– Бұл не сонда? – деді Тұрар өзіне өзі. – Көптен күткен сағат шыннан соқты ма?
Тарихи ұлы істер өзі ұйықтап жатқанда болып өтіп кеткендей, ол сол ұлы сәттен құр қалғандай, кенет орнынан атып тұрды. Жастығының астында жатқан шынжырлы сағаттың қақпағын сырт еткізіп ашып, үңіліп еді, сағаттың шынысы ғана күнгірт жылтырап, циферблат көрінбеді. Сипалап жүріп, пиджагінің қалтасынан көзілдірігін алып қарап еді, онда да ештеңе көре алмады.
Тұрар қараңғыда киініп болып, дегенмен сағат қанша екенін білейін деп, ауыз үйге шығып, пештің үстінен ши шақпақ іздеді. Пештің үстін сипалап жүріп, Николайдың суреті салынған сары самаурынның үстіндегі шәйнек қойғыш қондырғыны түсіріп алды. Самаурын үстінен домалаған темір жердегі бос шелекке түсіп, ауыз үйдің іші қаңғыр-құңғыр, азан-қазан болды да кетті. Енді ыдыс-аяқ ешкім тимесе де өзінен-өзі сеңдей соғылысып жатқандай көрінді. Қоржын тамның қарама-қарсы бөлмесінде Сәбденнің қос бойжеткені Сәлима мен Әлима жатушы еді. Солар бөтенше ойлап қалар ма екен деп Тұрар қысылды. Ол сыртқы есіктің ілгішін іздеп, далаға шыға бергенде, қыздар бөлмесінің есігі ашылып:
– Бұл кім? Ағай, сіз бе? – деген Сәлима дауысы сыбырлай да сыңғырлай шықты. Сәлима ұзын іш көйлегі ағараңдап, жақындай берді.
– Иә, мен, Сәлима, ши шақпақ іздеп едім... Сағат қанша болды екен, білейін деп едім.
– Ағатай-ау, әлі түн ортасы ғой, киініп алғансыз ба? – Сәлима пештің үстінен ши шақпақты оп-оңай тауып, бір шиін жағып кеп жібергенде, кішкентай ауыз үйден түнек түріле қашып, сәл-сәтке жап-жарық болып кетті. Ши лезде лып етіп өшіп қалды. Әп-әзір қараңғыны жарқ еткізген, шырпы емес, мына бойжеткеннің танадай көздері сияқты еді. Тәтті ұйқыдан кенет оянған қыздың екі беті албырап, алау леп теуіп тұрғандай, жұп-жұмыр аппақ тамағынан әтірдің әдемі исі шығады. Ұзын ақ жібек көйлектің кеудесі ойнақшып, асау аттай тулап бара жатқан тәрізді.
Аш белінен төмен төгілген қолаң шашты Тұрар амалсыз ақырын ғана алақанымен сипағысы да келіп кетті.
Сол замат шырпы тағы да жарқ етті де, ұрлығы ашылып қалғандай жігіт әлгіде созыла берген қолын жалма-жан кейін тартып ала қойды. Қыздың ғана көздері сиқыр сәуле шашып, қыр мұрынның танаулары делдиіңкіреп, күлімсіреген қызыл еріндердің тасасынан маржан тістер ағараңдап, құлағындағы шеңберлі алтын сырғалар бұлғаңдап тұр екен.
– Жеті түнде қайда барасыз, ағатай, жүріңіз, шырағданыңызды тұтатып берейін, – деп қыз Тұрардың бөлмесіне қарай беттеді.
Сәлима жетілік жез шамның білтесін тұтатты да, шынысының томпақ бүйірін, жұмсақ алақанымен сипалап тұрып, ұясына қондырды. Ұядай бөлменің ішіне қоңыржай әлжуаз сәуле шашырады. Кейде осылай қараңғы түкпірге жетілік шамның жұп-жуас сәулесі шашырағанда, адам жанының тып-тыныш, уайымсыз, қамсыз жатқан түкпіріне де әлденендей нұр себелегендей болады. Ақ жаймалы темір төсек, оңаша бөлме, қараңғы түн, алдында тұрған сұлу қыз... Мына қысқа ғұмырда жиырма екі жыл жасап, оның бәрін дерлік тіршіліктің арпалысымен өткеріп, неше алуан күрес мұхитын кешіп жүріп, бұл дүниеде бейуайым жайбарақат сәт, ұядай үй, жылы төсек, сұлу қыз боларын ол мүлде ойламаған сияқты. Рас, ол әйел жанын түсінбейтін, не түсінгісі келмейтін, әйел баласынан безінер тақуалықтан аулақ. Сұлу қыз, сүйкімді қылық көргенде оның да жүрегін ерекше сыздататын бір-ақ жан бар еді, оның өзі де шындықтан гөрі тек елес, әлдеқашан бір көрген тәтті түс сияқты бір нәрсе еді. Оған қазір де бір ғана сәтке, мына алагеуім, майда мұнарлы бөлмеде дәл алдында тұрған Сәлима сол Наташа сияқты болып көрінді. Алтыншы жылдың аласапыранынан кейін онымен қайтып кездескен емес. Наташа бұл дүниеде адам бейнесінде қалмай, әдемі музыкаға айналып кеткен тәрізді. Ол Тұрардың кеудесінде ылғи да «Полонез» болып ызыңдап, белгі берер еді.
– Ағатай, шешінбейсіз бе? – деді Сәлима көнетоз сұр пальтоның түймесін сипалап тұрып, Тұрардың бетіне жәудірей қарап, сыбырлап қана.
Сол сәт терезе сыртынан гүрс еткен дауыс оқыс естілгені сонша, екеуі де селк ете қалды. Тұрар жүгіріп барып, терезеге үңіліп еді: қап-қара аспаннан тармақ-тармақ тамырымен қопарылған алтын бәйтерек көрінгендей болды. Алтын ағаш бұтақтары, тамырлары салаңдап, қобырап сәл сәт тұрды да, лезде жанып кеткендей жоқ болды. «Күзде найзағай жарқылдағаны несі?» – деп Тұрардың көңілі беймаза. Бір жағынан – қара түнді қақыратқан найзағай, бір жағынан – оңаша үй, сұлу қыз. Адамға тағдыр кейде екі алақанын жұмып тұрып, сый ұсынады. Қайсысын таңдарсың: бос алақанды ма? Олжалысын ба? Зау теректер қинала ыңыранып, діндері сықырлап, ары-бері теңселіп тұр.
Тұрар ескі пальтоның төс қалтасына қол сұғып жіберіп, әлсіз сәулеге шағылысып, жалт еткен сұп-сұр бесатарды сипалап, жеңімен сүртіп, қайтадан төс қалтасына салды.
Бесатарды көріп, Сәлима түсі боп-боз болып кетті де:
Достарыңызбен бөлісу: |