Кәрімбай Қошмамбетов! Семен Карев! Төребек Исабеков! Мына үш солдат, сендер де! Бері келіңіздер! Мына креслоны үйдің төбесіне көтеріп шығып, төңкеріп қойыңыздар! – деді.
Аталған адамдар мен алдыңғы қатарда тұрған үш солдат тез саты қойып, креслоны көк шатырлы еңселі ақ үйдің төбесіне алып шығып, Тұрар айтқандай төрт аяғын аспанға қаратып, төңкеріп қойғанда, баспалдақ үстіндегі күн қатар сияқты қаңылтыр шатырдың кемеріне креслоның ұзын арқалығы асыла берді. Қос бас самұрық құс әлдебір алып мергеннің қанжығасына байланған жыртқыштай салаңдап, төбесімен төмен қарап салбырады да қалды.
«Ура!» – деді солдаттардың арасынан әлдекім. Сол-сол екен: «Ура!», «Жасасын Кеңес!», «Ура!» – деген үнмен араласып, аспанға қарай тарс, гүрс-гүрс атылған мылтық дауыстары естілді. Бұл жеңіс салюті еді. Терек басында отырған қарғалар үдере үркіп, тым-тырақай ұша жөнелді. Имам әлдене айтып айқайламақ болып еді, көптің дауысының астында көмілді де қалды. Әлдеқайдан өзбектің кернейі жар салды. Кенет Кауфман көше бойы жұрт бір-бірімен құшақтасып, біреулер билеп, біреулер көзіне жас алып, қуанғаннан кез келген адаммен құшақтасып көрісе береді.
Әлдебір қаудыраған жаман тон киген адам Тұрарға қарай ұмтыла түсіп, бірақ қалың топтан бері өте алмай, қолын ербеңдетіп:
– Тұрар! Уа, Тұрар! Мен сенің әкеңді білемін. Мен сонау төменгі Таластан келдім, әкең Рысқұл... – деп барып үні естілмей кетті. Қалың топ иін тіресіп, сеңдей қозғалғанда әлгі қаудырақ тон толқынмен бірге кете барды. Тұрардың құлағына «әкең Рысқұл...» – деген ызың талып жеткендей болды.
(Екінші кітаптың соңы)
ماقالانىڭ كەلۋ قاينارى: http://www.elarna.com/kitap_kk.php?id=2058&oku=12848#ixzz4ubni1APC
ەل-ارنا كەسكىندەر ايماعى: http://www.elarna.com/video.php
http://www.elarna.com/kitap_kk.php?id=2058&oku=12848
Достарыңызбен бөлісу: |