2 Тақырып: Адамзат дамуының тарихындағы этнопедагогикалық идеялардың генезисі (тегі) Жоспары



бет2/3
Дата25.12.2021
өлшемі39,21 Kb.
#105223
түріЛекция
1   2   3
Байланысты:
лекция -2

Оқытудың техникалық құралдары: проектор, диафильм, слайд

Лекция оқудың тәртібі, оқытудың әдістері мен түрлері: кіріспе лекция; Түсіндіру, сөздік түсіндіру, баяндау

Халықтық тәрбие адам баласының дүниеге келген күнінен бастап бірге жасасып келеді.Оның қағазға жазылып түспеген, бірақ халық жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл-ақыл, өсиет-өнеге, қағида болып келген білім-білік, тәлім-тәрбие беру тағылымдары бар. Халық өзінің өмір сүруінің барлық жақтарына да халықтық білімді жинақтаған. Халық педагогикасы қоғам дамуының барлық сатыларынан өтіп, ғылыми педагогикалық дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесінің бастау бұлағы болды.

«Этнопедагогика - халықтың жасөспірім тәрбиелеу тәжірибесі туралы, олардың педагогикалық көзқарастары туралы, тұрмыс, отбасы, ру, тайпа, ұлт педагогикасы туралы ғылым. Этникалық педагогика тарихи жағдайда қалыптасқан ұлттық мінездегі ерекшеліктерді зерттейді. Этнопедагогика - әлеуметтану және білім беру саларын зерттеудегі бағыт. ХХ ғ. екінші жартысында этнологиялық және психологиялық-педагогикалық ғылымдарының тоғысындағы пәнаралық бағыт ретінде қалыптасты. Профессор И.Т. Огородников Г.Н. Волковтың “Этнопедагогика” атты еңбегіне жазған кіріспесінде “Егер халық педагогикасы мен этнопедагогикаға арналып екі хрестоматия жасалған болса, оның біріншісіне бала тәрбиесі жөніндегі ауыз әдебиеті үлгілері мен салт-дәстүрлеріне арналған этнографиялық тәлімдік жазбалары енгізілген болар еді де, ал екіншісіне халық педагогикасы халықтың тәлім-тәрбиелік ойларын зерттеуге арналған педагог ғалымдардың еңбектері енген болар еді” деп, халық педагогикасының таза тәжірибеге негізделген тәрбиенің эмпирикалық түрі екенін және оның этнопедагогиканың ғылыми зерттеу объектісі болып саналатынын ашып көрсетеді. Халық педагогикасы халықтардың ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиелеу тәсілдеріне негізделген тағылымдарының бай тәжірибесінің эмпирикалық жиынтығы, ал этнопедагогика – халық педагогикасының ұрпақ тәрбиелеудегі тағылымдарын ғылыми жүйеге келтіріп зерттейтін, оны тәжірибеде қолданудың әдіс-тәсілдерін теориялық тұрғыда сөз ететін ғылыми педагогиканың бір саласы. Этнопедагогиканың объектісін анықтау үшін халық педагогикасы мен этнопедагогиканың анықтамаларын салыстырып қарауымыз керек. Егерде халық педагогикасы халықтың педагогикалық мағлұматтар мен тәрбиелеу тәжірибесінің жиынтығы болса, этнопедагогика – халықтың жас ұрпақты тәрбиелеу тәжірибесі туралы, олардың педагогикалық көзқарастары туралы ғылым. Демек, халық педагогикасы этнопедагогиканың зерттеу объектісі болып табылады. Этнопедагогиканың пәні – халықтың бұқаралық педагогикалық мәдениетінің аясы болады.

Этнопедагогиканың мақсаты – жетілген тұлғаны тәрбиелеу, оның дамуы ақылмен, еңбексүйгіштікпен және ізгілікпен жүзеге асады.

Міндеттері:

• халық педагогикасының ерекшелігін, оның пайда болуын, дамуын, казіргі жағдайын, оның халық өміріндегі орнын және оның адамзаттың педагогикалық мәдениетінің дамуындағы рөлін зерттеу;

• халық тәрбиесінің негізгі категорияларын және заңдылықтарын анықтау;

• ұлттық мінездің қалыптасу процесін зерттеу, оны этникалық кауымдастыққа тән тәрбие жүйесінің әсерінің нәтижесі ретінде қарастыру;

• халық педагогикасының педагогикалық ғылыммен байланысын анықтау;

• халықтық педагогикалық мәдениетінің ерекшелігін талдау.

Педагогика классиктерінің еңбектері халықтық тәрбиені қалыптастырудың негізін қалады. ХҮІ ғасыр мен ХҮІІ ғасырдың аралығында өмір сүрген жаңа педагогика негізін қалаушы ұлы славян педагогы Ян Амос Коменский халықтық тәрбие мен ұлттық тәрбие жүйесін дамытуға зор үлес қосты. Ол 1631 жылы «Тілдер мен барлық ғылымдардың ашық есігі» деген оқулығын жазып шығарды. Білім беру тарихындағы тұңғыш оқулық он бес елдің тіліне аударылып, мектептерге кеңінен таралды. Келесі жылы Коменскийдің есімін дүние жүзіне танытқан «Ұлы дидактика» еңбегі жазылып бітті. 1648 жылдары оның «Әлемді суреттеп бейнелеу» оқулығы, «Жақсы ұйымдастырылған мектептің заңдары» және «Жастарға арналған мінез-құлық ережелері» деген педагогикалық шығармалары аяқталды. «Әлемді суреттеп бейнелеу» өмірдің әр саласынан мәлімет беретін энциклопедиялық кітап ХІХ ғасырға дейін балаларға арналған негізгі мектеп оқулығы болып келеді.

Я.Н. Коменский өз заманындағы білім беру жүйесіне, мектеп құрылысына мектептің жаңа түрі жөніндегі идеяны қарсы қойды. Ол өмірге пайдалы, іске қажетті білімдерді оқытуды талап етті. Сондықтан, мектептің мақсаты – ақылды адамды тәрбиелеу. Бұл мақсатқа жетудің бірден-бір жолы, - деді Коменский, - жас жеткіншектерге тәрбие және білім беру. Ол тәрбиенің ықпал ету күшін осылай көре білді. «Адам болу үшін ол білім алуы тиіс», «Білімділер нағыз адам...» - деді. Бүкіл тәрбие ісі Коменскийше табиғатқа тән, жалпы заңдылықтарға сәйкес болуға тиіс. Ол адамды табиғаттың бір бөлігі ретінде алып қарап, тәрбие ісін адамның табиғатына сәйкес, оның табиғи қабілеті мен қасиеттерін дамытуға бағыттап жүргізу керек деп кеңес берді. Кейінен бұл идея педагогикада «табиғатқа сәйкестік принципі» деп аталды.

Коменский адамның өсіп-жетілуіндегі жас ерекшеліктерін негізге ала отырып, бір-бірімен байланысты құрылған оқудың төрт сатылы кезеңін, осыларға сай төрт түрлі мектеп оқуының жүйесін ұсынды:

• Баланың туғанынан 6 жасқа дейінгі кезеңінде әр үйде – «Ана мектебі»;

• 6-дан 12 жасқа дейін әр қауымда «Ана тілі» мектебі;

• 12-18 жастар үшін – әр қалада латын мектебі;

• 18-24 жастарға мемлекетте академия болу керек.

Бұл мәселеде ол өмірге қажетті бастапқы білім тек ана тілі арқылы ғана беріледі, тек осылай ғана балалардың ақыл-ойын одан әрі дамыту міндетін жемісті шешуге болады деген негізгі қорытындыға сүйенеді. Коменский мектепке ана тілін кеңінен ендіру және оны дамыту жолында қажымас күрес жүргізді. Басқа тілді меңгеру сол ана тілінің көмегімен жүруге тиіс деген пікір ұсынды: «Алдымен, әрине, ана тілі, содан кейінгі ана тілінің орнына жүретін, атап айтқанда көрші халықтың тілі» («Ұлы дидактика», ХХІХ тарау), деді. Коменский өзінің тамаша шығармасы «Ұлы дидактиканы» барлық халық жастарын бүкіл білім салаларына жаңа жолмен, оңай әрі ұтымды етіп оқыту үшін жазды. (1; 21)

Халық тәрбиесіне үлкен мән берген педагогтардың бірі – Константин Дмитриевич Ушинскийдің (1824-1870) мәнінде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыстың оқу-ағарту қайраткерлерінің ең алдыңғы тобында саналады. Ол – Россиядағы педагогика ғылымының және орыс халық мектебінің негізін қалаушы. Оның «Балалар әлемі», «Ана тілі», «Педагогикалық антропология» атты тамаша еңбектері, балалар мен мұғалімдерге арналған басқа да кітаптары орыс педагогикалық әдебиетінің баға жетпес классикалық шығармалары болып есептеледі, бұл еңбектер педагогика ғылымына алтын қор ретінде қосылды және дүние жүзіне әйгілі болды.

К.Д. Ушинскийдің педагогикалық пікірінің ең негізгі мәні – әрбір елде халықтың мақсат-мүддесіне, мұқтажына сәйкес өзіндік ағарту жүйесі болуы керек деген халықтық идеясында еді. Тәрбие халықтық сипатқа ие болған жағдайда ғана өз мақсатына жетеді, халықтың өмірін жөндеуге, оның саласын дамытуға көмектеседі деп есептеді Ушинский. Ол: «Тәрбие дәрменсіз болмауы үшін, ол халықтық болуы тиіс», - деді.

Тәрбиедегі халықтық идея жемісті түрде жүзеге асуы үшін, мынадай негізгі жолдарды белгіледі: Ағарту ісі мен тәрбиенің кең демократизм негізінде құрылуын көздеді. Тәрбие ісіне халықтың өзі қожа болып, мектептер бүкіл халықтың жастарын қамтуы тиіс деді. Халықтық идеяның басты бір сипаты – қоғамшылдық, соған байланыста тәрбие мен білім беру салалары, олардың төңірегі қоғамдық атмосферада болуы тиіс, себебі халықтық идея мейлінше кең қоғамдық жолдар арқылы іске асады.

Ушинский халық мектебі мен оның міндеттері жөніндегі мәселені де халықтық идея негізінде қарастырды. Халық мектебі білімінің міндеті «балалардың ақыл-ой қабілетін дамыту, айналысатын қоршаған табиғат пен қоғамдық қатынастарға олардың табиғи түрде дұрыс көзқарастарын қалыптастыру, олардың өздігінше құратын өмір мен әрекетке қабілетін дұрыс өсіру», - дейді Ушинский. Ұлы педагогтың бұл пікірлері қазіргі заманда да құндылығын жойған жоқ.

«Этнопедагогика» терминін ғылыми айналысқа алғаш енгізген профессор Г.Н. Волков еді. 1970—1990 жылдарында ғана халықтық педагогиканың прогрессивтiк мәнiн ғылыми тұрғыда қарастырып зерттеу iсi бiртiндеп қолға алына бастады. Халық педагогикасын кеңестiк дәуiрде ғылыми-теориялық, методологиялық жағынан жан-жақты тұңғыш зерттеушi академик Г.Н.Волков болды. Халық педагогикасын ғылыми-педагогикалық тұрғыда зерттеудiң қажеттiлiгi туралы пiкiрлер (1970—1990ж.ж. арасында) профессорлар: В.Ф.Афанасьев, В.X.Артюнун, А.Ш.Гашимов, И.Я.Ханбиков, К.Пирлиев, А.Ф.Хинтибизде, А.Э.Измайлов т.б. еңбектерiнде де айтылған болатын. Этнопедагогикалық зерттеулердiң Кеңестiк дәуiрдегi маңызы мен мәнi, қажеттiлiгi мен көкейкестiлiгi жөнiнде және оны ғылыми педагогиканың құрамдас бөлiгi деп қараудың керектiгi туралы педагог-ғалымдар: И.Т.Огородников, В.М.Коротов, А.Г.Гордина, М.Ф.Шебаевалар да кезiнде келелi пiкiрлер айтқан едi. Этнопедагогика ғылымы орыс, батыс елдерiнде XVII-XVIII ғасырлардан бастап қолға алынған болса, қазақ этнопедагогикасының зерттелу жайы, ғылым ретiнде қалыптасу тарихын сөз еткенде оны үш кезеңге бөлiп қарастырамыз.

Бiрiншi - XIX ғасырдың екiншi жартысында өмiр сүрiп, қазақтың ұлттық тәлiмгерлiк ой-пiкiрлерi мен салт-дәстүрлерi жайында тұңғыш зерттеу еңбектерiн жазған Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты демократ ағартушылар мен орыс, батыс саяхатшысы, этнограф ғалымдарының (Э.С.Вульфсон, П.С.Паллас, А.Вамбери, А.Левшин, В.Радлов, А.Янушкевич, Н.Г.Потанин, Н.Л.Зеланд. т.б.) қолжазбалары десек, екiншi - XX ғасырдың алғашқы 20-30-жылдарында бұл iстi ғылыми тұрғыда арнайы қарастырып сөз еткен Ә.Диваев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, X.Досмұхамедов, М.Дулатов, Н.Құлжанова, М.Әуезов т.б. болды. Яғни, бұл кезеңдi қазақ этнопедагогикасының ғылым ретiнде туып, қалыптасу кезеңi деп қараймыз. Үшiншi кезең - 35-40 жылдық үзiлiстен кейiн (1970-2000 ж.ж.) қазақ этнопедагогикасының қайта жанданған, даму дәуiрi деп аламыз.

Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ы.Алтынсарин (1841-1889ж.ж.) Қостанай өңіріне белгілі атақты Балкожа бидің отбасында тәрбиеленді, 9 жасында Орынбор қаласындағы қазақ балаларына арналған жеті жылдық мектепке оқуға түсіп, сондағы шекара комиссиясында қызмет істеген белгілі шығыс зерттеушісі В.Григорьевтен сабақ алады. Оның үйінде жиі болып, кітапханасынан дүние жүзі әдебиеті классиктері В.Шекспир, И.Гете, Д.Байрон, А.Пушкин, Н.Гоголь, М.Лермонтов, Ә.Фирдауси, Г.Низами, Ә.Науаи т.б. шығармаларынан білім алады. Мектепті үздік бітірген ол 1857-59 жылдары өз атасының песірі болады да, 1860 жылы Орынбор облыстык баскармасына кіші тілмаштыққа ауысады. Кейін өз қалауы бойынша Торғай қаласында бастауыш мектепте мүғалім болып жұмыс жасайды. 1864 жылы мектеп ашады.

Ы.Алтынсарин қазақ тілінде кітаптар жазып, оларды халык арасына таратуды көздеді. Оның оқу-ағарту ісіндегі тағы бір ерен еңбегі қазақ жастарына кәсіптік мамандық беру мәселесін қолға алуында еді. Сонымен қатар, қазақ қыздарының оқытып-тәрбиеленуіне жол ашып, Ырғызды қазақ қыздарына арнап интернаты бар мектеп аштырды.

Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда ол дүние жүзі педагогика классиктері: Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой т.б. гуманисттік идеяларын басшылыққа алды, оларды қазақ даласында мектеп өміріне енгізген түңғыш педагог болды. Оның педагогикалық көзқарастарынан да бүкіләлемдік тәлім-тәрбиенің алтын діңгегі гуманисттік көзкарас, яғни шәкіртке жылы жүректі болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымактастық принциптерінің көрініс тапқанын байқаймыз.

Ы. Алтынсарин өз халқының жарқын келешегі үшін саналы өмірін сарп еткен, халқына қызмет етуден артық ісі жоқ деп түйген, туған халқын, ел-жұртын шексіз сүйген, нағыз отаншыл азамат еді. Сондықтан да оның көптеген шығармаларында қазақ халқының өзіндік психологиялық қасиеттері, салт-санасы, әдет-ғұрпы жайлы айтқандары ерекше назар аудартады. Ыбырай Алтынсариннің педагогикалык әрі психологиялық еңбектерінде халықтық педагогиканың алатын орны зор. Алтынсарин мектепте татарша діни жаттамалы оқудың орнына балаларды ана тілінде оқытуға ерекше мән берді, оларды халықтық дәстүр, аңыз-әңгіме, мақал-мәтел негізінде оқытып, тәрбиелеуге ерекше назар аударып, өз хрестоматиясына халық ауыз әдебиетінің материалдарын атап айтқанда жастарды ерлікке, өнерге, жақсы адамгершілік қасиеттерге баулитын асыл үлгілерін көптеп енгізді.

Ол да Шоқан секілді арнайы психологиялық еңбектер қалдырған жоқ, әйтсе де оның сан алуан ойға толы шығармаларынан (оқу құралдары, хаттары мен жазбалары т.б.) қоғамдық және педагогикалық психология мәселелеріне орайлас айтылған көптеген қызықты деректер табылады. Ол қазақ балаларының өзіндік кейбір ұлттық ерекшеліктерін көрсете келе, осы жәйтті де оқу-тәрбие ісінде мүғалімдердің үнемі ескеріп отыруын қажет деп санады. Мәселен, оның өзі қазақ балалары үшін «Хрестоматия» құрастырғанда осы жағдайды қатты ескергені байқалады.

Профессор Т.Тәжібаев Алтынсаринді «Қазақстандағы педагогикалық ойдың пионері» деп бағалаған. Кезіндегі Ы.Алтынсариннің көптеген ұлттық тәлім-тәрбиелік, психологиялык-педагогикалық мәселелерін кейіннен Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов т.б. жалғастырғаны белгілі.

Абай Құнанбаев (1845-1904 ж.ж.) - қазақ халқының ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін салушы ғана емес, сонымен бірге ұлы ойшылы. Оның поэтикалық шығармалары мен «Ғақлия» сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалык ой-пікірлерге толы. Абай Құнанбаев тәрбие мэселесіне үлкен көңіл бөлді. Ол адамның өсіп-жетілуіндегі тәрбиенің рөліне ерекше тоқтала келіп, өзінің 19-қара сөзінде «Адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап, татып, естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарына қосылады. Естіген нәрсені есте сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді» - деп ақыл-естің тәрбиенің жемісі арқылы жетілетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді.

Абай сана-сезімді тәрбиелеп жетілдірудегі қоғамдық ортаның рөлін материалисттік көзқараспен түсіндіреді. Адамның жақсы, жаман болуы, ақылды, ақылсыз болуы генетикалық негізге байланысты, ақсүйек тұкымнан шыкқандар ақылды, алғыр болады дейтін буржуазиялық нәсілдік, идеалисттік көзқарасқа қарама-қарсы Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге байланысты екенін дәлелдейді.

¥лы ақын Абайдың педагогикалық көзқарасындағы басты нысана «Атаның баласы болма, адамның баласы бол... жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін», - деген гуманисттік ой-пікірді қуаттау болды. Оның жастарды тәрбиелеудегі педагогикалық көзқарастары дүние жүзілік педагогика классиктері Ж.Руссо, Д.Дидро, И.Кант т.б. орыстың ұлы ойшыл педагогтары: Л.Н.Толстойдың, К.Д.Ушинскийдің ағартушылық ой-пікірлерімен қабысып жатыр.

Абай ұрығын сепкен оқу, өнер-білім, адамгершілік әдеп, мораль мәселелері қазақ халқының рухани азығына айналып отыр.

Абай психологиядан арнайы еңбек жазбаса да оның көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен осы ғылымның сан алуан мәселелеріне байланысты ғылыми мәні зор, ерекше көңіл аударарлық түрлі ой-пікірлер көптеп кездеседі. Ақын творчествосында психологияның негізгі мәселесі - жан мен тәннің арақатынасы, адамның психологиялық даму жолындағы тәрбие мен білімінің атқаратын қызметі, сондай-ақ бала психологиясы мен қоғамдық психологияның жекелеген мәселелері де көрініс тапқан. Ол бұларды талдап, талқылағанда адамның психологиялық өмірінің бір қыры мен сырына табиғи-ғылыми түрғыда түсініктеме бере қоймайды. Алайда Абай тұжырымдарының ауқымы мен тереңдігі - оның әлем психологтарының еңбектерімен таныс болғандығын айқын дәлелдейді. Нақтырақ айтсақ, оның психологиялық көзқарастары П.К.Аристотель, Әл-Фараби көзқарастарымен астарласып жатады.

Абайдың психологиялық мәселелерге көзқарасы, ең алдымен, поэзия мен өнердің міндеті адам өмірін, олардың көңіл-күйін, іс-әрекеттерін шыншылдықпен көрсете білу деген түсінігіне орай қалыптасқан. Оның пікірінше ән мен музыка қазақ халқының өмірі мен тұрмысынан ерте заманнан-ақ берік орын алып, олардың сенімді де айнымас серігіне айналған дүниелер. Сондықтан өз тақырыптарында оларды талдауға баса мән берді. Абай қазақтың қоғамдық ой-пікірінің қалыптасуы тарихында алғаш рет ақындық шабытты шақтың психологиялық астарына терең үңіліп, оны адам рухының ерекше күйі деп сипаттады, әрі халықтық тәрбиенің бір құралы деп таныды. Абайдың психологиялық мәселелеріне байланысты бізге жеткен пікірлері, оның қазақ тарихында түңғыш рет психологиялық терминдер жасауға талаптанып, бұл ғылымға қазақ тілінің аса бай сөздік қорынан бірқатар түсініктер енгізіп, осы жолда қазақ фольклорындағы төл тіліміздегі психологиялық ұғымдарды өңдеп, әрлеп, нақтылап, орнықтырып қана қоймай, сонымен қатар, көшпелілердің психологиялық әлемі туралы өзіндік көзқарас жүйесін қалыптастырғанына тіреледі.

XIX ғасырдың II жартысымен XX ғасырдың басында қазақ жері Ресей империясының қарамағына түгелдей қосылып болды. Патша үкіметінің отарлау саясаты арқылы халықты қан қақсатты. Өлкеге ішкі жақтан қоныстанушылар ағыла бастады. Ел билігі мен қатар жер билігі де патша әкімдерінің қолдарына көшті, жекелеген өнеркәсіп, сауда-саттық, ақша қатынасы дами түсті. Қала мәдениетінің ықпалы күшейе түсті. Уфа, Қазан, Тәшкен қалаларында кітаптар мерзімді баспасөздер пайда болды. Ғылым мен мәдениетке қазақ жастарының ынтасы арта түсті. XX ғасырдың басында қазақ даласына орыс жерінде басталған революциялық дүмпулердің ықпалы да әсер етті.

Осындай жағдайда өлке халқының сана - сезімі ояна түскен қоғамдық аренаға қазақтың ағартушылық идеялары бой көтере бастады. Осы кезеңде өмір сүрген халқымыздың аяулы перзенттері, ағартушы - демократ ойшылдары туған халқының бақытты өмірге қолы жетуі үшін аянбай ат салысты. Олар әсіресе, жастарға зор үміт артып, ақыл-кеңестерінің бар нәрлісін соларға бағыштады. Оку-ағарту жолындағы ізгі ниетті істер сол кездің өзінде-ақ дала тұрғындарының қоғамдық прогреске қарай аяқ басуында ерекше ықпал жасады, өз халқының ізгі ойы мен асыл арманының жаршысы, жастарды білімге, мәдениетке, өнер биігіне шақырған асыл жандардың ағартушылық идеяларының негізгі, әрі өзекті арнасы педагогика мен психология мәселелерінің төңірегінен табылуы кездейсоқ жәйт емес еді.

М. Дулатовтың артына қалдырған рухани мұрасында кешегі көшпелі елдің әдет-ғүрпы, дәстүр-салты, тәлім-тәрбиесі мен үлгі өнегесі, өзіне тән эстетикалық, этикалық ұнам-талғамдары ұлттық колоритқа толы сан-алуан нақты деректермен безендіріле баяндалған. Табиғатынан тәлімгерлік қасиеті мол жазушы қазақ арасында көбінде көзге түспей, түссе де еленбей жүрген ғылым-білімге, өнерге, зерек, дарынды балаларды оқытып тәрбиелеудің мәні жайында сөз ете келіп, - дарындылықтың кейбір психологиялық астарына үңіледі. Бұл автордың төмендегі түйіндеуінен жақсы аңғарылып түр: «Тумысында қанша зеректік болса да, - деп жазды М. Дулатов, - ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді. Кімде-кім өзінің табиғатына не нәрсеге шеберлік барлығын сезіп, өз жолына түссе ғана, көзге көрінеді... жақсы суретші адамның сыртқы түрін айнытпай сала білсе, жақсы жазушы да адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көрсете біледі, оқығанын да көріп түрғандай боласың...».

М. Жұмабаев орыс педагогикасының білгір классигі К.Д.Ушинскийше, педагогиканы жан сырының заңдылығын зерттейтін психология ғылымымен байланыстыра қарастырған тұңғыш қазақ ойшылы.

М. Жұмабаевтың – осы кітабындағы педагогикалық ой-түйіндерінің негізгі арқауы «… адам баласын, әсіресе, жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек… Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең… Адам тілі арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Ата-ана қатал болса, бала да қатал, ата-ана жұмсақ болса, бала да жұмсақ… Сондықтан баланың маңындағы адам дұрыс мінезді болуы керек… Адамның өзін – өзі тексеруі оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне қажетті бірінші шарт… » деген сияқты ұлағатты ойлар көптеп кездеседі.

Оның қазақ мектептеріне оқу құралдарын қандай етіп жазу керектігі, сондай-ақ, «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы», «Сауатты бол», «Әліппе»,т.б. газет журналдарда жарияланған ғылыми -әдістемелік мақалалары өз алдына әңгіме етуді қажет ететін тақырып.

Ұзақ жылдар бойы « Ұлтшыл әдебиет өкілі» деген айып тағылып, жазықсыз жапа шеккен, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі Ж.Аймауытов жазушылығымен қоса, қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдарының саласында қалам тартып, құнды-құнды ғылыми зерттеу еңбектерін жазумен, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы болуымен дараланған тұлға. Ж. Аймауытов өзінің тәлім-тәрбие саласындағы бағыт бағдарын 1918жылы ақпан айында Семей қаласында шыққан әдеби және ғылыми –қоғамдық « Абай» атты журналдың бас мақаласынан аңғартады. Онда Аймауытов: « … қазақ сахарасында мыңмен жалғыз алысып, жапа шеккен ағартушы Абайдың көздеген мақсаты халқын өнер-білімге, оқуға, отырықшылыққа, мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді»,-деп жазады. Ол Абай ұстанған ағартушылық жолды өзінің тыныс- тіршілігінің өмірлік арқауы етіп алады. Осы журналдың 1918 жылғы 1,2-сандарында Ж. Аймауытовтың « Тәрбие» атты көлемді мақаласында тәлім – тәрбиелік ой-пікірлері ғылыми тұрғыда терең баяндалған. Ж.Аймауытов: « Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен»,-дейді. Ол тәрбиенің екі түрлі болатынын дене тәрбиесі және жан тәрбиесі болып бөлінетіндігін көрсетеді.

Ж. Аймауытов балаға әсер ететін медресе және тәрбиеші деп санайды… «Кейде,-деп жазды ол,- белгісіз себептермен күшті ықпал ететін, әсер туғызатын жағдайлардың да болуы ықтимал. Ол замандастары( құрбы құрдастары), туған ауылы, өскен ортасы, оның діні, тілі һәм басқа да нәрселер» деп, тәрбие мәселесіне ықпал ететін факторларды тізбектеп талдайды. Ол ең алдымен бала тәрбиесіндегі отбасының рөліне ерекше тоқталады. « баланы бұзуға, яки түзеуге себеп болатын бір шарт- жас күнінде көрген өнеге. Ол өнеге әке шешесінің тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата-ананың берген тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата –ананың берген тәрбиесі баланың мінезіне салған ізге байланысты. « Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, атамыз қазақ тауып айтқан. Балаға қайырымдылықты, қыталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектілікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол әрине, ата-ананың тәрбиесі. Баланың бойына басынан сіңген мінезді қайта түзету қиындық келтіреді. «Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді…» – деп, автор бала мінезін қалыптастырудағы отбасы мүшелерінің, әсіресе әке шешенің ықалын айқын ашып береді. Ол бала мінезін жас шыбыққа теңейді. Жас кезінде дұрыс тәрбие алмаған бала өскенде қисық ағаш сияқты болып өсетінін, отбасында теріс тәрбиеленген баланы қайта тәрбиелеудің үлкен қиындық келтіретінін айтады.

Ж. Аймауытов өнегелі үйелменнен бұзық мінезді баланың шығуы немесе тәрбиесі нашар отбасынан да тәрбиелі, өнегелі баланың өсуі мүмкін дей келеді де, бұл айтылғандардан өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалын, соларға еліктеуден болатынын дәлелдейді. Тәлімгер-ғалым бала тәрбиесінде туған елдің әдет ғұрпы мен салт санасының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскен. Ойын-сауық, өлең жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады», – деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін ықпалына тоқталады. Ж.Аймауытовтың педагогика ғылыми саласындағы жүйелі ой пікірлері оның 1924 жылы Орынборда басылған « Тәрбиеші жетекші» атты еңбегінен жақсы байқалады. Бұл еңбекте Ж.Аймауытов « Баланы оқытудың белгілі ереже заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогиканың негізгі бөлімі – дидактикаға ғылыми анықтама берген. Оның пікірінше, мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдіспен табан аумай шектеліп қалуға болмайды… Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер… Дидактика мұғалімге жалпы жол –жоба көрсетіп, жетекшілік етеді… сыннан өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды», – деп, оқыту, білім беру әдісінің қатып – семіп қалған догма емес, үнемі ізденуден туатын іс -әрекет екенін дұрыс атап өтеді. Ж. Аймауытов білім негіздерінің ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келе: « Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі – халық болып жаралғаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарыын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі», – деп, оның қоғамдық рөлін, адамзат баласы жасаған бар рухани – мәдени байлықты меңгерудің басты құралы екенін, оны жан жақты және терең меңгеру қажеттігін баса көрсетеді. Бұл пікір ұлт тілінің абыройын көтеру жөніндегі бүгінде жүргізіліп жатқан шаралармен үндес, өзінің өзектілігін жоймаған, жаңара жандана түсетінін дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ж. Аймауытов адам баласының мәдениет тарихынан өнердің көрнекті орын алып келгеніне, өнерсіз қоғамның дамуы, рухани байлықтың молаюы мүмкін еместігіне тоқталып, ұлт мектептерінде әуелі кескін мен әуез өнерін, яғни сурет салу, ән-күй үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнерге деген ынтасын қозғап, өнерпаздық қабілетін тәрбиелеу қажеттігін баса айтады.

« Білімге деген ынталанушылық,-деп жазды ол,- адам бойындағы ой еңбегі кұшінің қайнар көзі, сондай көздерінің көбірек ашу, бөгетсіз саулатып ағызу, өркендету өнері- мұғалімнің бойына біткен қасиет болуы керек». Сондықтанда әрбір мұғалім, сабақ беру процесінде қызықты мағлұматтармен балаларды шабыттандырып, олардың ынта ықыласын, зейін-зердесін, білімді меңгеруге бағыттау үшін төмендегі шарттарды орындауы тиіс. Олар: жаңа берілетін білімді баланың білетін мағлұматтарымен ұштастыру; жаңа білімді таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына оқушылардың ынта-ықыласын аудару; оқушыларды жаңа білімді меңгеругебағыттайтын сұрақтар қою арқылы олардың ынта -ықыласын ой еңбегіне аудару, т.б. деп оқу –тәрбиелеу ісінің ғылыми әдістемелік, дидактикалық әдіс тәсілдерін де жан –жақты сөз етеді. Сөйтіп, ол психология, педагогика, методика ғылымдарына сүбелі үлес қосушылардың бірі болып, Қазақстанның мәдениет тарихында өшпес із қалдырды.

Қорытынды

Халық педагогикасы – ежелден халықпен бірге жасасып келе жатқан тәлім-тәрбие мектебі. Ғалымдар тұжырымына сүйенсек, халық педагогикасы ғылым емес, ол халықтың ғасырлар бойы жинақтаған, бірақ бір жүйеге келтірілмеген ұрпақ тәрбиесі жөніндегі эмпирикалық білімі мен тәжірибесінің жиынтығы, этнопедагогика ғылымының зерттеу объектісі, педагогика ғылымын тудырушы қайнар бұлақ. Халық педагогикасының негізгі принциптерінің бірі – тәрбиенің біртұтастығы. Халқымыз жас ұрпақты өмірге дайындап, «сегіз қырлы, бір сырлы», жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеу үшін бар мүмкіндікті сарқа пайдаланған. Кез келген тәрбие құрамына талдау жасасақ, тәрбиенің түрлері (еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, әсемдік, т.б.) іштей сабақтасып жатады. Оны бесік жырынан, бата-тілектер мен терме толғаулардан байқауға болады. Тәрбие ісін кешенді жүргізуді ғылыми педагогикалық еңбектер де қуаттайды.һ Тәрбие ісінің туғаннан өмір бойы үздіксіз жүргізілуін халық педагогикасы да, ғылыми педагогика да құптайды.

Халық педагогикасында тәрбие ісін баланың жас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді талап еткен. Мәселен, «Ұлыңа бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшыңдай сана, он бес жастан асқан соң ақылшы досыңдай бағала» деген мәтел баланы еркін тәрбиелеудің, көмекшім деп үмітпен қараудың, ақылшым деп тең санаудың қажеттігін меңзейді. Ал бұл ғылыми педагогиканың ыңтымақтастық принципімен қабысып жатыр.

Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық білім беру жүйесі, Мағжан Жұмабаевтың қазақ педагогикасын түзуі, Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ психологиясы ғылымын зерлей бастауы, үшеуінің қазақ этнопедагогикасын ғылым ретінде қалыптастырып, пән ретінде оқытуға ұсынуы ұлттық педагогиканың ( халық педагогикасы мен педагогикалық ойлардың), яғни қазақ этнопедагогикасының дамып қалыптасу жолдарын көрсетті.

Халқымыз егемендікті аңсап жатқан қарбалас шақта жас өркендерді жерге шырылдап түскен кезден есейіп есі кіріп болғанға дейін аралықта ана тілінің уызына ғана жарытып қоймай, олардың ұлттық рухпен, салт-дәстүр, әдет-ғүрыптан мейлінше сусындауына ерекше көңіл аударуымыз қажет. Бастауыш мектепте алған тәрбие кейін қай ұлттың медресесінде оқыса да, қай ұлттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлттық рухы жасымайды. Қайда болса да тіршілігінде қандай ауыртпалық түссе де ұлт ұлы болып қала береді. Оқудағы мақсат жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбие беру... М. Дулатовтың тәлім-тәрбиелік тағылымдарынан қазіргі күн талабы мен ұштасатын тағы бір кесек ой - ол жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу. Қазіргі қазақ жастарының тәрбиесінде көлеңкелі келеңсіз жақтардың белең алуы тәлімгер қауымға жас буынды жөргегінен мейірімділік пен имандылықа тәрбиелеу қажеттігін күн тәртібіне қойып отыр. М. Дулатов жұртты оқуға, білім алуға тартқан кезде бір жағынан діни оқуды да жатсынбау қажет деген. Ұлы ағартушының оқу-ағарту майданындағы ерекше көзге түсуі 20 жылдардың орта шеніндегі латынша немесе арабша әріпті алу мәселесінің төңірегіндегі айтыс кезінде көрінді. Оның «Бүкіл шығыс елінің мәдени мұрасы араб әрпімен жазылған, егер де дүрмекпен латынға көшсек біз бұл байлықтан мүлде қол үзіп аламыз», дейтін пікірінің шындық екендігіне бүгінде дау айтатын адам болмаса керек.

Белгілі қоғам қайраткері, ғұлама түрколог, жазушы, публицист, ағартушы - педагог Ахмет Байтұрсынов өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, мектеп ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштады. Ол ауыл мектебінде, семинарияларда бала оқытты, оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру саласында көп ізденді. Байтұрсыновтың алғаш ағартушылық ой-пікірлері сонау 1913-1917 жылдары Орынборда шыққан «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларынан айқын көріне бастайды. Ол туған халқының ғылым-өнерге ұмтылуын, әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім алуын аңсады. «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте де үйренетін білім сондай керек», - деп жазды. Бірақ осындай білім беретін ауыл мектебінің сол кездегі жағдайы оның қабырғасына қатты батты.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет