1.Қазақ тілінің тарихы пәнінің зерттеу обьектісі



Дата15.12.2021
өлшемі24 Kb.
#101453
Байланысты:
1-практика Тил тарихынан.
1-практика Тил тарихынан.

1.Қазақ тілінің тарихы пәнінің зерттеу обьектісі.

1.Қазақ тілінің тарихы пәнінің зерттеу обьектісі мен мазмұны.

2. Тіл тарихының негізгі бөлімдері туралы

3. Тіл тарихын зерттеудің көздері

4. Қазақ тілінің тарихы туралы алғашқы зерттеу еңбектер туралы

Жауаптар.



1. Тіл тарихы деп аталатын ғылыми-зерттеулер саласы және солардың негізінде қалыптасқан оқу пәні тілдің барлық салаларының (дыбыс, фонемалар жүйесі мен морфологиялық құрылымын, синтаксисі мен лексикасын) қалыптасуы мен даму, өзгеру жолдары мен бағыттарын зерттеп түсіндіреді. Сөйтіп, тарихи грамматика дейтін атпен тек грамматика емес, тарихи лексика мен тарихи фонетика да еске алынады. Тіл тарихы пәнінің негізгі зерттеу обьектісі-тілдің барлық салаларының да даму заңдылықтары мен өзгеру бағдарларын айқындау болып табылады.
2. Тарихи грамматика тіл тарихы туралы жалпы тіл білімінің бір саласы ретінде ұғынылады. Ал тіл тарихы грамматика мен әдеби тіл тарихына ажырайтыны белгілі. Әдеби тіл тарихынан тарихи грамматиканың негізгі айырмашылығы-оның зерттеу, түсіндіру обьектісінде. Тарихи грамматиканың зерттейтін, түсіндіретін обьектісі-күнделікті тұрмыстық қатынаста жасалатын сөйлеу тіліндегі ғана емес, бүкіл тіл жүйесіндегі тарихи өзгерістер. Екінші сөзбен айтқанда, тарихи грамматика өз тұжырымын, өз қорытындысын нормалаған, жүйеленген әдеби тіл ескерткіштері негізінде де, халықтың сөйлеу тіл жүйелерінің өзгерістері мен даму заңдылықтары негізінде де айтады. Дегенмен, тіл тарихының бұл екі саласы бір-бірімен тығыз байланысты, бірінің қорытындылары екіншісінде өзінің орнымен қайталанып отырады. Мәселе мынада: әдеби тіл тарихы жазбаша қалыптасқан әдеби тілдің даму жолдарын, оның нормалар жүйесін, әр кезең, дәуірдегі өзгерістерін қарастырады. Ондай өзгерістердің түрлерін, сөз стильдерін қалыптастыру, дамытудағы ролін де назардан тыс қалдырмайды. Әдеби тіл халықтың ауызекі сөйлеу тілі негізінде қалыптасады, кейінгі дамуында бұлар бір-бірімен тығыз байланыста, тығыз қатынаста болып отырады. Соның салдарынан олар бір-біріне өзара ықпал жасайды. Сондықтан да жазба ескерткіштер әдеби тіл тарихының обьектісі болумен бірге, тарихи грамматика қорытындысын дәлелдейтін дәйектеме де бола алады.
3. Қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық жүйесінің тарихын білудің көздері қандай, ненің негізінде зерттей аламыз, тарихи грамматика пәнінің алдын-ала айқындап алар мәселесінің бірі осы. Қазақ тілінің тарихи дамуын зерттеуде сүйенетін көздер мына тәріздіі көне дәуір ескерткіштері, қазіргі қазақ тілі, қазақ тілі диалектілері, фольклор, ономастика, басқа тілдерден ауысқан сөздер, XVIII-XIX ғасырларда жазылған әр түрлі кітаптар, қолжазбалар т.б.
«Көне дәуір ескерткіштері» деген атпен VII-XVI ғасырларда жазылып, біздің заманымызға жеткен әр қилы мазмұнды әр сипатты жазбалар бар. Олар: Орхон-Енисей немесе көне түркі жазбалары, ұйғыр жазуының нұсқалары, орта ғасырдың басқа кезеңінде жазылған «Дивани лұғат ат-түрк», «Құдатғу білік», орта ғасырдың орта, кейінгі кезеңдерінде жазылған оғыз-қыпшақ, қыпшақ тілдерінің ескерткіштері т.б. Бұларды қазақтың халық тілі қалыптасқанға дейінгі кезең деп атауға болады. Бұл ескерткіштердің қазақ тіліне қатысты дәрежесі әртүрлі. Орхон-Енисей жазбалары қазіргі түркі тілдеріне ортақ, өйткені ол жазбалар тілі құрамында бүгінгі түркі тілдерінің барлығының да негізгі ерекшеліктері бар.

«Көне дәуір ескерткіштері» деп аталатын топтың ішінен түркі тілдерінің құрылымын зерттеуге арналған филологиялық еңбектердің орны ерекше. Олардың бастысы да, уақыт жағынан біріншісі де Махмуд Қашқаридың «Диван лұғат ат түрк» атты еңбегі. Жазылған уақты 1069-жыл деп шамаланады. Еңбек сол заманғы түркі тілдері лексикасының салыстырмалы сөздігі ретінде жасалған. Сонымен қатар онда түркі тілдерінің морфологиялық жүйесі баяндалады. Олардың бір-бірінен фонетикалық айырмашылығы да көрсетілген. Бұл еңбек тек қана XI ғасырда жазылған ескерткіш ғана емес, түркі тілдерінің бірінші жүйелі фонетикасы мен грамматикасы, солар жайлы бірінші филологиялық еңбек.


Екінші бір сондай зерттеу «Терджуман туркий уа ғараби» деп аталатын шығарма. Жазылған уақты 1245жыл, жазылған жері-Египет. Кіріспе бөлімінде қыпшақ тілінің негізгі заңдылықтары баяндалған. Берілген сөздіктегі 1260 сөздің басым көпшілігі қыпшақ сөздері, 70 шамалысының тұсына «түрікменше» деген белгі қойылған. Соған қарағанда сөздіктің басым көпшілігі қыпшақ сөздері деп ойлауға болады.
4. Өткен ғасырлардан бізге жеткен кітаптардың үлкен тобы-қазақ тілі жайлы әр түрлі дәрежеде жазылған еңбектер. Олар қазақ сөздерінің жинағы, орысша-қазақша сөздіктер, қазақ тілін білуде жолбасшы болатын құралдар, қазақ тілі жайлы жазылған зерттеулер т.б. Қазақ тілі жайлы алғашқы мәліметтер Россияда XVIII ғасырдың соңғы ширегінде-ақ пайда бола бастады. Олар көбінесе қазақ сөздерінің жинағы, қазақ тілінің сөйлеу жүйесінің барлық уақытта бір ізге түсіріліп, тәртіптелмеген кейбір нұсқалары болып келеді. Өткен ғасырларда жасалған еңбектердің екінші бір тобы-қазақ тілі туралы жайлар. Мұндай мазмұнды еңбектердің алғашқыларының бірі-Г.Ю.Клапроттың «Қырғыз тілінен» деген атпен Парижде француз тілінде басылған еңбегі. Бұл еңбегінде Клапрот қазақ тарихы жайлы қысқа мәлімет, французша-қырғызша (қазақша) сөздік береді. Қазақ сөздерін түрік, Қазан татарлары, Тобыл татарлары және монғол тілдерімен салыстырып береді. 1861-жылы Қазан университетінің ғылыми жазбаларында Н.И.Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизкого (казахского) наречия» атты еңбегі басылады. Бұл еңбекті қазақ зерттеушілері қазақ тілінің алғашқы грамматикасы деп те атайды. Бұл еңбек Орынбор маңын, Жайық бойын мекендеген қазақтардың тілі негізінде жазылған. Кітап материалдарынан сол кездегі Батыс Қазақстан тұрғындары тілінің, әсіресе, фонетикалық және морфологиялық сипатын білумен қатар, жазба тіл мен сөйлеу тілі арасындағы кереғарлықтың дәрежесі туралы толық мәлімет алуға болады. 1894-1897 жылдары қазақ тілін зерттеуде үлкен белес болған еңбек проф.П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казах-киргизского языка» атты екі кітаптан тұратын зерттеуі жарық көрді. Мелиоранский еңбегінде сол заманғы қазақ тілінің синтаксистік жүйесі бірінші рет түсіндірілді. Бұл еңбектің ғылыми мәнін былай қойғанда, XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақтардың сөйлеу жүйесі, сөйлем құрау жүйесі маман-ғалым түсініктемесімен бізге жетті.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет