Баяғыда Меркенің Төрткүл базарында осы Айбарды Ақкөздің ақжал сары атының үстінде тұрып тұңғыш көргені есіне түсті. Бала қиялмен сонда Тұрар өзін Кутузовқа балап, Айбарды Наполеонға теңеп, қиял дариясын кешіп соғысып еді. Арада жылдар өтіп барып енді сол бала көңілдің бейкүнә қиялы шындық сияқты болғанын да ойлады. Онда Айбар айдарынан жел ескен, тырбық тапал төбесімен аспандағы жұлдыздарды тіреп тұрғандай тарпаң еді. Енді қартайған шағында да шаруасы шалқып, Меркенің кемеріне сыймай, Әулие-Атаның оязы емес, ояздан былай да емес, бүкіл қаланың сауда тағдырын өз қолына тұтып, уақытша үкіметтің бастығы Астаховқа айтқанын істетіп, айдыны шалқып тұрған шақ еді. Енді сол айдын шөлеңге айналған сияқты екен. Мұны көріп, Тұрар жақсы нышанға жорыды.
– Уа, халайық! Жаңа мына Айбар бай: «Жойылсын большевик!» – деп жағын жырта айқайлады. Неге ол большевикті ата жауынан да жек көреді? Неге большевик жойылсын! – дейді? Большевик деген кім өзі? Айбар айтқандай, шыннан қарақшы ма? Шыннан қаныпезер ме? Жоқ, бауырлар! Большевик сенің қорғаушың. Большевик сенің қамқоршың. Айбар жек көрсе, мал ашуы – жан ашуы деп жек көреді. Айбардың қамбаларында алты мың пұт бидай мен ұн жатыр. Ал, осының бәрі сол Айбардың маңдай терімен табылған астық па? Айбардың соқа соңында жүргенін көргендерің бар ма? Орақ орып, белі талып жүргенін көргендерің бар ма? Қырман бастырып, топан жұтып, қаталап жүргенін көргендерің бар ма? Айтыңдаршы, мен сұрап тұрмын ғой, көргендерің бар ма?!
– Жоқ!
– Жоқ! – деген жойқын дауыстан Атшабар алаңы солқ-солқ ете қалды. Шіркеудің пиязбас күмбездеріне, алтын кемерлеріне қонақтап отырған кептерлер зеңбірек үнінен үріккендей дүр- р-р көтеріліп, аспанда апыр-топыр ұшып жүрді.
– Ал ендеше сол Айбардың арам астығы – кедейлердің адал еңбегі. Большевиктер сол астықты шын иелеріне, мына аштан ісіп-кеуіп жатқандарға қайтарып береді. Жылан жылының қаһарына ұшырап, қос қолдарын төбесіне қойып, қоңыз теріп, алғы мен кеурек теріп жеп ашыққандарға бөліп береді.
Тұрар өз дауысының жаңғырығына өзі құлақ салғандай сәл ғана тыныстады да, халық сілтідей тынып қалғанын көріп, сол тыныштықты әлдекім бұзып жібермесін деп, лезде сөзін сабақтап алып кетті:
– Айбардың астығы қамбада шіріп жатқанда, сонау Мерке даласында малы мыңғырып жатқанын біреу біліп, біреу білмейтін шығар. Мәлімет берейін: Айбардың бір басында бес мың қой, мың жылқы бар. Ірі қараны ол кісі көп ұстамайды. Және қойды бес мыңнан асырмайды. Өсімін үстінен кертіп-кертіп, Ташкенттің, Наманғанның, Қоқанның базарларына айдаттырып, алтынға айналдырып отырады. Жылқы да солай. Ал, халайық, сонда Айбардың ерні кезеріп, жалаң болып, табанын тас тіліп, төбесінен күн өтіп, қой соңында жүргенін көргендерің бар ма? А? Көргендерің бар ма?!
– Жоқ!
– Жоқ!
Шіркеу үстінде қалықтап жүрген топ кептер жалт бұрылып, енді Атшабар алаңында тыныштық болмас дегендей, бір бүйірлеп, Қарахан әулие күмбезіне қарай ойыстады.
Қызыл шоқты дауыл үрлеп, алаулатып әкеткендей, енді оны өшіріп, баса алатын дәрмен Астахов үкіметінің, Айбар пәрменінің қолынан келе қоймас. «Қайран Ақкөз, – деді Тұрар есіл сардарды еске алып. – Осы күнді көре алмай, арманда кеттің-ау!»
Бірақ Ақкөздің ісі ада кеткен жоқ. Халық қайта көтерілді. Құрғақ күзде аштық пен сасық көбелек жайлап кеткен. Әулие-Ата атырабына солтүстіктен соққан дауылдың лебі келіп жеткендей екен. Енді кешікпей сол дауылдың өзі де тұратын шығар...
* * *
Әйел бір кезде көзін ашып еді, бағанағы у-шудан белгі жоқ. Тұрар да жоқ, Айбар да жоқ, төбелес тілеп түксиген төбеттер де жоқ. Ат ойқастатқан полиция да көрінбейді, дауылдай дүркіреген қалың халық та сап болған.
Әлгіде бұл Айбардың алқымынан алып, Тұрарға ара түскенде, кенет мылтық атылды. Одан арғысын білмейді, есі ауып құлап қалған екен. Әлдекімдер ауланың ішіне кіргізіп, дуалға сүйеп кетіпті. Көзін ашып, алдымен іздегені – баласы еді, ол жанында отыр екен. Шешесінің көзі ашылғанын көріп, ақырын ыржиып езу тартты. «Құдайға құлдық, енді өлмейді», – деді әйел баласының күлгенін көріп, іші жылып:
– Тұрар көкеңді таныдың ба, құлыным? – деп сыбырлады әйел.
Бала шешесінің сөзін емеуріннен түсініп:
– Бізді алып келген көзілдірікті кісі ме, апа? – деді.
– Иә, құлыным. Ол сенің Тұрар көкең той. Арыстаннан туған асыл ғой. – Әйелдің көзінен жып-жылы жас жылжып, боржыған көгіс бетін жылғалай ағып жатты.
– Мені танымады. Танымағаны жақсы болды. Менің мұндай халге түскенімді білмей-ақ қойғаны дұрыс. Құлыным, – деді баласының басынан сипамақ болып, қол созып. – Құлыным, есіңде болсын. Ол сенің Тұрар көкең. Ол да сендей жоқ-жетім болған. Бауырыма салып, емшегімді ембесе де, ана орнына біраз жыл анасы болып едім. Әлім жеткенше, жаным ашып еді. Осымен екі қатер шағында ара түстім. Мен бейбақтың күнәм көп шығар, бірақ сол екі рет төнген тажалдың бетін тырнап ара түскенім, менің күнәмді жеңілдетер. Айдауға кеткен әкесін күтпей, әзәзілдің тіліне еріп, қайныма қосылдым. Одан сен тудың, құлыным. Ересектердің жолы бұралаң болғанмен, сенің не жазығың бар, құлыным? Сен періштесің ғой. Біліп ал, Тұрар көкең ол сенің! Мен тұра алмай қалсам, білдің бе, құлыным, мен өліп қалсам, кісілерден: «Тұрар көкем қайда?» – деп сұра. Ол сені өлтірмеуге тиіс. Апамның аты Ізбайша де, білдің бе? Өзімнің атым Арман де, білдің бе?!
– Білдім, апа...
– Не білесің, байғұс балам. «Кімнің баласысың, әкең кім?» – деп сұраса: – Рысқұл атамның баласымын де. Молдабектің баласымын деме білдің бе? Молдабекті айтпа. Қай Рысқұл десе, айт: Жылқайдардың Рысқұлы де. Шымыр-Шілмембеттің Рысқұлы де, білдің бе? Ұмытпайсың ба?
– Иә, жаңа көп адамдар айтты той: «Рысқұлов, Рысқұлов» деп. Ұмытпаймын мен. Бізге ауқат берген кісі де: ортақ Рысқұлов, ортақ Рысқұлов дей береді. Оның аты Тұрар болса, неге «ортақ» дейді, апа?
– Ортақ дегені сыйлағаны той, жақсы көріп, айтқаны. Әйтпесе, көкеңнің аты Тұрар. Ұмытпа, ұлым.
– Ұмытпаймын, апа – деп бала анасының бауырына тығылды.
Биылғы аспаннан тамбай қойған жаңбырдың тығыны мына ісіп-кепкен әйелдің көзінен ашылғандай жылғалап жылы жас аға берді, аға берді...
* * *
Тек-Тұрмастың етегінде, Таластың жағасында әлі нілі таймаған жасыл алаңқайда бір үйір жылқы ықтап қалған. Жалын жел желбіреткен торы айғыр үйірдің бас-аяғын жинап, құлын-тайына дейін шашау шығармай, аумақты айнала шауып, кісінеп-кісінеп жібергенде Қамбар атаның өзі жер тарпып жүргендей болады. Қамбар атаның тұяғынан қалған ошақтай ойықтың дерменесі тапталып, киелі шөптің исі әлемді алып кетеді.
Қара сұр бұлт жыртылып, жыртығынан жарқ етіп күн көрінгендей сонау батыста Асаудың арты бетінен Айша-Бибінің күмбезі жарқырайды. Бұлттың жыртығы қайта жамалып, күн көрінбей қалады. Күннің өзі әлгі жыртықтан құлап түсіп, Айшабибі күмбезіне айнала салған сияқты.
Ұлы Таластың інісі Асау өзені ғашықтардың киесі Айша-Бибі Асаудың арғы бетінде, Айша-Бибінің сүйген жігіті Таластың бергі бетінде: екеуін айырып тұрған – екі өзен, екеуі бір-біріне жете алмастан, ынтызар көңілдер көнши алмастан бір-біріне күмбез болып қол бұлғасқан дауылды дүние. Өзендер толқыны солардың арманындай, ешбір өксігі басылмай, таусылып болмай, жүз-жүз жылдар жылап жатқаны таңқаларлық.
Әулие-Ата келбетін тұтас көргің келсе, Тек-Тұрмасқа шық. Генерал Черняев Әулие-Атаны араларда, шаһарды шолу үшін Тек-Тұрмасқа бекер шықпаған. Жергілікті халық оны Шырнай-паша деп кетіп еді. Шырнай-паша дарынсыз генерал емес екен, қақпаның аузын қан қылмай-ақ, шаһардың үстін шаң қылмай-ақ, Әулие-Атаны оп-оңай алған.
Қаланы қанға бөктіру керек пе, керек емес пе? – деп осы Тек-Тұрмаста тұрып бір мезгіл ойға қалған да шығар.
Егер сол жылы Шырнай-паша Таластың жағасынан тек итмұрын мен шоңайна тікенді, тау шеңгел мен шырғанақты ғана көрсе мүмкін, зеңбірекке көбірек қол салуы да... Ал бірақ бүкіл Әулие-Ата зифа теректен желек жамылып тұрады. Тіпті Қарахан күмбезінің езі сол зау теректерден көрінбей қалады. Қарахан күмбезінің айналасы толған мүрде, ұлы зират. А бірақ оларда күмбез жоқ. Оларды арша бұтағына орап көмген. Күмбез астында жатса да Қарахан патша сүйегі қурап күл болып кетуі мүмкін. Ал соның жанында күмбезсіз жатқан Мәмбет батырдың сүйегі шірімейді. Өйткені оның табыт-бесігі жасыл арша.
Қара құстан қорғалап, балапандарын қанатынын астына жасырып алып, шар-шар еткен ақ тауықты көрген адам Әулие-Атаның зифа теректерін көз алдына елестете алады.
– Жігіттер қараңдаршы, біз тарихтың ұлы сахнасында тұрмыз, – деді Тұрар қасындағыларға жан-жақты орай нұсқап. – Ана Алатау мен Қаратау, мына Тек-Тұрмас осы сахна төріндегі декорация сияқты емес пе? Қараңдашы. Бірақ біз ақтар емеспіз, саяси қайраткерлерміз. Революция таяу. Біздің «Қазақ жастары революциялық одағының» кезекті мәжілісін осы оқшау таудың бауырында өткізуді жөн көрдік. Қалада өткізу қауіпті. Санаулы күні сарқылған сайын уақытша үкімет тым қабаған болып барады. Сақтық үшін әдейі осы Тек-Тұрмасты таңдадық.
Күмбездің тұғырындай сұп-сұр сандық тастарға жайғасқан жастар одақ басшысының сөзіне құлақ салған.
– Революциялық жастар одағы өмір сүргелі көп уақыт өтпесе де, едәуір жұмыс жүргізді. Оның бәрін тізіп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Табысымызды ешкім тартып алмайды, алдағы міндет қымбат. Соны ғана тұжырымдайық. Содан соң тез жер-жерге тарап, іске кірісейік.
Тұрар өзінің серіктеріне көз тастайды. Күні кеше көпшілігі әлі оң мен солын танымайтын қызылқанат балапандар сияқты еді, енді мұзбалақ тау қырандарындай ысылған азаматтар отыр. Анау Қабылбек пен Мақсұт, Тұрдалы мен Төребек Меркеден келген
Достарыңызбен бөлісу: |