Глюконеогенезді бүйрек үсті безінің гормондары - кортикостерон мен кортизол реттейді. Глюконеогенездің физиологиялық маңызы зор, қандағы глюкоза деңгейін қалыпты нормада ұстауға көмектеседі.
7. Фруктоза, галактоза және маннозаның катаболизмі Фруктозаның катаболизмі. Фруктозаның метаболизмі негізінен бауырда өтеді. АТФ қатысында фруктоза фруктозо-1-фосфатқа айналады.
Фруктоза + АТФ→ фруктозо-1-фосфат + АДФ.
Альдолаза ферментінің әсерінен фруктозо-1-фосфат екі қосылысқа жіктеліп бөлінеді.
Фруктозо-1-фосфат→дигидроксиацетонфосфат + глицерол альдегиді.
Глицерол альдегиді АТФ есебінен фосфорланады да, глицеральдегид-3-фосфат түзеді.