158
өстіре салдық, бажылдатып отырып, олай-былай шапқан шығынымызды төлеттірдік.
Әділдікті ұмыттық, кім сөзімізді сөйлеп, сойылымды соқпақшы болса, кімнің дүниелігі
коп болса, соның жолына құрбан қылдық. Бұл бір сәрі. Мұнан да сорақы жұмыстарға
кірістік: қара басымыздың қамы үшін қаны бір өзіміздей қазақты жеу, мұқату, кек алу
үшін неше түрлі пәлені, ойдағы жоқ жаланы жапсырып, ел ішіне қарулы әскер (қызыл
гвардия) апардық. Жалғыз тиындық жазығы жоқ өзіміздей қазақ баласын аттырдық,
талаттырдық. Кек алынды, сосын қанды.
Не бітірдік? Бітіргеніміз мынау: Алаш ұранды қазақтың тілеу қылған жолына көлденең
келіп, кесірімізді тигіздік. Бүгін маған, ертең саған сенбестей болдық. Ұлттық игілігі үшін
етілмек істі кеуледік.
Бұрынғылар бірімен-бірі қас болып, бірлігін жойып, елінің іргесін құлатса, олар алдын
болжап үйренбегендіктен; түсші болмаса, ісшінің дәмін татпағандықтан алдауға еріп,
арбауға түсіп еді. Бірақ олар біздің жүрегімізге алалықтың зиянын нық орнатып қалдырып
еді. Ендігілер алдауға түсіп, адасып отырған жоқ. Алаш балалары бірлікте болса, ел
қатарына қосылып ұпай алатынын біледі. Оған бірақ құлқынның қосқанына қарсы тұра
алмай, әуеніне кетеді. Өтірік, ұрлық, зорлық, жеу, шағым, жала тағы осы секілді жаман
мінездердің жаман қылық екенін білмей ме?! Біле тұра қасақана соның бәрінен
жиренбейді.
Мысалы, Көлбайды алсақ, жаман қылықтарымды алты Алашқа әшкере қылдың деп
Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халелдерді өтірік жала жауып, кірлеп отыр. Онымен де
қоймай осы күні өске шығып, хәкімшілікке ие болып тұрған большевиктерге Алаш атты
бар қазақтың баласын жаман шағыстырып отыр.
Құлжановты алсақ, Көлбайды алты Алашқа атын шығарып масқаралап газетке жазған
Құлжанов осы күні
Көлбайға қосылып,
бірге ән салып, ауылдас қонып отыр.
Әлихан, Ахмет, Міржақыптарға Нұрғалидың өкпесі — Семейдегі азаматтар арасынан
сенімсіз болып шығарылғандығы; үйінде отырып, быж-шыждап өсек тасығандығы. Бұ да
араздығын Алаш
жұмысына кірістіріп, шамам келгенше кесірімді тигіземін деп отыр.
Жангелдинді алсақ, қазақты жұмысқа алатын жылы Торғай қазағын құтыртып,
соғыстырып, қаншама әлекке салып, Германиядан қару әкелемін деп ақша жинап алып,
жиып кеткендігі үшін ел ішінде тұрма дегенге Алаш жолындағы қазақ баласын
шағыстырып отыр.
Тұнғаншинді алсақ, былтырғы апрельдегі Орал-Торғай қазақтарының бас қосқан тобында
тыңшылық қызметінде болғаны, елді зар қақсатып, талай пара алғаны мойнына қойылып,
жүзі қара болып, топтан қуылып шыққандықтың кегін алмаққа большевик болып,
Алаштың адамдарын шағыстырып жамандап отыр.
Қорабай Жапановты алсақ, Абай, Ахмет, Міржақыптардың өлеңдерінен бірінің басын,
бірінің аяғын алып, құрастырып, кісі сөзін өзінікі қылып ұрлап бастырғаны «Қазақ»
газетіне жазылғандық үшін Көлбайға барып тығылып отыр. Біздің Алаштан шығып,
большевик болып отырған қазақтардың бәрі осындай қылығы барлар. Егерде біздің
ішімізден шын большевик шығып, ылғи кедейдің сөзін сөйлеп, теңестіретін болса, бірақ
мен сенің қорғаушыңмын деп сол кедейдің өзін жемесе, ондай шын қазақтан туған шын
большевикті құттықтау керек қой. Әттең, «біздің большевиктер» кедейді жеп, сарғайған
тісімді айттың деп жауласып, Алаштың сағын сындырмақ болып жүр-ау! Өңшең өзіміздің
өтірік большевиктер Құдай құртпаған, Николайдан аман қалған Алашты жасыта алмас.
Тек Алаштың анық балалары бірлігін бұзбаса, ішіндегі бұзақыларды ортасынан шығарса
болғаны. Сонда біз «біз» боламыз. Сонда біз ел боламыз.