қар жанады» ,
«Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген - ең
барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен
өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.