5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті


Тақырыбы: Абай Құнанбайұлының шығармашылық өмірбаяны. Ақылбай Абайұлы,Мағауия Абайұлы шығармашылықтары.Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев



бет6/8
Дата05.11.2016
өлшемі1,79 Mb.
#1042
1   2   3   4   5   6   7   8

Тақырыбы: Абай Құнанбайұлының шығармашылық өмірбаяны. Ақылбай Абайұлы,Мағауия Абайұлы шығармашылықтары.Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев

Мақсаты: Абайдың шығармаларына тоқталу.Балаларының шығармашылықтарының көркемдігі мен тереңдігіне үңілу.

Тірек сөздер: Күз, жастық, махаббат, білім бай мен кедей, адамгершілік

Жоспар:

  1. өмірлері туралы мәлімет.

  2. Абайдың заман, өмір, табиғат, ғылым,өнер жайлы толғаныстары.

  3. Абайдың поэмалары

  4. Абайдың қара сөздері.

  5. Ақылбайдың,Мағауияның поэмалары

Абай 1845 жылы тамыз айында Абай ауданында Шыңғыстауда туған.Абай ауыл молдасынан оқып,кейін Ахмет -Риза медресесінде білім алады.

Абай өмірдің сан қырына қалам сілтеген ақын.Бай мен кедей арасындағы теңсіздікті "Күз" "Қараша мен желтоқсан сол бір екі ай" деген өлеңдерінде қазақ кедейлері мен байларының өмірін салыстыра келіп, кедейлердің аянышты халін суреттейді.

Кедейдің өзі жүрер малын бағып

Отыруға отын жоқ үзбей жағып

Тоңған иін жылытып тонын илеп

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып

Махаббат, әйел теңдігі тақырыбы Абай өлеңдерінде кең камтылып, жалпы адамгершілік идеясымен қабысып келеді.Ол қазақ қыздарының теңсіздікке езіліп сүйгеніне қосыла алмай келген ауыр халін көрді.Абай үйлену ерлі зайыпты болу ісіне немқұрайлы қарауға,мал беріп алғанның бәрі жар болып, дос өмір сүре алады мыс деген ескі түсініктерге қарсы шықты:

Кәрі жас дәурені өткен тату емес

Епке көнер ет жүрек сату емес

Кімде кім үлкен болса екі мүшел

Мал беріп алғанымен қатын емес

дейді.


Абай шығармашылығынан орын алар тақырып ағартушылық білім жайлы.Абай оқыған білімді жастардың мақсаты айқын болу керек, ол халқы үшін еңбек етерлік азамат болсын деп талап қояды."Я тілмаш, я адвокат болсам деген бәрінде ой ", деп бас қамынан аспайтын тар мақсаттың мұрат бола алмайтынын айтып ел үшін оқитын жаста түбегейлі мақсат болуы керек деп ескертіп, жастардың алдына дана адамдарды үлгі етеді.Абай поэмалары "Ескендір" "Масғұт және Әзім әңгімесі".Абай поэмаларында әлеуметтік , адамгершілік идеяларын көрсетеді.

Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең

Мықты болсаң өзіңнің нәпсіңді жең

дейді.Мұндай адамның көзі, нәпсісі тек топырақтан ғана тояды деп Абай соғысқұмар патшаға көз сүйегін тартып Аристотельдің ұтымды сөзімен аяқтайды.Абайдың "Масғұт" поэмасы жаңа идеяға құрылған.Ақын өз поэмасының негізгі кейіпкері Масғұтты адамгершілік үшін күрескер етіп көрсетеді.Абай поэмаларының ерекшеліктері ақынның өзіндік түр іздеу жолындағы сол кездегі әдебиеттегі тосын жаналығы деуге болады.

Әлеуметтік идеясы мен композициялық тұтастығы жағынан Ақылбайдың "Дағыстаны" мен Мағауияның "Медғат Қасымы " жаңа туындылары.

Абай қара сөздері әдеби жаңа түр, алғаш көрінген проза.Ақынның тереңнен толғаған озық ойларының шынайы туындысы.Кейбір тарихи не философиялық пікірлерін жеткізе айту үшін поэзиядан гөрі қарасөздің мүмкіншілігі мол сияқты көрінді.Абай дүние, табиғат, дін, өмір туралы ойлары ретінде трактат формасында эсселер жазған.Абай өз қоғамының маңызды мәселерін толғап сын айта білген алысты болжай білген ойшыл дана.

Абай Құнанбаев қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл ойы мен мәдениетін, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері, өз ұлтының реалистік жаңа әдебиетінің негізін қалаушы қазақ поэзиясын кезінің ең озық деңгейіне көтеріліп, қоғамдық дамудың шындығын бейнелеп дұрыс қорытынды шығара білген ақын.Ол халқының болашағы үшін аянбай қызмет етті, оны мәдениет нұрына үндеді.Белгілі тарихи кезеңнің алға қойған сұрақтарына жауап беріп, ел көшін зор мақсатқа меңзеді.Қазақстанның Россияға қосылуының тарихи маңызын түсініп өз халқы үшін оның ізгі әсерінен мол үміт күтті.

Абай өзі айтқандай соқтықпалы , соқпақсыз жерде өсті, үстем тап билеген ауыр заманда өмір сүрді.Сол қоғамның езілген халыққа істеп отырған тағылық, айуандық қылмыстарын көзімен көрді.Ол халық игілігін болашақ қамын көздеді.Ел дертіне ем болар түскен еңсесіне дем болар қуат оқу, өнер деп тың жол ұсынды.

Ақын өзінің жастық шағы мен ер жеткен кезін, кездескен соқтықпаларын, етек басты кедергілерін:

Жасымда албырт өстім ойдан жырақ

Айлаға ашуға да жақтым жырақ

Ерте ояндым, ойландым жете алмадыа

Етек басты көп көрдім елден бірақ

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме

Өзі ермей ерік бермей жұрт қор етті

Сен есірке тыныш ұйықтат бақ сөзіме

деп түйді.Абай қазақ халқын қараңғылықтан алып шығатын жол тек мәдениет деп білді.Абай мәдениеттің маңызын оның қоғам өмірінен алатын орнын дұрыс түсінді.Ол өлеңге жеңіл желпі қарап, байларды мақтап тілін безеп мал үшін сатылып өнердің қадірін кетіріп жүрген ақынсымақтарды қатты сынға алды:

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап

Мақалдап айтады екен сөз қостап

Ақындары ақылсыз надан келіп

Көк жерді өлең қыпты жоқтан қармап

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап

әр елден өлеңменен қайыр сұрап

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап

Абай өлеңдері еңбек сүйгіштікке тәрбиелейтін зор идеялы шығармалар.Абай дүниеде өмір сүру, оны білу де тану да бәрі еңбекпен келетінін түсіндірді.Адам өмірі үшін де ол еңбектің шешуші роль атқаратынын еңбексіз өмірдің адамды аздыратынын ескертті.

Тамағы тоқтық

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын

Абайдың көптеген өлеңі ақынның өз еліне халқына деген сүйіспеншілігін бейнеледі,Абай қазақ қызының шынайы бейнесін жасады.Абайдың қаламынан туған қыз бейнесі Пушкин жырлаған орыс қызы да Гете суреттеген неміс қызыда емес,ақының өзі көрсеткендей қазақтың ақ жарқын, үяң жүзді ай бейнелі піскен алма секілді сұлуындай суреттейді.

Махаббатты өте жоғары бағалай ақын ғашық болу тек жа сезіммен сүйгендік емес адамшылық пен шын көңілдің тоғысқандығы деп суреттейді.Ол жастардың сүйген жарына деген нағыз адал көңілдерін ашып жыр ете білді.Жүрекпен сыйласқан сырласқан екі жастың кездесуі олардың арасындағы іштей бірін бірі ұғынулары шебер бейнеленеді.

Аядап ақырын

Жүрекпен алысып

Сыбдырын,тықырын

Көңілмен танысып

Иығы тиісіп

Төмендеп көздері

Үндемей сүйісіп

Мас болып өздері

Бірін бірі шынайы ынтық екі ғашықтың кездесу суреттері, жүректерімен алысқан сырлары үнсіз ұғыну, құмарлық құштарлық.Абай прозасы ішінде ғақлия, нақыл сөздер де ғылыми мақалалар ойшылық трактат өткір сын мысқыл ретінде келетін сатиралық әңгіме адамгершілік өсиеттерде публистикалық насихат түрлері де шешендік әңгіме кеңестері де бар.Тек көлемді проза жазбаған.


  1. Өсиет ғақлия.Бұған Абайдың адамгершілік мораль мінез туралы мысал жөнімен келетін өсиет мазмұнды эссе ретіндегі сөздері және діни ғибадат ретінде жазған біраз дидактикалары жатады.Олар "Он үшінші" "Жиырмасыншы" "Жиырма сегізінші" "өтыз сегізінші" сөздері деуге болады.

  2. Тастих немесе философиялық трактат.Бұған Абайдың философиялық ойларын дүниеге көзқарастарын білдіретін, ғылыми пікірлер айтқан эсселері жатады.Мысалы: "Жетінші сөз" "Он жетінші сөз" "Қырық бесінші сөз".

  3. Нақыл тұспал сөз Абайдың өлеңдерінде қарасөздерінде тауып айтқан тұжырымды афоризм.Мысалы: Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық

Абай музыкалық шығарма жазған композитор.Оның бізге жеткен әсем әндері бар.Ақынның музыка саласындағы өнерін А.Жұбанов өзінің "Замана бұлбұлдарында " кең талдап танытқан болатын.Қазір Абайды екі күйі де табылып отыр: "Май " "Тор жорға" күйлері.

Абайтану қазір өз алдына бөлек бір ғылым болып қалыптасты.Бұл ғылымды негіздеуде аса көрнекті ғалымымыз М.О.Әуезовтің еңбегін ерекше атап көрсету қажет.Ол қазақтың классик ақыны Абайдың көркем образдарын жасаумен қатар терең ғылыми зерттеу жұмысын да жүргізіп, абайтану ғылымының негізін салды.Ақын шығармаларын жинап зерттеп оның танылуына үлес қосты.Абай өз елінің мәдениетіне өнеріне үлес қосқан ұлы дана ойшыл.Абай бұқарашыл ой сананың жемісі.Абай шығармаларында қазақ тіліне тән белгілер сақталған.



Шәңгерей Сейіткерейұлы

Бөкеев

(1847-1920)

Шәңгерей – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қалыптасып, дамыған қазақ жазба әдебиеті өкілдерінің бірі. Ол Батыс Қазақстан облысының қазіргі Орда ауданында, Жасқұс құмында – хан ордасында дүниеге келген. Жәңгір ханның немересі. Ақын өзінің бір өлеңінде «Алпыс бөлме, жүз есік» көк орданың ішінде дүниеге келгенін айтады. Әкесі Сейіткерей Шәңгерей бес жасқа келгенде қайтыс болған. Бірақ жас Шәңгерей ауқатты ортада жетімдік көрмей өседі. Жасынан оқып, білім алады. Өнерге, өлең сөзге жас кезінен әуестенеді. Ордадағы медресені бітіріп, мұсылманша білім алғаннан кейін, Астраханьдағы реальды училищиге түседі. Одан кейін Орынбордағы Кадет корпусында екі жыл оқиды. Орыс тілін үйреніп, орыс әдебиеті, мәдениетімен танысады.

Самар губерниясында (қазіргі Куйбышев облысы) бітімші сот (мировой судья) болып жұмыс істейді. Әділдік жолын іздеу, шындықты қорғау жолындағы ой-санасы осы тұста қалыптасқан сияқты. Ол әкімшілік-төрешіл биліктің зорлық, алдау, парашылдық сыр-сипатын көріп, бұл жұмыстан бойын аулақ салуды ойлайды. Сөйтіп, біраз жыл қызмет істегеннен кейін қызметін тастап, өз еліне келеді. Бұдан кейін кеңсе жұмысына араласпай, патша тарапынан дворян атағын алып, Самар губерниясындағы дворяндар тізіміне тіркеледі де, еңбекпен, өнермен шұғылданады. Орданың Жәнібек жағындағы Көлборсы деген жерді өз меншігі етіп, сол кездегі орыс помещиқтері сияқты тұрақ жай тұрғызады. Онда ағаштан, тастан сәулетті үйлер, мектеп, медресе, мешіт салғызып; туыстарының балаларын оқытады. Бау-бақша, алма ағашын ектіріп, егін салады. Асыл тұқымды мал өсіреді.

Шәңгерей ашқан мектепте білікті мұғалімдер жұмыс істейді. Сондай бала оқытқан, білімді әрі талапты мұғалімнің бірі көрнекті ақын Ғұмар Қараш (1876-1921) еді. Ол Шәңгерейді аға тұтып, жиі араласып тұрады. Шәңгерей оның ой-өрісінің кеңеюіне, орыс әдебиетімен танысуына ерекше ықпал етеді. Ғ. Қараш «Жәңгір ханның немересі, сұлтан Шәңгерей Сейіткерейұлына» деген толғауында:

Алғыр жүйрік сұлтаным,

Ақылың жетіп алысқа

Ілгеріні болжадың.

Болжағанның белгісі,

Атаңнан мұра қалған су —

Көлборсыны меншіктеп,

Жағасынан жер алдың...

Кешегі өткен бабаңыз —

Хан Жәңгірден үлгі алдың, —

деп жырға қосқа. Сонымен қатар Шәңгерейдің ақындығын, тілге шешендігін, сөз асылын қадірлеген көсемдігін, серілігін тамаша суреттеген. Бұл толғауы ақынның 1914 жылы Уфада шыққан «Аға тұлпар» жинағында жарияланған.

Осыдан бастап Шәңгерей өз мекенінде оқшау өмір сүріп, аңшылықпен айналысты, жақсы ат, қыран құс, құмай тазы ұстаған. Құс салып, ит жүгіртіп, саятшылық өнерін қызықтаған.

Шәңгерейдің ерекше көңіл аударған бір ісі – әдебиет, өнер, ғылым болады. Ол орыстың классик жазушыларының шығармаларымен танысады. Лермонтовты, Гогольді сүйіп оқиды. Ән-күйге, сурет өнеріне, сән-салтанатқа ерекше көңіл қойған ол ақын, әнші, күйші, домбырашы, суретші сияқты өнерпаздарды өзіне жақын тартып, олардың өнерін тамашалайды. Ол қадір тұтқан өнер адамдарының бірі – орыс суретшісі Мальцев деген досы. Оған шеберхана да салып берген. Орыстың Фет, Тютчев сынды ақындарының да өлеңдерін оқып, әсерленеді. Шәңгерейдің бай кітапханасы болған. Ғылыми әдебиеттерді, әр түрлі қазақ және орыс тіліндегі газет-журналдарды алдырып оқыған. ХХ ғасырдың басында қазақ, татар тілінде басылған ақындардың кітаптарын оқып, қоғамдық, әдеби өмірдің беталысынан үнемі хабардар болып отырған.

1911-1913 жылдары қазақ зиялыларының ұымдастырумен Оралда «Қазақстан» газетін шығару мәселесі сөз болғанда, бұл істі қолдап, оған қажетті қаржыны толықтыруға көмектескен де Шәңгерей еді.

Шәңгерей прозалық шығармалар жазған деген де дерек бар. «Қара мұрт» атты роман, «Сұрау-жауап» деген көлемді әңгіме жазса керек, бірақ ол туындылары сақталмаған. Ол 1917 жылы шамасында Көлборсыдағы қонысын тастап, аталас төре тұқымдары мекендеген Ақбақай деген жерге (Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Қаратөбе ауданы) көшіп келеді. Қоныс аудару себебі де мәлімсіз. Бізге белгілісі – өмірінің соңғы кезінде ел ішінде даулы, талас-тартысты мәселелерге көп араласпай, оқшау өмір сүрген.

Шәңгерей 1920 жылы қаңтарда сол Ақбақайда қайтыс болған. Ақынның біраз өлеңдері «Шайыр» (1910) және «Көкселдір» (1912) деген жинақтарда жарияланған. Бұл жинақтарды бастырған Ғ. Қараш еді. Кеңес дәірінде Қызылорда қаласында ақын өлеңдерінің жинағы (1933) басылды.

Шәңгерейдің бізге белгілі шығармалары әлеуметтік өмірдің әр түрлі жақтарын қамтиды. Отаршылдық салдарынан туындап жатқан өзгерістерді көре білген ақын бұрынғы хандық дәуірдегі өмірді аңсайды. Оның қоғамдық ой-пікірлері, топшылаулары бірде өмір шындығын айқын көрсетсе, бірде өткенге алаңдау сарынында келеді. Жер-судың құты кетті, сәні кетті, бәрі адыра қалды. Бұрынғы асыл адамдар енді жоқ, бұрынғыдай билер, ерлер енді тумайды дейді.

Адыра дедім Нарынды,

Құсы ұшып көлінен,

Құты кетіп жерінен,

Саба құрсақ билерден,

Еңіреген ерлерден,

Айырылып адыра қалғанда..,—

дейді. Ақын өз кезіндегі жаңалықтардың бәрін бірдей қабылдай бермеген. Қазақ даласындағы ел билеудегі жаңалықтар мен заң, тәртіптер, біртіндеп еніп жатқан капиталистік қарым-қатынастар, отаршылдық, сауда-саттық, халықтың жерден қыспаққа ұшырауы сияқты өзгерістер Шәңгерейдің көз алдында өтіп жатты. Бұрынғы хан ордасындағы ата-баба билігі мен беделі жайлы ұғым-түсініктер оның ақындығын сол бағытта оқшаушырақ қалыптастырды. Бұл кезеңде хан тұқымдарының да еркіндігі шектеле бастаған еді. Ақынның:

Құйрық атып құлия,

Түлкідей қашқан жымия.

Қаранды үзіп барасың,

Бізден де, қайран дүния...

деуі содан туған. Сондықтан да ақын бұрынғы ата-баба дәуірі еркіндік дәуір еді, ешкімге тәуелді емес едік, дегенді білдіреді. «Ағасын ақылдың артық асқармен тең» өлеңінде:

Ағасын ақылын артық асқармен тең,

Асылдың арқар ұранды тіреуі – сен.

Ала ту Абылайдың ала аттансаң,

Аламан артындағы біреуі – мен..,

деп, ұлы дүбір шықса қалмас едім, ел тәуелсіздігі үшін аттанған сарбаздың қатарында мен да Абылайлап аттанар едім дейді. Хан тұқымдары арасында Абылай ханның ел тәуелсіздігі үшін еткен тарихи еңбегі дәріптеліп, есімі қастерленді.

Ақынның өмір мен өлім туралы пәлсапалық толғанысынан өмір шындығының елесі көрінеді. Ол тумақ, өлмекті табиғи құбылыс ретінде түсінеді. Бұл ойын өлеңінде лирикалық бейне арқылы жеткізеді. Барлық қауіп-қатерді себеп-салдарлы түрде көрсетеді. «Өмірдің өтуі» өлеңінде қырдағы құланың аман жүрмегі жоқ, құдыққа құлан құласа, құлағында құрбақа ойнар, суға құлан шұбырса, жолын тосқан жолбарыс жүрегін жұлып, жем етер. Ол да аман қалмайды. Бөкен терісін бөрік еткен, сексеуілді күрке еткен мерген жалғыз оқпен оның да қазасын жеткізеді. Мерген де ажалдан құтылмайды. Кім болса да ажал оғынан құтылмақ емес дейді. Өз заманындағы әлеуметтік құрылысқа жатырқай қараған ақын алдағы болашақтан үміт күтпейді. Ақын ескі қоғамдық құрылыстың күйреуін белгілі мөлшерде өз басының да трагедиясы деп түсінетін сияқты. Бұл дүние пәнилығын етеді екен,

Бір дәурен өтіп, бірі жетеді екен...

Өзіне халық аузын қаратқан ер,

Тіріге, өлсе, қадірі кетеді екен...

Бұл сөздерінен де өмірдің өтуі, ескінің өтіп, жаңаның келуі, елді аузына қаратқан ерлердің, көзден тайса, көңілден кететінін айтып, торыққандай болғанын көреміз.

Шәңгерей шығармаларында өнер, ғылым, білім тақырыбы ерекше жырланады. Ол ғылым жетістігінде үлкен сеніммен қарайды. Қоғамның дамуы үшін қажет шарттардың бірі – ғылым екенін ұғындыруға күш салады. Жастарды оқуға, ғылыммен шұғылдануға шақырады.

Оқысаң ғылым нұрын білім асар,

Көңілдің кіршік басқан көзін ашар.

Мас болған біліміне кейбір жастар,

Жерлерге аяқ жетпес аяқ басар.

Апырай, кімге аян бұл жиһанның

Белгісіз ұлылығы асқар-асқар!

Ғылымға ұмтылушы жастарға Шәңгерейдің үлгі еткені – Бұхарда, Казанда оқып келген қазақ-татар молдалары емес, дүние жүзіне әйгілі ғалымдар. Ол атақты ағылшын ғалымы Эдиссонды (1847-1931) үлгі етеді. Эдиссон Томас Алва – американың атақты физигі, электротехника мен байланыс жөнінде көп жаңалықтар ашып, түрліше құрал-аспаптар ойлап шығарған ғалым.

Сонымен қатар ғылымға бөгет жасайтын надан молдаларды шенейді. Ақын Эдиссонға арнаған өлеңінде ғылым мен надандықты бір-біріне қарама-қарсы қояды. Ғылымды бұтағы көп, жемісі мол, биік шынар бәйтерек бейнесінде суреттеп, ғалымның әр саласын сол бәйтеректің жемісі ретінде бейнелейді.

Бұл ғылым – бір бәйтерек шектен асқан,

Шұлғанған бұтағына ғарсы-күрсі.

Бар ғаләм он сегіз мың саясында,

Таусылмас, бұтақ сайын бар жемісі.

Шайтани бұл өнерді қалай дейміз,

Әр өнер – сол жемістің бірдемесі.

Эдиссон мұны істеген – ғалым адам,

Оқымас, жалқау біздей емес надан.

Пәнделерден қимие-симие ғылымы хикмет,

Көп сырлар ашты түпсіз дариядан...

Ақын ғылымның қоғамдық маңызын көпшілікке түсіндіруді оқыған адамға міндет етіп қояды.

Шәңгерейдің шығармаларына арқау боларлық ортақ бейне - оның ақындық "мені". Ол барлық шығармаларында өзінің жайын, өмір жолын, дүниеге келгеннен бастап кешкендерін айтар ойына ұштастыра отырып, образдар арқылы терең толғайды.ақын "мен" деген сөзге философиялық мән беріп, оны дүниенің өзгерісімен, дәулеттің тұрақсыздығымен, өмірдің өткіншілігімен байланыстырады.

"кімсің" деп біреу сұраса,

Өзім болып "Мен!" деген.

"Мен" деген кетсе дүниеден,

Өзім болып "менмін" деп,

Жауап берер қай адам?!

"Менмін" деген - сол менмін,

Жалпылама алаш, әр заман, -

деп, "мен" - деген сөздің мағынасы, жалпы халық, адам баласы екенін өзі-ақ айтады. Бұл тұста ақын пікірі Абайдың "Өлсе өлер табиғат, адам өлмес" атты өлеңіндегі пікілерімен үндес шығады.

Өмірдегі, дүниедегі табиғилық, өсу, өну, өшу заңдылықтарын ақын өз атынан, өзінің "Мені" - жеке басы тағдыры тарапынан танытады.

"Өмірдің өтуі", "жалғаншы жарық дүние", "Бұл дүние пәнилығын етеді екен", т.б. өлеңдерінде әр нәрсенің пайда болуы, өсуі, дәурендеуі, гүлдеуі бар; оған қоса, солуы, кебуі, қартаюы, қажуы, өлуі-өшуі болатынын айтады. Бірақ жүниеде шек жоқ, біріне-бірі жалғасып жатқан өмір, дәурен, ескінің орнын жаңа, кәрінің орнын жас басады.

Шәңгерей М.Ю.Лермонтовтың "Беглец" шығармасын аударған болатын. Күрескер халықтың батырлық салтын жақтауы, қорқақтарға, жанаярларға деген кешірімсіздіктерін, қатыгездіктерін жақтауы анық. Тек жауға қарсы тұрған ерлер емес, оның туған елі, анасы, сүйген жары - түгел өздерінің жауына қарсылық білдіреді. Қорқақты қорлайды. Қорқақ, қашқын Һарунның жексұрын бейнесін жасайды. Ондайлардың жазасы өлім екендігін ескертеді:

Киіктей орғып таудан Һарун қашты,

Қояндай бүркіт қуған жаман састы.

Соғыстың Һарун қашқан майданында,

Төгіліп шеркеш қаны судай тасты.

Ар, намыс, абырой үшін шаһит болған,

Ата мен ағасын тастап қашты.

Һарун өзінің туған елінің қарғысына ұшырайды. Ақыры өзін-өзі өлтіреді.

Шәңгерей ақынның шығармалары ХХ ғасырдың басында ғана баспа бетін көрді. Кейбір ақындар жинақтарына жекелеген шығармалары ғана еніп жүрді. Олар: "Шайыр", "Көк сілдір" атты 1910 жылдары Орынбордан Ғұмар Қарашұлы шығарған жинақтар. Ғұмар Шәңгерей жайлы жазған өлеңінде оның шығармашылығын өте жоғары бағалаған. Шәңгерейдің кейінгі жылдары да баспа көрген еңбектері болды: "Шәңгерей өлеңдері" (Манаев құрастырған жинақ, Алматы, 1934 ж), Есмағамбет Ысмайыловтың 9 сынып оқушыларына арналған оқу құралдары (Алматы, 1939 ж, 1940 ж), "Үш ғасыр жырлайды" (Жинақ, Алматы, 1989 ж, 2 том), Шәңгерей шығармашылығы туралы ілкі пікірлер Х.Жұмалиевтің 1942 жылғы орта мектепке арналған оқулығынан және 1959 жылы шыққан қазақ әдебиеті тарихынан (авторы З.Ахметов) кездестіреміз.


17

Тақырыбы: ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті



Дәріс жоспары:

1. ХХ ғасыр басындағы тарихи-әлеуметтік жағдай

2. Оқу-ағарту мәселесі. Қазақ баспасөзінің дамуы

3. Әдеби жанрлардың дамуы

4. 20-30 жылдардағы қазақ әдебиетіне көзқарас

Тірек сөздер: идеология,отарлау саясаты, көтеріліс, оқу-ағарту, баспасөз,шыншыл лирика, проза, роман, драматургия, аударма, көсемсөз, әдеби сын

Мақсаты: ХХ ғасыр басындағы тарихи жағдайға шолу, оқу-ағарту жайы мен баспасөз ісінің дамуын, жанрлардың дамуын түсіндіру.

Дәрістің жалпы мазмұны

ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті дамуының күрделі сипаты. Тарихи өзгерістерге сай идеологияның қалыптасуы. Заманның жаңғыруына сай қалыптасқан бұрынғы көзқарастар мен тұжырымдарға жаңаша тұрғыдан қарау.

Бұл кезеңдегі қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік жағдайы және ұлттық мәдениеттің даму бағыттары. Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас. Орыс патшасының отарлау саясатының орныға түсуі. Ресейдегі 1905 жылғы оқиғалардың Қазақстандағы дүмпуі. 1916 жылғы оқиғалар. Наразылықтың халықтық қозғалысқа ұласуы. Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы көтерілістердің ұлт санасын оятудағы маңызы.

Қазақстан оқу-ағарту ісінің жедел өрістеуі. Қазақ мектептері мен оның түрлері. Ескі үлгідегі мектептер. Өмір талаптарына жауап беру дәрежесі. Ауылдық мектептердің пайда болуы. Жаңа сипаттағы оқу жүйесі. Жәдитше оқытудың артықшылықтары.

Қазақстанда баспасөз ісінің қанат жаюы. Газет-журналдар санының көбеюі. Қазақ баспасөзінің тарихы туралы мәлімет. «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті. Кітап шығару ісінің жандануы.

Ауыз әдебиеті үлгілерінің жиналып, кітап болып шығуы. Шығыс хисса-дастандарының көптеп аударылып, кітап болып шығуы.

Әдебиеттің дамуы. ХХ ғасыр басындағы саяси, әлеуметтік өзгерістер, мәдени жаңарулардың ұлттық әдебиетке тікелей қозғау салуы. Қазақ әдебиетінің тақырыптық, жанрлық, көркемдік жағынан өркендеуі. Поэзияда жалаң насихаттық сарынның азайып, Абай үлгісіндегі шыншыл лириканың орнығуы. Лирика тілінің өткір сипат алуы, тақырып ауқымының кеңейюі, әлеуметтік мәселелерді қозғаудағы батылдығы. өмір құбылыстарын шынайы бейнелейтін оқиғалы, күрделі шығармалардың пайда болуы.

Проза жанрының өркендеуі. Тұңғыш қазақ романының дүниеге келуі. Күрделі проза үлгісінде жазылған алғашқы романдардың тақырыптық бағыттары. Оларда дәуір мәселелерінің көтерілгені. Шағын проза үлгісіндегі шығармалардың жазылғаны. М.Дулатов, С.Көбеев, Т.Жомартбаев, Ш.Құдайбердіұлының т.б. жазушылардың қазақ прозасын өркендетужолында ерекше еңбек атқарғаны.

Алғашқы драматургиялық шығармалардың дүниеге келуі. /Б.Серкебаев «Бақсы», «Ғазиза», 1912; К.Төгісов «Надандық құрбаны», 1915; Б.Майлин «Шаншар молда», 1916; Ж.Аймауытов «Рабиға», «Мансапқорлар», «Қанапия-Шарбану», 1916-1917; М.Әуезов «Еңлік-Кебек», 1917/.

Аударма жанрының өрістеуі. Заман талабынан туған рухани қажеттілікті түсіне отырып, қазақ қаламгерлерінің өзге елдер әдебиетінің озық үлгілерін қазақ оқырмандарына жеткізуі. Абай, Ыбырай дәстүрлерінің жалғасуы.

Көсемсөз дамуының жайы. Көсемсөз жанрының қуатты күшке айналуы. Қазақ баспасөзінде тарихи кезең тақырыбы көтерген ойлы да батыл мақалалардың көптеп жариялануы. А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының, Шәкәрімнің, Сұлтанмахмұттың, М.Сералыұлының, Ә.Бөкейханұлының мақалалары. Бұл еңбектердің дәуір мәселелерін көтерудегі, халықтын санасын оятудағы және ұлттық көсемсөз өнерін дамытудағы маңызының айырықша екендігі.

Әдеби сынның ілгерлеуіндегі Шоқан, Ыбырай, Абай дәстүрінің жалғасуы. Бұл кезеңнің толғақты мәселелерін қозғалған көркем әдебиет пен әдеби сынның өзара байланыста дамуы. Проблемалық сыңдардың көріне бастау. «Айқапта» басылған С.Торайғырұлы, М.Сералыұлының, С.Сейфулиннің, «Қазақ» газетіндегі А.Байтұрсының, М.Дулатұлының әдебиет туралы сың еңбектері.

Олардың қаламгер машығы, көркем шығармаларының табиғаты туралы тұжырымдар жазылғаны. Сын жанрында әдебиеттің көркемдік, эстетикалық мәселелерін көтеруге талпыну. Кейбір сын әдебиеттерінде сыңаржақ идеологияға, таптық көзқарасқа бой ұрушылық. Сынның жалпы деңгейі туралы мәлімет. Алғашқы қадамға тән ерекшелік.

Әдебиет мәселелері, жекелеген қаламгерлердің шығармашылығы, Абайдың әдеби мұрасы, халықтың ауыз әдебиеті жөнінде ойлы мақалалардың жарық көруі. Нұржан Наушабайұлы (1859-1919).



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет