Бейтаныс жағдаят. Бұрын-соңды өмір тәжірибесінде кездеспеген тың да тосын жағдаятты басқа бір құбылыспен салыстыруға болмайды. Дегенмен, шешілмейтін мәселе жоқ екендігін ескеріп, оның жолын табуға ұмтылу қажет.
Оқу процесінде студенттерге жақсы таныс, шынайы өміріне жақын, бұрын кездескенімен, білімі мен білігінің кемдігінен шеше алмаған жағдаяттарды таңдаған жөн. Оқу тәжірибесі ойдан шығарылған, жасанды жағдаяттардың студенттер тарапынан дұрыс қабылданбайтынын көрсетіп отыр.
Кейде жағдаяттарды қосалқы ақпараттармен толықтырып, күрделендіруге де тура келеді Осындай тапсырмалар арқылы көп ақпараттардың ішінен студенттердің өзіне ең қаажеттісін іріктер алуына, өз шешімін жасауына мүмкіндік туғызуға болады. Жаңа жағдаяттарды ұсынғанда студенттер оны шешудің бірнеше нұсқаларын табуы да мүмкін және олардың бәрінде де дұрыс ой пікірлер кездесуі мүмкін. Міне, мұндай жағдайда оқытушы мен студенттер бірлесе отырып, сол нұсқалардың ішіндегі ең ұтымдысы, тиімдісі қайсысы екенін анықтауы көп нәтижеге жеткізеді. Осы арқылы студенттер тиімді шешімді бірлесе іздеп табу кезінде шығармашылықпен әрекет ететін болады.
Жеке тұлғалық қатынас тұрғысынан алғанда нақты жағдаяттарды талдау әдісі әлеуметтік сезімталдықты тәрбиелеудің де құралы болып табылады. Тұлғааралық жағдаяттарды талдауда дидактикалық та, рөлдік те ойындардың элементтерін пайдалануға мүмкіндік бар.