Сақтардың тәуелсіздік жолындағы күресі
Геродот өз жазбаларында сақтардың парсылармен тәуелсіздік үшін соғысы туралы баяндайды:
“Басында әскерлер садақпен атысады. Садақ оғы біткеннен кейін жекпе-жекке шығып, қылыш және найзамен соғысады. Нәтижесінде массагеттер жеңіп шығады. Парсы жауынгерлерінің көбі қырылып, Кир өлтіріледі.”
Кир қайтыс болғаннан кейін 11 жыл өткен соң, парсылар сақтарға қайта шабуылдады. Бұл жорықты Дарий патша басқарған. “Мен әскеріммен сақ жеріне жорыққа шықтым” - деген Дарийдің сөздері Бехистун жазбаларында жазылған.
Б.з.б. 519 жылы Дарий бастаған парсылар сақ жеріне шабуылдады. Cақтардың көсемі Скунха жеңіліп, парсы әскері Сырдариядан өтеді.
Грек тарихшысы Полиэн: “Шырақ есімді сақ денесін өзі жаралап, парсыларға қашып барып, өзін сақ көсемдерінен жәбір көрген етіп көрсетеді. Парсы әскерлерін алдап, шөлге апарып қырады” - деп жазған.
Дарий көп әскерінен айырылып, Персияға қайтуға мәжбүр болды. Шырақтың ерлігі арқасында сақтар өз тәуелсіздігін сақтап қалды.
Парсы патшасы Кирмен келіссөз жүргізуден бас тартқан Томирис (б.з.б. 570-520 ж.ж.) парсылармен соғысады. “Әйел болса да, жау шапқыншылығынан қорыққан жоқ. Томирис көп әскермен Кирге қарсы аттанып, 200 мың парсыны жойып жібереді” - деп жазды Помпей Трог.
Б.з.б. IV ғасырда Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын) бастаған гректер Орта Азияға басып кіріп, Сырдарияға аттанды. Ежелгі грек тарихшысы Арриан А.Македонскийдің Сырдариядан жүзіп өтіп, сақтармен соғысқанын жазған.
Сақ батыры Cпитамен 3 жыл бойы партизан соғысын жүргізіп, грек гарнизоны орналасқан Маракананы (Самарқан) қоршауға алды. Сақтар А.Македонскийдің ірі әскери бөлімін қоршауға алып, түгел қырып салды. “Скифтер мен Спитаменнің атты әскері оларды қоршауға алды да, садақпен атып, түгел қырып салды” - деп жазады Арриан. Кейбір деректерде осы соғыста Александрға сақ сарбазының жебесі тиіп, санынан жараланды деп көрсетеді. Македонскийдің бұл соғысы сәтсіз аяқталады. сақ тайпалары сырттан келген жауларына күш біріктіре отырып, қарсы күресіп, өз жерлерін, тәуелсіздігін қорғап қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |