Қара дауылдың, соңы ақ боранға айналып, ақ мұнар арасынан Әулие-Ата атырабына жаңа таң атып келе жатты.
Совдеп мүшелері гарнизонға бас-аяғы бірер сағаттың ішінде жиналып та қалды. Чернышев, Федоров-Заводский, Карев, Цыганок сияқты тарлан большевиктер Степан Хмелевский мен Тұрар Рысқұловты сүйініш хабармен құттықтап, құшақтасып, сүйісіп, кейбіреулері көзіне жас алып, балаға ұқсап айқайлап жүр.
– Жолдастар! – деп дауыстады Тұрар мына жан тебіренткен жақсы қауышушыларды ажыратқысы келмегендей сәл тоқтап тұрып. Жұрттың назары бұған ауғанда, сөзін сабақтады. – Қуаныш құтты болсын! Бірақ Әулие-Ата Уақытша үкіметі әлі құлаған жоқ. Қуаныш үстінде осыны естен шығармайық. Қазір жұбымызды жазбай Уақытша үкіметтің кеңсесіне барып, мүмкіндігінше қан төгіспей, билікті заңды түрде қолға алайық. Уақытша үкіметті таратып, яки құлатып, Кеңес өкіметі орнағанын халыққа салтанатпен жариялауымыз керек. Ол үшін уақытты өзімізге сенімді серік етпесек болмас. Гарнизон солдаттары Уақытша үкімет үйін қоршап алғаны жөн деп білемін. Ал Совдеп мүшелері кеңсеге еніп, Астаховты және оның орынбасарларын, үкімет мүшелерін шақыртып алуымыз керек. Сөйтіп, оларға ерікті түрде биліктен бас тартқызу керек. Оған көнбеген жағдайда ғана қарулы күш жұмсалады. Қалай қарайсыздар бұл ұсынысқа, жолдастар?
– Дұрыс! Дұрыс! – деген айқаймен әлгі қуанышқа мас қауым Тұрарды жерден көтеріп алып, бірнеше әлуетті қол оны аспанға атқылап, қақпақылдап қайта тосып алып, қайта атқылап, жерге әрең дегенде түсірді.
Совдеп мүшелері ойлағандай, Уақытша үкіметтің басшылары үйлерінде жақсы түс көріп ұйықтап жатпаған екен. Большевиктердің әрекетіне қарсы қимыл ұйымдастыру үстінде екен. Уезд комиссары Астаховтың кабинеті толған адам. Үкімет мүшелері тап-тұйнақтай болып, әдеттегі орындарында отыр. Кабинетке кіріп келген бетте Тұрарды таңқалдырған жайт Уақытша үкімет мүшелерінің ұқыптылығы емес, бұлардың арасында имам Ғұмар Халмұрзаев пен шіркеу кеңесінің төрағасы Никодим Калмыковтың отырғанына таң қалды. «Е-е, меньшевик Астахов мырза енді дін қайраткерлерімен ауыз жаласып, мұсылман мен христиан діндерін бауырластырмақ болған екен ғой. Дер кезінде келгеніміз қандай жақсы болған! Әйтпесе, имам мешіттен, поп шіркеуден сарнап берсе, әлі де діншіл халықтың қайсыбір бөлігі бүлік шығарып, әуре көбейер еді...».
– Мырзалар! – деді Степан Хмелевский есіктен кіріп келген бойда. Кейбіреулер орындарынан қопаң-қопаң тұра бастап еді, комиссар Астаховтың қара креслода міз бақпай, былқ етпестен отырғанын көріп, қайтадан орындарына құйрықтарын басты – Мырзалар! – Хмелевскийдің дауысы өзі биік, өзі кең кабинеттің ішінде күмбірлеп шыққанда ол өз дауысын өзі танымай қалғандай жан-жағына, одан соң кабинеттің күмбезді төбесіне қарады.
Дауылды таңның сәулесі әлі кабинет ішіне дари қоймаған, комиссар ордасы сонда да жап-жарық: күмбезді төбеден төмен қарай салбыраған кішігірім шаңырақтай шамдалдың балауыздары самаладай жанып тұр. Комиссар Астахов отырған креслоның тұсындағы қабырғаның кісі бойындай бөлігі қарауытып, қара дақтанып қалыпты. Ол дақтың орнында бұдан сегіз ай бұрын II Николай патшаның портреті болушы еді. Осыдан сегіз ай бұрын, яғни 1917 жылдың 2-наурызы күні күндізгі сағат 2-де II Николай өз қолымен былай деп жазды:
«Мемлекеттік думаның төрағасына Аяулы Ресей-Ананың шын бақыты мен амандығы үшін мен істемеген құрбандық жоқ. Сол себепті тақтан бас тартуға дайынмын. Таққа ұлым отырады, ол кәмелетке жеткенше ез қарамағымда болады, тақ иесінің аталығына менің бауырым, ұлы князь Михаил Александровичті белгілеймін.
Николай».
Тағы бір қолхат:
«Аса сүйікті Ресейдің тыныштығы мен амандығы, бақыты үшін мен өз ұлымның пайдасына тақтан бас тартуға дайынмын. Барлығың да оған сайқалданбай адал қызмет етулеріңді өтінемін.
Николай».
Бұл жолы «бұйырамын» демейді «өтінемін» дейді. Осы хатқа қол қойған соң екі сағаттан кейін тақты ол ұлына емес, бауыры Михаилға қалдыруды өтінеді... Сөйтіп, содан бері ұлан-байтақ Ресейдің сан мыңдаған кеңселерінен II Николайдың портреттері алына бастап еді. Бұл операциядан Әулие-Ата да қалыспаған.
Жыл сайын кеңсенің ішін әктегенде портреттің асты ақталмай қалушы еді. II Николай патшалық еткен жиырма үш жыл ішінде осы портреттің тұсындағы қара креслода қаншама ояз бастықтары отырды – бірақ портреттің астын ақтату біреуінің ойына келмеген. Меньшевик Астахов ояз бастығы емес, ояз комиссары болып Әулие-Атадағы Уақытша үкіметті басқаруға келгенде, әрине, алдымен патшаның суретін алдырып тастады. Кеңсе ішін жаңадан әктетуге неге екені белгісіз, әйтеуір тәртіп бермеді. Содан ұзын қара дақ патшаның әзірейіл көлеңкесіндей болып әлі тұр.
Тұрардың сонда тағы бір аңғарғаны – арқалығы биік қара кресло еді. Тұтас еменнен шабылған ауыр креслоның арқалығында қос бас самұрық бейнеленген. Комиссар Астахов оны байқамаған болып, жотасын сол самұрыққа сүйеп, қазір де былқ етер емес.
Өз дауысын өзі тосырқап, күмілжіңкіреп қалған Хмелевскийге Тұрар жалт қарап, қайрат бергендей болды.
– Мырзалар! Уақытша үкімет құлады. Ендігі жерде өкімет жұмысшылар, солдаттар және шаруалар депутаттары Кеңесінің қолында. Қарсылық көрсетпеулеріңізді сұраймын. Қарсылық көрсету пайдасыз. Сыртта революцияға берілген қарулы солдаттар тұр. Қан төгісудің керегі жоқ! – деп Хмелевский саңқылдап ала жөнелді.
Отырғандардың бірсыпырасы орындарынан ұшып-ұшып түрегелді. Комиссар Астахов міз баққан жоқ.
– Уақытша үкіметтің құлағанын немен дәлелдейсіз?
Комиссар Астахов дауысы қырылдаңқырап, осы сөздерді мейлінше сызданып айтты.
– Біз Ташкентпен байланыстық. Ташкент Кеңес қолында, Петербург те Кеңес қолында, мырзалар. Жағдай солай. Ине қайда болса жіп те сонда болады демекші, енді сіздер де тайып тұрасыздар. Әулие-Ата Кеңес өкіметінің қолында. Осымен сөз тәмәм!
– Бұған халық қалай қарайды екен, оны ойладыңыз ба? – деді Астахов қимылдамай, тек ерні ғана қыбырлап. Үкіметтің басқа мүшелерінде үн жоқ. Тек тықыршып, орындарынан қозғалақтай береді. Имам жарықтық әсіресе шыдамсыз екен, құрдай жорғалап барып, терезеге қарады. Қаптаған солдаттарды көріп: «Астафыралла!» – деп орнына қайта келіп отырды. «Бұл араға қандай ібіліс айдап келді мені?» – деп пүшәйман жеп отыр. Басқалар оның не көріп келгенін үнсіз ұғысты да, бұрынғыдан бетер бұғыңқырап қалды.
– Халық дұрыс қарайды, Астахов мырза, – деп қайырды Хмелевский.
– Халық сіздерге, Уақытша үкіметке өте ызалы, – деп қостады Тұрар. – Халық ғасырлар бойы патша тепкісінен құтылуды армандаған. Патшаның қазір өзі жоқ, бірақ көзі отыр. Ол сізсіз, Астахов!
– Қалайша? Мен демократпын! Абайлап сөйлеңіз, менің монархиямен үш қайнасам сорпам қосылмайды, большевик Рысқұлов!
Комиссар Астахов Керенскийдің әулие аталық көлемдегі көлеңкесі тәрізді еді. Сұр френч киіп, оң қолының бас бармағын омырауына сұғып отыратынына дейін, тіпті шашын тікірейтіп қысқа қырықтыратынына дейін Петербургтегі бастығына еліктейтін.
– Мен абайлап сөйлеймін және әр сөзіме жауап бере аламын. Сіз патшаның құйыршығысыз. Ана отырған креслоңыздағы патшаның гербі – сіздің табынатын ағаш құдайыңыз...
Әу бастан бері сыр бермей сызданып отырған комиссар орнынан оқ жылан шаққандай атып тұрды. Артына бұрылып креслоға қарады. Самұрық құстың қос басы едірейісіп, оған жансыз көзбен тесіле суық қарап қалыпты.
– Мұндай ұсақ-түйекке саяси мән беріп, соны сөз етудің өзі ұят, большевик Рысқұлов. Мен мұны бірінші рет байқап тұрмын, – деп Астахов бері бұрылып мырс еткен болды.
– Енді ол креслоға қайтып отыруға батылыңыз бармас деп ойлаймын, бұрынғы комиссар Астахов. – Тұрар кенет имам Ғұмар Халмұрзаев пен поп Никодим Калмыковқа қарап:
– Құрметті имам! Құрметті шіркеу басы! Орындарыңыздан тұрып, ана креслоны есіктің алдына алып шығуларыңызды ұсынамын, – деді.
Ойда жоқ бұл ұсынысқа Уақытша үкімет адамдары тұрмақ, Совдеп мүшелерінің өзі түсіне алмай аңтарылып қалды.
– Қайталап жатудың қажеті жоқ шығар, мырзалар! Тұрардың бұл сөзі залдың күмбірімен көтеріліп, найзағайдың шарғылындай ес жидырмай сақ-сақ ете қалды. Тұрар ұсынысының мәніне енді түсінген Хмелевский де:
– Кәне, қимылдаңдар! – деп гүр ете түсті.
Имам мен поп көтерген қара креслоның соңынан жұрт табыт соңына ілескендей, ілбіп басып, сыртқа беттеді. Тек Астахов қана тіл-ауыздан айырылып, пері соққандай мелшиіп ұзын үстелдің жанында қаздиды да қалды.
Поп Никодим әдейі істесе де, әлде әдетіне басып істесе де, әйтеуір басынан бас киімін алды. Имам Ғұмардың басынан дөңгелек құндыз бөркі қозғалған жоқ. 1867 жылдан бері жарты ғасыр тапжылмай тұрған кресло-тақ тұңғыш рет орнынан жылжытылып залдан шығарылды.
Меркенің мектебінде мұсылманша пәннің мұғалімі Әліпбек балаларға құдай жолын үйретіп тұрып, Абайдың: «Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек» деген өлең жолын қайталай беруші еді. Балаларға да жаттататын. Жаттауын жаттағанмен сәбилер оның мәніне терең бара бермейтін.
Абай философиясы Тұрарға жылдар аралатып енді жеткендей болды. «Құдай» деп тұрғаны табиғат, жаратылыс, болмыс қой Абайдың. Бір өзгермесе, бір көз талмаса мына қара кресло қозғалмас еді – бұ да өткінші екен, баспалдақты кең есіктің алдына шығарылды.
Қала тұрғындары қайдан хабарланып қалғаны белгісіз, большевиктер мен Уақытша үкіметтің айқасы болып жатыр деген сыбыс бірден бірге тарап, кеңсенің алдына қарақұрым халық жиналып қалыпты. Есіктің алдына әуелі дін басылары үлкен креслоны алып шыққанын көріп бәрі аң-таң. Қайсыбірі қызық көреді, қайсыбірі жаңалық күтеді – әйтеуір бәрі де бір ұлы хабарға құлақтарын түрген.
Тұрар енді бір секунд кешігу ажалмен тең екенін бүкіл жан дүниесімен сезді. Мына қалың қауымды көріп ә дегенде сасып та қалды. Мұнша адам жиналар деп ойламаған. Көше кернеп тұр.
Дәл қазір не имам, не поп, яки уақытша үкімет мүшелері сөз бастап жіберсе, совдеп тізгіннен айырылып қалуы мүмкін.
Ақ боран басылып, аспанның жүзі ашылып, түстікте Алатаудың шыңдары жаңа шыққан күннің нұрымен әрбір шоқы аспанға шаншыла шыққан оты жалаудай алаулап тұр екен. Терек бұталарын тұтып қалған қар түйдек-түйдегімен жерге түсіп жатыр. Ағаш екеш ағашқа дейін кеудесін толтыра дем алып, еркін бір керілген сияқты да, содан ақ қар түйдек-түйдегімен ұшып түсіп жатқан сияқты.
Тұрар осы көріністің бәрін қас-қағым арасында ғана аңғарып, ойланып, сүйсініп жатуға уақыты болмай:
– Степан Кнутович, кәне баста! – деді. – Мұнша халықты әдейі шақырсаң жия алмайсың. Дайын тұрған митинг. Тез баста, әйтпесе сөзден айрылып қаламыз.
– Халықтың дені мұсылмандар екен. Сенің сөйлегенің орынды, Тұрар, – деді Хмелевский шын өтініп. – Бұл жерде тактика да керек. Кәне, сызылысып тұрып алмайық. Жолың болсын, бауырым. – Хмелевский осыны сыбырлап айтып, Тұрарды ақырын арқасынан итермелеп алға шығарды. – Сенен соң орысшасын мен айтамын. Ұстазы болған большевиктің мына ықыласы дем берген Тұрар қолма-қол өзін-өзі қамшылап, он қолын жоғары көтерді.
– Уа, халайық! Уа бауырлар! Мына көтерілген күн – сен үшін ең бақытты күн. Енді аспаныңды бұлт шалмас, қайғы-қасіретің болмас. Дәл қазір залым патша құйыршығы – Уақытша үкімет құлады! Өкімет Кеңестер қолында! Мына қара тақты көріп тұрсың, халайық. Бұл халықты қанаған ұлықтардың тағы. Осы тақтың үстінде отырған ұлықтардың жарлығымен талай заман көзіңнен қанды жас ағып, талай заман жоқшылықтың кебінін тірідей киіп, қан қақсадың. Осы тақтың үстінде отырғандар саған сансыз салық салып, қаныңды сорды. Ашаршылықтан көзің ашылмай, құлақкесті құл болдың. Осыдан сегіз ай бұрын патша құлады. Ә, Құдай, енді жақсылық болғай! – дедің. Бірақ бай – бай күйінде, төре – төре күйінде, кедей – кедей күйінде қалды. Неге? Неге десең, Уақытша үкімет – үстем таптың үкіметі, байлар мен билердің, кулактардың, помещиктердің дәулетін қорыған төбетке айналды. Әне, ана қара таққа қара, халайық! Ол қазір төңкеріледі. Оның төңкерілгені – сенің жотаңнан зіл қара тастың домалап түскені!
Тұрар сәл тыныстап, жан-жағына қарап:
–
Достарыңызбен бөлісу: |