2014 ж Директордың оқу ісі жөнін дегі орынбасары Ізғалиева А.І. Курстық жұмыс



бет1/3
Дата27.08.2017
өлшемі0,78 Mb.
#29895
  1   2   3
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қ. Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі

« Мектеп » бөлімі

«Қорғауға жіберілді» _______



« » ___2014 ж

Директордың оқу ісі жөнін

дегі орынбасары

Ізғалиева А.І.




Курстық жұмыс
Тақырыбы: Салт-дәстүрлер мен адамзаттық құндылықтарды

оқу- тәрбие үрдісінде қолдану жолдары


Орындаған: Нұрмұханов Берқайыр– 4 (9) инб топ студенті

Жетекші: Сұлтанова Ғ.Т.-педагогика пәнінің оқытушысы


Басталуы: Қазан 2013ж

Аяқталуы: Сәуір 2014ж

Сақтау мерзімі: 5жыл

Жоспары

I.Кіріспе.........................................................................................................................................3

II.Негізгі бөлім

Салт-дәстүрлер негізінде оқушыларды тәрбиелеудің  психологиялық-  педагогикалық мәселелері......................................................................................................................................6

2.1.  Оқушыларға салт-дәстүрлер негізінде тәрбие берудің теориялық негіздері, педагогикалық шарттары.............................................................................................................6

2.2. Қазақ салт-дәстүрлері арқылы оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеудің  мазмұны, формасы және әдіс-тәсілдері......................................................................................................16

2.3. Қазақ салт-дәстүрлері бойынша тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыру барысында оқушыларға тәрбие берудің бағдарламасы мен әдістемесі.....................................................22

III. Қорытынды............................................................................................................................29

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі...............................................................................................30

Қосымшалар.................................................................................................................................31

 

 

Қазағымның салт - дәстүрі жаңғырған,


Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.

Салт - дәстүрді ардақтайық, ағайын,
Қазақ атты үлкен, кіші, балдырған.

Кіріспе

Зерттеудің көкейкестілігі: Адам бойындағы бар игі қасиет мектеп қабырғасында қаланады. Сондықтан, еліміздің ертеңгі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру біздің негізгі мақсатымыз. Осыған орай мектептегі тәрбие үрдісін ұлттық қағидалармен толықтыру өте қажет. Бүгінгі таңдағы мектептер балаларға жекеленген ғылыми пәндерді терең оқытуға тырысса да, адамгершілік құндылықтар арқылы тәрбиелеуге көп мән берілмей келеді. Соның салдарынан жастарымыз жағымсыз қылықтарға бой алдырып, имандылық дегеннің не екенін білмей өсуіне әкеліп соғуда. Ендеше рухани-адами салауаттылық жолын қалыптастыру уақыты жеткен тәрізді.

Еліміздің президенті Н.Назарбаев: «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Қазақстан жоғары оқу орнының міндеті әлемдік стандарттар деңгейінде білім беру» – деген өзінің жолдауында еліміздің дамуына, дамыған елдермен теңесуіне мүмкіндік беретін білім екендігін айтып өтеді. [3].

Жас ұрпақты адамгершілікке, әдептілікке, имандылыққа тәрбиелеуде ұлттық сана-сезімнің қайнар бұлағы салт-дәстүрлер, мақал-мәтелдер, құнды әдеби мұралар, нақыл сөздер болып табылады.

Қазіргі зайырлы қоғамда да адамгершілік, имандылық аса қастерлі, биік адамшылық қасиет ретінде ұғынылады имандылыққа қарама-қарсы жағымсыз сипат – имансыздық.

Академик Волков Г.Н.. «...батыстан келген бұл рухани апаттан жастарды аман алып қалудың жолын қарастыруымыз керек. Ол әр халықтың ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиесінде қалыптасқан, түрлі сыннан сүрінбей өткен халықтың бай тәжірибесіне сүйенген халықтық педагогика болмақ» - деп жазады. [5].

Қазақ халқында ешқандай қағазға жазылмаса да, бала тәрбиелеудің белгілі бір жүйесі болған. Ол ғасырдан-ғасырға, ата-анадан балаға, баладан оның ұрпақтарына жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүр, әдет-ғұрыптар мен салт-саналар. Олар халық педагогикасының басты тарауларының бірі.

Халық тәрбиесі – сол халықтың ой-арманымен, тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, отбасылық, қоғамдық, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, дамып жеткен тарихи және мәдени мұрасы.

Өскін ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, олардың жан дүниесін дамыту жайында ұлы орыс педагогы  К.Д. Ушинский  “әрбір халық пен ұлт өз ана тілі мен салт-дәстүрін қастерлеп, тарихи даму жағдайына орай білім алып, тәрбиелеу керек” деген өзінің ұлағатты ойын “Родная речь” атты еңбегінде ерекше атап айтады [9].

Халқымыздың ұлы перзенті Ы.Алтынсарин өзінің еңбектерін ана тілінде жазып, “бала тәрбиесі оның табиғи ортасы мен халқының салт-дәстүрі рухында тәрбиеленетін болса, оның сана сезімінің    дамып жетілуі де  ұлты мен халқына  қызмет ететін көкірегі ояу салауатты азаматтар  болып  өседі” – деген ой түйген болатын. [6].

Ал, Шәкәрім Құдайбердиев: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді», -деп жазады. [17].

Шынында да, құнды қасиеттерге ие рухани адамды қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Адамның Адам болып қалыптасуында ата-аналармен қатар тәрбиеші мен мұғалімнің ролі зор. Яғни, білім жүйесінің қызметкерлеріне болашақ ұрпақты тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан бұл істе асығыс шешім, жалған әдіс, қалыптағыдай қатып қалғн, ескірген тәсіл қолданылмауы тиіс.

Қазақ халқының этностық  ерекшеліктерін байыптасақ, бұл халық ұрпақ сабақтастығын    сақтап, алысты жақындатып, аразды татуластырған, ізетті келіннен таныған, татулықты абысыннан тапқан, дарқандықты даласынан, даналықты бабасынан, пәктікті баласынан алған халық. Қазақ адамгершіліктің басы әділдікті ту етіп, әділдіктің басы болған адалдықты анасынан алған. Аналар ұрпақты ұлағаттыққа баулып, дауға-дәру, жауға-қару, араздыққа-араша, татулыққа-тамыр, тазалыққа-нәр, пәктікке-пәрмен, дәстүрге-дәрмен, өнерге-тұлпар, көкте-сұңқар етіп тәрбиелеген.

Халқымыздың ғасырдан-ғасырға қастерлеп келген құнды дәстүрлері өте көп. Оны бүгінгі ұрпақ қаншалықты біледі, қастерлейді, білмесе білуге ұмтыла ма, “халқын сүйген салтын да сүйеді” демекші, олар ата-салтын мақтаныш тұта ма, деген сұрақтар төңірегінде ойланғанымыз жөн..



“Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле”, дегендей, халқымыздың бойына сіңген атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиесі өзге ұлттардан ерекшеленіп, өздеріне тән қасиеттерді көрсетіп тұратындығын жоққа шығара алмаймыз. Ұлттық тәрбиеміздің халықтың сан ғасырлар тарихымен тығыз байланыста болып, осы уақытқа дейін дәстүрлі тәрбие құндылықтарын жоғалтпай жалғастырып келеді. Халқымыздың ұлттық тәрбиесі негізінен жүйелі болған. Өйткені, тәрбие әке-шеше, отбасынан бастап, ағайын- туыс, көрші-қолаңның бәрі араласып, бәрі де халықтың баласына ортақ қамқорлық жасаған. “Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбас дәстүр қалдыр” деген қазақ халқы озық жұрттардың санатында болашақ қамын қатты ойластырған. Сол себепті ұлтымыз: ”Балаң өзіңе тартса- жұбан, қоғамға тартса - қуан” - деп бекер айтпаған. Біздің тәрбиеміздің бір ерекшелігі - қыз балаға қамқорлықпен қарау. Себебі халқымыз қыз тәрбиесіне баса назар аударған. “Ел болам десең- бесігіңді түзе” дегендей, тәрбие бесіктен басталатыны бәрімізге белгілі, адам бойындағы бар игі қасиет отбасы мен мектеп қабырғасында қаланады. Сондықтан еліміздің ертеңгі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің негізгі мақсатымыз. Осыған орай мектептегі тәрбие үрдісін ұлттық қағидалармен толықтыру өте қажеттілікті талап етеді. Бүгінгі таңдағы мектептер балаларға жекеленген ғылыми пәндерді терең оқытуға тырысса да, адамгершілік құндылықтар арқылы тәрбиелеуге мән бермей келеді. Соның салдарынан жастарымыз жағымсыз қылықтарға бой алдырып, имандылық дегеннің не екенін білмей өсуіне әкеліп соғуда. Ендеше рухани-адами салауаттылық жолын қалыптастыру уақыты жеткен тәрізді.

Бүгінгі күні тіліміздің аясы кеңіп, мемлекеттік мәртебе алып отырған шақта қазақ мектептерінің саны да артып келеді. Алайда ең керегі оқу орнының сан емес – сапасы екенін естен шығармау керек.

Бала тәрбиесі баршаға ортақ іс. Оған көпшілік қоғам болып жұмылу, парасаттылық пен байсалдылық керек. Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден  қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағылымдарын, мәдениет тарихын, бұрын-соңғы ұлы ойшыл педагогтардың еңбектерін оқып жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып келер буынға дұрыс тәрбие-тағлым беру мүмкін емес. Себебі, өткенді жақсы білмейінше келешекке сапар шегу, Л.Толстой айтқандай , айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп шатасумен пара-пар.

Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңының 8 бабында Білім беру жүйесінің міндеттерінде: “Азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез-келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеп, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүр салтын  оқып-үйрену  үшін жағдай жасау” деп көрсетілген. [1].

Сондықтан да ұлттық салт-дәстүрлерді бала бақшадан бастап жоғары оқу орындарына  дейін кең түрде насихаттау қажет.

Бұл мәселемен республикаға есімі танымал ғалымдар мен педагогтар, атап айтқанда, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, С.Ұзақбаева, М.Балтабаев, Ә.Табылдиев, С.Тілеуова, Қ.Ералин, Б.Ортаев сынды зерттеушілер айналысқан.

Қазіргі таңда салт-дәстүрлердің тәрбиелік мәнін ашу, тәрбиелік әдіс-тәсілдерін жетілдіру қажеттігі айқын көрінуде. Салт-дәстүрлердің тәрбиелік қажеттілігі мен оның тәрбие үрдісінде қолданудың арасында қарама-қайшылық орын алуда.

Осы мәселелерді қарастыра келе курстық жұмысымның тақырыбын “ Салт-дәстүрлер мен адамзаттық құндылықтарды оқушыларды тәрбие үрдісінде қолдану жолдары” деп таңдадым.



Курстық жұмыстың мақсаты: Қазақтың құнды салт-дәстүрлері мен адамзат құндылықтарын тәлім-тәрбиелік тұрғыдан сұрыптау және оларды оқу-тәрбие процесіне ендіру арқылы жастар тәрбиесіне ықпал етуге ұсыныс беру.

Міндеттері:

1.Педагогикалық, психологиялық, философиялық, арнайы немесе әдістемелік әдебиеттерді зерделеу.

2. Қазақ салт-дәстүрлерінің тәрбиелік мәнін ашу.

3. Оқу процесінде қазақ салт-дәстүрлерінің пайдалану барысын айқындау..

4. Қазақ этнопедагогикасы негізіндегі адамгершілік тәрбиесінің жолдары мен құралдары, нысандары мен әдістерін айқындау.

Зерттеу объектісі: Педагогикалық жүйедегі тәрбие процесі

Зерттеу пәні: Қазақ салт-дәстүрлері арқылы оқушыларға тәрбие беру  барысы.

Зерттеудің ғылыми болжамы: Егер, қазақ салт-дәстүрлері, адамзат құндылықтары тәлім-тәрбиелік тұрғыдан сұрыпталып, оқу-тәрбие процесіне ендірілсе, онда оқушылардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру нәтижесі артады.

Зерттеу жұмысының құрылымы: Курстық жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

Зерттеу жұмысының практикалық мәні: Тәрбие сағаттары бойынша әдістемелік нұсқау ұсынумен, зерттеуден алынған нәтижелермен, олардың негізінде құрылған ұсыныстарды мектеп практикасында қолданумен ерекшеленеді.

Негізгі бөлім




Салт-дәстүрлер негізінде оқушыларды тәрбиелеудің  психологиялық-  педагогикалық мәселелері

2.1.  Оқушыларға салт-дәстүрлер негізінде тәрбие берудің теориялық негіздері, педагогикалық шарттары

Ұлттық тәрбиенің түп төркіні халық педагогикасымен байланысып жатқандықтан, ол халықтың рухани әрекетінің барлық саласын қамтиды. «Қазіргі қоғамның жаңаруында 2030 бағытына сәйкес әрбір ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында ұлттық тәрбие шешуші фактор болуы заңдылық» [3], - деп, Елбасы өз жолдауында нақтылағанындай, қазіргі заманның жаһандану сипатымен үйлестіре адамның ұлттық қасиетін қалыптастырудың ең тиімді мүмкіндіктерін, жолдарын зерттеу, қарастыру өзекті мәселелердің бірі. Қоғам жаңарған сайын адам да жаңара түседі, оның мінез-құлқы да жаңарып отырады. Ол заңды да. Экономикалық және әлеуметтік табыстардың түп қазығы жаһандану сипатындағы моральдық және мәдениеттілік сипатында екендігі түсінікті. Білім берумен қатар, қоғамға адал, арлы мәдениеті мол адам тәрбиелеу оқу орындарының міндеті. Осы жолда ұлттық тәрбиеге негіздеп, білім беру сипатының жолдарын айқындап алғанымыз жөн.

Ұлттық тәрбиелік білім беру ғасырлар бойы жалғасқан мол халықтық мұра – тәлім-тәрбие негіздері қайта қаралып, ғылыми сипатқа ие болу деген мақсатта болуы тиіс. Оның басты түйіні халық ауыз әдебиетінің түрлері мен аңыз-әңгімелерінде, ертегілерінде, батырлық жырларда, ғибраты мол би-шешендердің нақыл сөздері мен тәрбиелік ой-пікірлерінде жатыр. «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» [4. ], - деп, кезінде ғалым М.Жұмабаев айтып өткеніндей, ұлт тәрбиесін білім алушыға дұрыс деңгейде бере білсек, бүгінде белең алып жатқан жастар арасындағы келеңсіз оқиғалардан арылуға жол салған болар едік. Дегенмен де, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақша оқытатын мектептер көптеп ашылып, жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісімен айналысу жағы дұрыс жолға қойылуда. Шынайы білім ең алдымен ұлттың игілігіне, одан әрі адамзаттың, жеке тұлғаның игілігіне бағытталуы тиіс. Ұлттық білімнің өзектілігі де осында. Ұлттық білім беру жүйесінің негізі болып педагогикалық дәстүр, білім беру дәстүрі, жүздеген ғасырлар бойы қалыптасқан біздің бойымыздағы құндылықтарымыз саналады. Яғни, нағыз педагог та, педагогика да халықтың өз ішінде жатыр. Сондықтан да, ұлттық тәрбиені білім алушы жастардың бойына сіңіру – біздің басты міндетіміз.

Адамның бойындағы қандай да қасиеттер, мейлі жақсы, мейлі жаман болсын ол адамгершілік, білім-парасаты, инабаттылық, кісілік мінез, еңбек дағдысы, – бәрі-бәрі үлгі-өнегені үйрену арқылы жұқпақ. Оның негізі ұлттық тәрбие беруде. Бұрынырақта баласын тәрбиелеу мақсатында адамның өмірі мағыналы болсын деп, ұлы адамдардың қасына қосып қойып, солардың қасында жүру арқылы, аталы сөздерін тыңдап өсу арқылы тәлім-тәрбие үйренуге ықпал еткен. Сондай адамдардан тәрбие алған адамдардың біразы кейіннен халқымыздың біртуар азаматы болып ержетіп отырған. Кейін ел ісі де осындай жастардың қолына өтіп отырған. Жалпы қазіргі кездегі мәселе халыққа, яғни, ұрпаққа ұлттық тәрбиені қалай береміз, оны қалай ұйымдастырса болады және оған деген біздің зиялы қауым өкілдерінің ой-пікір, тұжырымдамалары қандай? Міне, осы сияқты сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Алдымен, тәрбие дегеніміз не? Тәрбие – жеке адамдардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру үшін мақсатты түрде жүргізілетін қоғамдық өмірдегі ең басты әрекет. Жеке тұлғаны өмірге бейімдеп, жан-жақты дамыта даярлау үшін бұл қасиетті әрекетке жеке адам, ұжым, топ, жалпы әлеумет жауапкершілікпен қатысады. Тәрбиеге халық тәжірибелері (халық педагогикасы), әдебиет, өнер, кино, радио, теледидар, табиғат мүмкіндіктері пайдаланылады. Тәрбие тәжірибелерінің негізгі тірегі – ұлттық тәрбие. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйласты, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көрегенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты „көргенді” деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін әрдайым жақсылық жолын ойлатын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды „иманды” деп атаған.

Қазақ отбасында ұлттық тәрбие ана құрсағынан басталып, адамды өмір бойы және оны ол дүниеге шығарып салумен аяқталатын әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер негізінде жүргізіліп, іс-әрекеттер мен қарым-қатынастар арқылы жүзеге асады. Ұлттық тәрбиені оқыту барысында балаға берілетін ұлттық психологияның құрылымдық элементтерінің күрделі әрі маңыздыларының бірі – ұлттық мінез-құлық болып табылады. Жастарға халықтың қоғамдық-өндірістік тәжірибесі арқылы тарихи тұрғыда қалыптасқан әдеттердің жиынтығы мен еліміздегі басқа халықтардың да ұлттық мінезін мәдениеті мен тұрмысынан, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен байқату арқылы оқытылады.

Ұлттық сана-сезімді жастарға өз ұлтының әлеуметтік мәнін түсінуі, ұлтаралық қатынастарда қандай жағдайға ие екендігін, жалпы адамзат дамуында қандай үлесі бар екендігін ұғындыра отырып, әрі өзге халықтармен бірдей бостандықта өмір сүруін және т.б. жағдайларды жете түсіндіру қарастырылады. Сонымен бірге, қазір жаһандану жағдайында жастардың мінезінде бұзылу қаупі бар, олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқандары байқалады. Сезім адамның тіршілік қажетіне, өзара қарым-қатынасына байланысты түрлі формада көрінетінін сезіндіріп, оның түрлерін, ұлттық сезімді, адамның бір-біріне деген сүйіспеншілік сезімдерін жастарға кең түрде мағлұмат бере отырып тәрбиелеу қарастырылады.

Көңіл-күй адамның барлық толғаныс тебіреністері мен әрекетіне өң беретін біршама ұзақ эмоциялық күй екендігі белгілі. Жалпы, қазақ халқына тән өзіндік көңіл-күйдің қыр-сырларына жете тоқталып, оның басқа халықтардан ерекшелеп тұратын қасиеттерін ашып көрсету қарастырылады. Мәселен, қуанышты, ашулы, жайбарақат көңіл-күйлері т.с.с.

Жастардың ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғалық дамуының негізгі параметрлері – оның жалпыадамзаттық құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық, белсенділік, жеке басының намыс сезімі, ой-пікіріндегі тәуелсіздігі т.б. тұлғалық кәсіби сапаларды түсіндірумен қатар, оның әлеуметтік деңгейі мен біліктілігін қалыптастыратын сапалардың мәнін ашу.

Әр адамды басқалардан айқындап, ерекшелеп тұратын жеке болмыс-бітімінен бөлек, тұлғалық ерекшеліктері болады. Ондай ерекшеліктерге сенім, дүниетаным, мұрат, бейімділік, қызығу, түрткі, қабілет, талғам, көзқарас тағы басқа қасиеттер жатады. Тұлға бойындағы әр түрлі осы тәріздес ерекшеліктерге тоқталып, оның саналы да, тәрбиелі азамат болудағы алар орны жайлы кеңінен ашып, мән-маңызын көрсету қарастырылған.

Ұлттық өзіндік сана ұлттық дүниетанымға негізделеді. Ал, ұлттық дүниетаным дұрыс таным-түсінік арқылы өріс жайып, ұлттық дәстүр арқылы өз болмысын танытады. Өз ұлтыңа деген құрметтің көрсеткіші – ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты. Жастарға ұлттық сана төмен болса, халық халықтық қасиетінен айрылып, мылқау тобырға айналатынын түсіндіре отырып, оның алдын алу жайы және оны болдырмауға тәрбиелеу көзделеді.

Бүгінгі таңда біздің еліміздің көркейіп, өркениетті елдердің қатарына қосылып, халықаралық деңгейге шығуымыз үшін ұлтжанды, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Басты міндетіміз – рухани және әлеуметтік, адамгершілік дүниесі бай, жаңашыл, шығармашылық ойлау қабілеті мен ұлттық дүниетанымдық мәдениеті жетілген зерделі тұлға қалыптастыру. Сондықтан да, Отанымыздың болашақ дамуына үлес қосатын ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ұлтжандылық дегеніміз – адамның өзінің араласқан белгілі бір саяси, мәдени және әлеуметтік ортасына – Отанына деген аса терең сезімі. Ұлтжандылыққа тәрбиелей отырып, жастардың азаматтық санасын қалыптастыру, оқушылардың саяси білімдерін жетілдіруге, өз азаматтық құқықтары мен міндеттерін, туған жердің, өскен елдің табиғатын аялай білу сезімін қалыптастыра білуге тәрбиелейміз.

Отансүйгіштік – азаматтық санамен қалыптасатын қасиет. Жастардың азаматтық санасын біліммен қаруландыра отырып, аға ұрпақтың қалдырған мәдени-тәлім мұраларынан сусындаған, туған жері мен елінің рухани-материалдық, мәдени құндылықтарын бойына сіңіре отырып, ақыл мен парасаттылығы жетілген, ұлтжанды, саналы азаматты тәрбиелеу жолға қойылады.

Ұлттық рухты үнемі ұлықтап жүретін қазақтың тәлім-тәрбиесінің қайнар көзі тым тереңнен басталады. Ұлттық тәрбие алған ұрпақтың дені сау, ақылды, білімді, ұлтжанды, еңбекқор, кішіпейіл болып өседі. Халықтың өмірін, рухын және тілдерінен тұратын ішкі заңдары, оның ұлттық мінезін, болмысын таныту бүгінгі таңда жастарымыздың тәрбиесіне берер пайдасы мол. Ұлттық тәрбие берудегі негізгі тетіктерін айырып, білім беру үрдісіне ендіру жолын дұрыстау – бүгінгі күндегі елеулі мәселелердің бірі. Ол тетіктерге біріншіден – мемлекетшілдік нышандарды дамыту, оны ұлттық тәрбиемен ұштастыру, сөйтіп, алдымен отаншылдық рухын ояту керектігін айта кету қажет. Ұлттың мәңгілік болуы оның уақытқа бағынбайтындығында және ұлттың мәңгілік болуы халқын, жерін, елін сүйетін азаматтарды қалыптастырып, тәрбиелеуде болмақ. Сондықтан да, жаңа ғасырды жақсы қарқынмен бастап келе жатқан егеменді еліміздің болашағы үшін саналы да, ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеудің ұлттық сипатын жандырып, дамыту жолында ұлттық болмысты қалыптастыру жолын нақтылағанымыз жөн. Өркениетке қадам басқан тұстағы оның алғышарттарының бірі ұлттық тәлім-тәрбие мен сапалы білім беру болып табылады. Себебі, жастарға ұлттық құндылықтар негізінде жан-жақты тәрбие беру – сол өркениетке жету жолындағы мұратымыздың кепілі. Біз – жаңадан аяғына тұрып келе жатқан дамушы мемлекетпіз. Егер де, қазіргі жағдайымыз бен күш-қуатымызды білім-білік пен рухы биік жастарды отаншыл етіп тәрбиелер өнегелі білім беру жолына негіздегеніміз жөн. Бұл жайында еліміздің ертеңі – жастарымыздың өмірден өз орнын тауып, қарым-қабілеттерін шыңдап, әлеуетін анықтап, танытуына барынша жағдай жасау керек екендігі туралы Елбасы өзінің халыққа жолдауында да ашық айтқан болатын. Мұның өзі жастарды қоғамда белсенділігін арттыруға, олардың бойында ұлттық сана мен отаншылдық қасиеттердің дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуы үшін ашылған ақ жол тәрізді, рухты демеп отыратынына септігін тигізбек. Біз жастарды тәрбиелегенде шынайы отаншылдарды тәрбиелеуді естен шығармағанымыз жөн, себебі, солар ғана еліне игілікті істер тындырып ауқымды үлес қоса алады. Жалпы, келешек ұрпақтың қамын бүгін ойлау – аға ұрпақ борышы.

Егемендік алып, тәуелсіз ел болған тұста біз тәрбие процесін ұлттар мен халықтардың, тайпалар мен ұлыстардың ғасырлар бойы қалыптасқан этностық белгі-қасиеттеріне, салт-санасына, дәстүрлеріне негіздеуге ден қойып, халықтардың өткен тарихы мен салт-дәстүрлерін жаңғыртып, тәлім-тәрбиелік істерін қазіргі заман талабына сай қайта құруға бет бұруымыз –әлеуметтік өмір талабынан туындап отырған мәселе. Бұлар этнопедагогикалық зерттеулерде ұлттық тәлім-тәрбие істерінің мазмұнын тереңдетіп, объективті түрде шындықтың бетін ашып көрсетеді. Ал, біз қарастырып отырған ұлттық тәрбиелік білім беру – жаңа сипатта білім беру бағдарламасында зерттеліп келе жатқан ғылыми сала.

Ұлттық тәрбиелік білім беру болашағымыздың рухани дамуын қамтамасыз етеді. Оның тарихи қырын қарастыру туралы мәселенің қажеттілігі осы тұрғыда айқындалады.

Ұлттық тәрбиелік білім жас ұрпақты әсемдікті игеруге, сұлулықты сезініп, қастерлей білуге, оны өз бойына дарыта білуге, яғни, эстетикалық тәрбие бере білуге, ең бастысы рухани даму сипатына жетелейді. Ұлттық тәрбиелік білім беру арқылы, жас өскелең ұрпақты халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпымен таныстырып, адамның ішкі сезімін, жан дүниесін түсіне білуге бағыттауға ұмтыламыз. Жастардың айнала қоршаған ортадағы сұлулыққа ерекше әсерленуін, көз алдында болып жатқан түрлі құбылыстар мен табиғат сұлулылығын сезінуін, түсінуін, оны бағалап, танымдық, қызығушылық көзқарастарын қалыптастыруға негіздейтін – осы ұлттық тәрбие. Жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелейтін тағылымды тәлім – ұлттық рухта тәрбиелеу мен оқыту. Ұлттық рухта білім алған жеткіншек ұлттық тұлға болып қалыптасып шығады. Ұлттық білім берудің өзі – ұлттық қауіпсіздік пен мәдениеттің құрамдас бөлігі. Ал, ұлттық білім берудің құндылығы толығымен саяси күрес, қалыптасқан дәстүрлермен, әлеуметтік дамумен, отандық және батыстық ғылымның бірігу дәрежесінен көрініп, анықталған. Халқымыздың сан ғасырлардан келе жатқан ұлттық мұрасын оқу-тәрбие ісімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу, ұмыт қалған салт-дәстүр, ұлттық ерекшелігімізді насихаттап, олардың бойына ұлттық психологияны қалыптастыру – әрбір ұстаздың міндеті.

Ұлттық тәрбиенің ғылыми-теориялық негіздерін анықтау үшін оның өзіндік ерекшеліктерін ескеру қажет. Академик Г.Н.Волковтың анықтамасы бойынша, бұл ерекшеліктерге мыналар жатады: «Ұлттық тәрбиенің адам баласының дүниеге келген күнінен бастап бірге жасап келуі (қоғамды құру, қоршаған ортаны, табиғатты, өзіне икемдеп игеруде еңбек тәрбиесінің алғашқы адамдар өмірінде де басты рөл атқарады). Тәрбиенің басқа түрлерінің кейін тууы, бұл – халықтың тәрбие жөніндегі қағидаларының өмірлік тәжірибеге негізделген эмпирикалық білім болып келуі. Оның ұлттар мен ұлыстардың жазу мәдениеті шықпай тұрған кезінде пайда болып, халық арасында ауызша тарауы, сондықтан да оны шығарушы авторлардың аты-жөні халық жадында сақталмай, бүкіл халықтық мұраға айналып кетуі, халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі озық тәжірибелері мен ой-түйіндері сол халықтың ой-тілегімен, арманымен ұштасып келгендіктен, озық үлгілерінің сақталып, ал тозығының біртіндеп тәрбие жүйесінен шығып қалуы. Халық педагогикасы өнерге, еңбекке негізделгендіктен, үнемі жетілу, ұшталу үстінде болуы; сондай-ақ, халық педагогикасының ғылыми жүйеге, теорияға емес, жеке бас тәрбиесінің үлгілеріне және оның нәтижелеріне қарай құрылып, тәрбие тәжірибелерінің ғасырлар бойы жалғасып келуі, алған тәрбие түрлерінің қоғамда бөлінбей, тұтас түрде берілуі» [5].

Отбасынан алған тәрбие балабақшадағы тәрбиемен, одан мектеп тәрбиесімен жалғасын табады. Мектеп тәрбиесінде ұлттық тәрбиеге, мемлекеттік тіл мен қоғамдық ой-мақсаттарға ерекше көңіл бөлінеді. Мектепте ақыл-ой, дене, адамгершілік тәрбиесіне, еңбек тәрбиесіне, экологиялық тәрбиеге, эстетикалық тәрбиеге, отансүйгіштік тәрбиеге, халықаралық достық тәрбиесіне көбірек көңіл бөлініп, бәрі ұлттық тәрбиемен (халық педагогикасымен) байланысты жүргізіледі. Қалай тәрбие берсең бала соған қарай бейімделіп, сол арнаға түсіп жүре береді. Оны көп ерік-жігердің, қажыр-қайраттың арқасында түзеуге тура келеді. Бұл жөнінде Абай да: «Егер закон қуаты қолымда болса, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», - деген болатын.

«Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі ешбір руға, ұлтқа бөлмей, жалпы адами тәрбиенің негізгі мақсаты тұрғысынан жас ұрпақты «атаның ұлы ғана болмай, адамзаттың ұлы» (Абай) болуға тәрбиелеу. Адам болған соң, оның адамгершілігі болу қажет. Сондықтан, халық адамгершілікке жат құлықтар мен әдепсіз әрекеттерге қарсы аяусыз күреседі» [6].

Адам тәрбиені, дүниедегі бар қасиеттерді, мейлі ол жақсы болсын, жаман болсын дүниеге келген отбасы – алтын бесігінен, білім алған алтын ұя – мектебінен, өмір сүріп отырған ортасынан алатыны белгілі. Өйткені, адам қоғамнан, қоғам адамнан тыс өмір сүре алмайды. Ал, қоғамда адам тәрбиесі атамыздан қалған ұлттық тәрбие негізінде үйлесе берілгені дұрыс. Қазақ тарихында адам баласын соттау сынды үкім ешқашан болмаған. Сол кездегі «тентек» баласын халық өзіндік үкіммен ақылмен дұрыс жолға қоя білген халық. Ал, бүгінде небір жаза түрлері заң жүзінде қарастырылғанымен, қылмыс түрлері азаяр емес. Себебі неде? Әрине, жаһандану кезеңінде даму үрдісі дұрыс сипатта болуы қажет. Сол үшін де, білім мен ғылым түрлері даму үстінде. Бірақ неге бүгінде жастардың азғындауы өсу үстінде. Бұрынғы атамыз қазақтың тәрбие үлгісіннің сыры неде деген сұрақ көкейге ұялайды. Қазақ ұл мен қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, «Қызға қырық үйден тыйым» деп, бала тәрбиесіне бір отбасы емес, барлық ауыл болып көңіл бөлген. Сол себепті де тәрбие жайттары дұрыс қалыпта болған. Міне, сол бабаларымыздың ұлттық тәрбиесін отбасы тәрбиесі мен білім ошақтарында жалғасын тауып оқыта білсек, жастарымыздың ертеңіне деген сенім дұрыс жолда болары анық. Бүгінгі білім алушы жас – ертеңгі ана немесе әке. Ол алған ұлттық тәрбиелік білімін өз санасында қалдырып қана қоймай, отбасында балаларға құйып елітер болса, егеменді еліміздің жарқын болашағы айқын. Бала тәрбиесі турасында Спандияр Көбеев:

«...Балаларды жас кезінен бастап әдепті, таза, ұқыпты, мейірімді, отаншыл, ұйымшыл етіп баулу – оларды адамгершілікке (гуманизмге) тәрбиелеу болып табылады. Ол – жас ұрпақтың биік адамгершілік рухында тәрбиеленуі, демек жас ұрпақтың, әр баланың кішкене күнінен бастап, әуелі адамдарды қадірлейтін, адамдарды сыйлайтын болып өсуі, кішіпейілділік, сыпайылық адамдарға деген мейірімділік, адамдарды құрметтеу, адамдардың айтқанына көңіл қою, тыңдау керек болған жағдайда қолдан келген қадірінше адамдарға көмектесу – мәдениеттің басты бір белгісі болып табылады.



Бірақ, кейде баланың жастардың арасында, тіпті кейде үлкен адамдардың арасында да, өте тұрпайы, ерсі сөздерді айтып тұрғанын кездестіріп қала бересің. Мұның өзі көп ретінде баланың үйдегі тәрбиесінің кемдігінен болады...

Кейбір ата-аналар «өскен соң өзі де біліп кетеді ғой» деп, балаларын бетімен жібереді. Тіпті, кейбір ата-аналар (бұл, әсіресе, ауылдық жерде көбірек кездеседі) қызық көріп, балаларын шектен тыс еркелетіп, қияңқы, сотқар, қалжыңбас, қылжақ, шалдуар етіп өсіреді. Міне, мұндай балаларды өскеннен кейін түзету қиын. Сондықтан да, мұндай баланы қайта тәрбиелеу керек болады. Ал, қайта тәрбиелеу оңайға түспейді....» [7]. Отбасындағы бала тәрбиесі бүгінгі таңда ғылым мен технологияның даму әсерінен өзгеріске ұшырап бара жатқаны белгілі. Бала ата-ана тәрбиесінен гөрі теледидар мен интернет тәрбиесін алып жатыр десек те болады. Сонда біз болашақ ұрпағымызды тәрбиелерде нендей бағыт ұстауымыз қажет деген ой көкейге ұялайды. Осы жолда бұрынғы дана Абайды тәрбиелеген әже тәрбиесі, Шоқанға әсер еткен Айғаным тәрбиелері бүгіндегі ата-ана мен әже, аталарымыздың ескеруінде болмауы. Яғни, біз балаға ертегі айта отырып, жаттау жаттатқызып, білім мен тәрбиені егіз ұғымда қатар жолға қояр болсақ, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі дұрыс жолға негізделері анық. «Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бала ма деп қорқамын. Ал, көрдің қолына балта берсең, шаба салады, найза берсең, сұға салады, намыстанбай бұға салады. Мен табиғатынан, тағдырынан болған соқырлықтан жазылмасақ, халық болудан қаламыз ба деп қорқам», - деп өзінің ұлттық тәлім-тәрбиенің қалып бара жатқанына орай, қынжыла қорқынышын білдіреді» [8]. Бала тәрбиесінің бастауы отбасындағы ұйытқылық пен ұлттық қадір-қасиетпен негізделері анық. Ата-бабамыздың бала тәрбиесіне жіті мән беріп, дүниеге келген нәрестені бесік жырымен бөлеп, нәресте кезінен ертегімен сусындата тәрбиелеуінде үлкен мән жатыр. Осындай тәрбие нәрімен сусындап өскен бала ойы жетік, тіл байлығы қалыптасқан саналы, өз ұлтының нақыштарын жете түсінетін ұрпақ болып қалаптасады. Әрине, бұрынғы кезеңде де тәрбие беру әрқилы болғаны анық. Ұлы Абай атамыз қазақ отбасындағы кездесетін баланы жасынан алдап түбінде өтірікшілікке, сұм адамшылыққа баулып үйрету сынды тәрбиеге қайшы келетін тұстарды сынға алады. Ондай кемшіліктерді ол өз қара сөздерінде былай жеткізеді. «Әуелі балаңды өзің алдайсың, «ананы берем, мынаны берем» деп бастап, балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдаушы болса, кімнен көресің? «Боқта» деп біреуді боқтатып, «кәпір қияңқы, осыған тимеңдерші» деп, масаттандырып тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп, «хат таныса болды» деп, «қу, сұм бол» деп тірі жанға сендірмей, жат мінез қыласың. Осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?», - дейді (/9/235-б). Бұндай келеңсіздіктер бүгінгі таңда көзі ашық, көкірегі ояу отбасыларда кездесіп жататыны рас. Біз бала тәрбиесіне кейде тереңнен қарамай үстірт қарайтын кездеріміз болады. Яғни, баланың тіліне қызықтап небір жаман сөздерді үйретіп жатамыз. Бірақ, баланың сана-сезімі, ақыл-ойы осы нәресте кезінен қалыптасатынын естен шығаратын тұстарымыз көптеп кездеседі. Ал, біздің ата-бабамыздың ұлттық тәрбиесі осындай бала тәрбиесін жете ойлап, жан-жақты қарастырып, тәрбие бастауларын нақтылап, негіздей білген. Шеген Ахметов: «Ежелгі Қазақстандағы тәрбие ісі негізінен, басты-басты сегіз түрлі мәселені қамтыған. Біріншіден, тәрбие басы әдептілікке үйретуді көздеп, әдепті бол дегенді басты міндет етіп қойған. Екіншіден, мейірімді болуға тәрбиелейді. Үшіншіден, тілалғыш, елгезек бол деп үйретеді. Бұл еңбекке баулудың алғашқы көрінісі болатын. Төртіншіден, адалдық пен шындыққа баулуды көздеген. Бесіншіден, білгір бол, ұстаз бен ғалымдардың, көпті көрген данышпан қариялардың сөзін тыңда, ақпақұлақ болма, құйма құлақ бол дегенді бойларыңа сіңіре берді. Алтыншыдан, үлкенді, ата-ананы сыйлауға үйретуді басты міндет етіп қойған. Жетіншіден, кісі айыбын бетіне баспа дейді халық тәрбиесі. Бұл кемшілікті айтпа деген сөз емес, қаріп-қасерлердің табиғи кемдігін (мұрны пұшық, көзі қисық, аяғы ақсақ деген сияқты) көрсетпе деген сөз. Сегізіншіден, ел қорғаны батыр бол, халық алдында қызмет ет, бар өнеріңді соған жұмса дегенді үйретеді.

Халықтық шығармалардың балалар мен жасөспірімдерге тигізетін тәрбиелік әсері ұшан теңіз. Халықтық шығармалар арқылы адам баласының өткен ғасырлардағы тарихи өмірін, тұрмысын, әдет-салтын, күн көрісін, шаруашылық экономикасы мен мәдениетін таныстырып отырады...

Отбасы адам баласының тарихи дамуының барысында қалыптасқан және үздіксіз дамып келеді. Ол – алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау кезеңінде пайда болған әлеуметтік топ. Әрқашанда қоғаммен, оның көпсалалы қатынастарымен, рухани байлығымен тығыз байланыста өмір сүріп келеді. Сол себепті, отбасы қоғамдық мақсат негізінде өмір сүретін адамның алғашқы адамгершілік әліппесін үйрететін мектеп болып есептеледі. Осы киелі ұяда тәрбиеленген баланың тәртібі, өзін-өзі ұстай алуы, өзгелерге деген көзқарасы, өзін-өзі тәрбиелеуі, мінез-құлқы ата-анасының берген тәрбиесіне байланысты болмақ. Бала үшін дүниедегі ең қымбат жандар – ата-анасы. Ата-ананың аялы алақанынан, ыстық құшағынан балаға дүниенің есігі ашылады, ал оның дүниетанымы олардың берген тәлім-тәрбиесіне де қатысты болмақ. Сол себепті, қазақ отбасында ұлттық тәрбиенің негізі – халықтық педагогика болғандықтан, баланы ұлттық салт-дәстүрлер аясында тәрбиелеген. Яғни, құрсақ тойы, шілдехана, сүйінші, қырқынан шығару, бесік тойы, тұсау кесер, сүндетке отырғызу тағы басқа салт-жоралғылар қатаң ұсталып, басшылыққа алынып отырған. Халықтың мәдени деңгейін көрсететін салт-дәстүрлер: игі әдет, әдет-ғұрып, әдеп, дәстүр, салт-дәстүр, салт-сана болып сараланады. Олардың өмір қолданыстарындағы көріністері: рәсім, рәміз, ырым, тыйым, жөн-жоралғы деп аталады. Бұлардың ұлттық ерекшеліктері мен тәрбие негіздері бар. Халқымыздың тәлім-тәрбие беретін әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері мәдени құндылықтарымыздың ажырамас бір бөлігі болып табылады.

Біздің ұлттық тәрбие берудегі мақсатымыз да осы жағдайларға негізделмек. Тегінде жас өскіннің болашақ азаматтық бағдары, оның патриотизмі, туған жерге деген жақындығы отбасынан басталып, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орнында жалғасары бәріне аян. Олардың оттан да ыстық Отанына шын берілген патриот болып қалыптасуына, Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Ел дегенде еміреніп қызмет ететін» азамат болып, алдыңғы толқын ағалары мен әпкелерінің өнегелі өмірінен тағылым алып өссе нұр үстіне нұр екендігі айқын. Сондықтан да, асыл мұраларымызды тәрбие үрдісінде тиімді пайдалана отырып, бойына сіңіреміз. Қазіргі жастарда үлкенді сыйлау, жасы үлкенге орын беру, бір-бірімен ана тілінде сөйлесу, ұлттық мәдениетті бағалау, қастерлеу, қадірлеуге немқұрайды қараушылық кездесіп жатады. Осыдан келіп ұлттық тіл мен мәдениетін менсінбейтін, тілсіз, дінсіз, ессіз ұрпақтар өркендеп келеді. Міне, осыдан келіп бүгінгі ұрпаққа ізгілік, имандылық рухында, дәстүр аясында тәрбие керек екендігі айқындала түседі.

Ұлт тәрбиесі – баланың бойына ана сүтімен берілетін дара қасиет. Кез келген ұлт өз баласын, болашақ ұрпағын тек жақсы қасиеттерге баулып, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа жетелеп тәрбиелері анық. Тәрбие берудің де жолдары әр ұлттың өзіндік қырымен ерекшеленері даусыз. Соның ішінде, біздің қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұлт болашағымен байланыстырған. Бала дүниеге келген күннен бастап, оған жасалған әрбір ізет тек тәрбиелеу сипатына бөленген. Отбасы үшін ежелден тән қасиетті балажандық, балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, үлкенді құрметтеу, туысқан арасындағы қатынас, «көрші ақысы – тәңір ақысы» деп, көршілермен байланысы және ұлты басқа халықтармен достық, ізгіліктің бәрі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен байланысты. Қазақ ер азаматтары мен қыз-келіншектерінің бойындағы дара қазақы болмысы, тәрбие өрнектері салт-дәстүр шеңберінде өрбіген. Әсемдік пен әдептілік тәрбие қырымен үндесе үйлесімділік тапқан. Мәселен, ата-ана құқықтары қыз беріп, қыз алу, құда түсу қазақ некесінің ерекшеліктері, қалың мал мәселесі, мирас пен мұра т.б. ежелгі отбасы дәстүрлері, қазақ халқының отбасына ерекше мән берілгеніне, шаңырақ шайқалып, босаға босамауын негіздеу сипатындағы тәрбие өрнектері.

Қазақ халқының тәрбиесіндегі адами құндылықтарды меңгеріп, өз бойына ұлттық қасиеттерді сіңіріп, жаһандану үрдісіндегі даму сипатын түсіндіре білім беру, әлемдік мәдениеттен хабары бар, ұлттық мазмұнды білім алған болашағымызды белең алған жаман қылықтардан арылтудың бірден бір жолы. «Әлемдік тәжірибеде мойындалған бір ақиқат бар. Ол – ел болудың биік мағыналы ұғым екені. Оның іргетасы – мемлекет, анығырағы ұлттық мемлекет. Әділіне көшсек, тек мемлекет құрған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өзіндік келбеті бар өркениет жасай алады, өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңесе алады. Олай болса, еліміздің тап бүгінгі болмысы мен әлемдік кеңістіктен өз орнын табуға ұмтылысын мемлекетшілдік бастаулары деп айтуға толық негіз бар. Ресейге отар ел болып тұрғанымызда «туған ұлт», «ұлттық», «ұлтшылдық», «ұлттық идея», ұлттық мүдде», «ұлттық тәрбие» мәселесі туралы сөз қозғау мүмкін болмады. Өйткені, бұл жайында сөз қозғау отарлаушы елдің «жасампаз» интернационалистік идеологиясына қарсы шыққандық деп есептелетін. Қазір уақыт өзгерді, заман басқа, уақыт сұранысына жауап беретін талап та басқа» [10. ], - деп, академик С.Ж.Пралиев айтып өткеніндей, бүгіндегі ұлттық мәселеге заманауи сипатта қарауға, тәрбиелеуге зор мүмкіндік бар.

Атам заманнан жалғасып, ар-ұжданымызға ұялаған, қанымызға сіңген қастерлі қазақ салтын ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мұра ретінде кейінгі ұрпаққа қалдыру – бәріміздің де борышымыз. Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген ата-бабамыз асыл сөздің кестесімен сәби жүрегін тербеп, ой-санасын игі адамгершілікке жетелей білген дана халық. Сондықтан кең байтақ ата жұрттан ертеден жас буынға жалғасып келген ар-ұят сақтау, мейірімді, шарапатты болу салтанатын ұғындыра білген. Адамдар өздерінің арасында тату, кішіпейіл, қатынастарды қамтып тәрбиелеудің жөн екендігіне ежелден-ақ ден қойған.

Әлемдегі әр ұлттың көне замандардан келе жатқан өзіндік салт-дәстүрлері мен рухани-мәдени құндылықтары, ұлттық тәлім-тәрбие сипаты бар. Осы орайда, көрнекті чуваш ғалымы Г.Н.Волковтың «Ұлт қанша ғұмыр кешсе, тәрбие онымен бірге дамиды» деген тұжырымы еске түседі [11].

Демек, ұлттық тәрбие туралы тәлімдік ой-тұжырымдар аталмыш жетекші идеялар мен тәжірибелерге сүйенері анық. Халық педагогикасындағы салт-дәстүрлердің қолданылу аясы туралы бірқатар ғалымдар еңбектерінде көрсетіледі. Салт-дәстүр сипатын ұлт тәрбиесінің негізі, инабаттылықтың бастауы ретінде қарастыратын ғалымдар еңбектерінде жан-жақты сараланған. Түркімен ғалымы К.Пирлиев «ұлт тәрбиесінің негізгі өзегі инабаттылықтан бастау алу керек» екенін қадап айтады [12]. Қазақстандық ғалым К.Оразбекова «инабаттылық иірімі жеке тұлға тәрбиесінің қайнар бастауы болуы керек» екеніне назар аударды [13].

Ұлттық тәрбиелік қасиетінің ұрпақ бойында қалыптасуы индивидтің өзі қоршаған ортасындағы түрлі қарым-қатынастардың ықпалына байланысты деуімізге негіз бар. Себебі, әр халықтың өсіп келе жатқан ұрпағына ең алдымен қоятын үлкен талабы – оның шынайы адам болып қалыптасуы дегенге саяды. Осыған байланысты, Ә.Садуақасовтың зерттеуіндегі «әулет дәстүрінің» негізгі өзегі шын мағынасында адамгершілік қасиеттердің негізгі арнасы болуы керек» [14] деген тұжырымы, көп жағдайда инабаттылық жағдаяттармен тұспалдасып тұр.

Қазіргі кезде ата-бабамыздың бойымызға сіңірген ұлттық тәрбиесіне өз деңгейінде көңіл бөлінбейді деп айтуға болады. Оған бір жағынан, бүгінгі таңдағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың даму ықпалының жастарға әсерін ескерсек, екінші жағынан, саяси ықпалдың жастар тәрбиесіне дұрыс ден қоя білмеуі тұрғысынан қарастыруға болады. Кеңес үкіметі күйрегеннен кейін ұзақ жылдар енгізген тәрбие негізін құрту мақсатында шетелдік идеология өз ықпалын жүргізуге кірісті. Ал енді, өзінің үрдісінен, ата-дәстүрінен жеріп, «демократия» деп, ұл-қыздардың өктем, өрескел сөйлеуі, ашық-шашық киінуі, келіссіз боянуы, ішімдікпен, шылыммен, есірткімен әуестенуі демократияның бізге әкелген жағымсыз жақтары екені баршаға мәлім. Ақпарат ғасырының дамуына негіз болатын азаматтық қоғам құру барысында, дамыған батыстық мемлекеттердің ең біріншіден, ел ішіндегі саясатқа араласары сөзсіз. Даму бағытын жаңа айқындап, стратегиялық жоспарларын енді ғана іске асыра бастаған жас мемлекет –экономикасы қарқынды дамыған мемлекеттер үшін, өз саясатын жүргізуге қолайлы аймақ болып табылатыны тарихта жаңалық емес. Олар қызды ардан, ұлды намыстан айырып ұлтымызға жат, ұятты істерге итермелеп санасын уландыруда. Қазір демократия деп теледидар, ақпарат құралдары арқылы ұлттық дәстүрімізді бұзатын қолайсыз хабарлар көп таралуда. Еліміздің табиғатында жоқ бұл ақпарат ағынын тезге салу демократия талабына қайшы деп екпірін ұғым тарататындар бар. Демократия ойға келгенді істеу емес, ол егеменді елді дамытуға бағытталуы керек. Оның көмескі жағдайларына тосқауыл қойған дұрыс болар еді. Сондықтан, жастарымыз алды-артын бажайлап, ақылмен ойлап, өзінің ұлттық негізгі салтына сәйкес салмақтап, дұрысын бойына дарытып, байсалды, байыпты болғаны жөн. Өйткені, көп ұлтты еліміздегі қазақтар үшін, демократияның маңызды өлшемі — ұлттық құндылықтар екені сөзсіз.

Қазақстанда ұлттық мерекеміз Наурыздың өзінен жастардың алар өнегесі мол. Бірақ, сол өз деңгейінде өтіледі ме? Жастар сол мерекеден біздің ұлттық тәлім-тәрбиеден хабардар болып, тәрбиелік мән-маңызын ұғындырар нендей жұмыстар жүргізілуде деген сұрақ көкейге кейде ұялайды. Енді осы тұрғыда өткенге көз жүгіртейікші. Мұндай халықтың дәстүрлі мерекелері өзіндік идеологиясын атқара білген. Құяр сағасы ұрпағының тәрбиесін ұлттық тәліммен ұштастыра білу. Ойын түрлері, берілетін тағам түрлері, киім кию үлгілері және т.б. ұрпағына халықтың дәстүрлі ата-бабасынан қалған мұраны дәріптеп, тәрбиелеу. Қазақ халқының ұлттық мейрамдарында айтылатын өлең-жырларға дейін адамға жақсылық, қайырым жасау, табиғатқа, жан-жануарларға сөз құдiретiмен оң ықпал ету көзделгендігін көреміз. Батырлар жырлары мен лиро-эпостық жырларда, ертегiнiң түрлерiнде де көзделетiн мақсат келер ұрпақты батыр, қырағы, алғыр азамат етiп тәрбиелеу.



Халықтық салт-дәстүр, жол-жора, ырымдар өнер түрлерiмен (өлең-жыр, би) астасып келiп, ауыз әдебиетi үлгiлерi арқылы жастарды еңбек сүйгiш, елгезек, Отаншыл, батыр, ержүрек, мейрiмдi “сегiз қырлы, бiр сырлы” жетiлген толық ұлтжанды адам етiп тәрбиелеу көзделген. Осындай тәрбиені бойына сіңіріп өскендіктен, қазақ халқы бүгінде сол тәрбие өрнектерін кейінгі ұрпаққа жеткізе білген. Тіпті, арыға бармай-ақ, бұрынғы Кеңес үкіметі кезіндегі әрбір мерекені алып қарасақ, өз идеологиялық миссиясын атқара білгендігіне көз жеткіземіз. Сонымен бірге, кеңестік идеологияның жастар тәрбиесіндегі бастауыш сыныпта октябрят қатарына, орта сыныптарда пионерге қабылданып, жоғары сыныптарда комсомолға алу үшін жақсы оқуымен қатар, тәрбиенің де дұрыстығының тексерілуі, адамды жас кезінен адами қасиеттермен қалыптасу бағдарына жетелей білген. Сол кезеңде саяси әлеуметтік қатынасқа байланысты қалыптасқан тәрбие болған. Саяси идеология ұлт тәрбиесіне көңіл бөлдірмейтін. Жергiлiктi халықтың ұлттық ерекшелiктерi көп жағдайда ескерілмей, негiзiнен бiр орталықтан бекiткен ережелер мен нұсқауларды бұлжытпай орындауға бағытталған бiрсарынды болып келген пионер, комсомол жұмыстарының коммунистiк идеологияның құралына айналғанын көреміз. Ол саясаттың негізгі мақсаты сол, ұлт жеке дара болып бөлінбеуі тиіс, барлық ұлт өзінің ұлт екенін ұмытып «совет халқы» болуы керек деген идеолизмдік теріс көзқарасты енгізуге тырысты, сол саясатты өз деңгейінде жүргізе білді. Осының кесірінен қазақ халқы жетпіс жылдық шырмауда өз салт-дәстүрі мен тәрбиесінен ажырап қала жаздады. Ендеше егемендігімізді алып еркіндікке қол жеткізіп отырған заманда біз неге жастар тәрбиесіне өз ықпалымызды жүргізбеске! Қазір біздің алдымызға қойған мақсат қазақ халқының салт-дәстүрі мен менталитеттік қадір-қасиетін Қазақстанда тұратын бар халыққа дәріптеп, елімізде жастарды ізгілікке, тәрбиелілікке баулу миссиясы жүргізілуі керек. Өз ұлтының тәрбиесін сүйіп өскен ұл мен қыз ешқашан басқа ұлттың тәрбиесіне жаман қарамары сөзсіз. Өз елінің салты мен дәстүріне қанық болып, тәрбиесін алып өскен ұрпақ халқын сүйері анық. Қазіргі Қазақстанда тұрақтылық пен бейбітшілік келісім жолын баянды етуде, мемлекетімізді және оның ұлттық қауіпсіздігін одан әрі нығайтуда, экономиканың тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатының артуын қамтамасыз етуде ұлттық тәрбиенің алатын орны ерекше. Осы мақсатта ұлттық тәрбиенің негізі ұлттық құндылықтарды жастарға түсіндіре отырып, тазалық пен адалдыққа баулу. Әрбір ұрпақ өз көзімен өткеннің тағдыры мен талаптарын, объективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге даярлап, оларды жинақталған бай тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек екенін түсініп өсуі қажет. Қазақ халқының тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Ұлттық тәрбиелік білім беру – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, ұлттық дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай ұлттық мінез-құлқын қалыптастыру деген сөз. Әдет-ғұрып үлгілері мен өнегесі бала тәрбиесімен тығыз байланысты. Осы тұрғыда бесік тәрбиесі ұлттық тәрбиенің бір қыры десек те болады. Себебі, бесік тәрбиесі арқылы бесік жырын айту арқылы біз өзіміздің қазақилығымызды, ұлттық рухымызды жаңғырта отырып, бала бойына рухани байлық болмысын дамытамыз.

Қазақ отбасының берік болуымен қатар, білікті болуы да қажет. Қазіргі отбасының барлығы дерлік сауатты екені рас, ал тегіс біліктілігіне көп ретте шүбәмыз бар. Қазіргі заманда, қоғамдық өмірдің барлық жақтары демократияланып отырған тұсында отбасындағы бала тәрбиесінің маңызы арта түсетіні анық.


Каталог: ld
ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
ld -> Қош келдіңіздер!
ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет