3 і-тарау. ОҚушылардың мінез бітістерін тәрбиелеудің теориялық негіздері


Бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиелеудің педагогикалық-психологиялық мүмкіндіктері



бет7/20
Дата14.12.2021
өлшемі0,57 Mb.
#126475
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   20
Байланысты:
Мінез бітістерін тәрбиелеу

1.2. Бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиелеудің педагогикалық-психологиялық мүмкіндіктері
Бүгінгі салауатты отбасы – өркениетті қоғамның талабы. Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын дәстүрлер мен ізгі мұраттар тек отбасында ғана дамып, байыта түседі. Адамдарды өзара түсіністікке алып келетін шынайы тұрақты сүйіспеншіліктің дәстүрлері де тек салауатты жанұяда қалыптасады. Тәрбиенің бастапқы әліппесін бала отбасында алып, онда мінез бітістерінің негізі қаланады.

Бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерінің дамуына ықпалы ерекше болғандықтан отбасы тәрбиесіне әлеуметтанушылық, психологиялық және педагогикалық зерттеулерде ерекше көңіл бөліп, «отбасы» ұғымына көптеген анықтамалар берілген. Мәселен, Р.Н.Нұрғалиевтің 1996 жылы жарық көрген философиялық сөздігінде Отбасы – әлеуметтік қауымдастықтың түрі, ерлі-зайыпты одаққа және туыстық байланыстарға, яғни ері мен әйелінің, ата-аналармен балалардың, аға-інілер мен апа-қарындастарының және бірге туып, ортақ шаруашылық жүргізетін туыстардың арасындағы сан алуан қатынастарға негізделген жеке тұрмысы деп аталған. Осыған орай, бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерінің мәні мен маңызын қарастырайық.

Адамдардың өмір жолы мен әрекетінің сипаты түрліше болатындықтан, оның мінез бітістерінде басқа біреуде қайталанбайтын жеке ерекшелік көптеп кездесіп отырады. Сонымен қатар, адамдарда өзі өмір сүріп отырған қоғамның ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан, көпшілікке ортақ мінездері де болады. Сондықтан бір адамның мінезі жөнінен қарастырғанда мінездің дара және типтік бітістерін қоса еске алып отыру қажет. Типтік мінездер – белгілі тарихи-қоғамдық жағдайлардың нәтижесі. Типтік мінезден әр адамның ұлттық, кәсіптік және жас ерекшелігіне сәйкес өзгешеліктері де тиісінше орын алып отырады. «Егер адамның мінез-құлқын жағдайлары туыратын болса, онда сол жаңайларды адамға тиімді етіп құру керек»-деп жазды Маркс пен Энгельс. Адамның сансыз мінез бітістерінің кейбірін белгілі бір топтарға жинақтауға болады. Олар мына төмендегідей:

Адамның ұстаған бағытынан, яғни бүкіл психикалық тұрпатынан байқалатын мінез бітістері әр түрлі жағдайда көрініп отырады. Мұның біріншісіне адамның басқалармен қатынасын білдіретін мінез бітістері кіреді. Бұларға: гуманизм, қайырымдылық, үйірсектік, адамдық және осыларға қарама – қарсы жекешілдік, қатігездік, тұйықтық, зымияндық т.б. бітістер жатады. Осы топқа сондай-ақ адамның өз ісіне, еңбегіне қатынасын білдіретін мінез бітістері де жатады. Бұларға еңбек сүйгіштік, құнттылық, инициативалық, сапалық, тиянақсыздық, кертартпалық т.б. бітістер кіреді.

Адамның өзіне-өзі қатынасын білдіретін мінез сипаттары да осы топтың негізгі бір жағы. Бұларға кішіпейілділік, қарапайымдылық, өзін-өзі сынай алу, талап қоя алушылық және бұларға қарама-қарсы өркөкіректік, мақтаншақтық, жасқаншақтық т.б. жатады.

Мінез бітістерінің келесі тобын адамның өзін-өзі меңгере алу қабілетіне орай қалыптасқан өзгешеліктері құрайды. Бұл топты мінездің еріктік сапалары немесе мінездің жотасы деп аталады. Бұларды да адамның жалпы ұстаған бағыты мен дүниетанымына, жоғарыда көрсетілген мінез бітістерінің мазмұнынан тыс қарауға болмайды. Сондықтан сотқар адамның жансыз батылдығы мен мемлекет мүлкін тонаушы ұрының жылпос «пысықтығын» мінездің еріктік сапаларына кіреді деп ойлау шындыққа сай келмейді.

Мінездің еріктік сапаларының өзі күшті және әлсіз, яғни нашар мінез болып екіге бөлінеді. Күшті мінезге – мақсатқа талпынғыштық, дербестілік, тоқтамға келгіштік, батылдық, шыдамдылық, тәртіптілік, жинақылық, ерлік т.б. жатса, әлсіз мінезге – «негативизм» иланғыштық, қыңырлық, ұстамсыздық, жүрексіздік т.б. кіреді. Мінез ауыр, жеңілтек, мінезсіз, сотқар, тентек, бейбастық, ит мінез т.б. түрлерге бөлінеді.

Адам мінезі сан алуан. Бұл іс-әрекетте айқын көрініс береді. Біреудің барша қимылы – шапшаң; екіншісі – асықпайды, бірақ ісі – тыңғылықты; үшіншісі – іске ойланбастан асыла салады; кейін барып ойланады, жағдайға қарай ісін ретке келтіреді. Адам мінезінде мұндай ерекшеліктер – мінез бітістері деп аталады. Қандай да бір бітіс – әрекет-қылықтың тұрақты, қайталанып отыратын нақты белгісі.

Мінез бітістері мен сипатын белгілі бір қылықтың нақты оқиғаға байланысты болуынан да білуге болады, яғни белгілі бітістің көріну мүмкіндігі неғұрлым жоғары болса, ол адам мінезінің тұрақты белгісі ретінде танылады. Дегенмен, ықтималды болғандықтан бітіс ұдайы көріне бермейді, яғни мінез бітістері адам әдетіндей бірқалыпты, механикалық қайтала бермейді. Солай да болса, мінез бітістері мен әдеттер арасында жақындықта бар. Мысалы, мінез бітіс ретінде жауапкершілік адамның ұқыптылық әдетінде көрінеді. Бірақ, әдет мінезі бітісіне өте бермейді, ол тек қандай да қылыққа ыңғайлылықты танытады. Мінез бітістері өз ішіне ойлау, түсіну әдістерін қамтиды. Қайсы бір тұлғаға тән қылықты жасауда ерік, сезім қосылады. Ал әдет мұндай психикалық процестердің бірімен де байланыспайды. Сонымен бірге бітіс адам қылығына ықпал ете отырып, сол қылық-әрекет барысында қалыптасады, бекиді. Мінез бітістерінің қалыптасуын әрекет-қылық мотивтерінен айыра қарауға болмайды. Қандай да қылық мотиві әрекетте іске аса отырып, мінезде бекиді. Әр қандай мәнді, тұрақталған мотив – болашақ мінез бітісі. Мінез бітістері мотивте алғашқыда ниет түріне көрініп, ал кейін оны әрекет тұрақты қасиетке айналдырады. Осыдан қандай да мінез бітістерін қалыптастыру қажет қылық-әрекет мотивтерін түзіп, оларды бекітуге арналған іс-әрекеттерді ұйымдастырудан басталады.

Мінездің жалпыланған қасиеттерін өздерінің диалектикалық қарама-қарсылықтарында көрінуі күшті-әлсіз, қатал-жұмсақ, тыңғылықты-өзара қарама-қайшы, кең-тар т.б. Егер мінез күштілігі – адамның алға қойған мақсатына жетудегі, кедергілерді жеңуіндегі қуатынан көрінсе, мінез әлсіздігі қорқақтықтан, ниет тұрақсыздығынан т.б. байқалады. Мінез қаталдығы өжеттік, тайсалмастықпен байланысты, ал жұмсақтықтан адам икемшіл, орнымен шегінеді, келісім жолдарын табуға ұмтылады. Мінездің тыңғылықтылығы мен қайшылығы мінез бітістерінің ішіндегі жетекші және екінші деңгейлі қасиеттердің дәрежесінен анықталады. Қасиеттердің бәрі өзара үйлесімді келсе, тыңғылықты мінез, ал бір қасиет екіншісімен үндеспесе – қайшылықты мінез орнығады. Сонымен бірге, адам мінезінің тұтастығы мен көп тараптылығы кейбір жағдайларда бір адамның өзінде де әрқилы, тіпті қарама-қарсы қасиеттердің болатынына шек келтірмейді. Адам бірдей өте нәзік мәдениетті болуымен бірге қатал талапшыл болуы мүмкін. Осыған қарамастан, оның мінезі сақталып, оның қырлары айқын көріне түседі.

Психологиялық сөздіктерде: «Мінез бітістері – өмір барысында біртіндеп қалыптасатын мінез ерекшеліктері. Бұлар бірнеше топқа бөлінеді: кісінің айналасына, басқа адамдарға қатынасын білдіретін жағымды мінез бітістеріне адамгершілік, қайырымдылық, адалдық т.б. осы секілді жағымды мінездермен қатар, қатігездік, зымияндық, сотқарлық, т.б. ұнамсыз түрлері де кездеседі».

Адамның атқаратын іс-әрекетіне, еңбек етуге қатынасын білдіретін мінез бітістері де сан алуан. Бұлар еңбексүйгіштік (қарама-қарсы жалқаулық), ұқыптылық (қарама-қарсы салақтық), т.б. Адамның өзіне-өзінің қатынасын білдіретін, өзін бағалай алуынан көрінетін мінез бітістері де болады. Оларға қарапайымдылық (оған қарама-қарсы – өркөкірек), батылдық (қарама-қарсы жасқаншақтық) және т.б. енсе, дүние-мүлік, жиһаз, киім-кешекке байланысты қалыптасқан мінез ерекшеліктері де кездеседі. Мысалы, осындай нашар мінез бітістері: сараңдық, ысырапшылдық, дүниеқоңыздық, пайда-күнемдік және т.б. адамның жан дүниесін жегідей жеп, оның кісілігіне үлкен нұсқан келтіреді.

Психологиялық әдебиеттерге талдау жасау, мінез бітістерінің құрылымдық моделін ұсынуға мүмкіндік берді. Оны №2 сызба арқылы көрсетуге болады.

Белгілі қоғам мүшелеріне ортақ мінездердің қатарына: Отанға берілгендік, адалдық, шыншылдық, еңбекке және қоғам мүлкіне дұрыс көзқарас, ұжымшылдық, гуманизм, борышын және жауапкершілігін түсіну, қиыншылықтарды жеңіп шығуға дайын болу, кішіпейілділік, қарапайымдылық, сергектік, жолдастық, т.б. жатқызуға болады. Типтік мінездерді зерттеу – психология ғылымының алдындағы басты міндет. Дүниетанымы мен сенімінің ұқсастығынан адамда дара мінез болмайды деген қорытынды шықпайды. Гуманистік демократиялық қоғамда ғана жеке адамның жан-жақты дамуына, оның дара мінездерінің талант қабілеттерінің дамуына өте қолайлы жағдай туады. Психологиялық әдебиеттерге талдау жасау, адамның типтік мінездерінің ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді.

1. Ізгілік пен мейірімділік. Егіз қозыдай осы екі қасиет – басқаларға (әке-шеше, ағайын, туыс, таныс т.б.) көңіл бөлу, олардың сеніміне ие болу, айналасындағылармен өзара дұрыс қарым-қатынас жасау, адамға эмоциялық жағынан тиімді. Кісімнің шат-шадыман тіршілігі үшін маңызды. Адамда қалайда болса, қашанда болса, пайда келтіретін оймен іс – ізгілік деп аталады. Ізгілікке ұмтылу, жауыздықтан безу – адамның жаратылысының өзінде бар нәрсе – деп жазады М.Жұмабаев өз еңбектерінде. Үйде де, түзде де кісіге ізгілік, имандылықпен қарсы, оның қалын ойлау, оған мейірімділікпен мейірбандық білдіру, жаңашырлық пен қамқорлық жасай білу кісіліктің, ұнамды мінездің көрінісі. Ізгілік – адам біткенді сүйе беру секілді күйректік, көңілшек сезіммен ешбір тоқайласпайды. Нағыз гуманист үлкен мейірбандықпен қатар қоғамдық прогреске кесірін тигізетін кері тартыс, жаңалық атаулыға жаны қас адамдарға өшпенділігін жасыра алмайды. Ізгілікті адам жұрт мүддесіне қайшы келетін, адамзаттың бақытты болашаққа жетуге бағышталған асыл арманына бөгет жасаушылармен ымырасыз күресіп отырады. Жеке адамның бойындағы мейірімділік пен ізгілік қасиеттер туралы ой-пікірлерді, ұлттық психологиялық көзқарастарды Әл-Фараби, Асан Қайғы, Сырым батыр, Махамбет, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Құдайбердиев т.б. еңбектерінен орын алады.

2. Мақсаткерлік (мақсатқа талпынушылық) – бұл адамның өз мінез-құлқын көздеген мақсатына алаңсыз бағыштауы, мұны өзі ұстаған бағыт-бағдар позициясына, танымы мен сеніміне, асыл арманына бағындыра алуы. Алдағы мақсатынан ауытқу, бос белбеулікке салыну – ар-намыс пен ожданға сиыспайтын қасиет. Мақсаткерлік – тек бір іспен өне бойы шұғылдану, онымен ылғида әуре болып жүру емес. Бұл соны қайткенде де орындап шығуға мықтап берілу, бір істі нәтижелі тындыру. Мұндай кісі өзіне жүктелген тапсырманы да мүлтіксіз, сапалы етіп орындап шығуды жан-жақты ойластырады, осы жолда шығармашылық белсенділік көрсетеді, әрбір ісін түпкі көздеген мақсатымен байланыстырып отырады.

Мақсаткерлік – асыл арман, зор үмітпен тығыз байланысты. Арман мен ойнауға болмайды, ал күйресе бақытсыздыққа душар етуі мүмкін. Үміті мен арманы шындыққа сәйкес келген адам ғана келешектің құшағында өмір сүре алады. Арман мен үміт жүректі қуанышқа толтырады. «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады, үмітін жоғалтқан жан ешқашан үміттеніп көрмеген жан»-дейді батыр Б.Момышұлы. Адамның мақсаткерлік қуаты үміт – арманы, алға қарай ілгерілеу талабы неғұрлым биік болса, оның қабілет, таланты да өміршең болып келеді. Ақтамберді жырау айтқандай: «Әркім өзі талпынбақ, басына бітер бағы үшін, өйткені тіршіліктегі ең үлкен қасірет – мақсатсыз өмір сүру, осы жолда күресті тоқтату.

3. Борыш пен жауапкершілік. Бұл адамның үй іші, әке-шеше, тума-туысқандарына қатысты перзенттік парызынан туындайтын қасиет. Мұның негізінде өзіне әлпештеп адам етіп өсіргендердің алдындағы жауапкершілігін бар санасымен терең аңғара алып, түсіну, бұл парызы мен қарызын қалай ақтау жолын ойластыру. Бұл кісіліктің басты белгісі, терең және күшті сана – сезімді қажет ететін қасиет. Борыш пен жауапкершілікті түсіне білуден адамның имандылығы мен адамгершілігінің деңгейі байқалады, оның қылықтарын жаман, жақсы, иманды, имансыз деп бағалау туады. Борышты сезіну, оны орындау, ми мен жүректің бірлескен жұмысын қажет етеді.

Оны ақыл мен сезім тұрғысынан жақсы-жаман деп бағалау ар мен ұятқа келіп тіреледі. Өз қылығының дұрыс-бұрыстығын түсіне білу – адамға үлкен қуаныш, шабыт-жігер, қанағат әкеледі, кісінің өзіне орынсыз тағылған жала, өсек-өтіріктің бекерлігіне қарсы күресу сезімі артады. Адам өзінің борышы мен жауапкершілігіне үйлеспейтін қолайсыз қылық көрсетсе, мұнысы тәрбиелі кісіге мықтап батады, оның арына тиеді, тіпті ой – санасынан кетпей қояды.

№1 сызба

Мұндайда ақыл мен арды ерекше қастерлей білетін адам жіберген қателігін тез түзетуді ойластырады, қашан ары тазаланғанша дегбірсізденіп, жаны тыным таппайды. Адамгершілігі нашар төмен кісі жаман қылығынан қайтпай, қатесін түзету былай тұрсын, мойнына да алмай жүре береді, мұндайларды арсыз, «ары таза емес» деп жұрт ұнатпайды.

4. Отансүйгіштік қасиет – кісінің бойындағы күш-қуатын, білімі мен тәжірибесін халық мүддесіне, оның игілігіне, яғни адамның кір жуып, кіндік кескен жеріне білдіретін перзенттік борышы – оның кісілігін танытатын ерекше асқақ сезім. Әр заман адамның осынау қасиетін қастерлеп, сөздерінің небір дәмді, ой түйіндерін осыған бағышталған. Отансүйгіштік қасиеттер туралы бірқатар қазақ және орыс педагог-психологтары ой түйіндеген. Мәселен, М.Әуезов: «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенің іркер күшім жоқ» десе, В.А.Сухомлинский: «Отан өз бесігің өз үйің... өз бесігіңді ұмыта көрме», Баубек Бұлқышев: «Адал адам Отанын сүйеді. Адал ақ жүрекке Отан анасындай. Отанын дегенін істеу – қуаныш, мақтаныш». К.Г.Паустовский: «Адам жүрексіз өмір сүре алмайтын болса, Отансыз да өмір сүре алмайды», И.С.Тургенев: «Отансыз бақыт жоқ, кім-кімнің де тамыр жаяр топырағы туған жер»-деп көрсетеді.

Отан, Отаншылдық қасиет туралы тебіренгендегі Қаз дауысты Қазыбек бидің: «Алтын ұяң – Отан қымбат ... туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат»-деп келетін аталы сөздерін де қалай еске алмайсын! «Қазақстан – біреулердің қазақтарға тартуы емес, олардың тарихи Отаны»-деді ел басымыз Н.Назарбаев. Сондықтан да біздер халқымыздың хас батырлары Қабанбай мен Бөгенбайды, Исатай мен Махамбетті, Кенесары мен Наурызбайды, Қасым хан мен Абылай ханды қадір тұтып, қастерлейміз, олардың халқы үшін қалтқысыз қызмет еткенін үлгі-өнеге етіп, осындай ата-бабаларымыздың болғанын мақтан етеміз. Туған жерді, атамекенді сүю жеткіліксіз, оны қажет болған жағдайда қорғай білуіміз де қажет. Өйткені, кез-келген егеменді мемлекет сияқты, Қазақстан өзінің қорғаныс қабілетін сақтауды маңызды мемлекеттік міндеттерінің бірі, әрі оның бүкіл халқының ісі деп санайды. «...Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанның егемендігі мен территориялық тұтастығын сақтау»- деп көрсетті «Қазақстан-2030» жолдауында Қазақстан республикасының президенті Н.Назарбаев. Өз қарулы күшіміздің болуы, оның алдыңғы санында ер азаматтардың, әсіресе, қазақ жастарының тұруы, бір кісідей ынтымақтастықпен топтасуы – ата заңымызда көрсетілгендей қасиетті борыш, перзенттік парыз екендігін еш уақытта да естен шығаруға болмайды. Отаншылдық – атамекенге деген сүйіспеншіліктің негізгі мазмұны имандылық пен кісіліктің басты белгісі, басты өлшемі.

5. Адалдық пен шыншылдық. Бұл екеуі бір-бірімен біте қайнасқан кісінің жақсы мінез бітістері. Адал адам шынайы да, шыншыл адам – адал. Адалдық – сөздің таным мен сенімге ұштасуы, оның іс-әрекетке қайшы келмеуі. Шыншылдық – адамның азаматтық борышына, ар-ожданына қалтқысыздығы. Адал да шыншыл, әділетті болу еңбек пен білім алуға, жалпы іс-әрекетке дұрыс көзбен қарау, инабатты, тіршілікте тиянақты, принципті болу деген сөз. Өйткені, адалдық қайда болса тіршілік сонда-десе, И.С.Тургенев: «Шындық ауа, онсыз дем алуға болмайды», Ғ.Мұстафин: «Шындық шырағы – дауыл соқса да өшпейді»-деп қарастырған.

6. Достық. Бұл ортақ көзқарас пен мүдде, мақсат бірлігі негізінде пайда болып, уақыт сынымен өткен адамгершілік құндылығы мол тұрақты, тек адамға ғана тән жоғары сезім. Достық – адамды асқақтатады, ол жан мен тәннің гүлдене түсуіне жәрдемдеседі. Оның маңызды белгісі-өте берік, әрі терең эмоциялық жақындық. Ол адамның бір-біріне сөз жүзінде де, іс жүзінде де адал және шынайы болу өзара терең мүдделік, бір-біріне толық сену, қайғы мен қиыншылықта өзара қол үшін беру, өзара жауапкершілік пен қамқорлық.

Қазақтың этнопсихологы М.Ж.Көпеев: «Достық аспандағы жарық жұлдыз, теңіздегі гәуһар тас. Жұлдыз да, асыл тас та, кіршіксіз мөлдір. Бұл екеуін ешкім де, еш құдірет те кірлете алмайды. Достыққа кішкене сызат түсті дегенше – құдай ұрды дей бер. Нағыз достық адамға шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға жәрдемдеседі. Бір – бірінің кемшіліктерін ақтау, бір – біріне жөндеп талап қоймай, болмашы істерін дәріптеп сөйлеу бұл жалған достық. «Дос жылатып, дұшпан күлдіртіп айтады» деп халқымыз тауып айтқан. Достық қарым-қатынас, адамға, әсіресе балғын балауса шақта аса қажет. Дос іздеу асқақ арман мен таудай талап, шексіз-шетсіз толы жас дәуреннің ерекше сезімі. Ол өзара пікір алысудың, болашақты жоспарлап, меңзей білудің, сенім-нанымдарды қалыптастырудың таптырмас мектебі. Жоғарыда қарастырылған адамдар бойында кездесетін тек жағымды, әрі ұнамды қасиеттерін талдай келе, оны келесі №3 сызба арқылы көрсетуге болады.
№3 сызба

Ж.Б.Қоянбаевтың «Педагогикалық еңбегінде»: Отбасы - баланың өмір жолын бастайтын және қоршаған шындық, орта туралы тиянақты да терең әсер алатын ұжымы екенін, соның негізінде онда білім, әдет, мінез-құлық пен өмірге деген көзқарасын қалыптасатын дәлелдеп көрсетеді.

Сонымен, жоғарыда айтылған анықтамаларға сүйене отырып, отбасының мынадай белгілерін айқындап көрсетуге болады:

1) Отбасы – бұл өзара туысқандық қатысы бар, әртүрлі жастағы және әртүрлі құқылы адамдардан біріккен ұжым;

2) Оларды ерлі-зайыптылық, ата-аналық, балардың ата-аналарына, ересектердің кішілерге және бір-біріне деген қарым-қатынас жасау міндеттері байланыстырып тұрады.

3) Ата-аналар мен балалар бір-бірінен бірі жанұясын басқарумен, екіншілері сол отбасында тәрбиеленумен ерекшелінеді.

4) Отбасы өмірі әртүрлі материалдық (биологиялық шаруашылық) және рухани (ізгілік, құқықтық, психологиялық, эстетикалық) үрдістерімен сипатталады. Отбасының әлеуметтік ролі баланың ізгілік қасиеттерінің одан әрі дамуына тікелей қатысымен анықталады.

«Отбасы тәрбиесі» ұғымының өзі «Отбасы» мен «тәрбие» категорияларының жиынтығы ғана емес, олардың синтезі де болып табылады. Оның қызметі мен ролі, жанұядағы тәрбие толығымен қоғамдық өмір заңдылықтарына байланысты дамиды.

Отбасы – бастауыш сынып оқушыларының жеке басының қалыптасуына екі жақты әсер етеді:

Біріншіден, отбасының материалдық жағдайын сипаттайтын өзіндік өмір сүру дәстүрі арқылы, яғни жанұя мүшелерінің материалдық және рухани қажеттілігі мен әлеуметтік құндылықтары арқылы;

Екіншіден, әлеуметтік және белгілі бір мақсатқа бағытталған әсер арқылы. Мұнда көбінесе, отбасындағы негігі көзқарас пен тәрбие үрдісі қоғамның тәрбиелік мақсатына, идеялық, ізгіліктік және эстетикалық талаптарына сәйкес келуіне байланысты жүзеге асырылады.

Бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін қалыптастыруда ықпал ететін факторлар мыналар:

- Тұқымқуалаушылық фактор;

- Орта (әлеуметтік және географиялық);

- Мақсатты түрде жүргізілетін іс-әрекет;

- Тәрбие.

«Отбасы» тәрбиесінің мәнін ашу үшін, «тәрбиелеу» және әлеуметтендіру ұғымдарын байланыстырып, қарастыру қажет. Тәрбие – бұл қоғам талабына сай адамды қалыптастыруда белгілі бір мақсатқа сәйкес, жүйелі, әрі саналы түрде ықпал ету болып табылады. Бұл үрдіске әсерін тигізетін факторлар көп. Бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін қалыптастыруда ықпал ететін негізгі факторларды ескерте отырып, тәрбиені отбасы тәрбиесі және қоғамдық тәрбие деп екі түрге бөлуге болады. Олай болса, тәрбие – қоғамдық өмірдің жалпы және қажетті категориясы болып табылып, тәрбиенің мақсат-мазмұны, ұйымдастыру түрі, әдісі қоғамдық қатынастардың тарихи дамуына сәйкес өзгеріп отырады. Кейде «тәрбиелеу» ұғымы «әлеуметтендіру» ұғымымен сәйкестендіріліп, түсіндіріледі.

Соңғы жылдары жарық көрген философиялық әдебиеттерде «әлеуметтендіру – индивидті ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын еңбек тәжірибелерін, білім мен мінез-құлық нормалары, құндылық пен дәстүрлерді меңгеруге және әрі қарай дамыту ға бейімдеу. Сондай-ақ, индивидті қоғамдық қарым-қатынас жүйесіне ендіру және оның бойында әлеуметтік қажеттерді дамыту болып табылады» -деп анықтама берілген.

Отбасы тәрбиесінің әлеуметтік бағыты; Бүгінгі әрбір отбасының материалдық-экономикалық жағдайы жақсы отбасындағы балалар жоғары сапалы ақылы мектептерде білім алып, өнер, спорт және басқа да тәрбие институттарында тәрбие алуға мүмкіндік алады. Отбасы тәрбиесі мен балалар болашағын жоспарлау ең алымен әрбір отбасының әлеуметтік жағдайына қарай жүзеге асады.

- Тәрбиенің индустриалдылығы, яғни бүгінгі қоғам өміріндегі қатынастардың жан-жақты дамып, мектеп пен отбасы өміріне ықпал жасайды.

Қазіргі компьютерлендіру заманында балалардың алатын ақпарат көлемі бұрынғыдан да көп. Соған байланысты, балаға тәрбие беруші адамдардың білімі, тәжірибесі барған сайын үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір отбасында компьютердің пайда болуы, жоғары сапалы фотоаппараттар мен бейнекамералар және т.б. құралдардың күнделікті тұрмыста қолданылуы дәлел бола алады. Бұл үрдіс «қоғам мектеп отбасы» бағытымен жүзеге асуда.

- Отбасы тәрбиесіндегі баланың субьектілік ролі.

Ұлттық болмысымызға тән ұяңдық, үлкеннің алдын кеспей, тілалғыштық т.б. қасиеттерді қолдай отырып, бүгінгі нарықтық қатынас тұсындағы қарым-қатынаста қажеттілігі көпшілік, белсенділік, өз пікірі мен көзқарасын дәлелдеуге талпынушылық, алға ұмтылушылық және т.б. ұнамды қасиеттерді балалар бойында дамыту қоғам талаптарына айналып отыр.

Мектеп пен отбасының ынтымақтастығының бағыты. Бұл отбасының даму бағыттары бүгінгі нарықтық қатынас ықпалынан туындап отырғандығы белгілі. Осы бағыттар бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін қалыптастыруда басшылыққа алатын бірнеше қағидаларды айқындауға мүмкіндік берді. Олар:

1) Бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін қалыптастыруда қоғам, мектеп, отбасы және басқа да арнаулы институттардың тәрбиелік мүмкіндіктерін интеграциялау.

2) Тәрбиені гуманизациялау. Бастауыш сынып оқушыларының бойында жоғары интеллектуалдық, материалдық, азаматтық қасиеттерін қалыптастыруда әрбір баланы қоғамның ең жоғарғы әлеуметтік байлығы, құндылығы деп санап, онымен ізгілік қарым-қатынас жасау.

3) Мектептің педагогикалық ұжымының отбасымен тығыз байланыс жасай отырып, әрбір баланың мінез бітістерін қалыптастыруға мүмкіндік жасауының даралау мен жалпылау.

4) Мұғалімдер мен оқушылардың және ата-аналардың белсенділігін, бастамашылдығы мен шығармашылығын арттыруда демократияландыру.

Отбасындағы ізгілік, өзара түсіністік пен сүйіспеншілік Шығыстың ұлы ғұламалары Әл-Фараби, Қ.А.Ясауи, М.Қашқари, Ж.Баласағұни еңбектерінен кең көрініс тапқан. Ол идеялар гуманист-педагогтар мен ағартушылар тарапынан бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Әл-Фараби, Ж.Баласағұн және т.б. ұсынған жанұя тәрбиесі идеяларын ғылымға алып келіп ұштастырған чехтың ұлы педагогы Я.А.Коменский болды. Отбасы тәрбиесінің мәселелері кеңес педагогтары А.С.Макаренко, А.В.Сухомлинский, Н.К.Крупская және т.б. педагогтар еңбектерінен кеңінен орын алған.

А.С.Макаренко жанұядағы тәрбиенің негізі еңбекте екенін айта келіп, балаларды отбасы өміріне қатыстыру ерте кезден ойын әрекетінде, соңынан еңбекке ұласу ретінде басталуы керек дейді. Оның «Ата-аналар кітабы», «Тәрбиенің жаңа жолдары», «Балаларды тәрбиелеу туралы лекциялар» және т.б. еңбектері ата-аналарға, отбасы тәрбиесіне арналған. Отбасындағы ата-аналардың бүгінгі міндеттері бала тәрбиесі екенін кеңес педагогтарының бірі – В.А.Сухомлинский былай түсіндіреді: «Егер сіз жер бетінде өзіңізден кейін із қалдыруды армандасаңыз – көрнекті жазушы немесе ғалым т.с.с. болу міндетті емес. Жақсы бала тәрбиелеп – оң, өзіңізге қоғамнан берік орын қалдыра аласыз»- деп, ата- ананың қоғамдағы ең бірінші міндеті – бала тәрбиелеу екенін ескертеді. Олай болуын қоғамның өзі талап етіп отырғанын айта келіп, «Адам – дүниедегі барлық бағалының ішіндегі жоғары бағалысы. Біздің әрқайсысымыз, құрметті әке мен ана мынаны түсінуіміз керек. Тәрбие көрмеген шала сауатты, надан адам бүлінген двигательдермен, аспанға көтерілген самолетпен бірдей өзі күйрейді, жұртқа да өлім әкеледі».

Қазақ ағартушылары да отбасы тәрбиесін назардан тыс қалдырған емес. Оның ішінде А.Құнанбаев ерекше орынға ие. Абай отбасында баланы тәрбиелегенде оның жас және психологиялық ерекшелігін ескеріп отыру керектігін түсіндіріп талап етеді. Оның көзқарасынша, баланың ең бірінші, әрі ең негізгі тәрбиешісі – бұл ата-ана болуға тиіс. «Әне, оны әперем, міне, мұны берем» деп, басында балаңды алдағаныңа мәз боласың. Соңында балаң алданшы болса, кімнен көресің?- деп дәріс тәрбие беретін ата-аналарды қатты сынға алады. (10-шы қара сөзі).

Отбасы тәрбиесін жақсарту мәселелерін қарастырған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – С.Көбеевтің жазушылық және педагогикалық қызметі тығыз байланыста дамыды. С.Көбеев отбасы тәрбиесіндегі баланың бойында жағымды ізгілік қасиеттерін қалыптастыруға көбірек көңіл бөлген. Оның «баланы семьяда тәрбиелеу» кітабы осының айғағы. Онда ата-аналарға баланы жастайынан жанұяда тәрбиелеудің нақтылы жолдарын көрсетіп береді. Ол ата-анасы баласын әдепті де өнегелі етіп тәрбиелеуі үшін оның әрбір әрекетінің дұрыс болуын қадағалап, бақылап отыруы керектігін ұсынады.

М.Жұмабаев «Педагогика» деп аталатын еңбегінде баланың жан-жақты жетілуінің психологиялық мәселелеріне кеңінен тоқтала отырып, ата-аналар мен тәрбиешілерге балалардың ересектерден ерекшелігін біліп, ескере отырып, тәрбиелеуін ұсынады.

Отбасы тәрбиесінің мәселелері соңғы жылдары көптеген ғалым- педагогтарды ойландырып келді. Одақ көлемінде Ю.П.Азаров, Л.В.Белова, И.В.Гребенников, Т.Делме, Б.А.Миренский, А.О.Пинт, А.Лихонов және т.б., Республикамызда Б.Р.Айтмамбетова, Т.М.Афанасьева, Ә.Әбуов, Г.К. Байгельдинова, М.Ғабдуллин, Қ.Жақыпов, Ә.Журмаханов, Л.К.Керимов, Г.А.Уманов және т.б. еңбектерінде жанұяның педагогикалық мүмкіндіктері, қиын балалардың пайда болуындағы жанұяның ықпалы, С.Қалиев, Қ.Абдіразақов, И.Рустемов және т.б. еңбектерінде халықтық педагогика негізінде отбасы тәрбиесін жақсарту, бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін қалыптастыру және т.б. мәселелер қарастырылды.

Отбасындағы тәрбие ата-ананың жеке басының ықпалымен жүзеге асады. Тіпті, баланың мінез-құлқы да отбасында ата-ана ықпалымен, отбасындағы психологиялық ахуал жағдайында байланысты қалыптасады. Мұның себебін психолог Н.Айғабылов былай түсіндіреді: «Бала мінезі көпшілік жағдайда әке-шешесінің мінезіне өте ұқсас келеді. Осы жағдайға қарап, кейбір ата-аналар мінезі тума қасиетке ие емес пе екен» деген ойға келеді. Бала мінезінің әке-шешесінің мінез ерекшеліктеріне ұқсас келуі, біріншіден, отбасында барлығына ортақ жалпы жағдайдың әсер ететіндігі болса, екіншіден, баланың ересек кісілерге еліктеуінен болады.

Ата-ананың әсерлі болуына қажетті жағдайдың бірі – олардың баламен әділ сөйлесіп, ашық пікірлес болуы. Осындай өзара қарым – қатынас баланы еріксіз ата-анаға жақындатып, олардың айтқандарын шын ықыласпен қабылдауға мәжбүр етеді. Бастауыш сынып оқушыларын ізеттілікке, ізгілікке, еңбекқорлыққа және т.б. жағымды ізгілік қасиеттерге тәрбиелеуде отбасының мүмкіндіктері ерекше.

Соңғы жылдары ғалым-педагог А.А.Бейсенбаева өзінің еңбегінде ізгілік ұғымымен байланысты түсініктер қарастырылып, ізгіліктің бүгінгі күнгі мәні ашылған. Сондай-ақ Г.Шолпанқұлова ізгілік қарым-қатынас ұғымына мынандай анықтама береді: «ізгілік қарым-қатынас – адам бойындағы ізгілік, түсінік, сезім және мінез-құлықтың тұтастығымен, бірлігінен анықталады» деп қарастырған.

В.П.Кәріпжанованың зерттеу жұмысында баланы ізгілікке тәрбиелеу үшін ең алдымен ізгілік көзқарасты дамыту керектігі айтылады. Ол мектеп оқушыларында ізгілік көзқарасты қалыптастырудың құрылымдық компоненттерін мынадай етіп береді:

- ізгілік көзқарасты дамытудың негізгі элементтерінің бірі адамдарға деген ізгілік қарым-қатынас, ізгіліктің мәні туралы білімдер;

- ізгілік қарым-қатынасты дамытудың мазмұны;

- балалардың мінез-құлқындағы ізгілікті дамытудың әдіс-тәсілдері мен формалары.

Жоғарыда аталған ғалым-педагог зерттеулеріне сүйене отырып, бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістері – баланың бойындағы ізгі ниетті барлық ұнамды құлықтардың жиынтығы болып табылатынын байқауға болады. Ол баланың ойы, көзқарасы, мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы арқылы көрініс табады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет