Бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытындылары. Бірінші дүниежүзілік соғыс еуропа өркениетінің терең дағдарысқа үшырағандығының көрінісі болды. Ресей, Германия, Австро-Венгрия және Осман империяларының күйреулері; революциялар барысында жаңа мемлекеттердің құрылуы, көптеген елдердегі әлеуметтік сілкіністер— міне, мұның барлығы соғыстың тікелей салдары еді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс адам баласының бүкіл тарихындағы ең қырғын, жойқын соғыс болды. Соғысқа халқының саны 1,5 млрд жететін 33 мемлекет тартылды. Шайқастарда 10 млн адам опат болып, одан екі есе көп адам жарақат алды. Соғыс шығындары мен қиратулар сол кездегі бағамен 300 млрд долларға тең болды. Мыңдаған калалар мен селолар, тұрғын үйлер мен мәдениет, оқу, денсаулық ошақтары, кәсіпорындар мен мекемелер қиратылып, көптеген ауыл шаруашылық жерлер қаңырап бос калды, миллиондаған адамдар баспанасынан, мал-мүлкінен айырылып, азаматттықтарын және кәсіби мамандықтарын жоғалтып, жұмыссыз калды, азу-тозғынға ұшырады. Соғыстың моральдік және әлеуметтік зардаптарын ешбір өлшеп, мөлшерлеу мүлдем мүмкін емес.