Талдау жаса
Ұлт-азаттық көтерілістердің қазақ тарихындағы рөлі қандай?
1822-1824 жылдары хандық билік жойылды. Соның салдарынан Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары өздерінің дәстүрлі мемлекеттілігінен айырылып қалды. Қазақстан бірте-бірте Ресей империясының отарына айналды. Бөкей Ордасында хан билігі 1845 жылға дейін сақталғанымен, патша империясына толық тәуелді болып, әскери бекіністер қоршауында қалды. XIX ғасырдың бірінші жартысында Қазақстан аумағындағы отаршылдық іс-әрекеттер күшейе түсті. 1810 жылы патша үкіметі Кіші жүз жерінің бір бөлігін тартып алып, Жаңаелек шебін құрды. Қазақтар 600 мың десятинаға жуық ең шұрайлы жайылымдарынан айырылды. Жергілікті тұрғындар ол жерлерден күшпен ығыстырылды.
1835 жылы осы этноаумақтық бірлестікте патша үкіметі Новолинейный (Жаңа шеп) аймағын құрып, 3 млн 400 мың жерді тағы да тартып алды. Жергілікті халық өз жерлерін өздері жалға алып, ақы төлеп тұратын болды. Осы оқиғалардың барлығы И. Тайманұлы және М. Өтемісұлы, К. Қасымұлы, Ж. Нұрмұхамедұлы, Е. Көтібарұлы бастаған бірқатар көтерілістердің басталуына себеп болды. Бұрынғы ел басқару жүйесінің жойылып, отаршылдық биліктің орнауы XIX ғасырдағы қазақ ақындарының шығармашылығында басты тақырыпқа айналды.
2. «Зар заман» дәуірі поэзиясының мазмұны мен идеологиялық құндылықтары. Жазушы М. Әуезов атап кеткендей, «Зар заман» дәуірінің ақындары XIX ғасырдың ортасына дейін елдің өткен еркін өмірін аңсап, ұлтты рухани қүндылықтарынан ажырамауға шақырды, халықтың тағдырын мұң-зармен жырлады. Олар патшалық Ресейдің отаршылдық өктемдігіне, халықтың өз жерінде ауыр жағдайға түскеніне көнбеді. «Зар заман» ақындары елінің ертеңі үшін алаңдады, өткенді сағынышпен, аңсаумен еске алды. Болыс басшыларының парақорлығы, кейбір қазақ билерінің әділетсіздігі, қоғамда белең алған жала жабу, өсек айту т.б. сынға алынды. Бұл тығырықтан шығу жолын кейбір ақындар о дүниемен ғана салыстыруға барды. Ел басына түскен қасіретті ақырзаманмен теңеді.
XIX ғасырдың бірінші жартысында патша үкіметінің отарлау озбырлығы күшейді. Ұлт-азаттық көтерілістер басып-жаншылғаннан кейін халық ертеңгі күніне сенімсіздікпен қарады.
«Зар заман» ақындары шығармаларындағы негізгі ортақ идея - ел бірлігі мен мемлекет тұтастығы: «Біз бірлік-берекеден айырылып барамыз, бүйте берсек құримыз», - деп қайғы-мүңға берілу сарыны да байқалды. Олар отаршылдықты айыптап, қазақтарды ұлттық санасынан, халықтық болмыс-бітімнен ажырамауға, салт-дәстүрді бұзылмаған қалпында сақтауға үндеді.
«Зар заман» дәуірі ақындары шығармаларының негізгі идеологиялық құндылығы - өткен және бақытты кезеңді мүқият түсіну арқылы қиындықты жеңіп, келешекке ұмтылу, халық рухын көтеру болды. Бұл дәуірдің ақындары өлеңдерінде патша үкіметінің әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени, шаруашылық отаршылдығына ашық түрде қарсылық білдірді. Қазақ халқының азаттық жолындағы күресі ерекше шабытпен жырланды.
«Зар заман» дәуірі ақындарының көз алдында дала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрт нашарлады. Олар заман куәгерлері ретінде патша үкіметі қазақтардың жерлерін тартып алуы салдарынан мал жайылымдарының тарылуы, отаршыл биліктің озбырлығы, әртүрлі дәрежедегі шенеуніктердің парақорлығы сияқты келеңсіз құбылыстарды жырға қосты. Бұл ағымның ақындары халық үшін хандық дәуірдегі жауға қарсы аттанған хандардай билеушілерді армандады. Олардың шығармаларында өткен заманды аңсау, келер күннен үмітінің жоқтығы, отаршылдардың озбырлығы мен сұрқия саясаты жан-жақты суреттеледі.
XIX ғасырдың 40-60-жылдарындағы поэзияның жарқын өкілдері қатарына Дулат Бабатайұлын, Шортанбай Қанайұлын, Мұрат Мөңкеұлын қосуға болады. Олар «Зар заман» дәуірінің ақындары аталды.
Достарыңызбен бөлісу: |