3І. Қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері


І. Қазақ әдебиетті оқытудың өзекті мәселелері



бет2/5
Дата30.12.2021
өлшемі26,88 Kb.
#106917
түріСабақ
1   2   3   4   5
Байланысты:
Әдебиетті оқыту әдіс тәсілдері

І. Қазақ әдебиетті оқытудың өзекті мәселелері

Кемеңгерлікті танудың үш жолы бар:

Бірінші жолы – ойға салып пайымдау.

Бұл – ең ізгі жол...

Үшіншісі – тәжірибе

жолы. Бұл – ең қиыны.



Конфуций

«Әдебиет – сөз өнері». Ол - өнердің бір саласы. Әдебиет пәні де өнер пәні. Әдебиетті ұлағатты адамдар «адамтану құралы» десе, әдебиет пәнін «адам тәрбиелеу құралы» дер едік. Ол жасөспірімдерге әдебиеттанудан, сөз маржандарының қыр-сырын игеруден жай білім ғана беріп қоймайды, ең бастысы, өмірдің ең қымбаттысы, ең асылы – жақсылық пен ізгіліктің ұрығын себеді. Әдебиет пәнінің әр сабағын адам бойындағы асқар арман, әдемі сенім, әсемдік пен сұлулыққа құштарлық тәрізді ең мөлдір сезімдер мен кісілік қасиеттер туралы сырласу сабағы десек те болады. Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүюден елін, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді. Әдебиет арқылы жасөспірімдер алдында еліміздің тарихы, оның ғасырлар қойнауында қалған сөз сандығы ашылады, солар арқылы халық арманы, қиялы, болашақтан күтер үміті, ақ сенімі көрінеді.

Сонымен, әдебиетті оқытудың басты мақсаты – оқушыларды сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы - әдебиетін жан-жақты игерту, сол арқылы имандылыққа, инабаттылыққа, парасаттылыққа, сұлулыққа т.б тәрбиелеу. Әдебиет пәнінің ауқымы да, мүмкіндігі де, маңызы да ерекше болып келеді. Мектепте оқытылатын қай пән болмасын, олардың білім мен дағды, тәрбие беруде өзіндік орны, атқарар маңызы да бар. Дегенмен де әдебиет пәні барлық пәннің анасындай қызмет атқарады. Математиканы меңгеру үшін де сауатты оқи білу керек, оқығанын түсіну, ұғу, айта білу қажет (тарих, география пәндерін былай қойғанда). Әдебиет пәні барлық пәндермен тығыз байланыста болып келеді. Соның ішінде, өзі де өнер пәні болып саналатын себепті, ол бейнелеу өнері, музыка пәндерімен ерекше гармониялық үндестікте жүріп отыруы керек. Сондай-ақ тарих пәні әдебиеттің ең туыстас, бауырлас пәні болып табылады. Бағдарлама мен оқулыққа назар аударған адам бірден осы туыстықты аңғарар еді. Себебі, ақын-жазушы шығармашылығына тоқталмас бұрын, ол өмір сүрген тарихи кезеңнің сипаттамасы, келбеті беріледі. Қай суреткер болмасын, өз заманының жемісі. Ол, ең алдымен, өз заманын жыр етеді, соның келбетін кескіндейді, бейнелейді, шығармашылығы заманына байланысты туады. Оның шығармасы сол өз заманының айнасы болып келеді. Қазақ тілі пәнімен ерекше бауырластығы дәлелдеуді қажет етпейді. Егер әдебиетті көркем бір ғимарат, ғажайып мүсін десек, соны құрайтын заттар – тіл, тіл байлығы; сондықтан бұл екі пәнді бір-бірінен бөліп алып қарастыру дұрыс емес (Әрине, екеуінің өзіндік мақсат, міндеттері туралы бұл жерде сөз жоқ).

Әдебиет пәнінің тағы бір ерекшелігі – оның ойлы, ізденімпаз, өзіндік эстетикалық көзқарасы бар оқырман дайындауында (бұл жерде барлық оқушыны осылай бір бағытта дайындайды деген ұғым тумауы керек). Бұл –- үлкен, қасиетті міндет. Мәдениетті, білімді адамның қай-қайсысы болмасын, оқырман. Атақты физик, математик, геолог, медик, тіпті ғарышкер болмасын, барлығы да оқырман. Оған дәлел – олардың ғылым төріне, биігіне шыға білуі, яғни оқу арқылы, кітап арқылы оқырман бола білуі. Осындай ұлы адамдар естелігін оқып отырғандағы көз жететін бір нәрсе – олардың көпшілігінің білім, ғылымға аяқ басуына әдеби кітап, соған деген ынта әсер еткен. Бұл жерде оқырман деген ұғымды кең көлемде түсінген жөн. Әдеби шығармаларды оқушыларды, әдебиетшілерді ғана «оқырман» деудің аясы тар. Бірақ сол «оқырмандықтың» алғашқы баспалдағы мектептен, әдебиет сабағынан басталатындығы түсінікті.

Әдебиет пәні - өнер пәні, адамтану пәні дедік. Сонымен қатар, әдебиет пәні – жан-жақты ойлантудың, терең ойлаудың пәні. Ең бастысы, әдебиеттің басқа пәннен айырмашылығы – онда дәлелденген ешқандай заң жүйесінің, формаларының, элементтердің, бұлжымас, айнымас, ережелерінің жоқтығы. Орыс әдебиетінде бір ғана Пушкиннің «Евгений Онегиніне» қаншама сын-зерттеулер, монографиялар жазылды. Әр зерттеуші оны әр қырынан қарастырады, өзіндік пікір айтады, себебі зерттеуші ғылыми еңбек жазып отырса да, онда сөз жоқ, өзінің оқырман ретіндегі қабылдауына, сезіміне де орын береді. Қазақ әдебиетіндегі Абай шығармашылығына байланысты Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиевтер еңбектерін былай қойғанда, бүгінгі әдебиетшілер де зерттеулер жазуда. Бұдан шығатын қорытынды әдебиеттің өзіндік ерекшелігінде жатыр. Ол - өнер туындысы. Ол – ұлттық рухани қазына, ол - әлемдік әдебиет пен мәдениеттің бір бөлшегі. Әдебиетті құзырлылық тұрғысында оқыта отырып, жан-жақты дамыған құзырлы тұлға қалыптастырудың бірден-бір жолы.

Ой, ойлану, ойланту барлық пәндерге де керек. Ойсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ бұл жердегі ерекше бір еске алатын мәселе - өзіндік ойлау, өзіндік пікірде жатыр. Әдебиетті оқытуда мұғалім оқушыларға көркем туынды туралы оқулық авторы, не ғалымдар пікірін қайталауды, не соны қаз-қалпында мазмұндатуды мақсат етпеуі керек, ең бастысы, сол көркем туынды туралы оқушы пікірі, ойына ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл пәннің басқа пәндерді оқытудан өзгешелігі де күрделілігі де осында. Басқа пәндерге қарағанда сезім, эмоция, әсер, шабыттану, қиялдау, армандау, еліктеу, әр түрлі психологиялық рең осы пәнде ерекше көрінеді.

Әдебиет – жан-дүниені, он екі мүшені, алпыс екі тамырды түгелдей жайлап, еш уақытта да көзге көрінбейтін сезім қылдары арқылы ақыл иесі – адамды өз ырқына жетелеп алатын қасиетті дүние. Оны оқытудың қызықтығы да, күрделілігі де осында жатыр.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет