Құрылымдық қайта құру. 20 жж. жетекші капиталистік елдердің экономикасында маңызды құрылымдық өзгерістер орын алды, соғыс кезіндегі қираушылықтар қалпына келтіріліп, өмірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайлары біршама жақсарды. Автомобиль, электротехника,химия өнеркәсіптері сияқты жаппай өндіріс салалары алдыңғы қатарға шықты.
20 жж. екінші жартысында барлық капиталистік елдер өндірістің соғыстан бұрынғы деңгейін қалпына келтіріп қана қоймай, оны басып озды. Әсіресе АҚШ экономикасы аса жедел дамыды. Соғыстан бұрынғы деңгеймен салыстырғанда халықаралық сауда үштен бір есе артты. Ол жылдардағы «просперити» деген американ сөзі экономиканың дағдарыссыз даму дәстүрінің келгеніне сену мен болашаққа үмітпен қараушылықты білдірді.
Капиталистік дүниенің экономикалық дамуы біркелкі болмады. Егер АҚШ, Франция, Германия салыстырмалы тез дамыса, Англия, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Африка елдерінің көпшілігі даму қарқыны жөнінде артта қалды.
АҚШ 20 жж.: Соғысқа ең соңғы кірісіп және соғыс қимылдары театрларынан қашықта орналасқан АҚШ-тың адам шығыны ең аз болды, оның үстіне соғысқа қатысқан ел бизнесі орасан көп пайда тапты. АҚШ Еуропа қарыздардан несие берушіге айналды. АҚШ жаңа техника мен технологияның саласында таңқаларлықтай табыстарға жетті. Тұңғыш рет Генри Форд енгізген конвейер жүйесі 1913 ж. Мичигандағы автомобиль зауытында машинаны жинау уақытын 14 сағаттан 1,5 сағатқа дейін қысқартыға мүмкіндік алды. Кіржуғыш машиналарды, тоңазытқыштарды, фотоаппараттарды, радиоқабылдағыштар мен ойнатқыштарды жаппай шығару басталды. 20 жж. соңында әрбір американдықтың радиоқабылдағышы болды. Жолаушылар таситын әуе көлігінің дәуірі басталды. 1927 ж. Чарльз Линдберг монопланмен 33 сағат ішінде Атлант мұхиты арқылы ұшып өтті. Кино актерлері Мэри Пикфорд, Чарли Чаплин атағы әлемге жайылды. Журналистер 20 жж.-ды әртүрлі «актерлер ғасыры», «джаз ғасыры», гүлдену онжылдығы т.б. деп атап, мақтанып жатты.
Еңбекақыны көбейту туралы кәсіпорындардың ұсыныстарын, соғыстан кейінгі ереуілдер тасқынын бизнес большевизм мен революция қауіпі деп түсінді. Осындан келіп анархистердің үкіметті құлату туралы жоспары жайлы қауесет тарады. 1919-1920 жж. орын алған жеке террор актілері «қызыл қауіп» туралы байбалам науқанын қыздыра түсті. Екі итальяндық келімсек Николо Сакко мен Бартоломео Ванцетти зауыт күзетшілерін өлтірді деген жалған айыппен өлім жазасына кесілді. Ку-клукс-клан ұйымдары өз әрекеттерін белсендіре түсті. Оңтүстіктің бірақ штаттарында Таурат қағидаларына қарсы келетін ғылымдарды оқытуға тыйым салынды. Мектеп оқытушысы Джон Скопс Чарльз Дарвиннің эволюциялық теориясын оқытқаны үшін айыпталып, сот жазасына кесілді.
Жүгенсіз кеткен баю әрекеттері мен биржа алып-сатарлығының екінші, көлеңкелі жағы болды. Кейбір конгресс пен үкімет мүшелерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысына байланысты жанжалдар елдің саяси өмірін дүр сілкіндірді. Президент Гардингтің өзіне де осындай айыптар тағылуы мүмкін еді, бірақ ол 1923 ж. тамызда сал ауруынан қайтыс болды.
Қылмыстың көбеюі, сыбайлас жемқорлық, жасырын бизнес тез өсіп келе жатқан қалаларда, әсіресе ірі өндіріс орталықтарда адамдардың өміріне үлкен қауіп туғызды. Жасырын бизнес, оның ішінде рэкетпен, спирт ішімдіктерін, есірткілер сатумен тұтас синдикаттар айналысты. Аль Капоненің қарақшылық синдикаты бүкіл Чикагода билік жүргізді.
Американдық гүлдену мен жетекші капиталистік елдердің экономикасының бір осал жері болды: жаппай өндіріс тұтыну рыногінің тиісті сұраным мен көлеміне арқа сүйемеді. Төмен еңбек ақы ертелі-кешті өткізу дағдарысын тудыратыны белгілі. Американдықтар ойлап тапқан «Жарнама оған қоса несие - өмірлік гүлдену» формуласы артық өндірудің дағдарысының басталуын біршама уақытқа кідіртті, бірақ несие деген ол қарыз, сондықтан да оны ертелі-кеш қайтару керек. 1929 ж. 24 қазанда Нью-Йорк биржасындағы биржалық апат АҚШ-тан кейін бүкіл капиталистік дүниені қамтыған аса терең экономикалық дағдарыс кезеңінің бастамасы болды.
Достарыңызбен бөлісу: |