Көркем шығарманы талдаудың бір түрі-әңгіме әдісі. Бұл класта көркем шығарманы талдау жұмысы сұрақ-жауап түріндегі әңгіме әдісімен жүргізіледі.Мұғалім текст бойынша сұрақ беріп, оқушыларды әңгімеге шақырады. Сұрақты мұғалімге оқушылардың қоюы да ықтимал.Мұндайда оқулық-хрестоматияда берілген сұрақтар мен тапсырмалар пайдаланылады. Сырт қарағанда, дайын сұраққа оқушылардан жауап алудың еш қиындығы жоқ сияқты. Бір сұраққа толық жауап алу үшін оқушыға оның төңірегінде бірнеше жанама сұрақ берілетіндігін, оқушы жауабының сапалы, жүйелі болмағы мұғалім қойған сұрақтарға байланысты болатындығын ескерсек, бұл әдістің өзіндік жауапкершілігі бар. Көркем шығарманы оқып үйренудің тиімділігін арттыруда техникалық құралдары, оның ішінде қысқа метражды кинофильмдер мен диафильмдерді, пластинкаларды, магнитофон ленталарын, эпидиаскоптарды пайдалануға болады.
Осы тәрізді көркем шығарманы музыкамен байланыстырып өтуге болады. Сондай байланысты программа міндеттегенімен орыс мектептеріндегідей фотохрестоматия қазақ мектептері үшін жасалған жоқ. Алайда, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып көркем шығармамен музыканы байланыстырған жөн.
Бұлар – оқушылар зейінін жаңа сабаққа текст оқып үйрену жұмысына жұмылдырушы тәсілдер. Оларды сабақта орнымен пайдалану – оқушыларға текст мазмұнын жете меңгертудің кепілі.
Сөйтіп,текст оқып үйренуге байланысты кіріспе жұмыстардың түрлері көп, әрі мұның өзі оқушыларды сабаққа бірден жұмылдырудың ең бір жуапты кезеңі екендігін көреміз. Сондықтан аса жауапкершілікпен қараған жөн.
Бақылау сұрақтары:
Әдеби білім берудің алғашқы сатысы не?
«Әдебиеттік оқу» пәнін оқыту қандай негізде жүзеге асады?
Әдебиеттер:
С. Желдербаева. Мәнерлеп оқу, А., 1992
Т.М.Әбдікәрім. Әдебиеттік оқу, А., 2014
Ә. Дайырова, С. Тілешева. «Әдебиеттік оқу кітабына» методикалық нұсқау, А., 1982
Б.Т. Қабатай, С.Р.Рахметова, Ә.С. Амирова, А., 2013
С.Рахметова, Қазақ тілін оқыту әдістемесі, А.,1991
3-4 дәрістер. Әдебиеттік оқу сабақтарында оқушылардың оқу дағдыларын қалыптастыру жолдары
Жоспар:
1. Әдебиеттік оқу сабақтарында
2. Әдебиеттік оқу сабақтарында оқушылардың оқу дағдыларын қалыптастыру жолдары
Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдысын қалыптастыру- осы сатыдағы білім мазмұнының құрамдас бөлігі.Оқу сапасы, атап айтқанда, дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп оқуға төселдірудің негізгі жолы – жаттықтыру әдісі.Әрбір сабақта мәтінді оқуға жаттықтыру арқылы баланы мәнерлеп оқу деңгейіне жеткізу мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Оқу дағдысының қалыптасуы балаларға ұсынылатын материалдың түсініктілігіне, жеңілдлігіне және қызықтылығына байланысты екендігін бірқатар ғалымдар(Н.А.Рыбников,С.Жиенбаев, т.б.) өз еңбектерінде дәлелдеп көрсеткен.
Баланы дұрыс, түсініп, шапшаң және мәнерлеп оқуға үйрету мәтінді дұрыс қабылдауына, нақтылап айтқанда, мәтін бойынша дұрыс жұмыс жүргізілгенде мүмкін болады.Көркем мәтін – әсемдік, әдемілік, сұлулық әлемі.Баланы осы әсемдік әлеміне жетелеу, сапалы оқу қалыптасқанда ғана мүмкін болады.Сауатты оқушыны мәтіннің көркемдік айшықтары баурап алады, жанын нұрландырады, әсемдікті тани білуге баулиды, сүйе білуге үйретеді.
Шығарманы мәнерлеп оқу деңгейіне жеткен оқушы шығарманың сұлу, тұтас бітіміне енеді, сол арқылы кейіпкер бойындағы ізгілік, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді тани алады.Мұның өзі баланы биік адамгершіллікке бастайды.Демек, бастауыш сыныптарда оқу сапасын қалыптастыру және дамыту оқушының жеке тұлғалық бітімінің айқын көрсеткіші. Баланы дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп оқуға баули алсақ – пәндік құзыреттілікке қол жеткіземіз.
Әдіппеден кейінгі кезең материалдарын оқыту кезінде іштен оқуға дағдыландыра бастайды.Іштен оқуға үйретудің маңызы зор.Тек дауыстап оқуға үйренген бала мектептің геізгі білім жүйесіне көшкен көп қиындығына кездеседі.Біріншіден, оқушы сабаққа дайындалу үшін жеке өзі ғана болуы керек.Дауыстап оқып отырса, қалған оқушыларға зиян тиеді.Екіншіден, оқу шапшаңдығы дамымайды.Дауыстар оқығаннан гөрі іштей оқу жылдамдығы артады. Оқушының іштей оқуға қаншалықты төселгенін байқау үшін түсінуге жеңіл материалдарды іштен оқуға беріп, оқып шыққан соң әдіс-тәсілмен түсінігін байқау жұмыстарын жүргізген дұрыс. Мұғалім бұл оқудың екі түрін де іске асыру кезінде оқу сапаоарына назар аудару керек.Оқу сапаларына жататындар: дұрыс оқу, түсініп оқу, мәнерлеп оқу, шапшаң оқу.
Мәтінді дұрыс оқу жеке сөйлемді дұрыстап оқудан тұрады.Дұрыстап оқу үшін төмендегідей талаптарды орындауы керек.
1.Сөзді оқығанда әріптен оқымай, буындап, буындарды жалғастырып оқу: то-қу, ша-на-лар.
2.Оқып тұрған сөздің алдына не артына немесе ортасына артық дыбыс қоспай, не түсірмей оқу, ұқсас дыбыспен ауыстырмай оқу.
3.Бір дыбысты не буынды ұзақ созып немесе екі рет айтпау:аа-на, баа-ла, а-на-на, ба-ба-ба,т.б.
4.Бір сөздің орнына екінші бір сөзді (мағынасына сәйкес келетінін) айтпау, сөйлем соңындағы сөзді, буынды жұтып қоймау.
5.Ұқсас дыбыстарды, тіл келмейтін дыбыстарды ауыстырмау.
Дұрыс оқудың негіздері алғашқы оқу-жазуға үйрету кезінде-ақ қалана бастайды.Осы кеде мұғалім әрбір жеке сөзді балаларға жеке әріптеп оқытпай, буындап оқуға жаттықтырғаны жөн, бірақ мұнда балаларды сөздің сыртқы түрін ғана меңгеріп, мағынасын жаңылыс ұғынудан немесе тіпті түсінбей оқығанда қателессе, дереу түзетіп, оған қиын тиген сөздерге талдау жасап отырудың дұрыс оқуға дағдылану үшін пайдасы зор. Бастауыш сынып оқушыларының оқу сабақтарында жіберетін қателерін тоатап көрсетсек, төмендегідей:
1.Әріп, буын немесе сөз қалдырып кетіп оқушылық.
2.Кейбір буындарды, сөздерді екі рет қайталап, ежелеп оқитындар.
3.Тілі келмегендіктен немесе әдеттеніп кеткендіктен бір әріпті екінші әріппен алмастырып (онда –оңға), күзет-күжет, т.с.с.) оқиды.
Мұндай кемшіліктерді мұғалім алдын ала есепке алып, түзету жолдарын ойластырады. Тәжірибелі мұғалімдер оқушыларды дұрыс оқуға үйрету үшін мынадай жұмыстар ұйымдастырады:
1.Оқушыны кітап оқуға жаттықтырып, дағдыландырады. Мұндай жаттықтыру жұмысының түрлері әрқилы.Бірде оқулықтың өзінен әр оқушыға арнаулы тапсыпмалар береді; екінші бір жағдайда карточкалар жасап, соларды әрқайсысына оқытып дағдыландырады; енді бір дидактикалық материалдарды пайдаланады.
2.Осындай жұмыстарды орындау үйге де тапсырылады.
3.Қатені оқыған сөздерді буынға бөліп оқытады немесе тақтаға буындап жазып көрсетіп, дұрыс оқуды талап етеді, ол сөзге талдау жасайды, түрлі сызбалар бойынша мәтін ішіндегі сөздерді тауып, топтап, жіктеп жазу, т.б.с.с.
4.Қате оқыған сөздерді қайта оқыттырады.
5.Қате оқыған жерін сыныпта тыңдап отырған оқушыларға түзеттіреді.
6.Жаңылтпаштар айтқызып жаттықтырады.
7.Көрсеткіш таяқшаны қолданады.Бұл зейіндері тұрақсыз немесе көздері нашар көретін оқушылар үшін пайдалы және оқып отырған сөздерінің кітап бетінің қай жерінде екеніне бағыт береді, сөзді дұрыс оқуға көмектеседі.
8.Оқығанда орфоэпия заңын басшылыққа алып отырады.
Басқа тілдердегі сияқты, қазақ тілінде де орфографиялық және орфоэпиялық заңдар бар.Ол заңдар оқушыларды дұрыс сөйлету мен дұрыс оқытуда басшылыққа алынады. Ал оқушыларға жаңа сөздердің мағынасын түсіндіру үшін, сөздерді тақтаға жазып көрсету қажет болғанда, олар тек орфография ережесіне сай жазылады. Мысалы, ақ ешкі. Мұндай сөздерді оқығанда ағешкі деп айту керек екенін ескертіп, мұғалім балаларды солай оқытып үйретеді.
Түсініп оқу дегеніміз оқушының оқыған мәтінінің мазмұнын анық, терең ұғынуы болып табылады.Бұл әр сөздің, сөйлемнің мағынасын түсінуден, әр бөлімді логикалық, психологиялық жағынан байланыстырудан келіп шығады. Оқығанын толық түсіну балалрдың мәтіндегі басты ойды айыра алуларынан, оның мазмұнына өзінің көзқарасын білдіруінен көрінеді.
Түсініп оқуда балалардың назары шығарманың идеялық мазмұнына аударылады.Түсініп оқу барысында оқушыларда елес, ұғым, бейне, жоғары сезімдер пайда болады. Түсініп оқуды жүзеге асыруда алғашқы кезде балаларға жеңіл, өздері түсіне алатын, сюжетті мәтіндер оқытылады.
Оқушыларды түсініп оқуға дағдыландырудың бір жолы алдын ала дайындық әңгіме өткізу болып табылады. Сондай-ақ, мәтін оқылмас бұрын бақылау, экскурсия жасау, тәжірибе жасау жұмыстары да түсініп оқуға жәрдем етеді.Түсініп оқуда қорытынды әңгіменің де тигізетін пайдасы мол.
Шығарманың идеялық мәні мен мазмұнын оқушыларға ұғындыру үшін сөздік жұмысын жүргізудің көп көмегі бар.Сөйтіп, оқушыларға оқу техникасын игерумен бірге, білім, тәрбие беру, олардың жеке тұлғасын қалыптастыру, білік, дағдыларын жетілдіру мақсаты оқығанда саналы түсінгенде ғана нәтиже бермек.
Шапшаң оқу дегеніміз – мәтіндегі сөздерді қалай болса солай бастырмалатып немесе сөздердің аржігін айырмай оқу емес.Бұл – оқығанды түсінетіндей қалыптағы шапшаңдықпен оқу. Мәтінді тым баяу оқыған оқушы мәтіннің мазмұнына түсінбек түгіл, бір сөйлемнің өзінде не айтылғанын аңғара алмай қалады.Сондықтан мәтінді шапшаң оқу талабы да маңызды болып табылады.шапшаң оқу барысында әр оқушының оқу қарқыны, әртүрлі, осыған оорай, олардың бір минутта оқитын сөздерінің саны да азды-көпті өзгеріп отырады.
Шапшаң оқу баланың жүйке жүйесінің типологиясыеа және темпераментіне байланысты.Жүйке жүйесі күшті типті және холерик, сангвиник темпераментті балалар мейлінше тез оқиды, сондықтан олардың 1 минутта оқыған сөз саны әлсіз типті жүйке жүйелі балаға қарағанда әлдеқайда көп болады.Минутына сөзді санына қарай ең көп оқитын холерик темпераментті оқушы, онан гөрі бәсеңдеу оқитын сангвиник темпераментті оқушы, ең баяу оқитын флегматик темпераментті оқушы, ал ең баяу меланхолик темпераментті оқушылар.
Шапшаң оқуды талап еткенде мұғалімдер мен әдістемешілер оқушылардың осындай жеке тұлғасындағы ерекшеліктерді жақсы біліп, естерінен шығармауы тиіс.
Бақылау сұрақтары:
1. «Әдебиеттік оқу» пәнінің өту жоспары қандай?
2. Әдебиеттік оқу сабақтарында оқушылардың оқу дағдыларын қалыптастырудың қандай жолдары бар?
Әдебиеттер:
С. Желдербаева. Мәнерлеп оқу, А., 1992
Т.М.Әбдікәрім. Әдебиеттік оқу, А., 2014
Ә. Дайырова, С. Тілешева. «Әдебиеттік оқу кітабына» методикалық нұсқау, А., 1982
Б.Т. Қабатай, С.Р.Рахметова, Ә.С. Амирова, А., 2013
С.Рахметова, Қазақ тілін оқыту әдістемесі, А.,1991
5-6 дәрістер. Оқудың түрлері
Жоспар:
1. Дауыстап оқу
2. Іштен оқу
Оқудың түрлері екіге бөлінеді: дауыстап оқу, іштен оқу.
Дауыстап оқу көбінесе І-ІІ класс оқушыларына тән болады. Бірақ І класта іштен оқытуға болмайды деген ұғым тумасқа тиіс. Іштен оқу І кластан-ақ басталады. Содан былай қарай, оқудың бұл көрсетілген екі түрінің екеуі де бір-бірімен ұштастырыла жүргізіледі. Балалардың дауыстап оқуы арқылы алған дағдылары іштен оқуға тасымалдана береді (ІІ-ІІІ кластан бастап дауыстап оқылған материалдар алдын ала дайындық жұмыстарынан кейін іщтен оқуға тапсырылады. Мұнда текстің мазмұнын оқушылардың түсінуін қамтамасыз ететін түрлі тапсырмалар беріледі: текске сурет ойластыру, тақырып табу, бөлімдерге бөлу т.б. ІІІ-ІV кластарда іштен оқылған текстерге балалардың түсінген-түсінбегендері түрлі сұраулар қойып, жауап алу арқылы немесе текстің мазмұнын айтқызу арқылы, текстен кейбір сөздерді тапқызу арқылы т.б. с.с тексеріледі. Оқудың бұл түрлерінің екеуінде де дұрыс оқу, шапшаң оқу және түсініп оқу талаптары орындалуға тиіс. Дауыстап оқуға бұларға қосымша мәнерлеп оқу талабы қойылады. Бұл талаптар бір-бірімен тығыз байланыста іске асады. Өйткені түсінбей, мәнерлеп оқи алмайды, ал дұрыс оқымаса түсінбейді.
Дұрыс оқудың негіздері алғашқы оқу-жазуға үйрету кезінде-ақ қалана бастайды. Осы кезде мұғалім әрбір жеке сөзді балаларға жеке әріптеп оқытпай, буындап оқуға жаттықтырғаны жөн, бірақ мұнда балаларды сөздің сыртқы түрін ғана меңгеріп, мағынасын жаңылыс ұғынудан немесе тіпті түсінбей оқудан сақтандыру керек. Егер бала буындап оқығанда қателессе, дереу түзетіп, оған қиын тиген сөздерге талдау жасап отырудың дұрыс оқуға дағдылану үшін пайдасы зор. Бастауыш класс оқушыларының оқу сабақтарында жіберетін қателерін топтап көрсетсек, төмендегідей:
1. Әріп, буын немесе сөз қалдырып кетіп оқушылық.
2. Кейбір буындарды, сөздерді екі рет қайталап, ежелеп оқитындар.
3. Тілі келмегендіктен немесе әдеттеніп кеткендіктен бір әріпті екінші әріппен алмастырып (оңда-онға, күзет-күжет т.с.с.) оқиды.
Мұндай кемшіліктерді мұғалім алдын ала есепке алып, түзету жолдарын ойластырады. Тәжірибелі мұғалімдер оқушыларды дұрыс оқуға үйрету үшін мынадай жұмыстар ұйымдастырады:
1. Оқушыны кітап оқуға жаттықтырып, дағдыландырады. Мұндай жаттықтыру жұмысының түрлері әр қилы. Бірде оқулықтың өзінен әр оқушыға арнаулы тапсырмалар береді; екінші бір жағдайда карточкалар жасап, соларды әрқайсысына оқытып дағдыландырады; енді бірде дидактикалық материалдар пайдаланады т.б.
2. Осындай жұмыстарды орындау үйге де тапсырылады.
3. Қате оқыған сөздерді буынға бөліп оқытады немесе тақтаға буындап жазып көрсетіп, дұрыс оқуды талап етеді, ол сөзге талдау жасайды, кеспе әліппеден құрастырады т.б.
4. Қате оқыған сөздерді қайта оқыттырады.
5. Қате оқыған жерін класта тыңдап отырған оқушыларға түзеттіреді.
6. Жаңылтпаштар айтқызып жаттықтырады.
7. Указканы қолданады. Бұл зейіндері тұрақсыз немесе көздері нашар көретін оқушылар үшін пайдалы және оқып отырған сөздерінің кітап бетінің қай жерінде екеніне бағыт береді, сөзді дұрыс оқуға көмектеседі.
8. Орфоэпия заңын басшылыққа алып отырады.
Басқа тілдердегі сияқты, қазақ тілінде де орфографиялық және орфоэпиялық заңдар бар. Ол заңдар оқушыларды дұрыс сөйлету мен дұрыс оқытуда басшылыққа алынады. Ал оқушыларға жаңа сөздердің мағынасын түсіндіру үшін, сөздерді тақтаға жазып көрсету қажет болғанда, олар тек орфография ережесіне сай жазылады. Мысалы, ақ ешкі. Мұндай сөздерді оқығанда ағешкідеп айту керек екенін ескертіп,мұғалім балаларды солай (ағешкі) оқытып үйретеді.
Түсініп оқу дегеніміз оқушының оқыған текстің мазмұнын анық, терең ұғынуы болып табылады. Бұл әр сөздің, сөйлемнің мағынасына түсінуден, әр бөлімді логикалық, психологиялық байланыстырудан келіп шығады. Оқығанын толық түсіну балалардың текстегі басты ойды айыра алуларынан, оның мазмұнына өзінің көзқарасын білдіруден көрінеді.
Түсініп оқуда балалардың назары шығарманың идеялық мазмұнына аударылады. Түсініп оқу барысында оқущыларда елес, ұғым, бейне, жоғары сезімдер пайда болады. Түсініп оқуды жүзеге асыруда алғашқы кезде балаларға жеңіл, өздері түсіне алатын, сюжетті текстер оқытылады.
Оқущыларды түсініп оқуға дағдыландырудың бір жолы алдын ала дайындық әңгіме өткізу болып табылады. Сондай-ақ текст оқылмас бұрын бақылау, экскурсия жасау, тәжірибе жасау жұмыстары да түсініп оқуға жәрдем етеді. Түсініп оқуда қорытынды әңгіменің де тигізетін пайдасы мол.
Шығарманың идеялық мәні мен мазмұнын оқушыларға ұғындыру үшін сөздік жұмысын жүргізудің көп көмегі бар.
Сөйтіп, оқушыларға оқу техникасын игерумен бірге білім, тәрбие беру, олардың жеке басын қалыптастыру, дағдылары мен шеберліктерін жетілдіру мақсаты оқығандысаналы түсінгенде ғана нәтиже бермек.
Шапшаң оқу дегеніміз – текстегі сөздерді қалай болса солай бастырмалатып немесе сөздердің ара жігін айырмай оқу емес. Бұл – оқығанды түсінетіндей қалыптағы шапшаңдықпен оқу. Тексті тым баяу оқыған оқушы текстің мазмұнына түсінбек түгіл, бір сөйлемнің өзінде не айтылғанын да аңғара алмай қалады. Сондықтан тексті шапшаң оқу талабы да маңызды болып табылады. Шапшаң оқу барысында әр оқушының оқу қарқыны әр түрлі, осыған орай, олардың бір минутта оқитын сөздерінің саны да азды-көпті болып келеді.
Шапшаң оқу, дұрыс оқу, түсініп оқу бір-бірімен тығыз байланысты. Сөзді дұрыс, түсініп, белгілі бір қарқынмен оқығанда ғана шапшаң оқу талабы орындалады деуге болады.
Шапшаң оқуға жаттықтыру жұмысы барлық сабақтарда да іске асырылып отырылады. Дегенмен шапшаң оқу дағдыларын бекіту үшін арнаулы уақыт бөлу қажет. Мұндай арнаулы жұмытсың түрлерінен мыналарды атауға болады:
Көз бен кітаптың арасындағы қашықтықты дұрыс сақтау; тексті алдын ала іштей оқып шығу; шамамен қандай жылдамдықпен оқылуы тиіс екенін мұғалімнің өзі оқып көрсетуі; класта барлық оқушыға бір текст беріп, оны командамен бір мезгілде бастап оқытып, бір мезгілде аяқтау (әркім келген жерін белгілейді. Әр оқушының неше сөз оқыған мұғалім өзі жүріп есептейді).
Шапшаң оқуға дағдыландырудың тағы бір түрі – класта дауыстап оқу. Мұндай жұмысты орындатқанда мұғалім оқушыларды тақтаға біртіндеп шығарып, әрқайсысына тапсырма береді де, дауыстап оқытады (кейде әрқайсысына әр түрлі текст, кейде бір түрлі текстің өзін беруге болады).
Шапшаң оқуға оқушыларды жүйелі түрде күнбе-күн оқыту арқылы ғана дағдыландыруға болады. Шапшаң оқу оқушылардың сөйлеу мүшелерінің жетілуіне де байланысты. Мұғалім әр баланың сөйлеу мүшелерінің қалай жетілгенін байқау үшін оқушыларға тексті хормен де, жеке-жеке де оқытып көреді. Айтылуы қиын жаңылтпаштарды қайта-қайта айтқызып жаттықтыру әрі дұрыс оқуға, әрі шапшаң оқуға септігін тигізеді.
Мәнерлеп оқу дегеніміз – дауыс интонациясы арқылы автордың ойын білдіру, мазмұндық ой екпінін дұрыс қоя білу. Ақырында оқығанды түсініп, кейіпкердің көңіл-күйін сезіне оқи білу.
Оқушылар сөйлемдегі сөздің мәнін (әсіресе, омоним сөздер), шығарманың көркемдігін және оның әсерлілігін мәнерлеп оқу арқылы байқайды.
Мәнерлеп оқу үшін әр сөздегі ойдың ара жігін ескере отырып, дауысты құбылтып, тиісті жағдайда сөздерге реңк беріп оқиды.
Мұғалім көбінесе өзі мәнерлеп оқу арқылы оны оқушыларға үйрете алады. Мәнерлеп оқуды радио мен телевизорды, магнитофонды кең пайдалну арқылы да үйретуге болады.
Мәнерлеп оқуды үйрету үшін әр мұғалім оқу сабағына немқұрайлы қарамай, жан-жақты дайындалуы керек. Ол үшін мұғалім қандай мәселені жете білуге тиіс? Мәнерлеп оқуды дұрыс ұйымдастыру үшін, оқушы сөйлемді немесе тексті оқығанда, қалай дем ала білу керек, дауыс қалай шығуға тиіс, дикцияның қандай болуы қажет – осының барлығын мұғалімнің өзі айқын білгені жөн. Өйткені мәнерлеп оқу үшін кеуде қуысына толған ауаны орынды пайдаланып, дұрыс дем ала білудің мәні зор. Өкпедегі ауаны сарықпай, оқу процесінде үнемі дер кезінде дем алып, ауаны керегінше жұтып отырған оқушыны мәнерлеп дұрыс оқи алуына жағдайы бар.
Мәнерлеп оқу дауыстың өзіне де қатысты. Дауыс неғұрлым таза, күшті шықса, оқу да мәнерлі болады. Ол үшін әр оқушы даусын күте білуі қажет. Дауыс желбезегіне онша күш келтірмеу, суық күндерде далада азырақ сөйлеу, суыққа шалдықпау – дауыс күші мен оның тазалығын, үнін сақтаудың басты шарты.
Дауыстың өзіндік белгілері бар, олар: күші жоғарылығы, қарқыны (шапшаңдық), тембірі (құбылуы). Мәселен, «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген сөйлемді оқығанда, «оқу», «білім» сөздері көтеріңкі дауыспен, ал «білім бұлағы», «өмір шырағы» сөздері жай, баяу дауыспен айтылады. Сөйлегенде адам бірде жылдам, бірде баяу сөйлейді. Бұлар әр адамның дауыс қарқынына байланысты. Мұғалім жаттығу арқылы өз дауысының орташа қарқынын анықтай алады. Ол жылдам сөйлеуден аулақ болғаны жөн. Егер жай сөйлей алмайтын болса, жаттығуы қажет.
Дауыстың тыңдаушыға әсерлі болуы тембріне (құбылуы) байланысты. Құбылта оқу, дауыс ырғағына келтіре оқу да жаттықтыру, дағдыландыру арқылы қалыптастады. Мәнерлеп оқуда дикцияның мәні зор. Сөйлеушінің ашық, анық, айқын айтуы соның айтқанын ұғуға, оның әсерлі болуына ықпалын тигізеді. Дикциясында ақау болса, оны арнаулы жаттығулар арқылы түзету қажет. Дикциядағы кемшілік – сөйлеу мүшелеріне дұрыс жұмыс істете алмаудың салдары. Сондықтан да сөйлеу мүшелерінің дұрыс қызмет атқаруын қадағалау керек. Мәнерлеп оқу үшін орфоэпия заңдарын сақтап, сөз екпінін дұрыс қойып оқуға тиіс.
Мәнерлеп оқуда зор роль атқаратын – интонация. Интонация дегеніміз сөйлеу сазы. Ол сөйлеудің ритмі мен үнін, дауыстың бірде жоғарылап, бірде төмендеуін білдіреді. Интонация мына элементтерден тұрады: сөз бен ой екпіні, сөйлеудің қарқыны, ритмі (ырғағы), пауза (кідіріс) сазы.
Интонация жайында анығырақ түсінік беру үшін, оның кейбір элементтеріне арнайы тоқталайық.
Сөз екпіні және ой екпіні. Сөз екпіні – фразалық екпін, ал ой екпіні – логикалық екпін. Сөйлемді айтқанда я оқығанда, оның ішіндегі сөздер интонация мен мағынасына, айтылу ырғағына қарай, өзара топ-топқа бөлінеді. Ол топ синтагма деп аталады. Синтагмада бір я онан да көп сөздер болады. Әр синтагмада бір сөз көтеріңкі дауыспен ерекшелене айтылады. Міне, соны екпін түскен сөз дейміз.
Сөз екпіні түскен сөздер ой екпіні түскен сөздерден көп төмен айтылады. Кейде оларға екпін түсіп тұрғаны сезілмейтін кездері де болады. Бұдан шығаратын қорытынды – екпін түскен сөздердің бәрін көтеріңкі дауыспен айта бермеу керек. Тек ой екпіні түскен сөзді ғана даралай айтуға болады.
Пауза сөйлеуді сөйлемге, сөйлемді синтагмаға, синтагманы сөзге ажыратып, ара жігін көрсету үшін қолданылады. Сонымен қатар пауза сөздердің басынбіріктіріп, бір синтагма жасай да алады. Паузаны сақтамау оқып отырған текстің мазмұнын дұрыс түсінбеуге әкеліп соғады. Мәселен, «Ол үй емес» деген сөйлемді паузасыз айтсақ, айтып тұрғаным басқа үй деген ұғымды білдіреді, яғни ол сөзі сөйлемде үй сөзіне анықтауыш ретінде қолданылады. Ал сол сөйлемде ол сөзінен кейін пауза жасасақ, онда айтып тұрғаным үй емес, қора немесе басқа бірдеме дегенді білдіреді. Мұнда «ол» бастауыш қызметін атқарады.
Көркем шығарманы мәнерлеп оқу үшін, оныменалдын ала танысып, сонан соң оқығанда ғана автордың идеясын жеткізе оқып шығуға болады. Көркем шығармада адам психологиясы жан-жақты суреттеледі. Оны өз мәнінде тыңдаушысына жеткізу үшін, мұғалім оқитын текстегі қай сөздің, сөйлемнің қандай мағынаны, қандай көңіл күйді білдіретінімен алдын ала таныс болуға тиіс.
Міне, осы сияқты жәйттерге көңіл бөліп, дайындық жұмыстарын жұргізген мұғалімдер ғана оқушыларды мәнерлеп оқуға үйрете алады.
Бақылау сұрақтары:
1. Оқудың қандай түрлері бар, олар қалай іске асады?
2. Оқуда қандай талаптар орындалады?
3. Дұрыс оқу деген не, қалай іске асырылады?
4. Түсініп оқудың маңызын, іске асыру жолдарын айт?
5. Шапшаң оқу не үшін керек?
6. Оқушылар мәнерлеп оқуға қалай дағдыланады?
Әдебиеттер:
С. Желдербаева. Мәнерлеп оқу, А., 1992
Т.М.Әбдікәрім. Әдебиеттік оқу, А., 2014
Ә. Дайырова, С. Тілешева. «Әдебиеттік оқу кітабына» методикалық нұсқау, А., 1982
Б.Т. Қабатай, С.Р.Рахметова, Ә.С. Амирова, А., 2013
С.Рахметова, Қазақ тілін оқыту әдістемесі, А.,1991
7-8 дәрістер. Байланыстырып сөйлеу методикасы
Жоспар:
1. Байланыстырып сөйлеу
2. Байланыстырып сөйлеудің кейбір психологиялық педагогикалық және лингвистикалық ерекшеліктері
«Мектеп жас ұрпақтарды олар болашақта өмір сүріп, жұмыс істейтін қоғамдық жағдайларды мейлінше ескере отырып, өсіруге, оқытуға және тәрбиелеуге тиіс», - делінген «Жалпы білім беретін және кәсіптік мектеп реформасының Негізгі бағыттарында». Қазіргі кездегі қоғам дамуындағы, ғылым мен техникалық прогреске байланысты ерекшеліктердің бірі – еңбектің творчестволық сипат алуы.
Баланы ойлау мен сөйлеуге үйрету негізі бастауыш кластарда қаланады, яғни бастауыш класс оқущылары ойлау мен сөйлеу дағдысына төселіп, істі творчестволықпен ұтымды орындауға үйренеді.
Сөйлеу арқылы адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Сөйлеудің пікірлесу ретіндегі әрекетінің әр түрлі болып келетінін психология ғылымы зерттей отырып, оны үлкен екі топқа, сырттай және іштей деп аталатын топтарға бөліп қарастырады. Сырттай сөйлеудің өзі ауызша (дыбысты тілдің көп және кең тараған түрі) және жазбаша сөйлеу болып бөлінеді. Сөйлеудің бұл түрлері бір-бірімен өзара тығыз диалектикалық байланыста болады. Өйткені сырттай сөйлеу (ауызша, жазбаша) мен іштей сөйлеудің физиологиялық негізі бір – ми жарты шарлары қабығындағы екінші сигнал системасының механизмдері. Олардың негіздерінде сөйлеу органдарының қозғалысынан шығатын кинестетикалық сезімдер жатыр.
Кинестетикалық түйсікке негізделген шығарма мен мазмұндама жазу балалардың қабылдауын дамытып, зейін өрісін кеңейтеді, ойын, тілін дамытады, оларды қиял шыңына шарықтатып, тәтті сезімге бөлейді.
Психологтардың анықтауынша, бастауыш класс оқушыларының қиял дүниесіне бой ұруы, әр түрлі оқиғаларға кездесуге құштарлығы, өзін ертегі кейіпкерлерінің орнына қойып, ойға алғанын іске асыруға әрекет жасауы басым болады. Олардың бұл ерекшелігін творчестволық жұмысқа пайдаланудың зор маңызы бар. Қиялыдың шарықтап дамуының ең жоғарғы сатысы творчестволық әрекетпен тығыз байланыста болады. Қиял екі түрлі. Пассивтік және активтік. Пассивтік қиялға түс көру жатады, ал активтік қиялдың өзі қайта жасау және творчестволық болып екіге бөлінеді. Шығарма, мазмұндама жұмыстары активтік қиялдың екі түрін де дамытады, өйткені кітап оқу, түрлі суреттер көру, диафильмдер көру арқылы уақиғаларды көз алдына елестету – қайта жасау қиялының көрінісі. Ал бала қиялының бетін шындыққа бұрып, оның іс-әрекетіне өз ойынан шығарғанын, өздігінен тапқандарын қосып дамытуға, толықтыруға үйрету творчестволық қиялды дамыту болып табылады. Осыған орай, еркін тақырыпқа шығарма жаздыру т.б. жұмыстарды көбірек жүргізу бала творчествосын дамытады.
Балалардың мектепке келіп түскен кездегі психикалық және дене даму ерекшеліктері жөнінде оқулықтарда берілген мағлұматтарға сүйене отырып, мазмұндама мен шығарманы да осы кезден, ІІ кластан бастап жүргізуге толық мүмкіндік бар екені анықталды. Шығарма мен мазмұндама жұмыстары:
1. Балалардың психикалық процестерін (түйсік, қабылдау, зейін, ес, ойлау, қиял, сезім, ерік) күшейтеді, әсіресе ой қызметінің белсенділігін арттырып, мидың үлкен жарты шарлар қабығында өтіп жататын анализдеу, синтездеу әрекетін күшейтеді. Мидың жарты шарлар қабығында өтіп жатқан әрекетті үздіксіз күшейтіп, уақытша нерв байланыстарын (анализаторлардың мидағы ұштарының арасында туып жататын уақытша нерв байланыстары) жасайды және жетілдіре түседі.
Шығарма мен мазмұндамаға дайындалу барысында, әсіресе ІІ класс оқушыларының психикасында І сигнал системасының қызметі мен эмоция басым болғандықтан, балалардың өмірде көрген білгендеріне, заттың тікелей өзін көрсетіп, сол жөнінде қабылдауларына, уақиғаны бақылау қабілеттеріне сүйену керек. Тексті алдынала синтездеу жұмысына ерекше назар аударған жөн. Өйткені тексті алдын ала синтездеудің, яғни жазбас бұрын тексті жобалап алудың, қате жібермеу үшін де тигізер пайдасы мол. Жазу процесінің аналитикалық-синтетикалық жолы неден көрінеді: 1) сөзді тыңдағанда әңгімеленгелі отырған уақиғаға сай келетін сөздерді таңдап ала білсе, бұл – аналитикалық процесс, ал осы сөздерді текстің ішінде енгізуі синтетикалық процесс болып есептеледі, 2) сөйлем құрастыруда анализ – субъектілер мен предикаттарды және заттың белгілерін көрсететін сөздерді іріктеп алу, ал синтез – осыларды сөйлемнің ішінде орын-орнына қойып, орналастыру, 3) текст құрастыруда анализ – тұтас тексті бірнеше бөлімге бөлу, синтез – сол бөлімдерді бір-бірімен жалғастыру. Мұнда анализ жазуға дайындық кезінде, текске жоспар жасау жұмысында іске асса, синтез сол жасалған жоспар бойынша, құрастырып айтып не жазып беру жұмысы болып саналады. 4) шығарма жазу процесінде анализ үнемі синтезден бұрын жүреді. Анализдің бұрын келуі синтезге жол ашады.
5. Психология оқулықтарында бастауыш мектеп жасындағы балалардың қабылдауы эмоциямен, сезіммен сабақтас жүретіні айтылады.
Сондықтан мазмұндамаға алынатын текстер мен шығарма тақырыптары балаларда болатын көңілділік, сенгіштік, сезімталдық, қызығушылық, еліктегіштік сияқтықасиеттерге сай келетіндей болып іріктелуге тиіс. Алайда қандай әсерлі шығарма ұсынылғанымен, ол нақышына келтіріліп, дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, балаларда болатын жоғарыда айтылған қасиеттерді дамытуға пайдасы тиіп жарымас еді. Өйткені мазмұндамаға ұсынылған текстерді балаларға оқып беруде болсын, шығарма жаздыру үшін материал жинау барысында балаларға айтылатын әңгімеде болсын, мұғалімнің дауыс сазының әсерлі болып, сөздер мен сөйлемдерді анық айтуының маңызы зор. Бұл жөнінде К.Д. Ушинский: «... мүмкін егерде біз: бізде анықтап дауыстап, ырғағына келтіріп, әсерлі етіп оқи алатын төменгі кластың мұғалімін табу өте қиындыққа түседі десек, кейбіреулерге ерсі болып көрінер еді, бірақ зейіннің қабілеті жетілмеген балаларға мұндай мұғалім ерекше қажет» – дейді.
Адам психологиясының нәзік сырларын бақылаған А.С. Макаренко даөзінің балалармен күнделікті сөйлеу барысында дауыс ырғағына ерекше көңіл бөлген. Ұлы педагог балалармен сөйлескенде оларға әсер ету үшін дауыста эмоция мен сезімнің басым болуы керек екенін айтады. Сондықтан бастауыш кластарда оқуда да, түсіндіруде де, әңгімеде де мұғалім дауыс ырғағын бірқалыпты сақтап, өзінің дикциясына қатты көңіл бөлген жөн. Мәнерлеп оқуға екі түрлі шарт қойылады, олар: физикалық және психикалық. Біріншісіне оқыған кезде дұрыс тұру, демді еркін және терең алу, дауысты бірқалыпты сақтау сияқтылар, ал екіншіге дауыстың,оқудың ритмін сақтау, сөзді анық айту, бір қалыпты оқу, пауза жасау, дауыс ырғағын тыныс белгілеріне сәйкестендіру т.б. жатады.
Сөйтіп, шығарма мен мазмұндама жазу процесінің психологиялық негізі жөнінде аздап болса да мағлұмат алу – оның жүйесін жасап, методикалық тәсілдердің қолайлысын таңдап алуда жол-жоба көрсетеді.
Оқушыларды мазмұндама мен шығарманың жазылуына үйретуде біз дидактиканың негізгі талаптарына сүйенеміз. Бастауыш мектептерде мазмұндама мен шығармаға үйрету жұмыстарында, басқа пәндерге сияқты, оның ғылымилығы, теорияның практикамен байланысы, көрнекілік, саналылық, оқушылардың белсенділігін арттыру және жүйелілік пен беріктік принципі ескеріледі.
Біз осы еңбектің кейінгі бөлімшелерінде психология, педагогика, тіл білімі және әдебиет тану ғылымдарының соңғы жетістіктерін басшылыққа ала отырып, шығарма мен мазмұндамаға қойылатын талапты белгіледік. Бұл талаптар ғылыми қорытындыларға негізделгендіктен, шығарма мен мазмұндаманың да ғылыми принципін шешеді деп ойлаймыз.
Шығарма мен мазмұндаманың жүйелілік және оқушылардың жас ерекшелігіне сай келу эксперименттен өткен жұмыстардың бірте-бірте күрделене беруінде, сондай-ақ балалардың бұрыннан бар білімдік қоры мен дағдыларын, шеберліктерін есепке алып, алдағы программалық талаптар ескеріліп жасалуында.
Оқытудың саналылығы мен оқушылардың белсенділігін арттыру принципін сақтау мақсатында балаларды өз ойының барысын байқауға, біреудің айтқанын тыңдай білуге, айналадағы өздерін қоршаған табиғаттағы өзгерістерді бақылай білуге, нәрселер мен құбылыстарды салыстырып, олардың арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды таба білуге үйрту жұмыстары мазмұндама мен шығарманың өн бойынан орын алады.
Шығарма мен мазмұндаманы біз ана тілін үйретуде теория мен практиканың бір-бірімен ұштасуының нәтижесі, соның құралы ретінде қарадық. Өйткені объективтік шындықты танудың диалектикалық жолы – тікелей сезуден абстрактілік ойлауға одан практикаға көшу. Практика – ақиқаттың өлшемі, практика – таным процесінің шам-шырағы «Әрекеттің нәтижесі дегеніміз – субъективтік танымды тексеру және ақиқат – бар объективтіліктің өлшеуі». Ендеше шығарма мен мазмұндама – теориялық білімді меңгерудің дұрыстығының өлшемі, яғни шығарма мен мазмұндама оқушылар еңбегін, балалардың өз бастарынан өткен тәжірибелері мен мектепте және мектептен тыс алған білімдерінің нәтижесін көрсетеді.
Оқушыларды шығарма мен мазмұндама жазуға үйрету барысында оларға қандай дағдылар мен шеберліктер берілетіні белгіленеді. Өйткені оқушының бойында бар дағды мен шеберлікті қалайша пайдаланып, оларды жаңадан қандай дағдыларға төселдіріп, шеберліктерге үйрететінімізді біліп алмайынша, жұмыстан белгілі бір нәтиже күту қиын.
Балалар орфографиялық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік дағдыларға төселіп, шеберліктерін ұстартуда мазмұндама мен шығарма жұмыстары орасан зор көмек етеді. Мазмұндама мен шығарма жұмыстарының мақсатының өзі оқушылардың ой операцияларын (жалпылау, анализдеу, синтездеу, нақтылау, абстракциялау, даралау) жан-жақты дамыту болғандықтан, осы жұмысты іске асыру барысында кейбір процесстер автоматтанып, дағдыға айналды.
Шығарма мен мазмұндама жұмыстарын жүргізу барысында жасалған қорытындылар мен методикалық әдебиеттерде айтылған пікірлерді салыстыра келіп, оқушылардың жазба жұмыстарында жіберген қателіктерін ескере отырып, тұжырымдағанда, бастауыш класс оқушылары мазмұндама мен шығарма жазу барысында мынадай педагогикалық дағдылар мен шеберліктерге үйренулері тиіс:
1. Мазмұндамада оқушылар оқылған тексті қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғырта алуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құрау, сөйлем құрау шеберліктеріне жаттығады. Осы жұмыстың барысында бірқатар сөз тіркесі мен сөйлемдер, бейнелі сөздер автоматталып, оқушының есінде қалады, оқылған тексті қайта жазып беру үшін сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыруға жаттығады. Мұндай процестерге жаттығу балаларды шығарма жазуға дайындайды.
2. Шығармада ұсынылатын тақырыпқа түсініп, оның жігін ажырата алу дағдысы мен шеберлігі қалыптасады. Мысалы, «Мен қалай кезекші болдым» тақырыбы бойынша шығарма жазу тапсырылды делік. Мұнда оқушы жалпы кезекші болғанда не істеу керектігі, кезекшінің міндеті жөнінде емес, өзі кезекші болғанда не істегені жөнінде жазуға тиіс екенін білуі қажет. Немесе, «Мен мамама көмектесемін» тақырыбына берілсе, жалпы үй шаруасына балалрдың қалай көмектесетіні, не істейтіні жөнінде емес, сол тақырып берілген кезде қандай шаруаға көмектесетіндігі туралы жазуы керектігін оқушы ажырататындай болуы қажет. «Ағашты қалай отырғызады» тақырыбы бойынша жалпы ағаш отырғызу жөнінде білетіндерін жазатын болса, «Біз ағашты қалай отырғыздық» тақырыбы бойынша өздерінің ағаш отырғызғанда не істегендерін әңгімелеу керектігін ажырататындай болуға тиіс.
3. Шығарма жазу үшін материал жинау дағдысы мен шеберлігі. Яғни материал жинау барысында бақылаудың кейбір тәсілдеріне дағдылану, оны меңгеру шеберлігіне үйрену. Мысалы, «Үй қалай салынды» тақырыбы бойынша материал жинау барысында балалардың кейбіреуі үй ішінен сұрауы, енді біреулері кітап оқу арқылы, біреулері егер жақын жерде құрылыс болса, соның басына барып, көзбе-көз бақылау арқылы т.б. тәсілдермен бақылаулары мүмкін. Оқушылар қандай тәсілмен болса да берілген тақырып бойынша материал жинауға дағдылануға тиіс. Егер оқушы материал жинау дағдысына жаттықтырылмаған болса, ол шығарма жұмысында талай-талай сәтсіздіктерге ұшырайды. Сондықтан бастауыш кластан бастап балалар бақылай білуге, кітаппен жұмыс жасауға, суреттерді қарап қабылдай білуге, кітаппен жұмыс жасауға, суреттерді қарап қабылдай білуге, экскурсия материалдарын жинактап, естерінде сақтай білуге жаттықтырылып, бірте-бірте бұл жаттығуларды дағдыға айналдыру шеберліктерін жетілдіруді іске асыра беру қажет.
4. Білетін, яғни жинаған, материалдарын жүйелей алу дағдысы, шеберлігі. Бұған бастауыш класс оқушылары алғашқы кезде мазмұндама арқылы үйретіледі. Өйткені материалдың жүйесін белгілеу, оны бөлікке бөлу, ат қою және керісінше, әр бөлікті бір-бірімен жалғастыру немесе шығарма мен мазмұндаманың жоспарын жасау кішкене балаларға оңайға түспейді. Бұл қиындықты жеңу үшін балалар алдымен дайын текстің жүйесін байқап дағдыланады, яғни қандай да болмасын, текстің белгілі бір жүйемен құрастырылатынын ұғынады, сонан соң бірте-бірте өздері көрген-білгендері жөнінде әңгіме құрастырғанда да, оны әуелі жүйелеп алуға дағдыланады. Егер оқушы бұған дағдыланбаса, жинаған материалдарын қалай жазуды білмей, білетіндерін айтып берудің ретін таба алмай, еш нәрсе жазбай отырып алады, ал кейбір жағдайда отырып-отырып, ызаланып жылап жіберетін балалар да кездеседі. Мұндай жағдайлар балаларды шығарма жазуға қызықтырудың орнына, керісінше әсер етеді де, олардың шығарма жазуға деген ынтасын кемітеді.
5. Оқушылардың өз ойын дұрыс және түсінікті білдіру дағдысы. Ойын дұрыс білдіру деген шығарма яки мазмұндама жазғанда белгілі тілдік норманы сақтау, әдеби тілдің ең шұрайлыларын пайдалана білу шеберлігі, сөйлемдерді бір-бірімен байланыстырып, жатық тілмен жеткізе алу шеберлігі, ал ойын түсінікті білдіру дегеніміз оқушының ойының дәл, анық, көкейге қонымды болуы.
Шығарма мен мазмұндама жазу барысында балалар көптеген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін үйренеді. Олар арқылы балалардың лексикалық қоры байып, тілдері ұстарады. Мұғалім балалардың түсінігіне қиындық келтіреді-ау деген сөздер мен сөз тіркестерін түсіндіріп, тіл дамыту жаттығуларын жүргізіп отырады. Мысалы, оқушылар қыс кезіндегі түрлі ойынды немесе табиғатты суреттеу т.с.с. тақырыпқа шығарма жазатын болса, қардың түсін бірнеше сөзбен білдіруге болатыын (аппақ қар, күміс қар, жалт-жұлт еткен қар, ақша немесе үлпілдек қар, жаңа жауған қар т.б.) көрсетеді. Мұндай дайындық жұмысатары көбінесе грамматикадан өтілетін тілдік материалға сай, грамматика, оқу сабақтарында жүргізіледі.
6. Жазғандарын тексеру, түзету, жақсарту дағдысы, шеберлігі. Бұл да біраз қиындық келтіретінкүрделі жұмыс. Оқушылар мазмұндама, шығарма жазғанда көбінесе бұрын бітіріп, мұғалімге бірінші болып тапсыруға асығады да, жазғандарын қайта оқымайды, сөйтіп, жазған жұмыстарының бірде-бір сөзін, не тыныс белгісін, не әріп қатесін түзетпестен тапсырады. Бұл жөнінде мұғалімнің ескерткен сөзі де оларға әсер етпейді. Мұғалім бұрын тапсырған балалардың жұмыстарын қайтарып беріп, «оқып шығып, қатеңді жөнде» дегеннің өзінде де кейбір бала жұмыстарын алып, партаның үстіне қойып, біраз айнала қарап отырады да (мұғалім қасына жақындаса, дәптеріне көзін салады, мұғалім алысырақ кетсе, айналаға қарап отырады), қайта тапсырады. Бұл дағды мен шеберлікке балаларды үйрету қанша қиын болғанымен, жазғандаарын сын көзімен қарап оқып шығып, жазу барысында түрлі себептермен (асығыстық, ойланбаушылық, ережені ұмытып қалушылық т.б.) жіберген қателерін батыл түзету дағдысын, шеберлігін бастауыш кластарда үйренуге тиіс.
7. Оқушы жазған әңгімесін белгілі бір тұлғада (бастауыш пен баяндауыштың белгілі бір жақта қиысып, баяндауыштың бір шақтық тұлғада келуі) баяндай білу дағдысы мен шеберлігі.
Осы дағдылар мен шеберліктерге оқушыларды қалай үйрету керек? Балаларды орфографиялық, пунктуациялық, морфологиялық, синтаксистік дағдыларға бірден үйрете алмайтынымыз сияқты, бұл көрсетілген дағдылардың да барлығын бірден үйрете алмаймыз. Сондықтан бұл дағдыларды қалыптастыруда бірте-бірте бір дағдыдан екінші дағдыға сатылап көшіп отыру әдісін қолданған жөн. Мұнда тілдік дағдылар белгелі бір жүйемен грамматикалық сабақтарда қалыптасады, ал өз ойын жүйелі баяндау дағдысы оқу сабақтарында қалыптасады.
8. Қабылдаған таныс заттары мен құбылыстарды бір-бірімен байланыстырып, бір жүйеге келтіре алу дағдысы. Мұндай жаттығулардың мақсаты – заттардың жалпы және жеке белгілеріне қарай оларды топтауға, белгілеріне қарай атауға т.б. үйрету. Мысалы, кейбір оқушылар сөздердің арасындағы мәндік ұқсастықтар мен ерекшеліктерді айыра алмайды (пышақ, ет тартқыш т.б. ыдысқажатқызады).
Жұмыстың бұл түріне жаттығудың мына сияқтыларын ұсынуға болады: а) құбылыстар мен заттың суреттерін топтау (құстардың суреттерін іріктеп шығар. Балықтың, үй жануарларының т.с.с. суреттерін іріктеп ал). Жалпы бір топқа жататын заттарды атату (мысалы, сауысқан, қарға, торғай, тауық. Осыларды бір сөзбен қалай атауға болады).
ә) Заттарды екі немесе үш топқа бөлшектеу (үй жануарлары мен тағы жануарларды бөлек-бөлек ата).
б) Көрсетілген белгілеріне қарай заттарды ата (түсі ақ, өзі тәтті – бұл не? Түсі ақ, өзі суық – бұл не? т.б.).
в) Заттардың артығын шығарып таста: бала, ара, стол, пышақ – қайсысы артық, қалғандарын бір сөзбен қалай атаймыз?
г) Қарапайым атау (қасық-ыдыс).
д) Ұғымдарда бөлу: ыдыстың қандай түрлерін білесің? т.б.
е) Қарама-қарсылық арқылы жалпылату: пальто – киім, ал етік ше? Терек, қарағай – ағаш, ал өрік ше? т.с.с. Мұнда балалар тек нақты заттардың атын білдіретін сөздерді ғана бөлшектеп, топтап үйреніп қоймай, табиғат құбылыстарын білдіретін сөздерді (көктем, жаз, күз, күн, түн, іңір, таң сәрісі, жел, найзағай т.б.) де, дерексіз ұғымдарды да (мейірім, сарғыш, тереңдік, оқу, жазу, жүгіру т.б.) топтауға үйренулері қажет.
Осы аталған жаттығуларды шығарма жазуға дайындалу барысындағы жұмыстармен қалай ұштастыруға болады? Балаларға мазмұндама немесе шығарма жаздыру үшін, олардың бойында қалыптасқан дағдылар мен шеберліктер есепке алынады. Мысалы, шығарма жаздыруға «Ұмытылмайтын күн» т.с.с. тақырыпты ұсыну үшін, осы тақырыпты ашуға қажетті дағдылар балалардың бойында қалыптасқан ба, жоқ па – соны анықтау керек. Өйткені бұл тақырып бойынша шығарма жазу үшін, фактілерді іріктеп, оны жүйелей алатындай, ол күннің басқа күндерден ерекшелігін көрсету үшін бейнелі сөздер тауып, әсерлі сөйлем құрастыра алатындай шеберліктері керек. Немесе «Мен жексенбі күні не істедім?», «Балалар жексенбі күні не істеді?» сияқты тақырыптар оқушылардың бойында тақырыпқа түсініп, оның жігін ажырата алу дағдысы қалыптасқан кезде ғана ұсынылады. Яғни бірінші тақырып бойынша балалар жексенбі күні өзінің не істегенін жазуға тиіс болса, екінші тақырып бойынша, барлық балалардың не істегендерін жазу керектігін айыра алатындай мүмкіндікте болуы қажет.
Мұғалім, бастауыш класс оқушыларының психологиялық ерекшеліктеріне сай, педагогикалық талаптарды басшылыққа ала отырып, оларды шығрама мен мазмұндамаға үйретуде қандай лингвистикалық негіздерге сүйенеді?
Мазмұндама мен шығарма жұмыстарының методикасы үшін, грамматиканың, әсіресе жай сөйлем мен құрмалас сөйлем синтаксисінің маңызы зор. Өйткені жай сөйлем синтаксисі жеке ұғымдарды білдіретін сөздердің тіркесін, сөйлем болу жолдарын тексерсе, құрмалас сөйлем синтаксисі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесін, құрмалас сөйлем болуын тексереді.
Сөйтіп, бірінің объектісі сөз тіркесіне байланысты болса, екіншісінің объектісі сөйлемдер тіркесіне байланысты. Сондықтан сөз тіркесі мен сөйлемдер арқылы жүргізілетін жұмыстың әдістері де тіл білімінің осы бөлімінде белгіленеді, яғни сөздердің дұрыс қиысып, меңгеріліп, сөйлем құрауы, сөйлемдердің дұрыс байланысып, құрмаласуы, ойды анық, түсінікті тілде білдіру үшін, бірыңғай мүшелердің қолданылатыны, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі т.б. осы бөлімде қарастырылады.
Алайда мазмұндама мен шығарма жазуға үйрету үшін, жай сөйлем мен құрмалас сөйлем синтаксисін біліп қою жеткіліксіз. Өйткені жұмыстың бұл түрінде жеке-жеке сөйлемдер құрастырылып қана қоймайды, сонымен қатар тұтас текст жасалады.
Текст белгілі бір оқиғаны баяндайды, сондықтан ондағы әр түрлі жағдайларға, мақсатқа, айтушы яки жазушының көңіл-күйіне қарай, әр сөйлемнің құрылысында, сөз қолданылуында ерекшеліктер болады. Осыған орай, тұтас текст синтаксисі келіп шығады. Тұтас текст синтаксисі стилистика және әдебиет тану ғылымдарымен байланысты. Стилистика сөздердің қолданылу заңдылықтарын, сөздер мен сөз тіркестерін экспрессивтік тұрғыдан дұрыс пайдалану принциптерін зерттейді, тіліміздегі бейнелегіш құралдарды топтастырып, олардың стильдік қызметін, қолданылу заңдылықтарын көрсетеді. Ойды мәнерлеп жеткізу үшін морфологиялық формаларды (тұлғаларды) қандай жағдайда, қалай қолдануға болатынын қарастырады, яғни сөздердің, олардың варианттарының (синонимдердің) ішінен сөйлеуне жазу арқылы жеткізілетін ойдың эмоционалды, экспрессивті реңін білдіре алатындарын сұрыптап қолдану принциптерін зерттейді.
Стилистиканы білу сөйлеуде яки жазуда кеткен қателерді байқап, оларды болдырмау шараларын жасауға көмектеседі, жазуға дайындалу барысында сөздермен, сөйлемдермен және тұтас текстермен істелетін жұмыстарды дұрыс жолға қоюға септігін тигізеді. Оқушылар тұтас тексті құрастыру барысында тек сөйлемдерге байланысты жұмыстармен шектелмейді, олар енді құрмалас сөйлем синтаксисінің аясынан асыңқырап, тұтас текст компоненттерімен жұмыс істейтін болады. Мұнда дұрыс құрылған сөйлемдердің арасында өзара толық байланыс болуы қатты қадағаланады. Өйткені сөйлемдер қатары сындарлы тізіліп, әрі мағыналық, әрі синтаксистік сымбаттылығы сақталмаса, жазылған тексте көрік те, түсінік те болмайды.
Сөйтіп, тұтас текст құруда жүйелілік, сөйлемдер арасындағы грамматикалық мағыналық байланыстарды сақтау принциптерінің маңызы зор.
Бұл айтылғаннан шығарма мен мазмұндама жаздыруда бастауыш мектеп оқушыларын ғылымның осы салаларының теориялық қағидаларымен таныстыру керек деген ұғым тумасқа тиіс.
Алайда шығарма мен мазмұндама жаздыру процесінде тұтас текст синтаксисінің талаптарын мұғалімнің өзі жақсы білуі қажет, өйткені ол оқушылардың жазу тіліндегі байланыстылықты, жинақтылық пен дәлдікті сақтауға көмектеседі.
Тілдің тұтас текс синтаксисі мен стилистика – тың сала. Бұлар мұғалімдердің көпшілігіне әлі таныс емес. Өйткені тұтас текст синтаксисін зерттеу, тіл фактілеріне сүйеніп, талдау жасап түсіндіру әлі шешімін толық таба қойған жоқ.
Шығарма мәселесінде ең алдымен тақырыптың ішкі мағынасы мен оны қалай шешу ерекшелігіне түсініп алмай, жазуға кірісуден нәтиже шықпайтыны жөнінде жоғары кластарда шығарма жаздыру методикасын зерттеуші Е. Дайрабаев былай дейді: «Тақырып – талдап, талқыланатын мәселенің қысқаша атауы. Сырттай қарағанда осылай көрінгенімен, оның ішкі мағынасы тереңде жатыр. Өйткені тақырып шығармада жан-жақты айқындалып, ашылуға тиісті пікірлер негізінде белгіленеді. Олай болса, тақырып бір басқа, ал талдап талқыланған мәселе екінші басқа болып жүрмес үшін, оқушыны шығарма жазуға үйрету кезеңінен бастап, тақырып қойып отырған талап және сол талапқа байланысты негізгі пікір түйінін ажырата білуге дағдыландыру шарт. Тақырып қойып отырған талапты мейілінше ұғынып, оны әбден түсініп алмайынша, шығармажұмысына кірісуге болмайды. Тақырыптың әрбір сөзін саралап, оны зердесіне әбден қондырмай тұрып жазған шығармадан оқушы өз сыбағасын ала алмайды. Тіпті өзінің бойындағы бар мүмкіндігін пайдалануға да шамасы келмейді. Міне, тақырыпты ашып көрсету оған автордың қалай түсінгеніне байланысты екен. Олай болса, оқушыларды шығармаға үйретуде тақырып таңдап ұсыну, оны балалардың меңгеріп алуын қамтамасыз ету бірінші орында тұрады.
Қорытынды: 1) мұғалім мазмұндама, шығарма жұмыстарын ұйымдастыру үшін грамматиканың жай сөйлем синтаксисі мен құрмалас сөйлем синтаксисін және тұтас текст синтаксисін, сондай-ақ стилистиканы жете білуі керек; 2) тілдің тұтас текст синтаксисі мен стилистика салалары жөнінде педучилище оқулығында берілген мағлұматтарға сүйене отырып, шығарма жазу үшін ұсынылатын тақырыптарды оқушылардың жасына лайықты, нақты болу жағын қарастырып іріктеп ала білу керек.
Бақылау сұрақтары:
1. Тіл дамыту жұмысының психологиялық ерекшеліктері қандай?
2. Тіл дамыту жұмысының педагогикалық және лингвистикалық ерекшеліктері жөнінде айтыңдар.
3. Оқушылардың бірнеше шығармасын оқып, оның кемшілік, жетістіктерін көрсетіңдер.
4. Психологиялық, педагогикалық және лингвистикалық деректерге сүйене отырып, тіл дамыту жөнінде қандай қорытынды пікір ұсынар едіңдер.
Достарыңызбен бөлісу: |