Сабақтың мақсаты: балабақша жайындағы түсініктерін кеңейту. Бейнелеу өнерінің мәнерлеу құралдарын меңгерту барысында бояу түстерін таңдап-талғап үйлесімді қолдану дағыларын қалыптастыру. Балалардың көркемдік талғамын, ой-қиялын шарықтатып, шығармашылық белсенділігін артыру. Бейнелеуге арналған құрал-жабдықтармен ұқыпты жұмыс істеу іскерліктеріне жаттықтыру.
Көрнекіліктер: сурет салатын қағаз, түрлі-түсті қарындаштар, мольберт т.б.
Әдіс-тәсілдер:көркем сөз, әңгімелесу, түсіндіру.
Сөздік жұмысы: сүйріктей саусақтары, сабырлы, «Сәулелі нұрын», жантайып, «тастай қараңғы» аптығып т.б.
Алдын-ала жүргізілетін жұмыстар: түрлі түсті қарындашпен өз еріктерімен сурет салғызу. Бояу түстерін араластырып тәжірибелік ойын-жаттығулар жүргізу.
Сабақтың барысы: тәрбиеші балабақша жайындағы балалардың түсініктерін сұрайды. С.Мұхамедиевтің «Балабақша» шығармасын оқиды.
Балдырғанды мәпелеп,
Бақшада бар тәтелер.
Қолымыздан жетелеп,
Бізді сонда әкелер.
Өз үйіміз анамыз,
Күнде-күнде барамыз.
Достарменен табысып,
Қуанысып қаламыз.
Шығарма мазмұны жайында сұралады. Жалпы балабақша жайындағы ұғымдарды толықтырады. Балабақшада қандай қызықты іс-әрекетпен айналысатындықтарын айтып беруді өтінеді.
Тәрбиеші: М.Байділдановтың «Түрлі-түсті бояулардың айтысы» ертегісін мәнерлеп айтып береді. Күні бойы жасаған еңбектерінен әбден қалжырап жатқан түрлі-түсті бояу қарындаштар өзара әңгімеге кіріседі.
- сұмдық шаршап тұрғаным – деді қызыл бояу қызара біткен бетінің ұшын сүйріктей саусақтарымен сипап өтіп;
- қызыл бояусыз ешбір суреттің сәні кірмейді – деп қостап қойды оны сары түс сабырлы сөйлеуге тырысып, әр сөзін салмақтап;
- мына менсіз де бір бір бүлдіршін аспаннан сәулелі нұрын шашқан күнді әсемдеп сала алмайды;
- ал мен болмасам, көктемгі жер бетін қағаз бетіне көшіру мүмкін емес, бұл жантайып жатқан жасыл бояудың сөзі.
- сонда немене, менің керегім жоқ па екен? Көрерміз, қоңыр бояусыз ағаштың діңінің кескіні қандай ұсқынды болатынын деп – қоңқылдады қоңыр бояу әдетінше аузын толтыра сөйлеп;
- Туысқандар, менің сұлу да әрі көрікті ақ қайынды әсемдеп безендіргендерімді көрсеңдер, бір ару дерсің – деп орнынан тұрған ақ бояу, аптығып асығыс сөйлеймін, - деп шашалып одан әріге сөйлеуге мұршасы келмей тұтығып қалды. Тастай қараңғылықта тек қана қара бояудың үні естілмеді. – Ау, ағайындар, қара бояу қайда? Неге оның даусы естілмейді? – деді қызыл бояу. Ол байғұс не айтады? Түкке де керегі жоқ. Құр босқа біздермен бірге салдырлап барып, салбырап қайтады – деді сары бояу. Қара бояу әлі үнсіз.
- Неменеге жамырай қалдыңдар, ол қорланып, қапаланып жатқан болар, қорапта орын барлығымызға жетеді, жүре берсін байғұс – деп дүңк ете қалды қоңыр бояу тағы тосыннан.
- Оны қорлап жатқан кім бар, жай ғана жағдайын айтқанымыз ғой. Бұл жасыл бояудың даусы.
- Ағайындар-ау, соншалықты даурығатындай еш нәрсе бола қойған жоқ, қай бала болмасын көздің қарашығын қара бояумен салады. Көздің қарашығы болмаса сендердің түстеріңді де ешбір жан көрмеген болар еді. Қазақ «Көзіңнің қарашығындай сақта» - деп тегін айтпаған шығар. Сол қарашықты бояйтын қара бояуларың мен боламын – деді қара бояу әлден уақыт өткеннен кейін.
- Бояудың бояудан артығы болушы ма еді, - деп күбірледі ақ бояу.
Өмірде әркімнің өз орны бар емес пе? Соны ұмытпаңдар – деп тәрбиеші шығарманың негізгі желісі және идеясы жайында қысқаша баяндап, балалардың қораптағы қарындаштарын алып көріп, салуға болатынын ойлауды ұсынады. Ойланып болған соң қалған бояу түсін алып, сол бояумен ненің суретін салғысы келетінін жолдастарына айтады. Қорапта қанша бояу қарындаш бар екенін, қаншадан, әр түс нешінші орналасқаны т.б. математикалық ұғымдармен байланыстырады. Балалардың логикалық ойлауына мүмкіндік жасау. Бояу түсіне сәйкес мазмұн бере сурет салуға бағыттау. Сонан соң бояу түстерінің үйлесімділігін байқау.
Міне, бүгін балабақшада бояу түстерін таңдай отырып қарындашпен әдемі сурет салыңдар. Келесі кезекте акварель бояуымен жұмыс жасау әдіс-тәсілдерін үйренеміз. Балабақшаның әр күні қызықты тапсырмалар мен ойындарға толы, күнделікті «сүйікті бақшамызға» келіп, көңілді іс-әрекетпен шұғылдануда ерінбей, жалқауланбай еңбек етер болсаңдар, «үлкен азамат» ел сыйлайтын еңбекқор, суретші, әнші, биші т.б. өнерпаз бала боласыңдар! – деген сөздермен тәрбиеші балаларға қанат бітіре сабақты аяқтайды.