Мектептерде сабақтас құрмалас тақырыбын өту кезінде жаттығу жұмыстарының төмендегідей түрлері қолданылып жүр:
1. Көшіріп жазу жаттығулары.
2. Диктант жазу түрінде орындалатын жұмыстар.
3. Әдеби мәтіннен сабақтас құрмалас сөйлемдерді теріп жазу.
4. Жай сөйлемдерден сабақтас құрмалас сөйлем жасау.
5. Берілген компонентті толықтырып, сабақтас құрмалас сөйлем құрау.
6. Берілген схемаға сүйеніп, сабақтас құрмалас сөйлем жасау.
7. Берілген “Тірек сөз” арқылы сабақтас құрмалас сөйлем ойлап жазу.
8. Бірыңғай баяндауышты жай сөйлемді, сабақтас құрмалас сөйлемге айналдыру.
9. Сабақтас құрмаластың бір түрін екінші түрге ауыстыру.
10. Көп бағыныңқылы сабақтасты екі компонентті бірнеше сабақтас құрмалас сөйлемге айналдыру.
11. Сабақтас құрмалас сөйлемнің тыныс белгілерін тауып қою.
12. Тыныс белгісінің схемасына қарап, сабақтас құрмалас сөйлемнің түрін ажырату.
13. Мәтін құрау, мәтінде сабақтас құрмалас сөйлемді пайдалану.
14. Магнитафонды пайдаланып, құрмалас сөйлемнің айтылу интонациясын анықтау.
15. Сурет бойынша шығарма жазу, шығармадан сабақтастарды іріктеу.
16. Ерікті тақырыпқа шығарма жазу, тұрақты сөз тіркестерін пайдалану.
Қазақ тілі синтаксисін оқыту мәселесі. А.Байтұрсыновтың қазақ тілі синтаксисі туралы тұжырымдары оны оқыту жөніндегі соны пікірлер болып табылады. Тілші синтаксистің теориясын бір жүйеге түсірумен қатар, оны меңгертудің жолдарын ұсынды. «Ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық даражада түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады» деп, сөйлемнің қатысымдық қызметін айқындады [1, 264]. Синтаксистің әр саласы туралы теориялық материалдардан кейін практикалық жұмыстарды «өлеңмен жазылған сөйлемдерді өлеңсіз түрге айналдыру; сөйлем ішіндегі мүшелерін айырту; сөйлемнің қажет болған түрлерін білім алушылардың өзіне тапқызу» түрінде беріп, сөйлем мүшелерінің қай сөз табынан болатынын нақты мысалдар арқылы дәлелдеді [1, 287]. «Ауызбен сөйлесу» және «жазумен сөйлесудің» ерекшеліктерін анықтап, сөйлем жүйесінің сөйлеу әрекеті түрлеріне қатысын айқындады.
Қ.Жұбанов сөйлеу сөйлемдер арқылы жүзеге асатынын дәлелдеп, «сөйлем бір сөзден де, бірнеше сөзден де құралады» дей келіп, жай сөйлемнің грамматикалық сипатының бірдей емес екенін анықтады. Ғалым синтаксистің нысаны семантика емес, тілдік тұлғалар мен солардың құрылысы екенін дәйектеп, «біздің қарайтынымыз – мағына жүйесі, семантика емес, грамматика. Сондықтан біздің мақсатымыз мағынаны баяндау емес, мағынаны қандай амалмен білдіреміз, осыны баяндау болу керек», – деп, тұжырымдайды. Тілші А.Байтұрсынов пен Т.Шонанұлы еңбектеріндегі синтаксис туралы пікірлерге талдау жасап, сөйлем мүшелерін қазақ баласының танымына жақын дене мүшелерін мысалға ала отырып түсіндіреді. «Сөйлеу деген – біреудің екінші біреуге хабар беруі», – деп, ойды сөйлеу үдерісімен байланыста қарастырады [2, 50]. Ғалымның педагогика саласына қатысты зерттеулерінен оқу үрдісін білім алушының танымы мен қабілетін ескере отырып, ұйымдастыруға мән бергенін байқауға болады.
С.Жиенбаев сөйлем мүшелерін жіктеу мен олардың арасындағы байланысқа және құрмалас сөйлем мәселесіне жан-жақты тоқталса, С. Аманжолов жай сөйлем синтаксисі мен құрмалас сөйлем синтаксисін оқыту мәселесін қамтыды. Ғалым сөйлемнің қатысымдық қызметіне назар аударып, «сөйлем қалыпты, бір беткей, ұзын сонар; ол біреудің айтқан сөзінен, ойлаған ойынан ғана» құралмайтынын, «сөйлемнің айтылуы, көп қолданылатын жері – көпшілік ортасы, ең кемі екі кісінің басы қосылған жер» екенін, мұндай жерде «сөйлем, бірыңғай, біркелкі «болмайтынын, ашу, күлкі, сұрау, жауап, қуаныш т.б. психологиялық жағдайлардың «сөйлемге әсерін» тигізетінін дәлелдеп көрсетеді [ 3, 16 ]. Сол сияқты Ә.Хасеновтың «материал көлемі, оларды белгіліден белгісізге қарай дамыту арқылы жүргізу ісі, қолданылатын әдістер мен жұмыс түрлері» туралы ұсыныстары мен М.Балақаевтың «сөйлемдегі сөздердің грамматикалық тұлғалары мен мағыналарын сипаттау арқылы олар жайындағы оқушының білімін баянды ететін практикалық жұмыс» деген анықтамасы синтаксисті оқыту жайындағы алғашқы құнды тұжырымдар болып саналады [4, 75].
Қазақ тілі синтаксисін тіл білімінің жеке саласы ретінде дәстүрлі оқыту. Синтаксисті оқыту мәселелері Ә.Хасенов, А.Әбілқаев, Ш.Әуелбаев және т.б. ғалымдардың еңбектерінен бастау алады.
И.Ұйықбаев «грамматикалық ережелерді білмеу, сөйлемдегі мағыналық қарым-қатынастарды түсінбеу орфографиялық қателерге» соқтыратынын дәлелдеп, диктанттың түрлеріне, олардың атқаратын рөліне тоқталып, сызбалар мен үлестірме қағаздарды ұтымды қолданудың жолдарын ұсынады [5, 65].
Д.Әлімжанов пен Ы. Маманов «тіл фактілерін түсіндіруге пайдаланылатын материалдар, алдымен, тілден өтілетін материалдарға сәйкес болу» керектігіне мән берді. Ғалымдардың «өтілген тілдік тақырыптарға тәрбиелік маңызы бар сөйлемдер тергізіп, оны грамматикалық белгілер мен сөз мағынасына қарай топтату, текстерге талдаулар жасату, кітап оқыту, оқығанын баяндап айтқызу, сол бойынша конспект жасату, көрнекі материалдарды беріп өздеріне бақылату, іс қағаздарын үйрету, тілге байланысты кештер өткізіп, конференцияларда баяндама жасату» [6, 66] тәрізді ұсынған жұмыстары мен Х.Арғыновтың «өздігінен көбірек жұмыс істеуге» көңіл аудару «әрбір орындалған жаттығу, дағдыландыру жұмыстарының қандай із қалғанын» байқайтыны туралы тұжырымдары [7, 212-260] қазіргі таңдағы СӨЖ-ге қойылатын талаппен сабақтасып жатыр.
Синтаксисті тіл білімі салаларымен сабақтастықта оқытудың жаңашыл бағыттары. ХХІ ғасырда барлық елдер бірінші орынға білім беру сапасын қойып отыр. Осымен байланысты жоғары мектепте қазақ тілін жаңа тың ізденістер тұрғысынан оқыту мәселесі жан-жақты қарастырыла бастады.
Р.Ә.Шаханова қазақ тілін модуль, рейтинг, тест арқылы меңгертудің жолдарын ұсынса, Қ.Қадашева қазақ тілін жаңаша жаңғыртып оқытудың тиімділігін анықтады. К.Жақсылықова модульдік технологияның ұтымдылығын дәлелдесе, Ж.Сүлейменова жоғары мектепте морфологияны оқытудағы дәстүрден тыс сабақтардың маңызын айқындады. Ә.Әлметова студенттердің сұқбаттық тілдесім мәдениетін қалыптастырудың жолдарын, З.Бейсембаева сөзжасамды модульдік технология арқылы оқытуда тиімді болып табылатын дәріс, практикалық сабақтар мен өздік жұмыстың түрлерін, ал Н.Оразақынова сатылай талдауды сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы меңгертудің амал-тәсілдерін ұсынды. Ж.Даулетбекова сөйлеу мәденетін терең игерту оқушының қатысымдық және мәдени-танымдық құзыреттіліктерін қалыптастыратынын айтса, Ж.Қ.Балтабаева өзінің ғылыми жұмысында жоғары оқу орындарында морфологияны оқыту мәселесін сөз етіп, интерактивті әдістердің ұтымдылығын дәлелдеді. Н.Құрманова мен А.Е.Жұмабаева орта мектепте синтаксисті дамыта оқытудың жолдарын айқындап берсе, А.А.Сатбекова жоба жұмысының түрлерін саралады.
Соңғы жылдары білім беруді жаңа қырынан ұйымдастыру мен қазақ тілін оқытудың сапасын көтеруге бағытталған зерттеу жұмыстарындағы тұжырымдар синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ұтымды әдіс-тәсілдерін сұрыптап таңдауға мүмкіндік тудырды.
Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту мәселесі.
Қоғам дамуындағы өзгерістер жеке ғылым саласы ретіндегі тіл біліміндегі жаңа бағыттардың туындауына әсер етсе, өз кезегінде сол өзгерістер оның оқыту жүйесін де жаңартуды қажет етеді. Осымен байланысты тілді адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастың құралы ретінде қарастыру етек алды. Адам мен оның тілін әлеуметтік аспектіде өзара байланыстырып, адамның әлеуметтік рөлі, тілі, мамандығы және қандай әлеуметтік топқа жататындығы, идиологиялық тәуелділігі т.б. арқылы тілдік тұлғаны анықтауға басымдылық берілді. Тілді оқытуда оның тілдік қарым-қатынаста қолданылу дәрежесі мен сипатына, әлеуметтік-психологиялық мәніне көңіл бөлінді. Әдіскер-ғалымдар ана тілінің тек қатысымдық қызметін ғана айқындап қоймай, оның баланы жеке тұлға ретінде қалыптастырудағы мәніне баса назар аудара бастады. Өйткені тіл арқылы адамдар өмірден өз орнын табады, әркім өзіне қажетті игілікті іске асырады.
Синтаксис пәні студентке сөз тіркесінің, сөйлем мен мәтіннің ерекшелігі мен өзіндік қолданысын үйретіп, сол арқылы олардың сөйлеу қабілетін жетілдіруді көздейді. Бұл Қазақстан Республикасының бiлiм берудi дамыту тұжырымдамасының: «Қазiр педагогикалық қоғамдастықтың алдында бiлiм берудiң жаңа моделiн құрудың, сынақтан өткiзу мен енгiзудiң ауқымды мiндеттерi тұр. Бiлiм берудiң қазiргi негiзгi мақсаты бiлiм алып, бiлiк пен дағды-машыққа қол жеткiзу ғана емес, солардың негiзiнде дербес, әлеуметтiк және кәсiби бiлiктiлiкке – ақпаратты өзi iздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам өзгерiп жатқан бүгiнгi дүниеде лайықты өмiр сүру және жұмыс iстеу болып табылады», – деп көрсетiлген басты қағидатымен толық үндеседі [8, 5].
Таным мәселесі антик заманынан бастау алады. Әр дәуірдегі ойшылдар мен педагогтер балалардың өзіндік ой-тұжырымын жасау, оны дамыту мәселесіне назар аударса, адам баласының танымдық қабілетінің мәні қазақ халқының даналық сөздерінде, ертегі, жыр, мақал-мәтелдерінде де көрініс тапқан. Синтаксисті қатысымдық тұрғыдан оқыту студентті лексикалық және грамматикалық бірліктерді қарым-қатынаста ұтымды қолдануға, өз көзқарасын айта білуге және синтаксистік категорияларды сөйлесім әрекетінде ұтымды пайдалануға үйретсе, танымдық тұрғыдан оқыту оның оқу материалдарын терең игеруіне, өзін-өзі дамытуға, танымдық қабілетін (қабылдау, меңгеру, жоспарлау, мәселені шеше білу, ойлау, тапқырлық, білімін қажетті жерде қолдана білу т.б) арттыруға мүмкіндік тудырады.
«Сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі одан та артық», «сөйлегенде сөздің жүйесін келтіріп сөйлеу» қажет. «Сөздің жүйесін қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгеріп, қалайша бір-біріне қиындасып, жалғасатын дағдысын білу» керек. «Сөйлеудің асыл мағынасы – біреуге білдірейін деген ойын айту. Айтушының мақсаты – тыңдаушыға ойын түгел түсіндіру. Ойын түсіндіру үшін соған керек сөздерді алу қажет. Бір сөзді ойын анықтау үшін алса, екінші сөзді ойын толықтыру үшін алады, үшінші сөзді ойын пысықтау үшін алады» деген А.Байтұрсыновтың пікірі синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың өзегін анықтауда маңызды рөл атқарады [1, 142, 274].
Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың қайнар көзі. ХХ ғасыр басында қазақ топырағында ұлтты тану мен сапалы білім берудің тың үлгісін жасаған отандық ғалымдардың әдістемеге қатысты ой-пікірлері, еңбектері зерделеніп, олардың оқыту үдерісіне қатысты білім беру жолдары технология түрінде дәйектелді. Себебі оқыту технологияларының нышандары А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ы.Алтынсарин, Қ.Жұбанов, .Балақаев т.б. ғалымдардың еңбектерінен бастау алады. Зерттеуде олардың әдістемелік тұжырымдары қазіргі таңда қолданылып жүрген оқыту технологияларымен салыстырылды. Нәтижесінде әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып жүрген технологиялардың қазақ әдістеме ғылымында да өз іргетасы болғаны анықталды. Олардың қай-қайсысының да құрылымдық жүйесі технологияға қойылатын талаптарға толық жауап береді. Бұл технологияларда мәдениет пен тілге, ғылым мен білімге ерекше назар аударылған.
Атап айтқанда, А.Байтұрсынұлының танымдық-тағылымдық технологиясында білім алушының тілін дамыту, танымын кеңейту мәселелері басты назарда ұсталынған. Оқытудың түпкі нәтижесі оның танымдық, проблемалардың шешімін табу, ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталғандықтан, синтаксисті оқытуда маңызды рөл атқарады.
М.Жұмабаевтың дара тұлғаны қалыптастыру технологиясында адам бойындағы мінез-құлық, қасиеттерін тәрбиелей отырып, білім алушының бойына тұлғалық дарындылықты қазақтың ұлттық тәрбиесі арқылы қалыптастыру өзек етіп алғандықтан, ол оқыту үдерісінде студенттің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, жеке тұлғалық қасиеттерін дамытады.
Ж.Аймауытовтың пәнаралық байланыс арқылы ынталандыра оқыту технологиясы қазіргі таңдағы білім берудің ұлттық моделін жасау идеясымен сабақтасады. Ғалымның пайымдаулары жеке тұлғаға бағдарлап оқыту, интеграциялық байланысты қолдану, білім алушының ынтасын тудыра оқытып білім беру т.б. мәселелермен тығыз байланысты. Бұл синтаксисті оқытуда білім сапасын арттырудың алғы шарты болып табылады.
Ы.Алтынсариннің тілдік дағдыны жетілдіру технологиясында қазақ тілі сабақтарында білім алушылардың тілдік дағдыларын жетілдіру мен шығармашылыққа баулу әдістері кеңінен орын алатыны байқалады. Ол баланың өміріне, табиғатына жақын келетін мәтіндерді пайдаланудың тиімділігін көрсеткен. Студенттің тілдік қабілетін жетілдіру – білім беру үдерісіндегі басты міндет. Олай болса аталған технология осы міндетті шешуге мүмкіндік береді.
Қ.Жұбановтың дамыта оқыту технологиясы студентті тұлғалық жағынан
қалыптастыру мен дамыту және білімді деңгейіне қарай меңгертуді көздейді. Ғалымның түйінді мәселеге көңіл аудару, сөзбен суреттеу, көрнекілік, өмірге үңілдіру, еңбек үдерісімен, жүйелі ойға төселдіру, білім алушының алдына проблема қоя оқыту, бір пәнді игерту үшін оған екінші пәнді құрал ету т.б. әдістері бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен ұштасып жатыр. Ғалымның дамыта оқыту технологиясы синтаксистік бірліктердің қалыптасу, өзгеру, даму заңдылықтарын танып білуге көмектеседі.
М.Балақаевтың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру технологиясы тілдік білімнің нәтижесін құзыреттіліктер деңгейіне көтеруді мақсат ететін қазіргі уақыт талабымен толық үндеседі. Сондықтан сөз мәдениеті студенттің интеллектуалдық және мәдени сапасын арттыратындай тілдік қатынасқа төселдірудің негізі ретінде қарастырылады.
Қорыта келгенде, ғалымдардың еңбектерінде қазіргі білім беру технологияларының барлығы да көрініс тапқан. Сондықтан сол ой-тұжырымдарды басшылыққа алу болашақ мамандардың санасына ұлттық рух пен елжандылық қасиетті қалыптастыруға, ұлттық сананы оятуға, сабақ сапасын арттыруға, оқытушы шеберлігі мен студент білімін жетілдіруге ықпал етеді.
Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан сапалы оқытудың негізі – білім беру технологияларын бірлестікте қолдану. Қазақ тілін саналы және сапалы меңгертудің бір шарты – білім беру технологияларын ұтымды қолдану. Бұл орайда қазіргі білім жүйесінде қолданылып жүрген Д.Б.Эльконин мен В.В.Давыдовтың дамыта оқыту жүйесі, В.К.Дъяченконың ұжымдық оқыту технологиясы, Ш.А.Амонашвилидің тұлғалық-ізгілендіру технологиясы және т.б. білім беру технологияларының басым бағыттары жұмыста кең талданды.
Ф.Ш.Оразбаеваның қатысымдық тұрғыдан оқыту технологиясы – қазіргі білім беру үдерісінде ең жиі қолданыста жүрген технология. Әдіскер тілдік қатынасқа байланысты іске асатын сөйлесім әрекетінің бес түрін ғылыми айналымға енгізді. Аталған технология тіке байланыс, адамның жеке қабілетін ескеру, сөйлеуге үйретуде жүргізілетін жұмыс түрлерін айқындау, сатылап даму, динамикалық өзгеру, өзектілік ұстанымдарын басшылыққа алып, қатысымдық әдіс арқылы тілді меңгертуді мақсат етеді. Синтаксисті қатысымдық тұрғыдан сөйлесім әрекетінің түрлері арқылы меңгерту студентті ойын, пікірін, көзқарасын еркін, нақты жеткізуге жетеледі.
Н.А.Оразахынованың сатылай кешенді талдау технологиясы – қазіргі заман дамуының заңдылықтарын ескере отырып жасалған талдау жүйесі. Сатылай кешенді талдау технологиясы синтаксистік бірліктерді студенттерге ғылыми негізде сатылай, жүйелі меңгертуге негізделді.
Білім беру жүйесінде технологиялардың әрқайсысы тілді меңгеруде өзіндік орын ала келіп, бір-бірімен тығыз бірлікте, тұтас қолдану арқылы тиімді рөл атқарады. Студентке жүйелі білім беретін материалды тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, оның жеке қабілетіне сай дұрыс меңгерте білу оқыту технологиясын жақсарта түседі. Технологияға қатып қалған, өзгертуге болмайтын нәрсе деп қараудан арылып, әрбір технология тілді меңгертудің түпкі нәтижесіне қызмет ететін, соған қолайлы жағдай туғызатын оқытудың өзара сабақтас жүйесі деп қараған жөн [9, 102]. Білім беру технологияларын студенттің қабілеті мен уақыт сұранысына орай қолдану білім сапасын арттырып, оны өз ойын жинақтап айтуға, білімін тілдік қатынаста дұрыс қолдануға үйретеді.
Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту тұжырымдамасы. Әрбір елдің болашағы білім беру жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуына және пәнді меңгертудің ұтымды әдістемесін ұсынуға байланысты. Қазіргі таңда жан-жақты дамыған, шығармашылық қабілеті жоғары мамандарға сұраныс күшейді. Сондықтан қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту екі мақсатты көздей отырып жүйеленді: синтаксисті қатысымдық тұрғыдан оқыту оны басқа ғылым салаларымен байланыста меңгертуді, қатысымдық бірліктердің мәнін айқындауды, оның синтаксисті оқытуда алатын орнын зерделеуді, оны сөйлесім әрекеті арқылы іске асыруды мақсат етсе, танымдық тұрғыдан оқыту синтаксисті танымдық әрекет пен танымдық іскерлік арқылы меңгертуді көздеді.
Э.Оразалиеваның жіктеуі бойынша, танымдық әрекетке қабылдау, ойлау, пайымдау, түсіну, зейін қою, есте сақтау, сөйлеу т.б. тәрізді құрамды бөліктер жатқызылған. Ғалым қазіргі кезде танымдық әрекетті «функционалды-прагматикалық, аккумулятивті және қатысымдық қызметтері ерекше, адамзат тіршілігіне аса қажет фактор» деп бағалайды [12, 148-149].
Танымдық іскерлік педагогика ғылымында білім алушының танымдық белсенділігімен сабақтастықта қарастырылады. Студенттің метатанымдық іскерлігі алға қойған мақсатын анықтауы, іс-әрекетін жүйелі түрде жоспарлауы, нәтижені бағалай білуінен т.б. байқалса, ақпараттық іскерлігі қажетті ақпаратты табуы, оны талдап, екшеп, сұрыптап ала білуі, ақпаратпен жұмыс істеуді дұрыс ұйымдастыруынан көрінеді. Әлеуметтік-аффективтік іскерлігі ұжыммен жұмыс істей алу қабілеті, ұжымдық, топтық, жұптық тапсырмаларды орындай білуі мен проблемалық жағдаяттарды шеше алуы арқылы танылады. Бұл екі мақсаттың бірлігі синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың білім мазмұнын анықтап, жүйелеуге бағыт береді. Білім мазмұнын меңгерту ұстанымдар мен әдістер және оқыту формалары арқылы іске асырылды. Түпкі мақсат студенттің құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталды. Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың моделі 1-кестеде көрсетілді (1-кесте).
Ақпараттардың алмасуы, яғни ойды жеткізу барысында қатысымдық мағынаны түйсіну, екінші адамды түсінуге тырысу үшін тілдік қатынасқа әсер ететін факторларды ескеру қажет. Мұндай факторлар негізінде сөйлеу коммуникациясының түрлі формалары мен типтері анықталады. Сөйлесім әрекетінің түрлері белгілі бір ережеге сүйеніп жүзеге асырылады.
1-Кесте – Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту моделі
Студент өзі айтып тұрған ой, пікірдің мағынасын, танымдық мәнін түсініп, әлеуметтік-тілдік, лингвомәдени, танымдық қабілетін жетілдіруге мүмкіндік алады. Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгерту студенттің сөйлеу қабілеті мен дағдысын қалыптастыруда әрбір синтаксистік құбылыстың формасын, тілдік бірліктердің мағынасы мен айырмашылығын терең қарастыруға, сөйлесім әрекетіне әсер ететін тілдік құралдардың қызметін анықтауға, тілдік бірліктердің қолданылу дәрежесін айқындауға, оның тілдік қарым-қатынаста атқаратын рөлін дәйектеуге мүмкіндік береді. Студенттің синтаксистік категорияларды түсініп, оны дұрыс қолдануы қатысымдық, танымдық, лингвомәдени және әлеуметтік-тұлғалық және т.б. құзыреттіліктерін қалыптастыруға көмектеседі.
Сонымен синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың тұжырымдамасы бойынша жоғары мектепте болашақ филолог мамандарға синтаксисті оқытудың басты мақсаты мен міндеттері; ұстанымдары мен әдістері; білім беру технологиялары мен кешенді жұмыстар жүйесі білім мазмұнын қатысымдық және танымдық мақсатта игертуге, білім сапасын арттыруға, студенттің құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталады.
Достарыңызбен бөлісу: |