Әртүрлі бастықтар бар. Ұжымды 5, 10 жыл басқара ма, орнынан кеткеннен кейін ол ешкімнің есінде қалмайды. Тіпті оны қасында жүргендер де ұмытады. Олар сахнаға шығып, әншейін бастықтың рөлін нашар ойнаған актерлерге ұқсайды.
Асекең олай емес, істеген тірлігінің бәрін жүрегімен, бүкіл жан дүниесімен, ниетімен беріліп істегендіктен ел есінде, ел көкірегінде қалады. Өйткені ол кісі не істесе де, біреудің айтқанымен емес, өзінің ой-сезім, жүрек қалауымен, еркімен, ақылымен істеді. Бәрін таразылап, жоспарлап жүзеге асырды.
Кейбір зейнетке шыққан облыс басшыларынан облысыңда қанша аудан болды деп сұрай қалсаң, оны да дәл айта алмайды. Асекең әр колхоздың, әр совхоздың жер көлемін, малының басын, көрнекті адамдарының аты-жөнін жатқа біледі. Менің феномен деп отырғаным сол себептен.
Біз барған Шерхан ағаның тойы өте жақсы, көңілді өтті. Концерт те өз дәрежесінде болды.
Ол кезде Мырзатай Жолдасбеков бауырымыз Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Өмірбек Бәйгелді Жамбыл облысының әкімі еді. Шерханның тойын екеуі басқарды.
Бұл қыркүйектің 12-сі болатын. 15-ші қыркүйек күні Асекеңнің 70-ке толатын өз тойы өтпек. 13-і күні Алматыға қайтуымыз керек. Фатима жеңгей:
– Көбей, айналайын, ағаңды өзіңе тапсырам. Жігіттер қинап, шаршатпасын, басы-қасында бол. Уақытылы алып барып, уақытылы алып кел. Өзің білесің, төрт жарым жыл қапаста азап шекті. Қайбір денсаулығы бар дейсің? Әйтеуір саған сендім. Мен осындағы тойдың дайындығымен болам, − деген жолға шығарып саларда.
– Ойбай, жеңгей, сөз жоқ, Асекеңнің қас-қабағына қараймын, − деп уәде бергем.
Қыркүйектің 12-сі күні той ойдағыдай өтіп, 13-ші қыркүйектің таңы атты. Дастарқан жайылып, таңдаулы кісілермен оңаша отырмыз. Арамызда Өмірбек Жолдасбеков, Тоқтар Әубәкіров секілді әйгілі азаматтар бар. Сағат түскі бірде ұшақ Тараздан Алматыға ұшады.
Сағат он бір болды. Машинамен жүргеннің өзінде Жуалыдан Тараз әуежайына жеткенше 1,5-2 сағаттай уақыт кетеді. Сол себепті біздің жолға шығуымыз керек.
Кешегі тойгершілікті ойдағыдай атқарған Өмірбек пен Мырзатайдың көңілдері көтеріңкі.
– Жо-жоқ, Асеке, сіз бүгін Алматыға қайтпайсыз, осында құрметті қонағымыз боласыз. Кеше Шерханды тойладық, енді бүгін сізді тойлаймыз. Көптен бері сізді сағынып жүр едік, бүгін көзайым болып отырмыз, − деп Өмірбек Бәйгелді ағынан жарылды.
Мырзатай отқа май құя түсіп:
– Оң жағыңызда Өмірбек, сол жағыңызда мен жатам. Терлесеңіз теріңізді иіскеп жатамыз, − деп ол кетті шалқып. Екеуі де елжіреп, шын көңілдерімен қолқа сап жатыр. Оны бәрі біліп отыр.
– Мырзеке, айналайын, бүгін 13-і. Арғы күні бұл кісінің өзінің тойы.
Таңертең Фатима жеңгей телефон соғып, хабарласты. Алматыдағы үйіне Меркеден, Мәскеуден, Шымкенттен, Тараздан, ана жақтан, мына жақтан дос-жарандар, құда-жекжат, ағайын-туыстар кеп жатыр екен. Өзің ойлашы, Асекеңнің мұнда қонақ боп жүргені қалай болады? Біз жүрелік, рұқсат бер? – деп мен шырылдап едім:
– Ештеңе етпейді, келген кісілер далада емес, үйде ғой. Асекеңді ертең өзіміз жеткізіп саламыз. Тіпті тойына бір-ақ апарамыз, − дейді Мырзатай көңілденіп.
Асекең күлімсіреп, үндемей отыр. Мен:
– Мырзеке, сен ойлан, − деп тағы біраз дәлелдерімді айттым. Ырық берер емес. Бұл бір жағынан есте қалар оқиға болса, екінші жағынан Асекеңді ел-жұртының сағынып қалғанын білдіретін оқиға. Мырзатайды да, Өмірбекті де өте жақсы түсінем.
– Жағдайға байланысты көптен бері жөндеп бас қоса алмадық. Асеке, енді ортамызда болыңыз. Сізді сыйламасақ, кімді сыйлаймыз, кімді құрметтейміз? Құлдығыңыз болайық, жаныңызда жатайық. Қолымызға түсе бермейсіз, − деп Мырзатай ырық берер емес.
Олардың көңілі, ниеті – бәрі дұрыс. Егер басқа уақытта кездессе, денсаулығы жақсы болса, өзінің тойы алдында тұрмаса, онда әңгіме басқа. Бір күн емес, тіпті екі-үш күнге де қалуға болар еді.
Әрине, Асекеңнің қайтқысы-ақ бар. Бір жағынан, елді сағынып келгендегі ағайын-туғанның құшақ жая қарсы ап, жайылып жастық, иіліп төсек болғандары, шын пейілдерімен қоғадай жапырылып, қошемет көрсеткендері, тілдерінен бал тамып, Асекелеп небір асыл теңеулерді үйіп-төгіп сөйлеген сөздері жанына жаққан да болу керек. Міне, елім, халқым, жұртым, − деп көңілінің өскені де рас. Екінші жағынан, Мырзатай мен Өмірбек көшедегі адамдар емес қой. Біреуі облысты басқарып отыр, біреуі республикада Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары. Әрі екеуі де жамбылдық бауыры. Меніңше, Асекеңнің үндемегені – оларды сыйлағаны.
Достарыңызбен бөлісу: |