Жас Алаш
СОҒЫС
Россия мемлекетінің тізгінін қолына алысымен большевиктер ұстанған жолымен арысы
Еуропа мемлекеттерінде, берісі осы бостандықтан бері билігін қолына алып, Россиядан
бөлінген солтүстік Финляндияда, оңтүстікте Украинада да жүргізбекші еді. Себебі
Россиядағы Совет Хүкіметі күшею үшін басқа жерлерде советтердің тумағы шарт.
Өйтпесе, қай хүкімет болсын ойпаң жерге іркілген шалшықтай күн санап жел жеп, күн
қағып тартылып құрып кетпек. Сондықтан Совет хүкіметі Финляндия, Украиналардың
ішкі ісіне кірісіп, әр қайсысын екі жарып, бірін қызыл гвардия (большевик жақтас), бірін
ақ гвардия деп атап, өзді-өзін ұстастырып қойған еді. «Брест» бітіміне шейін қызыл
гвардия жағы жеңіп, Финляндия, Украиналардағы хәкімшілік большевиктер қолына ауған
еді. Брест бітімі біздің Совет Хүкіметінің қолын байлады: Финляндия, Украина істеріне
кіріспеуді, ондағы қызыл гвардияны қайтарып алуды Германия бізге шарт қылған еді.
Әйтсе де қызыл гвардия еркімен шықпаған еді. Сондықтан Германиядан көмек алып,
Финляндиядағы ақ гвардия кеткен жерлерін қызыл гвардиядан босатып алып жатыр.
Жақын арада Выборг қаласын келіп алды. Соңғы телеграм хабарларына қарағанда
Финляндия, Германия кемелері Кронштадт қорғанының ауызындағы Эино деген бекіннің
алдынан көрініс берген. Біздің Совет Хүкіметі Эино бекіні, Кронштадт қорғаны жауды
күтіп алуға қай уақытта болсын даяр дейді.
Украинадағы ақ гвардия неміс әскерімен тізе қосып соғыс қылып, көп жерін қайтарып,
осы күнде Украинаның өз шегінен шығып, біздің Россияға тиісті Курск, Воронеж
гүбірнелеріне аяқ басып отыр. Соңғы телеграмдарға қарағанда Украина, неміс әскерлері
Феодосия, Чистополды да алыпты.
Достарыңызбен бөлісу: |