ПОӘК 042-14.01.20.2
/03.2010
|
________ 2013 ж.
№ 2 басылым
|
56 беттің -шісі
|
Техникалық мамандықтарға арналған
«Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу»
ПӘНІНІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР
СЕМЕЙ
2013
Мазмұны
1 Глоссарий
2 Дәрістер
3 Семинар сабақтары
4 Курс жұмысы және диплом жобасы (жұмысы)
5 Студенттің өздік жұмысы
1 ГЛОССАРИЙ
1.1 Ресми іс қағаздары стилі – құжат жазуда қолданылатын әдеби тілдің
стилдік тармағы.
1.2 Ресми іс жүргізу стилінің түрлері – дипломатиялық, заң шығарушылық, күнделікті іс жүргізу стилдері.
1.3 Құжат – латын тілінде «куәлік», «дәлелдеу тәсілі» деген мағына беретін құқықты, жеке басты және затты кәуләндіратын ресми қағаз.
1.4 Деректеме (реквизит) - құжаттың жеке құрылымды бөлігі.
1.5 Құрылтай құжаттары – нысанның меншік иесін айқындайтын жарғы мен құрылтай шарты.
1.6 Ұйымдық құжаттар – кәсіпорынды басқаруда қолданылатын құжаттар.
1.7 Бұйрық – жарлық құжаттары – кәсіпорынның ағымдағы қызметін реттеуге арналған ішкі құжаттар.
1.8 Ақпараттық – анықтамалық құжаттар – кәсіпорын қызметі жайлы деректер берілетін құжат түрі.
1.9 Еңбек қатынастарын құжаттау – кәсіпорындағы еңбек үрдісін жоспарлау, ұйымдастыру, басқару және есепке алуға бағытталған құжаттар.
1.10 Коммерциялық хат алмасу – мемлекет пен жеке тұлға, кәсіпорын мен жеке адам, кәсіпорын мен кәсіпорын арасындағы іскерлік хат алмасу.
1.11 Жеке құжаттар – күнделікті өмірде қолданылатын мемлекет пен жеке тұлға қатынасын реттеуге арналған құжаттар.
1.12 Құрылтай жарғысы – кәсіпорынның қызметін айқындайтын негізгі құжат.
1.13 Құрылтай шарты – құрылтайшылар мен қызметкерлердің еңбек қатынасын реттейтін құжат.
1.14 Құрылымдық бөлімшелер туралы ереже – кәсіпорын жарғысы негізінде кәсіпорын бөлімшелерінің күнделікті жеке негізгі қызмет түрін жүргізуге бағытталған құжат.
1.15 Лауазымдық нұсқаулық - кәсіпорын қызметкерлерінің құқықтық жағдайын, қызметін, құқықтарын, міндеттері мен жауапкершіліктерін белгілейтін құжат.
1.16 Штат кестесі – арнайы кәсіпорын бланксінде толтырылып, бірінші басшы бекітетін кәсіпорынның құрамы және олардың еңбекақысы көрсетілетін құжат.
1.17 Бұйрық – кәсіпорын басшысының негізгі қызмет және жеке қызметкерлер құрамына қатысты шығаратын шешімі көрсетілген құжат.
1.18 Нұсқаулық – ақпараттық-әдістемелік және ұйымдастырушылық сипаттағы бұйрық – жарлықтардың орындалу тәртібін көрсететін құжат.
1.19 Жарлық – басқарудың шұғыл мәселелері бойынша шығарылатын құқықтық акті.
1.20 Қаулы, шешім, хаттама – алқалық басқару органдары шығаратын құқықтық актілер.
1.21 Түйін – қызметке алынатын үміткердің объективті мәлімет деректері көрсетілген анықтамалық құжат.
1.22 Ұсыныс хат – қызметкерге қызмет орнының басқа жұмысқа ауысуда өзі жайлы жағымды имидж қалыптастыруға қатысты берген мәлімет құжаты.
1.23 Еңбек кітапшасы – қызметкердің еңбек қызметін растайтын негізгі құжат.
2 ДӘРІСТЕР
Дәріс 1. Іс қағаздарын жүргізу тарихы және жіктемесі.
Құжат ұғымы және функциясы.
Іс қағаздарын жүргізу тарихы және міндеттері.
Іс құжаттарының жіктемесі.
Құжат деп қандай да бір зат туралы ақпаратты тіркеуге, беруге және сақтауға қызмет ететіннің барлығын атаймыз. Басқаша айтқанда, құжат – ақпараты бар материалдық тасымалдаушы. Мұндай тасымалдаушы ретінде қағаз, компьютер дискісі, фото және кинопленка және т.б. қызмет етуі мүмкін. Іс құжаты әкімшілік (басқару) ақпаратты белгілеу үшін қызмет етеді.
«Құжат» ұғымы өзінің даму жолында айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған. Латын сөзі doceo алғашында «үйретемін», «хабарлаймын» деген мағынаны берген. Кейіннен туындаған, сөздің тар мағынасында алатын болсақ «айғақ, дәлел», «куәлік» мағынасын беретін documentum түрі ғылыми және практикалық қызмет саласының көпшілігінде ұзақ уақыт пайдалануда тұрақтап қалған.
Орыс тілінде «документ», яғни «құжат» ұғымы 17- ғасырда пайда болды. І Петр оны «письменное свидетельство», демек, «жазбаша куәлік» ретінде аударып, сол арқылы құжаттың құқықтық мәнін белгіледі.
ХІХ ғасырда құжаттың басқару ісіндегі мәніне деген жаңа көзқарас пайда болды. Нысан бойынша белгіленіп, басқару процесін жүргізуге арналған ақпарат құжат деп саналды.
Төңкеріске дейінгі Қазақстан жағдайына келетін болсақ, XIX ғасырдың алғашқы жартысында Бөкей хандығында іс қағаздарын жүргізетін кеңсе болғандығы мәлім. Жәңгір хан ұйымдастырған бұл арнайы кеңсе екі бөлімшеден тұратын. Біріншісі ханның өз қол астындағы сұлтандармен, екіншісі – ресейлік шенеуніктермен қызметтік байланыстарын түркі-шағатай және орыс тілдерінде әзірленетін іс қағаздары арқылы жүргізіп отырды.
Құқықтық күшке ие жазбаша дереккөз тұрғысындағы құжат ұғымы ХХ ғасырда да сақталған. Мәселен, С.И. Ожеговтың Орыс тілі сөздігінде «құжат» ұғымына үш түрлі мәнде түсінік беріледі: 1. Қандай да бір фактіні немесе бір нәрсеге қатысты құқықты растайтын іс қағазы. 2. Ұсынушы тұлғаны ресми куәландыратын нәрсе (төлқұжат және т.с.с.). 3. Жазбаша куәлік.
Шетелдік сөздердің түсіндірме сөздігінде аздаған өзгешеліктер болғанымен, жалпы мағынасы жоғарыдағы анықтамаларға келіп саяды: 1. Жазбаша куәлік, айғақ – мысалы, оның тарихи құжаттық сипаты бар. 2. заң. заң жүзінде белгіленген тәртіппен жасалып, заңды фактіні куәландыратын (туу, некеге тұру) немесе қандай да бір іске құқық беретін (диплом, өсиет) акт, сөздің кең мағынасында – заңды күші бар немесе қызметтік сипаттағы кез келген жазбаша акт. 3. Төлқұжат, жеке куәлік.
«Мұрағат терминдерінің қысқаша сөздігінде» «құжатқа» берілген анықтама бойынша: «Құжат – шын мәніндегі объективті және адамның ой қызметі барысындағы фактілерді, оқиғаларды, нысаналарды, құбылыстарды жазу, кескіндеу, суретін салу, фотоға түсіру, дыбыстап жазу немесе басқа тәсілмен арнайы материал (папирус, пергамент, қағаз, фото үлдір және т.б.) арқылы көрсетудің нәтижесі».
Мұнда «құжатты» сипаттау объектісі ретінде, сондай-ақ оны жеткізуші негіздердің кейбір түрлерін ашып көрсетуге деген талпыныс айқын байқалады.
Құжат анықтамасының даму барысын талдай отырып, бұл терминді түсіндірудің негізгі үш тәсілін бөліп атауға болады. Біріншіден, құжат қандай да бір материалдық объект болып табылады, екіншіден, жай ғана материалдық объекті емес, сонымен қатар, ақпарат жеткізгіш, үшіншіден, әрі ол құжатталған ақпарат (яғни, қайта өңдеу және сақтау мақсатында материалдық негізге бекітілген қандай да бір әлеуметттік ақпарат. Басқаша айтқанда, биологиялық ақпараттың, жанды және жансыз табиғат ақпараттарының адам ойы жететін деңгейде жазылған немесе осы деңгейде өңделген түрлері мен формалары) болып табылады.
Осылайша, құжаттану тұрғысынан алғанда құжат дегеніміз мәтін, дыбыс жазу мен бейнелеу түріндегі ақпарат енгізілген материалдық объект болып саналады.
Құжат функцияларын жалпы және арнайы функциялар деп екі салаға бөлуге болады. Жалпы функциялар құжаттардың бәріне ортақ. Ал арнайы функциялар – құжаттардың тек шектеулі топтарына ғана тән.
Құжаттың жалпы функцияларына мыналарды жатқызуға болады:
1) әлеуметтік – құжат әлеуметтік мәнге ие объект болып табылады, өйткені ол әлеуметтік қажеттіліктен туындаған әрі сол әлеуметтік жүйеде жүзеге асырылады;
2) ақпараттық – құжат ақпаратты жазып алу, сақтау және тарату құралы ретінде қызмет етеді;
3) қарым-қатынастық – құжат қоғамдық құрылымдар мен жеке адамдар арасында байланыс құралы ретінде жүреді, ол жай хабарландырып қана қоймайды, сонымен бірге қоғамдық сананы шоғырландырып, бірыңғай пікір қалыптастыруға, ұжымдық реакция туғызуға, бүкіл қауымды жұмылдыруға ықпал етеді;
4) мәдени – құжат әлеумет тәжірибесі мен мәдени дәстүрлерді бекіту және оларды болашаққа қалдыру құралы ретінде қызмет етеді;
Құжаттың арнайы функцияларына мыналар жатады:
1) құқықтық – құжат қоғамдағы құқықтық нормалар мен құқықтық қарым-қатынастарды бекіту және өзгерту құралы ретінде қызмет етеді. Хабарланып отырған мәліметтерге, оқиғаларға баға беру арқылы құжат құқықтық сананың қалыптасуына, мінез-құлықтың әлеумет тарапынан қолдау тапқан үлгілерін әзірлеуге, моральдық-этикалық нормаларды игеруге ықпал етеді;
2) дәрістік – құжат жинақталған әлеуметтік тәжірибелерді ой елегінен өткізе отырып, бұл жөніндегі білім қазынасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге көмек береді, тұлғаның қалыптасу процесіне қатысады;
3) танымдық – құжат ой елегінен өткізіліп жазылған мәтін негізінде шындықтың неғұрлым ауқымды, абстрактылы, теориялық үлгісін жасауға мүмкіндік береді.
4) басқарушылық – құжат басқару құралы болып табылады, қоғам мүшелерінің ұжымдық қызметін мейлінше тиімді ұйымдастыру мақсатына сәйкес жоспарлау, үйлестіру және реттеу ісіне көмектеседі;
5) мемориальдық – құжат қоғамның, ондағы жекелеген құрылымдардың дамуы туралы және дербес тұлғалар жайлы тарихи дерек көзі ретінде көрінеді;
6) есептік – құжат өндірістік және шаруашылық қызметтің барлық кезеңдерінде атқарылған жұмыс процестерін сүзгіден өткізіп отыратындықтан, оның нәтижелерін есептеп шығаруға мүмкіндік береді.
7) эстетикалық – құжат өзінің материалдық негізі құрамына болмысты образды-көркем игеру нәтижелерін түсіру арқылы жинақтап қорытылған эстетикалық тәжірибелерді сақтайды және таратады;
8) релаксациялық (ойын-сауықтық, компенсаторлық) – құжаттардың бірқатар түрлерін эмоционалдық шиеленісті ширығуларды өзге нысандарға аудару арқылы түсіруге, сөйтіп артық ширығу деңгейін көздеген дәрежеге дейін азайтуға пайдалану;
Ұйымда құжаттарды түзу, қолжазбадан қайта басу, оқу, есепке алу, сұрыптау, сақтау, іздестіру, ақпараттарды ұқсату т.б. жөнінде қыруар жұмыстар атқарылады.
Құжаттың сыртқы белгілері: Құжаттың көлемі мен пішімін, ақпарат жеткізушіні, жазу түрін, рәсімдеу құрамын көрсететін белгілер (2.4 тармақ);
Жазба құжат түрі: Мазмұны мен мақсаттық белгілері бойынша құжаттама жүйесіне жатқызылатын жазба құжат (3.1.5 тармақ);
Ресми құжат: Заңды немесе жеке тұлға дайындаған, бекітілген тәртіппен куәландырылған және ресімделген құжат (2.24 тармақ);
Қызметтік құжат: Ұйымның күнделікті қызметінде пайдаланылатын ресми құжат (2.25 тармақ);
Жазба құжат: Ақпараты жазудың кел-келген түрімен түсірілген мәтіндік құжат (2.15 тармақ);
Қолжазба құжат: Жазу белгілері қолмен түсірілген жазба құжат (2.16 тармақ);
Таза құжат: Мәтіні алғашқы құжаттан көшірілген немесе түзетусіз жазылған қолжазба немесе машинкалық жазба құжат (2.16 тармақ).
Құжаттың бастапқы жазбасы: Автордың не редактордың өз мәтінімен жұмысын көрсететін қолжазба немесе машинкалық жазба құжат 2.21 тармақ);
Түпнұсқа құжат: Автор жөніндегі мәлімет, уақыты мен жасалу орны құжаттың өзінде сақталатын немесе басқа жолмен табылған, оның шығу тегіне шек келтірмейтін құжат (2.27 тармақ);
(Ресми) құжаттың түпнұсқасы: Ресми кұжаттың алғашқы немесе жалғыз нұсқасы (2.28 тармақ);
Телқұжат: Құжаттың түпнұсқасының заңды күші бар қайталанған нұсқасы (2.29 тармақ);
Құжат көшірмесі: Түпнұсқа құжаттағы ақпаратты түгелдей және оның сыртқы белгілерін немесе заңды күші жоқ бөлігін көшірмелейтін құжат (2.30 тармақ);
Құжаттың куәландырылған көшірмесі: Заңдық күш беретін, белгіленген тәртіпке сай қажетті деректемелер қойылатын құжат көшірмесі (2.31 тармақ).
Мұрағаттық құжат – қоғам үшін маңыздылығына байланысты сақталып тұрған немесе сақтауға жататын, сонымен қатар, оның иесі үшін де құнды болып табылатын құжат (Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы Заңы, 1-бап, 2-тармақ).
Жеке құрам бойынша құжаттар – жұмыскерлердің еңбек қызметін растайтын құжаттар мен оларды зейнеткерлік қамтамасыз етуге ақша аудару жөніндегі мәліметтер кешені (Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы Заңы, 1-бап, 16-тармақ).
Жеке тектік құжат (жеке құжат): Жеке тұлғаның негізгі қызметінен немесе қоғамдық міндеттерінен тыс жинақталған құжат (2.23 тармақ);
Құжаттау: Құжаттарды жасау (3.1.1 тармақ).
Құжаттау тәртібі: Құжаттау тәртібін белгілейтін талаптар мен нормалар, қалыптар (3.1.2 тармақ);
Құжаттау жүйесі: Шығу тегі, саласы, түрі, қызмет ету аясы, оларды рәсімдеуге бірыңғай талап белгілері бойынша өзара байланысты құжаттар жиынтығы (3.1.3 тармақ);
Іс жүргізу: басқаруды құжаттамамен қамтамасыз ету. Құжаттау мен жұмысты құжаттамалау және ұйымдастыруды қамтамасыз ететін заңды тұлғалар әрекетінің қызмет ету аясы (2.1 тармақ).
Достарыңызбен бөлісу: |