Дәріс сабағының мақсаты: Дәріс сабағында халықаралық жеке құқықтың субьектілеріне түсінік беріледі, түрлері туралы кеңінен айтылады және Қазақстан Республикасындағы шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайлары туралы мысалдар келтіріледі.
1. Әртүрлі мемлекеттердегі шетелдіктердің құқықтық жағдайы. 2. Заңды тұлғалардың құқықтық жағдайы. 3. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың Қазақстан Республикасындағы құқықтық жағдайы. Жеке тұлғаның жеке заңын қолдану аясына жеке тұлғаның азаматтық құқықтық мәртебесі, оның құқығы мен әрекет қабілеттілігі, жеке құқықтары, неке және отбасы қатынастары мен мұрагерлік қатынастарға байланысты құкықтары жатады. Жеке заң екі нұсқада қолданылады: азаматтық заң (ұлттық заң) және тұрғылықты жер заңы. Азаматтық заң — бұл жеке тұлғаның азаматтығы болып табылатын мемлекеттің заңына бағынуды айтамыз. Ал тұрғылықты жер заңы — бұл жеке тұлғаның тұрақты мекенжайы орналасқан мемлекеттің заңын қолдануды айтамыз.
Жеке тұлғаның азаматтық заңы соңғы кездері Еуропа мемлекеттерімен қоса алғанда көптеген мемлекеттерде үстемдік түрде қарастырылып келеді. Бұл азаматтық заңның қолданылуына себеп болған 1804 жылғы тарихи Француз Азаматтық кодексі. Онда шетелде жүрген француз азаматтарының әрекет қабілеттілігі пен азаматтық жағдайы ұлттық заңымен анықталады делінген. Кейіннен «ұлттық заң» мәселелері 1865 жылы Италияның Азаматтық кодексінде, 1896 жылы Герман Азаматтық заңдарында бекітілді.
Қазіргі кезде Норвегия, Дания, Исландия мемлекеттерінен басқа, латынамерикалық (Куба, Коста-Рика, Панама т.б.) және араб мемлекеттерінде (Алжир, Египет т.б.) азаматтық коллизия қағидасын қолданады. Ал англо-американдық құқықтағы домицилия концепциясы басқа құкық жүйелеріне қарағанда ерекше, себебі ол Рим құқығына негізделген. Англосаксондық жалпы құқық жүйесі бойынша пайда болу (шыкқан тегі) домицилиясы мен таңдау домицилиясына бөлінеді. Мысалы, некемен туылған балаға әкесінің домицилиясы, некесіз туылғандарға шешесінің домицилиясы тиісті болады. Таңдау домицилиясын қабылдау үшін тұлғаның ол жерде тұрақты өмір сүру, сонымен қатар, осыған сәйкес ниеті де болуы қажет.
Дж. Чешир және П. Норт бұл тезисті растау үшін екі сот шешімдерін мысалға келтіреді. Біріншіден, шотландиялық азаматтың Үндістанда 25 жыл өмір сүруі, оның келешекте өз еліне қайту ниетінің барлығына байланысты Үндістанның домицилиясын қабылдауы мүмкін еместігі туралы шешімі. Екінші шешімде шыққан тегі Жаңа Шотландия және осы ел домицилиясына ие канадалық тұлға, ағылшын әскери-әуе күштерінде қызмет етумен қатар, осы елде 40 жыл өмір сүруіне қарамастан өз елі Жаңа Шотландияға бір кезеңде оралу ниетіне байланысты. Англия домицилиясын қабылдаудың мүмкін еместігі туралы шешім қабылданған.
Осы домицилияға байланысты, өз көзқарасын М. Вольф былай айтқан: «кез келген тұлғаның домицилиясын анықтау көп жағдайларда оның азаматтығын анықтауға қарағанда күрделі болады. Себебі, домицилия ниетке байланысты, сондықтан оны дәлелдеу қиын. Жалпы, домицилия концепцияларын бір-бірінен әр түрлі мемлекеттер шегінде ғана емес, бір мемлекет ішінде де ажырату күрделі, сондықтан да соңғы кездері Халықаралық жеке құқықта жеке заңның аралас жүйесіне өту тенденциясы жүріп жатыр».
Осыған мысал ретінде тұлғаның жеке мәртебесіне оның азаматтық заңын колданатын мемлекеттердің бірі Францияны алуға болады, сонымен қатар некені бұзу да ерлі-зайыптылардың азаматтық заңдарымен қаралады. Ерлі-зайыптылар әр түрлі мемлекеттердің азаматтары, яғни азаматтықтары әр түрлі болса, онда олар некені бұзу кезінде екі мемлекеттің құқығына жүгінулеріне тура келеді. Соның негізінде, бір жұбайының қарсылығынан неке бұзылмай қалатын жағдайлар болды.
1930 жылы Италияда алғаш рет неке бұзудың шекті жағдайларына рұқсат беру туралы Заң қабылданды. Осындай азаматтық заңға байланысты қайшылықтардың негізінде сот тәжірибесі бас нормаларды сақтай отырып (некені бұзу кезінде ерлі-зайыптылар азаматтық зандарына бағынады), субсидиарлық коллизиялық норма жасап шығарады: егер ерлі-зайыптылардың жалпы, ортақ азаматтықтары болмаса, онда жеке заңның екінші нысаны - тұрғылыкты жер (домицилия) заңына бағынады.
Осыған орай, Латын Америка мемлекеттеріне ортақ азаматтық қағида мен тең дәрежеде домицилия қағидасын қолданатын Бусманте кодексін қарастыруға болады. Осы кодекстің 7-бабына сәйкес: «Бұл келісім шартқа отырған мемлекеттер өз жеке заңы ретінде домицилия заңын немесе азаматтық заңын қолданулары тиіс».
Қазіргі кезде мемлекеттердің көпшілігі жеке заңның аралас жүйесіне өтуде. Өйткені, онда реттеудің әр түрлі жолдары қарастырылған. Сондықтан, жеке заңның аралас жүйесіне ену халықаралық жеке құқықтың дамуында үлкен маңызды рөл атқаруда. Соңғы кездері жеке заңның аралас жүйесі халықаралық жеке құқықтың барлық жаңа кодификацияларында бекітілген. Мысалы, 1979 жылғы Венгрияның «Халықаралық жеке құқық туралы» Заңында жалпы ереже ретінде бұл Заң «жеке заңды» қолданады. 10-бапқа сәйкес: «Адамның құқық қабілеттілігін, әрекет қабілеттілігін және жеке мүліктік емес құқықтарын, сондай-ақ жалпы жеке мәртебесін оның жеке заңына сәйкес қарастыру қажет». Осы заңнамада жеке заңның келесі түсінігі берілген: біріншіден, жеке заң — осы тұлға азаматы болып табылатын мемлекеттің заңы, екіншіден, бұл заң тұлғаның тұрақты тұратын мекенжайы орналасқан мемлекеттің заңы. Дәл осылай, отбасы және неке қатынастары, мұрагерлік қатынастар қаралады.
Қазақстанның коллизиялық құқығы да осы жолмен дамып келеді. Әдетте, қазақстандық құқықта кеңестік кезенде жеке заңның тұрғылықты жер заңы нысаны қолданылған. Алғаш рет 1991 жылғы Негізгі заңнамада жеке заң азаматтық заң негізінде қарастырылған: шетелдік азаматтың әрекет қабілеттілігі ол азаматы болып табылатын мемлекеттің заңымен аныкталады. Аталған үрдіс Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық кодексінің «Халықаралық жеке құқық» бөлімінде дами түсті. ҚР АК-де «Жеке тұлғаның жеке заңы» атты арнайы 1094-бап бар. Бұл бапта жеке занды анықтаудың әр түрлі жағдайлары қарастырылған. Осы кодекстің 1094-бабы 1-тармағына сәйкес жеке тұлғаның азаматтық әрекет қабілеттігі ол азаматы нақты отаны болып табылатын мемлекеттің заңымен анықталады. Әдетте, тұлғаның бірнеше азаматтығы, яғни ол екі немесе одан да көп мемлекеттің азаматы болған жағдайда, аталған тұлғаның жеке заңын азаматтық заң нысанында анықтау күрделенеді. Бұл жағдайда кейбір мемлекеттер мұндай мәселелерді әр түрлі жолдармен шешеді. Мысалы, Австрия және Түркияның Халықаралық жеке құқық туралы заңына сәйкес: «егер тұлға бірнеше мемлекеттің азаматы болса оның жеке заңы болып, «байланысы жақынырақ» мемлекеттің заңы табылады». Сондай-ақ, ТМД-ға мүше мемлекеттер азаматтық заң жобаларын жасау кезінде жеке тұлғаның жеке заңы азаматтық заңымен анықталатынымен қосымша ретінде келесі ереже қарастырылған: «егер тұлға екі немесе бірнеше мемлекеттің азаматы болып табылса, онда оның жеке заңы ол «жақынырақ байланыстағы» мемлекеттің заңымен анықталады».
ҚР АК-нің 1094-бабы, 2-тармағына сәйкес азаматтығы жоқ тұлғалардың жеке заңы ол тұрақты тұратын, яғни тұрғылықты жері орналасқан мемлекеттің заңымен анықталады. Осы баптын 3-тармағына сәйкес, босқындардың жеке заңы оларға баспана берген мемлекеттің заңымен анықталады. Сонымен қатар, қазақстандық құқыққа Қазақстанда әрекет қабілетсіз деп танылған, әрекет қабілеттілігі кеткен не өлді деп жарияланған тұлғалар да бағынулары тиіс. Мұрагерлікке байланысты қатынастар ҚР АК-нің 1121-бабына сәйкес мұра қалдырушының соңғы тұрақты мекенжайы орналасқан мемлекеттің заңымен реттеледі.
Халықаралық актілерге көңіл аударар болсақ, Азаматтық, отбасы және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы ТМД елдерінің 1993 жылғы Конвенциясы жоғарыда аталған азаматтық мәселелер бойынша қажетті құжат болып табылады. Себебі, бұл конвенцияда алғаш рет көп жақты көлемде құқық қабілеттілік, әрекет қабілеттілік және домицилия мәселелерін шешудің жағдайлары қарастырылған. Сонымен, жеке заңның аралас жүйесіне өту халықаралық жеке құқықтың қазіргі кездегі дамуына үлкен үлес қосуда.
Жеке тұлғаның құқықтық мәртебесі туралы мәселе әдетте тұлға бір уақытта екі мемлекеттің азаматы болған кезде (қос азаматтық) күрделенеді. Мысалы, әке-шешесі қазақстандықтар болып табылатын жаңа туылған бала шетелде, яғни бұл ел заңы бойынша өз жерінде туылғандардың барлығын мемлекет өз азаматтарына жатқызатын мемлекет аумағында туылған жағдайда. Бұл жерде Қазақстан заңы бойынша қазақстандық ата-анадан туылған бала Қазақстан азаматы болып табылады. Жеке тұлғалардың азаматтық құқықтық қатынастағы құқықтық жағдайы оның құқықтык, қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігі арқылы анықталады (ҚР АК 1095-6). Бірақ бұл екі қабілеттіліктер кейбір кұқық жүйелерінде терминологиясы бойынша ерекшелінеді. Англия мен АҚШ-та құқықтық қабілеттілік пен әрекет қабілеттілігі бір терминмен анықталады - «құқық қабілеттілігі». Қазіргі уақытта заң әдебиеттері мен сот тәжірибесінде көбіне «пассивті құқықтық қабілеттілік», яғни ағылшын заңгерлерінің түсінігімен құқықтық қабілеттілік және, құқық актілерін шығару қабілеттілігі, яғни әрекет қабілеттілігі терминдері жиі колданылады. Франция мен Англияда әрекет қабілеттілігі мен құқық қабілеттілігінің араларында нақты терминологиялық ерекшелік жоқ. Француз азаматтық кодексінде құқықтық қабілеттілік пен әрекет қабілеттілігі, яғни «қабілеттілік» деген бір ғана терминмен аталады. Сот тәжірибесінде және заң әдебиеттерінде әрекет қабілеттілік пен құқық қабілеттілігінің арасында айырмашылықтар көрсетіледі. Француз және ағылшын құқығынан ерекшелігі, Герман азаматтық құқығында үш термин қолданылады, ол «әрекет кабілеттілігі», «құқық қабілеттілігі» және «деликт қабілеттілік».
Деликт қабілеттілік — бұл азаматтардың құқыққа қайшы әрекетінің негізінде келтірілген шығынға азаматтық-құқықтық жауапкершілікте болу қабілеттілігі. Деликт қабілеттілікті әрекет қабілеттілік сияқты жеке жағдайларда қолдану Герман құқығының ерекшелігі болып табылады. Ал Ресей Федерациясында құқықтық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігінен басқа мәміле қабілеттілігі (сделкоспособность) пен деликт қабілеттілігі (деликтоспособность) терминдері қолданылады.
Қазақстан Республикасында құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігі туралы мәселе Қазақстан Республикасы аумағындағы шетел азаматтары немесе шетелде жүрген қазақстандық азаматтарға қолданылған кезде қозғалады. Сондай-ақ, бұл мәселе апатридтер мен бипатридтерді сипаттау кезінде қолданылады. Қазақстан Республикасы заңнамаларында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың (апатрид) құқықтық жағдайын сипаттайтын нормалар бар. Ал бипатридтерге келетін болсақ, бұл тұлғалардың құқықтық жағдайы туралы мәселе толық түрде бекітілген жоқ. Сондықтан да, бипатридтердің құқықтық жағдайы туралы коллизиялық мәселелер туған жағдайда халықаралық келісім шарттар негізінде немесе заң ұқсастығын (аналогия закона) қолдана отырып, ұлттық коллизиялық заңнамалармен шешу керек.
Жеке тұлғаның құқықтық жағдайы тұлғаның жеке заңы арқылы анықталады. Жеке тұлғаның жеке заңы өз алдына азаматтық заң және тұрғылықты жер заңы болып белінеді. Азаматтық заң - жеке тұлға азаматы болып табылатын мемлекеттің құқығын колдану, тұрғылықты жер заңы — бұл жеке тұлғаның тұрған жері, яғни мекенжайы орналасқан мемлекеттің құқығы қолданылуы болып табылады. Әр түрлі құқық жүйелерінде жеке заңға әр түрлі көзқараста қаралады: мысалы, «жалпы құқық» мемлекеттерінде (АҚШ, Ұлыбритания) азаматтың тұрғылықты жер заңы қағидасын қолданады, ал «континенталдық құқық жүйесі» мемлекеттерінде (Франция, Германия), сонымен қатар Қазақстан Республикасы азаматтық заң қағидасын басшылыққа алады. Жеке заң азаматтың құқық, қабілеттілігі мен әрекет қабілеттігін, неке мен отбасы және мұрагерлік қатынастардағы жеке мүліктік емес құқықтарын анықтау үшін қолданылады. Соңғы кездері кептеген мемлекеттер заңнамаларында жеке заңның «аралас» жүйесі бекітілуде: Халықаралық жеке құқық туралы көптеген зандарда.
Қазақстан Республикасында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар қазақстандық азаматтармен теңдей азаматтық әрекет қабілеттіліктеріне ие. Жеке тұлғаның әрекет қабілеттілігінің коллизиялық мәселелері көбіне әр түрлі мемлекеттердің заңдары әрекет қабілеттілігі жасын, яғни кәмелетке толу жасын әр түрлі белгілеу салдарынан туындайды. Мысалы, Франция Азаматтық кодексінің 488-бабына сәйкес толық әрекет қабілеттілігі 18-жастың соңғы күні біткен кезде пайда болады. Ал, Англияның 1969 жылғы отбасы құқығын реформалау туралы заңында адам 18 жасқа толған күні кәмелетке толды деп есептеледі. АҚШ штаттарында кәмелетке толу жасы әр түрлі белгіленген, ол 18 жас пен 21 жас аралығы. Қазақстан Республикасында ҚР АҚ-нің 17-бабына сәйкес адам кәмелетке 18 жасқа толғанда ие болады. Сонымен қатар, кәмелетке толғандардың әрекет қабілеттілігін шектеу де мемлекеттерде бірдей бола бермейді. Францияда кәмелетке толмағандардың құқықтық жағдайын көптеген азаматтық заңнамалар реттейді.
Германияда азаматтық занға сәйкес жеті жасқа толмаған бала толық түрдегі әрекетке қабілетсіз болып есептеледі. Жеті жастан он сегіз жасқа дейін әрекет қабілеттілігі шектеулі. Жалпы ереже бойынша бұл жаста бала заңды өкілінің рұқсатымен мәмілелер жасай алады. Ал кейбір мәмілелерді өзі жасауға құқылы. Англияда адам 18 жасқа толғанға дейін кәмелетке толмаған болып саналады, ал әрекет қабілеттігін шектеу оның жасына байланыссыз танылады. Жеке тұлғаның әрекет қабілеттігін Италияда итальян статутариясы кезінде жеке заң бойынша анықталған. Континенталдық Еуропа мемлекеттерінің көпшілігінде азаматтық заң қағидасы және ағылшын «жалпы құқық» мемлекеттерінде домилиция заңы қолданылады. Мұның маңызы мынада, егер тұлға өз жеке заңы бойынша әрекетке қабілетті болса, онда ол кез келген жерде де әрекетке қабілетті болып танылуы тиіс. Сондай-ақ, егер жеке заңы бойынша әрекетке қабілетсіз болса, онда басқа жерлерде де солай саналады.
Заңнамалар мен сот тәжірибелерінде келтірілген ережелердің біріншісі ғана қолданылады: жеке заң бойынша тұлға әрекетке қабілетті деп танылса онда кез келген елде ол солай танылуы тиіс. Бірақ жеке заңы бойынша әрекетке қабілетсіз деп танылған тұлға басқа мемлекеттерде дәл осындай формада таныла бермейді. Егер жеке заңының мазмұны мәміле жасалған мемлекеттің заңнамасына сәйкес келмесе сауда айналым мүддесі шетел азаматының мәмілеге отырған кезінде өз жеке заңына сілтеме жасап дауласуына келіспейді.
1804 жылғы Франция Азаматтық кодексінің 3-бабына сәйкес шетелде жүрген француздардың азаматтық жағдайы мен қабілеттілігіне байланысты мәселе тұлғаның өз ұлттық заңына сәйкес шешілуі тиіс. Осы біржақты коллизиялық нормадан француз тәжірибесі екі жақты коллизиялық норма шығарды: «жеке тұлғаның азаматтық жағдайы мен қабілеттілігі оның ұлттық заңы арқылы анықталуы тиіс». Бірақ, кейіннен бұл коллизиялық қағида шектелуге тиіс болды. Өйткені 1861 жылы француз кассациялық сотының жеке заңы бойынша кәмелетке толмаған 22 жастағы мексикандық, бірақ француз заңы бойынша кәмелеттік жасқа толған баланың француз жерінде сатып алу-сату мәмілесін жасасу құқығы туралы дауды шешу кезінде қайшылық тудырды. Қалған еуропалық, мемлекеттерде жеке тұлғаның әрекет қабілеттілігінің мәселесі азаматтық заң қағидасын басшылыққа ала отырып шешеді.
ҚР АҚ-нің 1015-бабы 2-тармағына сәйкес жеке тұлғаның әрекет қабілеттілігі оның жеке заңы арқылы анықталады. ҚР АҚ-нің 1095-бабы 3,4,5-тармақтарына сәйкес шетелдік азаматтардың әрекет қабілеттілігі оның жеке заңы арқылы анықталу қағидасына үш шектеу бар. Олар: біріншіден, Қазақстан Республикасы аумағында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың мәміле жасау мәселесі, яғни, шетелдік азамат Қазақстанда сатып алу-сату, кепіл, айырбастау және басқа да келісімшарт жасасқаннан кейін өз жеке заңына сілтей отырып яғни жеке заны бойынша тиісті жасқа толмауына байланысты жасалған келісімшарттардың дұрыстығы мен заңдылығына дауласа алмауы. Екіншіден, Қазақстан Республикасы аумағында шетел азаматтарының зиян келтіру салдарынан туған жауапкершілігінің азаматтық әрекет қабілеттілігін қазақстандық құқықпен анықтайды. Үшіншіден, Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының немесе азаматтығы жоқ тұлғалардың әрекет қабілеттілігін шектеу, оларды хабар-ошарсыз кетті немесе қайтыс болды деп тануды Қазақстан Республикасының заңнамасы жүзеге асырады.
Халықаралык келісімшарттарға келетін болсақ, Қазақстан Республикасымен жасалған кейбір келісімшарттар, дәлірек айтқанда құқықтық көмек көрсету шарттарында келісімге отырған бір мемлекеттің азаматтары осы шартқа отырған басқа мемлекеттің аумағында сол мемлекеттің азаматтарымен теңдей жеке және мүліктік құқықтарының қорғалулары туралы бекітілген.
Құқықтық көмек көрсету туралы келісімшарттар құқық қабілеттілігінің тоқтатылуы туралы мәселелерді қарастырған. Азаматтарды қайтыс болды деп тану туралы істерді шартқа отырған әр мемлекеттің соттары өз елі азаматтарына өз заңдарын қолдана отырып шешеді. Азаматты қайтыс болды деп тану туралы істерді оның мекенжайы орналасқан мемлекеттің соты да (қайтыс болған адамның жақындарының өтінішімен) қарай алады. Мысалы, Болгарияда тұратын қазақстандық азаматтың хабар-ошарсыз кетуіне байланысты әйелінің өтініші бойынша істі Болгарияның соты немесе Қазақстан соты қарауға құқылы. Бұл жағдайда істі қараған мемлекет өз заңын қолданады.
1993 жылғы 22 қаңтардағы ТМД еддерінің құқықтық көмек көрсету жөніндегі азаматтық, отбасы және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар туралы конвенциясында азаматтарды хабар ошарсыз кетті және қайтыс болды деп тану, сонымен қатар, қайтыс болу фактісін анықтау туралы істерді соттар жоғарыда көрсетіліп кеткен құқықтық көмек көрсету туралы келісімшарттарда белгіленген тәртіптер негізінде шешеді. Құқықтық көмек көрсету туралы келісімшарттарда жеке тұлғаның әрекет қабілеттілігі ол азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен анықталады. Олай болса, мысалы, Болгария немесе Францияда қазақстандық азаматтың әрекет қабілеттілігі қазақстандық заңнама бойынша анықталады. Әдетте, тәжірибеде қолайлы болу үшін кейбір келісімшарттар ұсақ мәмілелер жасалуына байланысты тұлғаның әрекет қабілеттілігін анықтау мәміле жасалған мемлекет заны бойынша анықталады. Шындығында да, дүкеннен күнделікті ұсақ затты сатып алу үшін сатып алушы шетелдік азаматтың ол азаматы болып табылатын мемлекеттің заңына сәйкес оның әрекет қабілеттілігін әркім тексере беру мүмкін емес.
1993 жылғы 22 каңтардағы ТМД елдерінің құқықтық көмек көрсету және азаматтық, отбасы және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар туралы конвенциясында жеке тұлғаның әрекет қабілеттілігі тұлға азаматы болып табылатын осы шартқа мүше-мемлекеттің заңнамасымен анықталады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары: 1. Халықаралық жеке құқықта жеке тұлғалардың құқықтық жағдайы.
2. Жеке тұлғалардың санаты.
3. Халықаралық занды тұлға ұғымы. Трансұлттық бірлестіктер.
Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі: 1. Ляликова Л.А. Транснациональные корпорации и проблема определения их национальности. Сов. Ежегодник международного права.1981. М.,1992.
2. Ладыженский А.М. Теория национальности юридических лиц в международном частном праве. Сов. Ежегодник международного права. 1964-1965. М.,1966.
3. Баратянц Н.Р. Богуславский М.М., Колесник А.Н. Современное международное право: иммунитет государства. М., 1989.