101. ҚР сайлау жүйесі. Сайлау құқығының принциптері. Сайлау науқанын өткізу тәртібі.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты ретінде ерікті сайлауды, ал егемендікке ие әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі - халық екенін анықтады. Қазақстан Республикасы - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.
Демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау, оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау сайлауға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, олардың саяси көзқарастарының естілуі үшін және олар сайлаушыларға балама кандидаттарды ұсына алуы үшін қажеттінің барлығын пайдалана алады. Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың мерзімділігін, билік органдарында елдің әр түрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді. Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқы жоқ.
Сайлау құқығы принциптерi
1. Республика Президентiн, Парламентi Мәжiлiсiнiң және мәслихаттарының депутаттарын, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.
2. Республика Парламентi Сенатының депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.
3. Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi болып табылады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |