3 І тарау. ХІХ ғасырдың 20-50 жж. Қазақ – Ресей қатынастарының тарихнамасы


ІІ тарау. К.Қасымұлы көтерілісінің тарихнамасы



бет3/4
Дата05.11.2016
өлшемі0,93 Mb.
1   2   3   4

ІІ тарау. К.Қасымұлы көтерілісінің тарихнамасы
2.1 Кенесары Қасымұлының дипломатиясына зерттеулер
Қазан революциясына дейін дворяндық-помещиктік ағымдағы орыс тарихшылары Кенесарыны «қарақшы», «бүлікші» деп бағаласа, екінші жағынан, осы көтеріліс женінде арнайы еңбек жазған Н. Середа сұлтанның жеке қолбасшылық қасиетіне таң қалғаны сонша, оны «жеке басының аса ірі қасиеті бар билеуші, егер басқа жағдайда тәрбиеленсе, керемет мемлекеттік қайраткер болатынына» сенімі молдығын қайран қала суреттеген. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті өзінің 1951-жылдың 10-сәуірінде осы мәселеге байланысты қабылдаған қаулысының үшінші тармағының «В» пункітінде көтеріліс тек «бауржуазиялық-ұлтшылдық қозғалыс ретінде зерттелсін» деген нұсқау беруі былай тұрсын, Кенесарының жеке басына тағылған негізсіз айыптардан адамның жаны түршігетін еді.

Иә, сұлтанның біраз жантүршігерлік қатыгездігі болғаны рас еді. Бірақ көпшілік және бірқатар тарихшыларымыз да сондай біржақтылықтың шылауында кетіп, Кенесарының патша үкіметі мен қазақ елінің мүддесін соғыссыз, мүйіздеспей, келіссөзбен, бейбіт жолмен шешуге мейлінше күш салғанын есепке алмай, назардан тыс қалдыруға бейім болып келді. Осылайша талай тарихшының қырғыз және қазақ халықтарын «қасіретке душар еткен қандыбалақ» Кенесарының “кемшіліктерін” табуға тырысқаны баршаға аян. Мақаламыздың осы бөлігінде Абылайдың жолын қуған, мұрасын шашыратпауға тырысқан өз заманының саяси қайраткері Кенесары Қасымовтың дипломатиясы жайлы дәйекті пайымдауларымызды ұсынып отырмыз. Сұлтан — алдымен қолбасшы, оның бұл қасиеті жайлы арнайы әңгімеде сипаттаған мақұл. Ал дипломатиялық қабілетінің қалыптасып, шыңдалуында заңды өріс бар. Бұл ретте мына бір жайға мән бере қарау қажет деп санаймыз. Оның дипломатиясы он жылға созылған табанды күресте шыңдалды. Патша үкіметінің жазалау-әскери қимылдарының және екі жақ күші ара салмағының үнемі Омбы, Орынбор және Петербург жағында басым түсіп жатқандығы көп-көп тығырыққа тіреді. Осындай қиын-қыстау жағдайда Кенесарының алдына қойған мақсатына дипломатия жолымен жетуге үміт артуы көңіл бөлер жай. /21/

Байырғы қазақ жерінде, тіпті, Оқжетпестің түбінде, Абылай алаңына 80 шақырым маңда отарлау ошағының шаңырақ көтеруі (Көкшетау өкірүгі) Қасым төре тұқымының бас көтеруіне түрткі болғанын атап кеттік. Әкесі мен ағасы Саржан сұлтанның көтерілісін жеткіншек жасынан қуаттаған Кенесары, әрине, мәселені шешудің бірден дипломатиялық жолына түспеді. Елдің дербестігіне қазақ руларының басын қосып, отаршылдыққа қарсы ойдағыдай арпалысса жетуге болады деп сенген жас сұлтан келіссөз әдісін бірден қалаған жоқ. Жиырма екі жастағы Кенесары Батыс-Сібір генерал-гүбірнатырлығы озбырлығына қарсылығын былай білдіреді: «Абылай хан тұсындағы Ресеймен келісімнің бұзылуы бізге үлкен нұқсан келтіреді. Құдай қаласа, барлық қырғыздардың басын біріктірсек, Абылайдың тұсындағы жағдайымыз қалпына келеді.» «Бұл ұсыныс Қасым төре маңайына түгел ұнады. Ресейге қарсы күреске көтерілуге бәрі де келісті» деген шешімді Е. Смирновтың өңдеуімен 1889-жылы Ташкентте орыс тілінде шыққан кітапта Кенесарының ұлы Ахмет те растайды. Кенесары көтеріліс басшысы ретінде Орынбор гүбірнатыры В.А.Перовскийге жолдаған алғашқы хаттарының бірінде жыпырлап салынып жатқан әскери бекіністерді ең болмағанда 35 жылға тоқтатуды талап етеді. Екінші талабы тұтқынға алынып, каторгаға айдалған Ғұбайдолла сұлтанды босату болған. Кейін 1867—1868-жылдардағы патшаның қазақ жерін отарлауға кең жол ашқан реформаға қарсы бағытталған, 1870-жылды қамтыған Маңқыстаудағы адайлықтардың көтерілісі туралы арнайы еңбек жазған Н. Середаның мәліметтеріне қарағанда, орыс үкіметі Ғұбайдолла сұлтанды 1838-жылы екінші рет қамауға алып, жер аударды, қара жұмысқа салған. «Уәлиев Ғұбайдолла ханның ешбір кінәсі жоқ, бізбен де байланысты болмаған», — деп ақтады өзінің туысын Кенесары В.А.Перовскийге жеткізген хаттарының бірінде.

ХІХ-ғасырдың 30-жылдарының екінші жартысынан былай қарай бірде Орынбор, бірде Батыс-Сібір генерал-гүбірнатырына әр түрлі мазмұнды хаттар жолдап, шиеленіскен ахуалды келіссөзбен шешуді ұсынған пікірлері Кенесары саясатының түбірін анықтайтын басты құжаттар. Атышулы сұлтанның кейінгі дипломатиялық талаптарының мәні мен мазмұнын тереңірек ашу үшін, біздің ойымызша, 1822-жылғы патша ұстабына отаршыл әкімшілер мен қазақ феодалдарының берген бағаларын салыстыру жөн сияқты. Кезінде «қарақшының» тұтқыны болып, 1848-жылы «Отечественные записки» жорналында «Төрт ай қырғыз даласында» деп аталған жазбаларын жариялаған барон Услар әлгі ұстабтың қазақ халқының еркіндігін табанға басатындығын мойындаған. Патшаның ақсүйек өкілі әулетінің қорытындысында терең мән жатыр.

Жоғарыда аталған Н. Середаның 1833-жылғы Польшадағы азаттық күреске қатысқаны үшін қазақ даласына жер аударылған, 1847-жылы Сібір шекаралық комиссиясының әміршісі генерал-майор Вишневскийдің экспедициясымен Орта және Ұлы жүзде қазақ феодалдарымен тілдескен Адольф Янушкевичтің, орыстың ұлы саяхатшысы П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің және басқалардың жазбаларында Кенесары саяси тұлға, қолбасшы, шебер дипломат ретінде аса жоғары бағалағанын ішінара басқа мәселелермен байланыстыра айтып өттік. Янушкевич, патша генералы тобының құрамында бола отырып, кейіннен Кенесарыны бірде Әлжір халқының француз отаршылдарына қарсы күресінің көсемі, шешен, ақын Абд-Әл-Қадерға, бірде біздің жыл санауымызға дейін 2-ғасырда Рим импеирясымен күресіп, кейде өз одақтастарын да сатып кеткен, көптеген соғыстар жүргізген Нумидия патшасы Югуртаға теңейді. П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің Кенесарыны «Қырғыз даласының Митридаты» деп бағалауында мол негіз бар. Көпті керген, өз заманының аса білімді перзенттерінің бірі — орыс саяхатшысының қазақ сұлтанын Рим империясының жаулау саясатына қарсы табанды күрес жүргізген, Кіші Азиядағы шағын ғана Понт патшалығының дербестігін сақтап қалуда әр түрлі жолдарды қарастырған, айла-амалдардан да тайынбаған, белгілі қолбасы Гней Помейдің жеңісінен кейін өзін-өзі өлтірген Митридат Евпаторға теңеуі — оның қолбасшылық, дипломатиялық қасиеттерін жоғары бағалағандық.

Кенесарының әскери, дипломатиялық тапқырлығы мен айлакерлігінің, саяси қайраткерлік қасиеттерінің көтеріліс барысында мейлінше әсер етіп, оған қатысушылардың қатарының өсуіне зор ықпалын тигізгенін орыс тарихшылары кезінде бірауыздан атап айтқан. Н.Середаның құжаттарына қарағанда, ол өз туы астында топтасқан әр түрлі рулардың өкілдері арқылы (теленгіттер, батырлар, туыстары) күллі қазақ даласына үндеу таратып отырған. Соның нәтижесі — шалғай жерлерден де сарбаздар топ-тобымен келіп жатты. Кенесарының тапқырлығы Россия билігіне ойысқан сұлтандарды да өзінің ырқына көндіруге дейін жеткен.

Бірде мынадай оқиға болған. Полковник Қоңырқұлжа Құдаймендинмен бірігіп, көтерілісшілердің соңына түскен нағашысы Әбділда сұлтан Кенесары сарбаздарының қоршауына түседі. Патша өкіметіне өзін байлап бермек болып жүрген Әбділданы Кенесары жазаға тартпай, арнайы үй тіктіріп, екі тәулік қонақ етіп жібереді. Осы айласы кейін көп қазақ ауылының көтерілісшілер жағына шығуына әсер етеді.

Россияның билігін таныған феодалдарға қарсы күресте Кенесары ауыз толтырып айтатын жетістіктерге жетсе де, масаттанбады. Қолындағы күш пен мүмкіндігін сарапқа салып, патша үкіметімен қайшылығын келіссөзбен шешуге зор мән берді. Граф В.А.Перовскийге жолдаған хатында І-Николайды патшалардың патшасы деп көпіртіп мақтап, мадақ сөздерді аямай үйіп-төккен. Оның «Ұлытау мен Кіші тауға әскер жібермеңіз. Басқаша болса, біздің жұбайларымыз бен балаларымыз патша ағзамға қызмет ете алмайды» деуі, сұлтанның осалдығының көрінісі емес, қазақ даласына әскерді жолатпаудың қамы болды. Кенесары В.А.Перовскийге жолдаған тағы бір хатында, Абылайдың кезінде ІІ-Екатерина патшайымға жіберген құжаттағыдай, «мен оған алыста, жақында болсам да жүрегім мен жанымды салып қызмет етуге дайынмын. Маған бір шен мен грамота алып берсеңіз», — деген өтініш жасайды.

Кенесарының І-Николайдан атақ, шен сұрап, Орынбор әкіміне «жығылуын» бірыңғай феодалдық мемлекетті қалпына келтіру жолындағы тактикалық айла деп ұққан дұрыс. Ханның бұл әрекетінің терең астарына мән бермеген, бірақ қуанып қалған В.Перовский Петербургке жолдамасында: «Мұғалжардан шығысқа қарай көшіп, жайғасқан Кенесарының өтінішін қабылдап, оның беделін қайсақтар арасында орыс билігін күшейту үшін пайдалануды жөн көремін», - деген ұсыныс енгізеді. Бұл ойға Петербург сарайы тіпті құлақ салмайды. /22/

Бірақ бұл кезде империядағы саяси ахуал да өзгеріске ұшырады. Бұхар әмірі мен Хиуа хандығының Кенесарымен жақындасуы, әскерлердің бір бөлігін имам Шәміл туы астында топтасқан «ғазауат» жариялаған тау халықтарының күресін басуға аттандыру қажеттігі патша үкіметін қазақ ханымен келіссөз жүргізуге итермеледі. Келіссөз арқылы қазақ хандығын сақтап қалуға үміттенген Кенесары да дипломатиялық шаралардан бас тартпады. 1840-жылы өзінің інісі Көшекпен бірге қол қойған (арап тілінен аударма) І-Николайға жолдаған хатының мазмұнына мән берсек, Кенесарының патша үкіметімен келісуге әлі де үміттен таймағанын байқаймыз: «Патша ағзамға, ең құрметті, биік, бақытты тақта отырған ұлы патшаға... Сібірдегі сіздің генерал-гүбірнатырларыңыз және генерал-майорларыңыз күшке сүйеніп, біздің ханымыз, атамыздың иелігін басып алды, дуандар ұйымдастырды. Осыны біз Сіздің рұқсатыңызбен істелген шара деп қарамай, генералдарыңыздың шектен асып кеткендігінен деп білеміз. Осыдан Сібірдегі орыс адамдарымен алыстық та шайқастық. Ұсынысымызды қабылдамасаңыз, біз Үргенішке (Хиуа) көшіп кетеміз...». Хаттың екінші бөлімінде Кенесарының тұтқында болған «орыс казағы» Лобановты босатқанын, осыған жауап ретінде «патша ағзам да соғыста тұтқынға түскен жігіттерімізді босатады» деп сенім білдірген.

Кенесарының Орынбор және Омбы әміршілеріне жазған көптеген хаттарының бір ойландыратын жері — шындығында қазақ ханы нағыз қандыбалақ І-Николайға үміт артқан ба, озбырлықтарды тек патшаның шенеуніктерінің істеп отырған зардаптары деп ойлауы да мүмкін екеніне таң қалуға болмайды. Кенесарының Орынбор әкімшілерінің ішінде ерекше сеніммен қарайтыны Петербургта да байланыстары берік генерал-майор А.Ф.Генс болды. Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасына Кенесарының хаттарынан жылы лебіз аңқиды. Басқа да деректерге қарағанда, Генс — көшпенді қазақтарға ілтипатпен қараған әскери шендегі белгілі шенеунік. Орынборда А.Ф.Генстің қолына табыс етілген, кейіннен 1843-жылдың маусым айының 23-інде соғыс міністірлігіне жіберген хаттан үзінді келтірсек: «Сіз Орынборда тұрып, денсаулығыңыз тәуір болса, маған көп жақсылықтар жасайтындығыңызға сенімім мол, өзіме де жаманшылық болмас. Сізбен кездесуге құштармын, жоғары мәртебелі императорға көп жай туралы жеткіздім. Суайт өтірікшілерге сенбеңіз, Сіз императорға жақынсыз, бізге де қамқоршысыз. Өтінетінім, болып жатқан жағдайды жоғары мәртебеліме жеткізсеңіз. Бұл біз үшін зор қайырымдылық болар еді» .

Алайда Еуропаның жандаралы, декабристерді қанға бояған, Польшадағы азаттыққа ұмтылуды аямай жаныштаған, тау халықтарын қырып-жойған, империяны мылтықтың найзасының күшімен ұстап тұрған Николайдың қанішер қимылдарын өз даласының еркіндігі үшін арпалысқан Абылайдың немересі білмеген болар. Патша үкіметінің мақсаты — елшілік жіберу арқылы Кенесарыны тәуелділікте ұстау болса, сұлтанның мақсаты — елшілердің көзін жеткізіп, өкірүгтерді жойып, қазақ халқының тәуелсіз өмір сүруін қамтамасыз ету.

Ресей үкіметі орыс әскері бас штабының поручигі Герн мен Долгов бастаған елшіліктің алдына нақты төмендегідей міндеттерді орындатуды тапсырды: ханға империяның билігін мойындаттыру, Бұхара, Хиуа хандарымен Кенесарының келіссөз жүргізуіне тиым салу. Кенесарыға бәрінен ауыр тигені — патша үкіметі белгілеп берген жерлерде ғана көшіп-қону, орыс әкімдері тағайындаған сұлтандарға бағынуға көну талабы болды. Әрине, сұлтанның бұл әділетсіз талаптардан бас тартуының толык, негізі бар еді. Малға жем, шөп керек деген желеумен бірнеше ай бойы даланы кезген Кенесары әскерімен бірге «қаңғырып», әбден титықтаған орыс елшілері мардымды нәтиже шығара алмай, кері қайтты. Кенесарының табандылығы маңайындағы батырлар мен сарбаздарды қайран қалдырып, риза етті.

Сұлтанның патша үкіметімен арадағы тартысты жою мен феодалдық мемлекетті сақтап қалу бағытындағы ең алдымен дипломатиялық шараларға жүгініп отырғандығын, тіпті, 1838-жылдың қазан айының 26-сында өзіне сенімді бес елшімен Батыс-Сібір генерал-гүбірнатыры В.Д.Горчаковқа және І-Николай патшаға жолдаған хаттары айқын көрсетеді. Оның патшаға жолдаған хаты бұрын да, кейінгі кезде де толық жарияланбағандықтан, осы арада мазмұнын толық беруді жөн көрдік: «Бүкілресейлік дара билеуші патша ағзамға. Бүтін «қырғыз ордасын» билеген Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымовтан. Тақсыр, төмендегі жағдайға көңіліңізді аударсаңыз, бақыттымын деп санаймын. Сіздің ата-бабаларыңыз, бізде менің атам Абылай хан билеп-төстегенде халық тыныштықта болды. Оған еш пенде қолын сұққан жоқ, екі жақ та саудаласты, қалыпты өмір сақтады, біздің қоныстарымыздан ешкім алым-салық жинамайтын. Кейінгі кезде біздің ха дан алым-салық ала бастады, әр түрлі қысым көрсетуді сезіндік. Бұрынғы бейбіт келісімді (трактат) сіздің төменгі буындағы басқарушыларыңыз, ақиқатпен санаспай, барша қырғыз халқын Ресейдің құрамында деп есептейді. Менің марқұм атам Абылайдың иелігінде жатқан өңірде Сіздің адамдарыңыз сегіз диуан құрғаны бізді қатты қынжылтады. Барлық қырғыз халқына қысымды тоқтату үшін және тыныш өмірдің рақатын көруді қамтамасыз ету үшін Сізден, ұлы патша, біздің өмірімізге қол сұқпауыңызды, сегіз диуанды және басқа да даламыздағы қоныстарды жоюды Сізден өтінуді бақыттымын деп санаймын. Құрметпен мөрін басқан Кенесары Қасымов». /23/

Кенесары осылайша кикілжіңді келіссөздер арқылы шешіп, қазақ ауылдарының бейбіт өмірін отарлаудан сақтап қалуға үміт артқан еді. Жоғарыда атап қана кеткен Кенесарының Омбыға жіберген елшілері кімдер еді, ханның жолдамасы Петербургке жетті ме, елшілердің тағдыры не болды?

Атақты тарихшымыз Е. Бекмахановтың тамаша зерттеуінде осы хатты В. Д. Горчаков арқылы империяның астанасына жеткізуді міндетіне алған Тобылды Тоқтин, К,ойшыбай Қазанғапов және үш қазақты 1838-жылдың көктемінде Омбыға аттандырылғаны айтылады. Ал Сібір қазақтары шекаралық басқармасы әкімшісінің міндетін атқарған полковник Ладыженскийдің Омбы дуанбасына жолдамасында әлгі бес елшінің 1838-жылдың желтоқсан айының 26-ында Үшбұлақ өкірүгтік приказының маңайында ұсталғандығы хабарланған. Жоғарыда естеріңізге салғандай, Ерекеңнің кітабында бес елшінің екеуінің ғана есімі келтірілген. Біз ақтарған мұрағат қазынасы Кенесарының қалған үш елшісінің де аты-жөндерін, қай жақтан екендігін толықтыруға мүмкіндік береді. Олар-Жүсіп Жанкүшіков, Мәмберді Қонысбаев, Тайтоқ Дөненов. Тобылды Тоқтин —35 жаста, сауатсыз, Ақмола өкірүгінің Мамай-Төртқұл болысынаң, Тайток, Дөненов - Көкшетау өкірүгінің Атығай болысынан, Қойшыбай Қазанғапов -33 жаста, Көкшетау өкірүгінің Керей болысынан, Мамберді Қонысбаев - Баянауыл өкірүгінідегі Мұса Шормановтың ауылынан. Жүсіп Жанкүшіков жөнінде біз қараған мұрағат істерін мәлімет кездеспеді. Елшілердің ішінде Қ.Қазанғапов орыс тілінде тәуір білген.

Полковник Ладыженскийдің Омбыға хабарлауына қарағанда, елшілердің арасында Кенесарыға әсіресе жақын болған — Қойшыбай Қазанғапов. Ол басқалармен салыстырғанда «бұзықтығымен» айрықша көзге түскен. Үшбұлақта Қазанғаповты Омбыға қарауылмен айдап алып бара жатқанда, казак станицаларының бірқатар тұрғындары оны таныған. Елшілер алғашында жауап алу үшін Омбы қалалық түрмесінде қапаста ұсталып, 1839-жылдың желтоқсан айының 20-ында генерал-лейтенант В.Д.Горчаковтың шешіміне сай Шығыс-Сібірге айдалуға кесілді. Желтоқсан айының соңғы күндерінде Кенесарының елшілері жер аударылғандардың Тобылдағы орталығына аттандырылған.

Кенесары Жетісу жеріне келгеннен кейін де жергілікті қазақ сұлтандарымен інісі Құдайменді Құлжадағы Қытай билеушісіне жібергендігі оның Шыңжандағы қазақтарға барып тыныштық табайын деген жоспарымен байланысты ма екен? Қытай әміршісі Құдайменді бір ай ұстап, қошемет, қонақжайлық көрсеткен, Абылайхан кезіндегі өзара қарым-қатынасты дамытуға уәде берген. Алайда Кенесары елшісі Шыңжан әміршілерінен саяси қолдау таба алмады.

Патша әскерлерінің, олармен қоян-қолтық тасқан қазақ феодалдарының күштерінің қысымымен қырғыз жеріне кіруге мәжбүр болған Кенесары манап Орманға және т. б. жолдама жіберіп, салауат (мәселелерді келісіп шешу) жариялайды. Алайда сұлтанның озбырлығы да шектен асып кететін...

2.2 Қазіргі заман Қазақстан тарихнамасы
Көтерілістің басқы кезеңінен патша үкіметінің, әсіресе Батыс-Сібір генерал-губернатырлығының Кенесарыға қарсы қимылдары күшпен жаныштау әдісіне негізделді. Әрине, көлемі шағын мақаланың осы бөлімінде Ресей билеушілерінің барлық жазалау әрекеттерін жыл-жылға саралап салу өте күрделі. Әйтсе де, қолдағы әр түрлі сипаттағы деректерге қарап, Романов әулетінің Абылай әулетін жапыруға бағытталған жазалау қимылдарын біршама анықтауға болады. /24/

Қазақстанның сол кездегі екі әкімшілік орталығы — Омбы мен Орынбор Кенесары көтерілісін жаныштауға негізгі әскери күштерді жабдықтап, қатарын толықтырып отыратын тірек болады. Әсіресе, ХІХ-ғасырдың 30-жылдарынан әскери соттардың билігі кеңейтілді. Қолға түскен Кенесарыны жақтайтын қазақтарды жауапқа тарту, олардың «кінәсін» анықтау және айып тағу Омбы әскери-далалық сотына тапсырылды. Ордонанс-гауз мекемесі (патша заңдарының іске асырылуын қадағалайтын жазалау ұйымы) жаңадан құрылған өкірүгтерден басқа аудандарға қоныс ауыстырған, «үкіметке берген анттан тайғандардың» ісін арнайы қарайтын. 1839-жылы Тер-соққан деген жерде қолға түскен бірнеше қазақтар «бүлікшінің» ісін қолдағаны үшін Ордонанс-гауздың шешімімен жауапқа тартылды. К,анша қинаудан зәбір көрсе де, «бұзықтар» кінәлерін мойындамады. Бұған қапаланған әскери-дала сотының өкілі оларды ауыр жазаға тартуды талап етті: осы қазақтардың әрқайсысына тұздалған шыбықпен бір мың дүре соғып, аман қалғандарын Шығыс Сібірге айдау ұсынылды (Бұл жаза 1731-жылдан 1861-жылға дейін Ресейде жиі қолданылған). Алайда мұрағат қорындағы мәліметтер бұл жазаның қазақтарға қолданылғанын немесе қолданылмағанын анықтамайды

Омбы мен Орынбор әкімдері Кенесары топтарының шоғырланған жерлерін Ресейдің билігін мойындаған қазақтар арқылы алдын ала біліп отырғаны айғақ. 1839-жылдың жазында Омбы облысында Кенесарының, сұлтан Күшіктің және Саржан сұлтанның ұлының (кім екендігі анықталмаған) өздерінің жақтастарымен Ұлытау төңірегінде көшіп жүргендігін білген Батыс-Сібір гүбірнатырының кеқесінде оларды қалай да болса қолға түсірмесе, қазақтардың «билеушілерінің ойрандауы» кең таралып кететіндігі үрей туғызған. Көтерілісшілер қатарының жылдан-жылға өсуі Сібір генерал-гүбірнатырын қатты мазаландырды, 1840-жылы ақпан айының 5-інде «Сібір қырғыздарының» бастығы Ресей билігінен бас тартқандардан айып ретінде «әскери контрибуция» төлету туралы арнайы шешім қабылдады. Осыны негізге алып, Ресей билігіне бас ұрған аға сұлтандар немесе өкірүгтік приказдың жанында «тәртіпті қадағалайтын» казак отрядының офицерлері көтеріліске қатысы жоқ қазақтарға күдігін айыпқа айналдырып, жала жабуға, жазаға тартуға заң жүзінде хұқылы болды. Көтерілісті ашық қолдаған би, старшын, сұлтандарға бұл шешімнің салдары ауыр болды. «Ресей билігін мойындауға қарсы үгіт жүргізді» деп айып тағылған Песчаная форпосты төңірегінде көшіп-қонып жүрген сұлтандар Жұбаныш Матаевты, Құбақ Жанатбаевты, Өтен Жарықбаевты, Коряковск (Кереку) форпостына жақын Ертіс бойында қоныстанған Талмас Буринды, молда Жабаевты қолға түсіру жөніндегі ұйғарым да жоғарыда көрсетілген Сібір гүбірнатыры кеңесінде қабылданған шешімге байланысты. /25/

Қазақ даласының кеңдігі, көтерілісшіледің өз өңірінің бұта-шұңқырына дейін білуінің нәтижесінде жазалаушылардың оларды іздестіріп, ұрыс жүргізуі мейлінше қиындаған. 1840-жылы сәуір айының 20-ында Сібір корпусының кәмәндірі генерал-лейтенант, кінәз В.Д.Горчаковтың соғыс міністіріне («Құпия» деген белгімен) жолдаған арнайы хатында алшын руы «қырғыздарының» бүлікші Кенесары Қасымовтың Сырдария бойында жүргендігін айтқанын қуана хабарлаған. Осы хабар расталысымен, Сібірден гвардия штаб капитаны Спиридонов бас болған 250 казактан және екі зеңбіректен құралған жазалаушы топ Атбасар өлкесін басып өтіп, Есіл өзені арқылы Торғайға беттеді. Одан оңтүстікке бағыт алған әскер Кенесарыны талқандауға ұмтылды. Патша жазалау әскері көрінісімен-ақ жеке-жеке топтарға бөлінген қазақтар, кінәз В. Д. Горчаковтың рапортында хабарланғандай, «шошынып, киіз үйлерін, дүниесін тастай, жан-жаққа тарап кетті». Жақсы қаруланған патша «әкерлерімен ашық қақтығыстан ойысып, оларға тиіп-шегінді әдісін шебер пайдаланған Кенесары топтары кең жазық далада тұрақты әскерлердің уысынан тез құтылып кетіп отырды. Сібір корпусы кәмәндірінің 1840-жылы Омбыдан әскери гүбірнатырға жолдама хатында Қарқаралы өкірүгтік приказынан жүзбасы Ребров пен заседатель (аға сұлтанның төрт көмекшісінің бірі) Неговскийдің казак тобы тобықты болысының Тәшкентке ойысқан ақсақ руларын Балқаш көлінен асырмай тоқтатып, қайтадан бұрынғы жеріне қайтару мақсатын қойды. Құр-Бақанас өзенінің бойында бір жыл қыстап шыққан ол рулар айтылған ауданнан көшіп кеткен. /26/

Сібір гүбірнатыры әскери шендерінің өз мүмкіндіктерін асыра бағалауы қазақ даласына аттандырылған жазалаушылардың көп жағдайда нәтижесіз кейін қайтуға мәжбүр болғандығына себепші еді. Сібір корпусының кәмәндірі 1840-жылы шілде айының бірінде Петербургке жіберген хатында өзін ақтап, көтерілісшілерді қудалаудағы сәтсіздікті Омбы басшыларына жабуға тырысты. Патша үкіметіне жағынуға тырысқан Орта Азия көпестері де қазақ даласын қамтыған көтерілістен зиян шегіп, бекініс комендаттарына жолдаған түсіндірмелерде көтеріліс жөнінде ылғи анықталған мәліметтер бере алмайтын. Мүмкін, мұндай жағдай Кенесарының Қоқан бектерімен арасының шиеленісіп кетуінің салдарынан да болар. Басты себеп — қазақ даласының транзиттік саудадағы делдалдық орны. Орта Азия көпестері керуендерінің әсіресе Шыңжанға, Маңғолияға әр түрлі тауарлардан мол кіріс түсіруіне қолайлы шарт жасалғаны мәлім. Енді Орта жүздің шеңберінен кеңейіп бара жатқан азаттық қозғалыс, патша әскерлерімен қарулы қақтығыс сауданың дамуын баяулатты. Сондықтан да көпестер көтерілістің тезірек сөнуіне мүдделес болды. 1840-жылдың шілде айының екісінде Тәшкенттен шыққан керуеннің басы Қасымжан Молданиязов «азиаттық иеліктердегі» тыныштықты бұзып тұрған — «Кенесарының бүлігі» деп ашып жазған.

Көтерілісті басу жолындағы үкіметтің жоспарларын іске асыруын күрделендірген жағдайдың бірі - патша билігін мойындаған рулардың Кенесары көтерілісінің бірде өршіп, бірде сәтсіздікке ұшырауына байланысты әр жаққа ойысып отырғандығы. Мысалы, 1840-жылдың шілде айының 27-нде Ресейге бойсынған бағаналы руының бір тармағы Аманқарағай өңіріне бет алды. Өкірүгтен біраз жер қашықтағаннан кейін, кенеттен бағыттарын өзгертіп, Сырт Торғай өзеніне, Сарықопа, Наурызым аймағына ойысты. Кінәз В.Д. Горчаков соғыс міністіріне хабарлағандай, бұл қазақ ауылдарының мақсаты — әлі де тәуелсіздігін сақтаған Торғай өлкесіндегі арғындармен қосылу еді. 150 казактан және екі зеңбіректен тұратын майор Гаюс басшылық еткен отряд шілде айының 9-нда Сарықопа өзені бойында бағаналы қазақтарына шабуыл жасады. 527 түйе, 229 жылқы, 52 ірі қара мал, 3955 қой жазалаушылардың қолына түсті.

Алайда ұрыс даласынан бас сауғалаған бағаналы руының қазақтары Гаюстың тобының қысымына шыдай алмай, шегініп үлгерді.

Кенесары барлық сарбаздарын бір топқа шоғырландырмай, өзінің батырлары арасында әскерін бірнеше топқа бөлген еді. Міне, осыдан да патша жазалаушы күшіне Кенесарының басты қолын талқандау қиын болды. Оның бір жасақтары Торғай бойында күрес жүргізсе, екінші бір тобы кең даланың басқа өңірлерінде не патшаның жазалаушы күштерімен, не Ресей үкіметінің билігіне ант берген аға сұлтандармен алысты. Жергілікті табиғи жағдайды бес саусағындай білген Кенесары топтарының кенеттен қай өкірүг төңірегінен шыға келетінін аңғару да қиын еді. Мысалы, 1840-жылдың, тамыз айының 2-нде жүзбасы Волковтың казактары қуғынынан құтылған сұлтанның өз жасағы Шу өзені бойында шоғырланып, 600 сар-базды бастап, жаңадан құрылып жатқан өкірүгтердің тағы да берекесін кетірді. Ұлытау маңайында, Сары және Қара Кеңгірлі өзендерінің тұсында «бүлікші қырғыздар» күтпеген жерден жазалау отрядына жақындады. Жүзбасы Лебедевтың бұйрығымен осы аймақта Кенесарының соңына түскен хорунжи Рытовтың қарауындағы 50 казак пен оған ілескен 100 қазақ тобына Кенесарының «қарақшылары» атой салып, шабуыл жасады. Шайқаста біраз көтерілісшілер оққа ұшты. Кенесарының жиені (оның қарындасы Бопайдың ұлы) сұлтан Төрехан Сәмекин, «қарақшының» төленгіті Сарсенбай казактардың тұтқынында қалды. /27/

Кенесары көтерілісінің әр түрлі кезеңдеріндегі сәтсіздіктері тек патша үкіметінің жазалау отрядтарының жан-жақтан қысымында ғана емес, негізінен алғанда, приказдардың басында тұрған, Россия әскерінің офицер шені бар қазақ феодалдарының және де басқа бірқатар би-сұлтандарының халық мүддесінен алшақ тұрғандығында. Әсіресе, Қасым төренің тұқымдарына күресуде ерекше табандылық көрсеткен Ақмола аға сұлтаны, полковник Қоңырқұлжа Құдаймендин. Белгілі жазушы I.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Хан Кене» бөліміндегі дала ақсүйектерінің арасындағы қайшылықты хан Кене мен Қ.Құдаймендиннің тартысымен бейнелеуі кездейсоқ емес деп ойлаймыз. Кенесарының туының астына бүтін қазақ халқы топтасты деп тұжырымдау, әрине, біржақты, жалаң қорытынды болатындығы сөзсіз. Халықты бір-біріне қайшы екі топқа бөліп тастаған бұл бұқаралық қозғалыстың беттерінде әлі де сыры ашылмаған қаншама оқиғалар бар. Көтерілістің «ақ таңдақтарын» ашуда жаңа мәліметтер қажет. Екі феодалдық топ арасындағы тартысты Батыс-Сібір генерал-гүбірнатыры шебер пайдалана білді.

1842-жылы қаңтар айының 22-інде Сібір корпусының кәмәндіріне «Сібір қырғыздарының» әкімінің рапортындағы төмендегідей мәліметтер жоғарыда айтылған жағдайды біршама анықтайтын сияқты. Бұл мәліметтерді аға сұлтан Қ.Құдаймендиннің төленгіті Қожасов жинастырған: Амантау төңірегінде Кенесарының жиені Саржан сұлтанның баласы Ержан, Жекебатыр көтерілістен ажырай бастаған қазақтарды «тонау» немесе қайтадан қайтаруды көздеген. Ресейге ант берген қазақтарды «қорғау» мақсатында 25 казактан отряд жіберілді. Қ.Құдаймендиннің көмекшісі (заседатель) Сердюковқа, қажет деп тапса, күш пайдалануға рұқсат берген, полковник, аға сұлтан маңайдағы ауылдарға барып, «бөрілген қырғыздардан» казактармен бірігіп Ержан сұлтанның тобына қарсы шығуға дайындық жүргізді. Ақтау бекінісінің комендантына және 2-Сібір баталонының кәмәндірі майор Игнатьевқа «біздің қырғыздарды» қорғау үшін барлық шараларды іске қосу тапсырылды.

Патша үкіметінің генерал-гүбірнатырлыры арасында Кенесарыға қарсы күрестің тәсілдері жөнінде бірауыздылық болмады. Егер генерал-адьютант граф В.А. Перовский самарқау жолды дұрыс көріп, Кенесарымен арадағы тартысты негізінде келіссөздермен шешуді қаласа, генерал В.Обручев тек күшпен жаныштауды талап етті. Орынбор генерал-гүбірнаторы В. А. Перовский Сібір корпусының кәмәндіріне 1842-жылдың науыз айының 30-ындағы хатында Орынбор өлкесіндегі сұлтан қимылдарының әсірелеп сипатталғандығына көңіл аударды: «Мәселе Кенесары туралы болса, ол патшаның кешіріміне жатпайды. Оны жазалауды қажетті деп есептеймін, оған қарсы емеспін. Алайда басынан аяғына дейін сұлтанды кінәлі деген біржақты қорытынды жасаудан аулақпын. Орынбор «қайсақтары» арасында ол бүлік жасап отырған жоқ. Сіздің 1841 - жылдың Қазан айының 10-ында, 1842-жылдың қараша айының 17-індегі, наурыз айының 21-індегі оның Сібір аймағында тонауға қатысқандығы туралы хабарларыңыз бірнеше ғана қайсақтардың дәлелдеріне негізделген, сондықтан да сенімді куә болады деп айтуға қиын».

1843-жылдың тамыз айының 30-ында Василий Перовскийдің Петербургқа жолдаған арнайы хатына мән берсек, Орынбор генерал-гүбірнатыры (1842-1851-жылдары) В.А.Обручевтың Кенесарыны құбыжық қылып көрсетуге тырысқандығын сипаттап, әскери жазалау топтарын оған қарсы жіберу қажет емес екендігін дәлелдеген. «Менің пікірімше, - деп жазды В.А.Перовский (1833-1842-жылдары Орынбор гүбірнатыры), — Обручев тектен-текке Кенесарының қимылдарына қатты қобалжиды... тіпті, Кенесарының қарсылығы, Обручев көрсетіп отырғандай, қауіпті десек, бүкіл дала көтерілді деп қорытындыласақ та, оларды қуғындау үшін әскери топтар ұйымдастырудың ешқандай қажеті жоқ. Шекаралық комиссия Кенесарыға қарсы күресу үшін аға сұлтандардың қарамағындағы қарулы топтарды күшейтуі қажет». Яғни, қазақ қоғамының өмірімен, тарихымен әбден таныс болған В.А.Перовскийдің басты жоспары — көтерілісті не келіссөзбен, не дала жағдайымен жақсы таныс, Ресей үкіметіне берілген сұлтандардың күшіне арқа сүйеп жаныштау. Әскери күшпен көтерілісті басудың қиындығына көзі жете бастаған В.А.Обручевтың өзі бір жыл гүбірнатыр болғаннан кейін келіссөзбен мәселені талқылауға көнгендей болғандығын 1843-жылдың маусым айының 29-ында Кенесарыға жазған хатынан байқаймыз: «Мен өткен жылдың қыркүйек айының 2-індегі хатыда Ресей үкіметіне қарсы қимылдарыңызға көңіл аударған едім... Ресейге берілгендігіңізді дәлелдегіңіз келсе, Орынбор шебіне жақындап көшіп келіңіз де, Орынбор шекаралық комиссиясы көрсеткен өңірде қоныс тебіңіз. ...Сіздің шекара комиссиясының бастығы генерал-майор Генске жазған хаттарыңыздан басшылар алдында ақталуға дайын екендггіңізді қанағаттанарлықпен байқадым. Көптеген өтініштеріңіз бар екендігін, генерал Генспен кездесуге дайын екендігіңізді білдіріпсіз». /28/

Алайда Кенесарының сәтсіздіктері оның жауларын қанағаттандырып, опасыздықпен патша үкіметін қолдаған жергілікті феодалдардың бір тобы өздерінің әскери топтарын казак жазалаушыларына қосып, бірігіп қимыл жасауы Қасымовтардың жағдайын әлсіретті.

1843-жылы 5000 сан қолды (негізінде қазақтар) бастаған Бизановтың тобы Кіші жүздің билеуші-сұлтандары Арыстан Жантөринмен және Баймағанбет Айшуақовпен бірікті. Николай І-патша да соғыс міністірлігінің талабын қабылдап, 1843-жылы маусым айының 27-інде Кенесарыға қарсы жаппай күресті жүргізу үшін жазалау топтарын құруға ресми бұйрық берді. Кенесарының басын жеткізген адамға награда ретінде 3 мың сом тігілді. 1844-жылдың шілде айының 20-нан 21-не қараған түнде сұлтан Жантөриннің қолы Кенесарымен шайқасты. 44 сұлтанның және басқа да сарбаздардың қаза болуымен аяқталған бұл қақтығыс Кенесарының рухын көтерді. Алайда патша үкіметі де енді Қасымовтың күш алып кетуінен үрейленіп, көтерілісшілерге қарсы бірнеше жазалау тобын шығарды. Жемчужников, Лебедев, Дуниковский және басқа да офицерлердің басшылығымен қимылдаған тұрақты әскерлер Кенесары қолы үшін зор қауіп болды.

Кенесарының Жетісу жеріне шегінуіне де басты себеп болған патша үкіметінің әскери жазалау күштерінің бірігіп қимылдауы еді. Көтерілісшілердің оңтүстікке ойысқанынан, Жетісу қазақтарының Кенесарыға қосылу мүмкіндігінен үрейленген генерал-майор Вишневскийдің басқаруымен арнайы топты осы өңірге жіберуді шешті. Экспедицияның ресми міндеті Жетісу мен Орта жүз шекарасындағы халық пен малдың санағын өткізу, шын мәнінде, Кенесарыны Жетісуға жібермей, оған осы аймақтағы қазақ руларын қарсы қою.

1833-жылғы Польшадағы азаттық күреске қатысқаны үшін Сібірде айдауда болған, «Сібір қырғыздары облысының» мекемесіне кейіннен қызметке алынған А. Янушкевич «Қазақ даласындағы саяхаттан хаттар» деген кітабында Қарқаралы, Аягөз және Көкпекті өкірүгтерінің аға сұлтандарымен, белгілі билермен және болыс-байлармен кездесуді тамаша көркемдеп, сипаттаған. Кейбір ру билеушілерінің басым бөлігі Ресейдің билігін мойындап, Кенесарыға қарсылық білдірді. Олардың ішінде Абылайдың ұлдары Сүйік пен Әли сұлтандар да бар еді: «Біздің жерімізге келген Кенесары мен оның соңынан ергендерді қоғамдық тыныштықты бұзушы, біздің жауымыз деп есептейміз, онымен ешқандай байланыс жасамаймыз»,— дейді олар. «1846-жылдың шілде айының 9-ында сұлтан Әли бір қақтығыста Кенесары 1500 адамынан, 2 зеңбірегінен, 500 қыздан айырылғанын, оның қолға түскен сарбаздарының" бір бөлігінің ташкенттіктерге сатылғандығын хабарлады. Гүрсілдеген зеңбіректердің дауысынан кейінгі сұлтан Әлидің сөзі: «Біз — Абылай тұқымымыз, Кенесары оның жұбайларының бірінен туған А.Януцжевич дұрыс түсінбеген болса керек. Кенесары Абылайдың баласы Қасымның ол бізбен қарындас. Оның мінезі бәрімізге белгілі: ол аш бөрі, қазір де бізге келсе, жүз ауылды тонар. Біз оны сүйе аламыз ба, бірге бола аламыз ба, жоқ...». Генерал-майор Вишневскиймен сол рулардың кездесуінде:» «... егерде оны байқасақ, не естісек, Орта жүз қырғыздарына, әсіресе, өкірүгтерге таяу орналасқан өңірде жаулық қимылдарын көрсек, бүлікті тоқтату үшін хабар жеткізуді міндетімізге аламыз», — деп лепірген Әли.



Кенесары көтерілісінің әр кезеңдерінде әлсіреуіне әсер еткен патша үкіметінің осындай қазақ феодалдарын бір-біріне айдап салу, көтерілісшілерден олжаға түскен мал, әр түрлі зат-бұйымдарды үкіметке «берілгендігін» дәлелдегендерге таратып беру әдісі 1836-1 838-жылдардағы Бөкей (ішкі) Ордадағы көтерілісті басу кезінде де жиі қолданылған.

Мұрағат қорларына терең үңілген сайын аңғаратын бір жай — мал-мүлкімен, үй-жайымен, бала-шағасымен қосылып көше-қона жүріп, патша үкіметіне қарсы күресін үзбеген Кенесарының соғыс қимылдарына белгілі дәрежеде кедергі болған да осы жағдай. Жақсы қаруланған қазақ бөлімдерінің көп қақтығыстарда басым түскені — көтерілісшілердің өздерімен бірге алып жүрген семья, мал-мүлкінің аяққа оралғы болғанынанда. Кейбір зерттеулерде патша жазалаушыларының әскери қуатын қамтамасыз еткен мылтық пен зеңбірек деп түсіндіріліп келді. Кенесары қозғалысына қатысты әр түрлі деректерді қопарыстыру зеңбіректің көтерілісшілерде де тіпті аз болмағандығын дәлелдейді. Жеке-жеке топтарға жіктеліп қимылдаған патша әскерлерінің көңіл аударғандары да — көшпенділер өмірінің көзі болған малды қолға түсіру, көтеріліс басшыларының жақындарын тұтқындап, моральдық жағынан Қасым әулетінің сағын сындыру. Мысалы, 1844-жылы Сібір генерал-губірнатырлығынан арнайы аттандырылған әскери топ Жездіге жақын жерде, Ақши төңірегінде көтерілісшілердің бір тобына күтпеген жерден шабуыл жасап, хан Кененің бәйбішесі Күнімжанды тұтқындап әкетті. Әкесі Қасым төреден, ағалары Есенгелді мен Саржаннан ерте айрылған Кенесары өзінің туының астында тізе қосқан қандастарының аман-саушылығына әрдайым ерекше көңіл аударған. Хан болып сайланғаннан кейін сұлтанды мейлінше қолдаған — оның інілері Әбілғазы, Наурызбай, Құшақ, Мұса, апасы Бопай, немере інілері Құдаймен, Ержан, Иса, Қошарбай, т. б. Аталары атақты Абылайдың, кезіндегі Қазақ хандығын қалпына келтіру үшін жан-тәнін аямаған Кенесарының бауырларын алтынмен де, малмен де, сыйлықтармен де сатып алу мүмкін емес еді. Ал кейбір би, старшындардың, ардақты істің мақсатынан тайып, өзінің руластарынан патша жазалаушыларды тартып алып, үлестіріп берген дүние мен малға қарық болғандығын көрсететін мәліметтердің де аз елес екендігіне жоғарыда көңіл аудардық. Бірер мысал келтірсек. Өкірүгтерден жіктелген қырғыз болыстарынан тартып алынған мүліктің «тізімінде» 263 әр түрлі заттар көрсетілген. Бұл мәлімет Ақмола өкірүгі бойынша ғана жинақталған. «Сібір қырғыздарының облысы» әміршісі міндетін атқарған шенеунік жинастырған мәліметтерге қарағанда, тек 1839-жылы қазақтарға көтерілісшілерден қолға түскен төмендегідей әр түрлі бұйым, зат бөлініп берілген: Атығай Құбатовқа — қызыл мата, Байдәулет Сағындықовқа — қызыл түсті киіз, боялмаған, өте төзімді екі бөлек мата, Шоныбай Мүсіреповке — бір жібек қалат, 2 бөлек қызыл мата, 2 зенден (берік, жуан жіппен тігілген, әр түрге боялған мата), 3 қойдың жабағысы, 1 көрпе, Қалдығұл Маңғытовқа, Байымбет Тұрымтаевқа — 1 қалат, Биат Араповқа — 1 көрпе, екі зенден, бір кигіз, 1 әр түрлі көмкерілген кілем, Асықбай Түленовке — 1 көрпе, 1 ақ түсті мата, 1 қызыл сырмақ, старшын Оразан Шалабаевқа (Шұбарқұлдан қашып кеткен «қырғыз» Алдаберген Айтыбаевты ұстап бергені үшін) — 1 қызыл мата зипун, 1 сырмақ, Нұрбай Өтеновқа — 1 жібек қалат. Тізімді бекіткен және оған қол қойған Ақмола өкірүгінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендиннің көмекшісі Сердюков. Бұған қарағанда, қелтіріп отырған мәліметтер сол ХІХ-ғасырдың 30-жылдарының өзінде 7-8 өкірүгтен тұрған «Сібір қырғыздары облысының» барлық, өңірін қамтымайды, тек бір ғана Ақмола бойынша көтерілісшілерден қолға түскен заттарды көрсететіні анық.

Тек Кенесарыға қарсы күрескен қазақтар емес, бекіністер тұрғызып, осы өңірді отарлауды жеңілдетуге үлес қосқан әскери бөлімшелердің казактары, солдаттары да ұмытылмады. 1842-жылдың 1-ақпан айының 11-індегі бұйрықтың бірінде Батыс-Сібір генерал-гүбірнатырлығында шашырап орналастырылған Сібір әскері бойынша Николай 1-ші патшаның өзі «Қырғыз даласында» Ақмола және Жарғалан Ағаш аймағында бекіністер тұрғызуға белсене қатысқан осы корпустың қызметкерлеріне награда беруді құптағанын мақтаныш ретінде атап көрсеткен. Сонымен мақаланың осы бөлігінде келтірілген әр жақты деректер патша үкіметінің Қасымов әулетіне қарсы күресте әрқилы әдіс-айладан да тайынбағанына көңіл аударады. Қаншалықты ерлікпен рухтанып, Орынбор жағынан да, Батыс Сібір жағынан да жақсы қаруланған, далалық өңірде қимыл жасауға машықтанған тұрақты әскери топтарға ашық қарсы күресудің қиыншылығын түсіне білген белгілі қолбасы Кенесары, әрине, әр түрлі айла-амалдарды пайдаланды, өзіне қорған болған кең даланың табиғат-жағрапиялық ерекшелігін пайдалана білді. Кенесары сонымен қатар Орынбор және Омбыдағы патша әміршілерімен арадағы алауыздықты бейбіт келіссөзбен, дипломатиялық жолмен шешуге де мән берген айбынды, көреген қайраткер болды.




Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет