3. Тақырыбы: Ұлттық руханияттағы кемел адам үлгісі Сағат саны: 1 Тақырыптың жоспары: 1. Кемел адам – халықтық тәрбиенің мақсаты.
2. Кемел адам туралы ой-пікірлердің қалыптасып, дамуы
3. Кемел адамның этникалық келбеті.
4. Кемел адам қасиеттерінің жалпыадамзаттық сипаттамасы.
5. Кемел адамды тәрбиелеу жолдары.
Дәріс тезисі: Кемел адамның халықтық үлгісі – халық тәрбиесінің жиынтық түсінігі. Адам қарапайым іс-әрекеттен жоғары іс-әрекетке қадам жасайды, алдына өте жоғары мақсаттар қояды. Кемелденген адамның өзі де жетіліп, тұлғалық тұрғыдан ерекшелене түседі. Тұлғаның ерекшелігі дегеніміз – оның өзіне тән мінез-құлқындағы, ісәрекетіндегі, көзқарасындағы ерекшелігімен даралануы. Жеке тұлғаға тән қасиет – ақыл, ес, яғни өмірді өзінің сана-сезім өлшемімен қарап, бағалауға бейім тұруы. Әрбір тұлға оқып, көріп, оқығанын, естігенін, көргенін өз ойына тоқып, содан сабақ алу арқылы да өзінің іс-әрекетін, мінез-құлқын, сана-сезімін байытады. Тұлға – жеке адамның мақсатының орындалуы, ерік-жігерінің іске асуы, өзі жөніндегі ойын, еркін іске асыруға дайындығы және оны іске асыруының нәтижесі. Адам баласы материалдық және рухани өмірдің ортасында тіршілік етеді де, өзі өмір сүріп отырған қоғамның, ұжымның, ұлттың рудың мүшесі ретінде өзіндік ақыл-парасатымен, жеке бастың өзіне тән ақыл-ой, ерік-жігер, мінез-құлық ерекшелігімен көрінуге тырысады. Қоғам мүшелерінің бәріне ортақ біркелкі мінез-құлықтың, қасиеттің болуы мүмкін емес. Әр адам - өзінше жеке тұлға. Адамдардың қоршаған ортадағы құбылыстарды түсініп қабылдауы әр түрлі. Ол әр адамның жеке басына тән физиологиялық, психологиялық, биологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Әрбір және кез-келген халықтың педагогикалық мәдениетінде кемел адам идеясын жүзеге асыруға бейімделген өзіндік табыстары бар. Бұл табыстардың жекелеген кейбіреулері тек тұлғаның бір немесе бірнеше жақтарына қатысты болса, ал өзгелері кемелденудің халықтық идеалын жан-жақты ашып көрсетеді.