411-бап. Тауардың кездейсоқ жойылу қаупiнiң ауысуы
1. Егер сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатушы заң актiлерiне немесе шартқа сәйкес сатып алушыға тауар беру жөнiндегi өз мiндетiн атқарды деп есептелетiн кезден бастап сатып алушыға ауысады.
2. Жолда келе жатқан кезде сатылған тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi, егер шартта немесе iскерлiк айналым ғұрпында өзгеше көзделмесе, сатып алу-сату шарты жасалған кезден бастап сатып алушыға ауысады.
Егер шарт жасасқан кезде сатушы тауардың жоғалтылғанын немесе бүлiнгенiн бiлсе немесе бiлуге тиiс болса және бұл туралы сатып алушыға хабарламаса, тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатып алушының талап етуi бойынша тауар бірінші тасымалдаушыға өткізілген кезден бастап сатып алушыға ауысатындығы туралы шарт талабын сот жарамсыз деп тануы мүмкiн.
Достарыңызбен бөлісу: |