ХХ ғ. екінші жартысындағы Африка елдері
Отаршылдық жүйенің ыдырауы және күйреуі. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін отарлар мен мандат бойынша басқарылатын территорияларда Жер шары халқының үштен бірі өмір сүрді, отарлық иеліктер құрлықтың үштен бірін алып жатты. Жартылай отар елдерде осынша халықтар тұрды. Қытайдың көптеген жерін және Оңтүстік Азия елдерін басып алған Жапония және фашистік Германия мен Италияның талқандалулары Азия мен Африканың отаршылдық шет аймақтарының халықтарының ұлттық азаттық алуы үшін қолайлы алғышарттар туғызды. Отарсыздану процесі бірнеше онжылдықтарға созылып кетті. Азияда басты оқиғалар соғыстан кейінгі алғашқы онжылдық барысында орын алды. Жапонияның жеңілуі Үндіқытай, Бирма, Малайя, Индонезия халықтарын ұлт-азаттық күреске көтерді, Жапонияның тақандалғанын естісімен олар өздерінің тәуелсіздіктерін жариялады. Қызыл Әскер жапондардың Квантун әскерін тақандап, Қытайға жапон басқыншыларын қуып шығуға жәрдемдесті. Филиппины да азаттық алды.
Германия, Италия және Жапония Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілуідің нәтижесінде тек отарлары мен империяларынан айырылып қана қойған жоқ, сонымен бірге өз территорияларының да біраз бөліктерін жоғалтты. Жеңімпаз мемлекеттер де қанша тырысқанымен өз отарларынан айырылды.
Отарсыздану процесіндегі аса маңызды оқиға ірі азиялық елдер – Үндістан мен Пәкістанға тәуелсіздік беру болды. Ағылшындар отарды соғыстан бұрынғы өзін-өзі басқару дәрежесінде де сақтап қала алмады. Соғыс кезінде Үнді ұлттық конгресінің басшылары ағылшындармен ынтымақтастықтан бас тартты, өз мемлекетін құру үшін мұсылмандар қозғалысы да кең етек алды. 1946 жылы үнді флотындағы көтеріліс ағылшындарды мәселені түпкілікті шешуге итермеледі. 1947 ж. тамызда Үндістан мен Пәкістан көптен күткен тәуелсіздіктерін алды.
Франция өзінің отарларының қиыршығыстық бөлігінен әрең ажырады. Вьетнамдағы соғыс (1946-1954) француз армиясының оңбай жеңіліп, Дьенбьенфу түбінде тізе бүгуімен аяқталды. Солтүстік Африкадағы отарлар да Франция үшін аз проблема болған жоқ. 1956 ж. Марокко мен Тунис тәуелсіздік алды. Алжирде көтерілісшілермен соғыс сегіз жылға созылып, 1962 жылы аяқталды.
Бұрынғы Италия отарлары алғашқыда БҰҰ қамқорлығына алынған болатын. 1951 жылы Ливия, 1960 ж. Сомали тәуелсіздік алды.
Осман империясы құлағаннан кейін мұнда бірнеше араб мемлекеттері пайда болған болатын:
1932 ж. – Ирак, 1936 ж. – Египет. Бірақ Ұлыбритания бұл елдерде тағы да жиырма шақты жыл бойына өз әскерлерін орналастырып келді. 1945-1946 жж. Франция Сирия мен Ливанға иелік ету мандатынан бас тартты.
1920 жылы Ұлыбританияға Ұлттар Лигасы берген Палестина мандатының келешек тағдыры Таяу Шығыстағы шешуі қиын проблемаға айналды. Араб ұлтшылдары Палестинаны араб жері деп санады. Бальфур декларациясы (1917 ж.) Палестинада еврейлердің «ұлттық ошағын» құруға уәде берген болатын. Арабтардың да, еврейлердің де ұлтшыл ұйымдары соғыстан кейін террористік актілер қолдана бастады, сол кезде Англия БҰҰ-ға мандатты жоққа шығару туралы өтініш жасады. БҰҰ резолюциясы Палестинада араб және еврей мемлекеттерін құруды қарастырды. Екі жақтың жаласына қалған Англия 1948 ж. өз әскерлерін алып кетті. Сол кезде еврей мемдекеті Израиль құрылды. Араб мемлекеті құрылмай қалды. Оның үстіне Палестинада іс жүзінде азамат соғысы басталды. Израиль Газа секторын, ал Трансиордания Батыс жағалауды басып алды. Соның нәтижесінде араб мемлекетін құрайтын территория жоғалып кеткендей болды. Палестинадан Ливанға, Сирияға және Трансиорданияға 600 мыңнан аса арабтар ауып кетті. Араб мемлекеттері Израиль мемлекетін ешқашан танымаймыз деп жариялады.
Кейінгі онжылдықтарда бірнеше араб-израиль соғысы орын алды. Израиль АҚШ пен Батыс елдердің көмегіне арқа сүйенді, ал араб елдерін КСРО қолдады. 1964 ж. Палестинаны азат ету ұйымы құрылды. Бірақ араб елдерінің арасында ауызбіршілік болмады, сондықтан олар 1967 ж. жетікүндік соғыста жеңіліс тапты. Израиль Батыс жағалау мен Голан қыраттарын басып алды. Иордания мен Ливанға тағы да 600 мыңдай арабтар қашты, бір миллионнан астамы басып алынған жерлерде қалды. 1970 жж. араб елдерінің өздерінің арасындағы қақтығыстар мен соғыс жанжалдар аймақтағы проблемаларды шешуге мүмкіндік бермеді. Араб ұлтшылдығы мен мұсылмандық фундаментализм, христиандар мен мұсылмандар қақтығысы, мұсылмандар арасында шииттер мен сунниттер арасындағы қақтығыстар тиылмады. Мұсылман ұйымдары Израильге қарсы джихат (қасиетті соғыс) жариялап, терроризм жолына түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |