6. Ресейдің І-ІІ Мемлекеттік Думасының қызметіне қазақтардың қатысуы.
І және ІІ Думаның (1906, 1907 жж.) қазақ депутаттарының алдында тұрған ең маңызды міндет – жер-аграрлық мәселе болды. Атап айтқанда, біріншіден, Ресейдің ішкі еуропалық гүбернелерінен миллиондаған жерсіз орыс және украин шаруасын (мұжығын – С.А.) қазақ даласынан жер үлесін беріп қоныстандыру саясатын Думаның қадағалауына алдырып, оны заң жүзінде тоқтату, екіншіден, «Қарқаралы құзырхатының» 4-тармағында жазылғандай, қазақ халқына ата-бадан мұраға қалған төл жерін Дума қабылдайтын заң жүзінде меншігіне рәсімдеп беру.
«Қазақтар өзі отырған жерін ежелден басып алып пайдаланғаны негізінде өзінің меншігі санайды, – деп жазды Ә. Бөкейхан өзі де-факто редакторы болып шығарған «Иртыш» газетінің 1906 жылғы кезекті санында. – Қазақтар көші-қон ісін өз орнына қоя алатын күш табылатын Мемлекеттік Думаға ғана үміт арта алады. Білек күшінің құқы бар кезде, 12, 27 тамыз және 19 қыркүйек жарлықтарына сай шаруаларға сатылуға арналған патша әулетінің меншікті жері, жеке-меншікті жер (дворян-помещиктердің меншікті жері – С.А.), кабинет жері секілді қазақ жері де жекеменшікті дворян жерлерін қорғауға қызмет етеді.