Байланысты: 25. л-Фараби ылымдарды т рлері жайлы к з арастары. ылымдарды
26. Әл-Фарабидың қоғам және мемлекет туралы ойларының басты бағдарлары мен ұстанымдары. Әл-Фарабидің «Қайырымды қаласы» және қазақ утопиясы
Әлемге әйгілі ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ең танымал еңбектерінің бірі – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат». Қоғамтану теориясы мен практикасы саласындағы құнды еңбек болушы бұл кітаптың түпнұсқасы араб тілінде жазылған. Араб тіліндегі атауы – «Китаб ‘ара’ ‘ахл ал-мадйна ал-фадила». Әбу Насыр әл-Фараби бұл кітаптың алғашқы нұсқасын «Китаб ас-сийаса ал-маданиййа» деген атпен 942 жылы жазған. Ал толық нұсқасын 948 жылы Мысырда аяқтаған екен. Кітаптың көшірілген нұсқалары әлемнің бірнеше музейлерінде, мұрағаттары мен кітапханасында сақталған. Атап айтқанда Британия музейінде және Оксфорд университетінің Бодлиан кітапханасы қорында бұл еңбектің бірегей нұсқалары бар. Аталған еңбек орта ғасырларда Еуропада кеңінен танымал болған. Ал кейінгі кезеңде алғаш рет 1895 жылы ғылыми айналымға біржола енгізілді. Осы жылы бұл еңбек Голландияның Лейден қаласындағы «Бирбил» баспасында арабтанушы ғалым Фридрих Дитрицидің баспаға әзірлеуімен жарық көрген. Бұл кітаптың маңыздылығы – автордың өз еңбегінде қала болып қауымдасып өмір сүретін адамзат баласының өзара ешбір қайшылықсыз, мінсіз идеал қоғамы қандай болуы керектігін жан-жақты сипаттауында деуге болады. Иә, адамзат тарихында меншік пайда болуымен мемлекет құрылып, оның өзіне тән сипаттары туып қалыптасқаны белгілі. Мемлекеттер өзінің құрылымы, басқару формасы, ұстанымы, күш-қуаты тұрғысында қаншалықты сан алуандыққа ие болса, олардың тарих сахнасындағы жетістіктері мен өзіндік ішкі қайшылықтары да соншалықты әрқилы болады. Адамзат баласы әрқашанда басқару механизмі барынша жетілген, мемлекетті құрушы барша халықтың көңілінен шығатын мемлекет құруға әрдайым талпынумен болды. Бұл тұрғыдағы әрекеттерге ой жүгірте отырып алғашқы ой-пікірлер білдіріп, зерттеу жүргізген – антикалық дәуірдің ойшыл-философтары болды. Атап айтқанда грек философтары Платон, Аристотельдер мінсіз де ізгілікті қоғам құру жолдары туралы өз идеяларды ұсынып, трактаттар жазды. Біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда жасаған грек ойшылы Платонның «Республика» еңбегі мен қытайдың философ ақыны Тао Юаньминнің «Шабдалы қайнары» атты туындылардында қайырымды қоғам мәселесі көтерілді. Дегенмен, мұны біз ізгі қоғам құру жөніндегі адамзат ойының ілкі бастаулары деп қарастыра алмаймыз. Себебі, мұндай ой-арман адамзат қоғамындағы алғаш мемлекет қалыптасқан кезден-ақ пайда болғанына еш күмәніміз жоқ. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фараби өзіне дейінгі грек философтарының идеал мемлекет туралы идеяларын дамыта отырып, өзіндік тұжырым-қорытындыларын ұсынады. Ғалым қайырымды (ізгі) қала тұрғындары қалай болуы керек, оның жағымды-жағымсыз, дарынды-дарынсыз басшысына тән сипат-белгілер қандай т.б. жайлы жан жақты талдау жасайды. Біз бұл турасында төменде кеңінен тоқталатын боламыз. Және де «Қайырымды қала тұрғындары туралы» кітапта жазылған ой-тұжырымдарды біз бір қырынан алып қарағанда, орындалу мүмкіндігі бар, шынайы теория деп қарастырамыз. Және сонымен қатар, Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл ой-пкірлерін орындалуы еш мүмкін емес қиял-ғажайыпқа толы жазба ретінде де қарастыра аламыз. Жалпы алғанда, адамзат баласының ең ұлы арманының бірі де осы қайырымды, идеал қоғам ғой. Дүниежүзіндегі барлық дерлік халықтардың фольклорында, әсіресе, ертегілері мен аңыздарында мәңгілік бақытқа кенелген ел мен жер суреттелетіні – санадағы осы аңсар күй, асқақ арманның сөзбен жасалған сұлу суреті екендігі анық. Түркілік таным аясындағы қазақ әдебиетінде де осы сипаттағы аңыздар мен ертегілер, кейіпкерлердің шоғыры қомақты. Мәңгілік өлмейтін қалып күйді іздеп сар далада тентіреп мәңгіліктің күйін тартқан Қорқыт, жерінің түгі кілемдей, күн райы жыл бойына қоңыржай, жігіті мәңгі жиырма бесте, қызы мәңгілік он сегізде болатын, жастықтың қуаты сөнбей маздаған Жерұйықты желмаясына мініп алып желіп жүріп іздеген Асанқайғының арманы мен ілкідегі Әл-Фарабидің ізгі қоғам құру туралы ойлары – айналып келгенде сол баяғы адамзат қоғамының бақытты тұрмыс кешуі жолындағы ізденістер емес пе? Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қоғам құрудың қолайлы жолдарын іздейтін алты бөлімді «Қайырымды қала тұрғындары туралы трактаттар» кітабының әр бөлімінде не туралы қарастырылатынын бір-бір сөйлеммен айтып өтелік.
Бірінші бөлімде Алла-Тағаланың болмысы және оның сипаттары, есімдері туралы қарастырылады.
Екінші бөлімде рухани жандар мен періштелер болмысы және аспан денелері туралы қарастырылған.
Үшінші бөлімде аспан денелері мен ғаламшарлық материалдық денелердің өзара байланысы туралы айтылады.
Төртінші бөлімде адам және оның жан, тән қуаттары, еркек пен әйел және олардан жаратылатын баланың морфологиялық, физиологиялық, психологиялық даму ерекшеліктері туралы қарастырылады.
Бесінші бөлімде адамның өз қалауы арқылы бар болған нәрселер мен адам қоғамы және оған не қажет, осы қоғамның жіктелуі т.б. жағдайларға сипаттама беріледі. «Қайырымды қала тұрғындары» кімдер, бұл қаланы құрайтын адамдардың ерекшелігі туралы айтылған.
Алтыншы, соңғы бөлімде надан көзқарастар мен қоғамдар, надан қалалар мен надан басшылықтар, олардың іс-әрекетінің салдарлары туралы баяндалады. Кез келген мемлекеттің күш-қуаты мығым, бірлігі бекем, тірлігі түзу болуы үшін қажет жағдайдың бірі – биліктің мығым болуы екендігін сонау грек ойшылдарынан бастап, қазақ даласында туған ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби мен Еуропадан шыққан билік теоретигі Никколо Маккиавелийге дейін айтудайын айтып, жазудайын жазып кеткен екен. Бұл ой-пікірлердің бәрі қай заманда болсын, өзекті болып келген және біздің жас мемлекетіміз үшін де ерекше маңызды. Фарабтық Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз мемлекет басшысының бойынан табылуы тиіс он екі ізгі қасиетті атап көрсете отырып, «Қайырымды қаланы» (біздің қазіргі ұғымымыздағы мемлекетті) дәл осындай адам билеуі керек деген ойды айтады. Әл-Фарабидің ізгі қоғам туралы ойларына қарап, «қайырымды қаланың» яғни мемлекеттің лайықты гүлденіп, өмір сүруі үшін жеке тұлғаның қаншалықты маңызды екендігіне баса мән бергендігін аңғарамыз. Жеке тұлғаның немесе ел басшысының мемлекет дамуындағы рөлі қашан да жоғары болып келген және қазір де солай десек қателеспеспіз. Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала» туралы еңбегінде қала бақытты болудың үлкен кілті – бірінші басшыға байланысты екендігіне баса назар аудартады. Қайырымды қаланың бірінші басшысы – ол қайырымды халықтың, тіпті жер жүзін мекендейтін барша жұрттың басшысы да бола алатындығын айтады. Ол үшін бірінші басшыға тән он екі бірдей қасиет оның бойында жинақталған болуы тиіс. Біз төменде Әл-Фарабидің атап көрсетуінше, «қайырымды қала» басшысының бойынан табылуға тиісті қасиеттердің мағынасын аша отырып, әрбірінің қысқаша анықтамасын ғана беруді жөн көрдік. 1. Басшының он екі мүшесі бүтін, дені сау болуы керек; 2. Ақыл-есі бүтін, айтылған сөзді ұғатын болуы керек; 3. Есте сақтау қабілеті мықты, алғыр да аңғарымпаз болуы керек; 4. Сөзі өткір, тілге шешен болуы керек; 5. Өнер-білімге құштар, оқып үйренуден шаршамайтын, білімпаз болуы керек; 6. Тамақсаулықтан, артық ішіп-жеуден, орынсыз сауыққұмарлықтан аулақ болуы керек; 7. Шыншыл болуы, маңына шыншыл адамдарды жиюы, өтірікшілерден аулақ болуы керек; 8. Рухы биік, ар-намысты биік ұстайтын болуы керек; 9. Пасықтықтан аулақ, игі істерге ынтызар болуы керек; 10. Байлыққа құмарлықтан, ашкөздіктен аулақ болуы керек; 10. Әділетсүйгіш болуы, озбырлар мен әділетсіздерді жақтаудан аулақ, ел-жұртқа қайырымды, мейірімді болуы керек; 11. Бір сөзді, бірақ қыңыр болмауы тиіс, жаман қылықтарға ымырасыз болуы керек; 12. Өзі дұрыс деп тапқан істі жүзеге асыруда шешімшіл, қорқып жасқануды білмейтін батыл да ержүрек болуы керек. Әбу Насыр әл-Фарабидің пікірінше «қайырымды қала» басшысы болу үшін жоғарыдағы қасиеттерге қоса, билеуші болуға деген бейімділік, дарын тіпті ұмтылыс болуы керек екен. «Қайырымды қаланы әрбір кез-келген адам билей бермекші емес, өйткені, ел билеу – екі бірдей нәрсеге байланысты: біріншіден, билемек адамның өз жаратылысында ел билеуге қаншалық әзір екеніне байланысты, екіншіден, билеуші адамның еріктен қуат алып отыратын жағдайы мен қабілетіне байланысты. Жаратылысында ел билеуге кім бейім болса, билік соның үлесіне тимек.» «Жиырма беске келгенде, бақыт берді басыңа, тақыт берді астыңа, Отыз жасқа келгенде, дүниеге кең едің... Елу жасқа келгенде, үш жүздің баласының атының басын бір кезеңге тіредің», - деп Бұқар жырау жырлағанындай, жаратылысынан ел билеуге бейім, жігерлі де жалынды жас жігіт Әбілмансұр майданда көрсеткен ерлігінен соң аз жылда басқарушылық талантымен жарқырай көрініп, елу жасқа келгенде үш жүзге ықпалы жүретін ханға айналғаны белгілі. Мұндай тұлғаларды жай ғана басшы емес, феномен тұлғалар десек болар. Әл-Фараби өз туындысында феномен басшының даналық, көрегендік қасиетін әрдайым жоғарыға қояды. Басшының қабілетсіздігінен, біліксіздігінен қаланың құрып та кету мүмкіндігін жоққа шығармайды: «Егер әйтеуір бір кезде басшыларда даналық болмай қалса, онда бұлар басқа шарттардың бәріне сай келе тұрса да, қайырымды қала ағзамсыз қалмақ, сөйтіп қаланы билеуші басшы бұл ретте ағзам бола алмайды, ал қаланың өзі құрып кету қаупіне ұшырайды. Ал егер осы басшыға ақылшы етіп қоярлық бір дана табылмаса, қала біраз уақыттан кейін сөзсіз құритын болады». Сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фараби өз трактаттарында қала басшысының дара билігімен қатар, топтық биліктің түрі салтанат құру мүмкіндігі барлығын да атап өтеді. Мұны біз парламенттік-президенттік басқару үлгісі деп ұқсақ болады: «Жақсы қасиеттердiң бәрiн өз бойында ұштастыратын адам болмаса, бiрақ бұл қасиеттер бiр топ адамның арасында жеке-дара дарыған болса, онда бұл топтың мүшелерi бiрлесе отырып, әкiмнiң орнына ие болады, оларды жұрт жақсы басшылар және қадiрлi адамдар деп атайды, ал олардың басқаруы қадiрлi адамдардың басқармасы деп аталады». Сонымен қатар Әл-Фараби жазып қалдырған трактаттар жинағында «қайырымды қаламен» қатар, «қайырымсыз қалалар да бар. «Ол қаланың тұрғындары ешқашан бақыт дегенді білмеген, оған жету олардың ойына да кірмеген», - деп «бақытсыз», «қайырымсыз» қалаға сипаттама береді. Бұлардың ең үлкен қателігі – бақыт жолына бірге жұмылып ұмтылмауында: «Бақыт – әрбiр адам ұмтылатын ұлы мақсат», - деген тұжырым жасаған Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл идеялары орта ғасырлық Еуропадағы мемлекетті басқаруға қатысты гуманистік ілімдердің туып-қалыптасуына зор ықпал етті. Қорыта айтқанда, Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала туралы» трактаттар жинағы – әлемдік ақыл-ой қазынасының қымбат жауқарының бірі ретінде адамзат баласының игілігіне қызмет ете бермек. Сонау орта ғасырларда аталған еңбекке қандай қызығушылық танытылса, қазіргі адамзат қоғамы да бұл еңбекті кәдеге жаратып, ондағы ой-тұжырымдардан сабақ ала берері сөзсіз. Әл-Фарабидің «қайырымды қала тұрғындары» мен қазақтың кешегі көшпелі қоғамы өкілдерінің халыққа ұнамды мемлекет ұғымы турасындағы ой-пікірлердің ұқсастығына да тоқталдық. Мұны адамзат қоғамына жайлы да мінсіз мемлекет құруға деген мәңгілік ұмтылыс, аңсармен түсіндіруге болатын шығар, бәлкім.