Дата01.01.1970
өлшемі
#5

ЖАРҚАЙЫҢНЫҢ САЯСЫ
1945 жылдың көктемі. Жаудың сағы сынып, байтал түгіл бас қайғы болған шақ. Меңдіқараның Жарқайың ауылынан қан майданға аттанған он сегізге енді ғана толған бір топ өрім жас шайқасқа дәл осы тұста кірді. Солардың бірі – қадірменді ақсақал Оразбек Жанақаев еді.
1.Одерден өткен Орекең
Поезд жүйткіп келеді. Бағыты – Польша. Висла өзенінен өтіп, майданға жол тартқан жастар көңілі көтеріңкі. Жауды Кеңес әскерлері қуып келеді. Құдай сәтін салса, Жеңіс күні де алыс емес. Оны олар жақсы сезеді. Сол ұлы тойға өз үлестерін қосуға асығады. Майданға кіріп, сәңкі салуға сақадай сай.

Поезд тоқтап, жауынгерлер түсе бастады. Белгіленген жерге енді жаяу тартып келеді. Қонаға үлкен бір сарайға жетіп, тізе бүкті. Жарқайыңнан шыққан он жігіттің әлі жұбы жазылмаған кез. Бөлімше командирі – осы Орекең.

Әлден уақытта ұшқан ұшақтардың дауысы құлақ тұндырды. Сарайды паналаған солдаттар сыртқа шығып, жан-жаққа тарыдай шашыла жата-жата қалды. Ұшақ бомба тастамады. Барлап жүргенге ұқсайды.

Ойран-асыр бір сағаттай уақыт өткен соң басталды. Төбеден шүйілген ұшақтар бомбаны жаудыртып жатыр. Төңірек астан-кестең. Әйтеуір Орекеңдер паналаған жер қабағының маңына бомба түспеді.

Таң ата тағы жолға шықты. Кештетіп әйгілі Одер өзенінің жағасына жеткен жауынгерлер арғы бетке қос тақтайдан жасалған аспа көпір арқылы өтіп жатты. Орекең де Одер асып, орман ішіне енді...

Қалың орман ішінде тығылған жау солдаттарымен талай бетпе-бет кездесіп, кескілескен ұрыстар болды. Қарағайды тасалап, қасарысқан жауға оқ боратып жатты Орекеңдер. Сүйтіп, қан майданның алғашқы сынынан қалың орман ішінде өтіп еді бұлар.

– Сендердің қарсыласуларыңның еш мәні жоқ. Гитлердің күні қараң. Шығынға ұшырамай тұрғанда беріліңдер! – деп командирлер өктем дауыспен жар салып жатады. Алғашында бұғып жатып, оқ ататын фашистер енді екі қолын көтеріп беріле бастайтын болды.

Орекеңдер Балтық теңізі жағасындағы Гайнау қаласына жеткенде соғыс та аяқталып еді.



2. Қан майданда
Одер өзенінен өткен соң жауынгерлер талай хуторларды басып өтті. Жүдеу тұрмыс, бұларға үмітпен қараған кемпір-шал, бала-шаға. Талай күн жаяулап-жалпылап келе жатқан жауынгерлер де жетісіп тұрған жоқ. Дала кухнясы артта қалған. Солдат дорбасындағы азын-аулақ тағамды талғажу қылады.

Бір хутордың сыртында жайылып жүрген қойларды көріп, қазақ жігіттері бір-біріне қарайды.

– Елден шыққалы ет жеген жоқпыз ғой, – дейді бір ауылдасы.

– Ет дегенде бет болмайды, – дейді екіншісі. Қой сатып алайын десе, ақша жоқ. Жігіттер Орекеңе қарайды. Ол да үнсіз.Үнсіздікті келісім белгісі деп түсінген және осындай алмағайып заманда иесіз жайылып жүрген бір қойда тұрған не бар деп пайымдаған солдаттар семіз ісекті бауыздап та жібереді. Етін шелекке салып, мосыға іліп, буын бұрқыратады. Елден бірге шыққан Есентай мен Шәкір бір дорба вермишель алып келіп, етпен бірге пісіреді. Әйтеке, Қаман, Ерсайын, Әуезхан сынды елден бірге шыққан жігіттерді тауып алып, құрмалдыққа шақырады. Бір үйлерден құс жүнді мамықтарды алып, көрпе ретінде төсеп, етікті шешіп, малдас құрып, газеттен төселген дастарқан басына дөңгелене қалады қазақтар.

– Әкеміздің үйіне келгендей болдық қой, –деп жігіттер күліп, мәз-мәйрам болады.

Ет желініп, сорпа ішіледі. Үлкендерінің бірі ас қайырып, бата береді.

– Құрмалдыққа деп мал сойып, ас іштік, бата да бердік, енді аруақтарға бағыштап құран оқылса ғой, – дейді біреуі.

– Иә, – дейді Орекең, – онда сүйектері мына жат жерде қалған аруақтар да риза болар еді, бірақ Құранды білетін адам да жоқ қой...

Ерсайын:

– Анамнан үйренген бір аятым бар еді, соны оқып көрейін, тек күле көрмеңіздер, – дейді.

Ерсайын шарт жүгініп, құранды мақамына келтіре оқи бастағаны сол еді, құдайсыздық заманының жастары емес пе, жиналған жандар әр жерден шиқ-шиқ күле бастайды. Ақыры бәрі қосылып шегі қатқанша шер тарқата күледі. Содан сабырлы қалыпқа түсіп, Ерсайын оқыған дұғаға ұйыйды.

Жеңіс жалауы желбірегенмен солдат Жанақаевтың жауынгерлік жолы 1951 жылға дейін созылады. Сол жылы елге аман-есен оралған ол бейбіт еңбек жолын бастайды.


3. Қамқор болған Қажекең, арқадан қаққан Орекең
Жауынгер Жанақаев Жарқайыңға оралғанда оның майдандас досы және бөлесі Қажи Маманов Меңдіқара аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы еді. Орекең оны әдейі іздеп келіп, сәлем береді.

– Ал, Оразбек, енді не ойың бар? – дейді Қажекең.

– Сол жөнінде өзіңізбен ақылдассам деп едім...

– Онда былай болсын, бауырым. Сол өзіңнің Қарақоғаңда пошта басшылығына адам іздеп жүрміз, сонда бар. Кезінде колхозда есепшотты сатырлатқан әйгілі счетоводсың ғой, – деп әзілдейді Қажи.

Сөйтіп, Орекең пошта жұмысына жегіліп жүре береді. Кейіннен жоғары партия мектебін бітіріп, партия, кәсіподақ жұмыстарын дөңгелетеді. Саудаға да араласады. Бөлімше де басқарады, агроном да болады – қандай жұмыс тапсырылса да өзіне тән ұқыптылықпен, жауапкершілікпен тындырады.

Кезінде Оразбек ағаның Арқалық ауданы "Восточный" кеңшары партия ұйымының хатшысы болып сайланғаны бар. Әйелі Майра, анасы Ажар, үйелмелі-сүйелмелі төрт бала Жарқайыңда қалды. Кейін көшіп келсе де, әсіресе қарт ана туған жерін аңсай берді.

Бұл кезде Арқалық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Оразалы Қозыбаев еді. Екі Орекең бір-бірін жақсы біледі. Парторг Оразбек хатшы Оразалыға жағдайын айтады. Істі табан астында шешетін хатшы Меңдіқарадағы әріптесі Есипенкоға телефон соғып, Жарқайыңның Жанақаевын тапсырады. Сөйтіп Орекең туған елге енді жұмысшы комитетінің төрағасы болып оралады.

Бүгіндер сексеннің сеңгіріне шыққан майдангер:

– Өмір жолымда осы Қажи мен Оразалы сияқты жанашыр адамдар аз болған жоқ, – деп ризашылық танытады.
4. Меңдіқара мешітінде Орекеңнің де ізі бар
Еліміз тәуелсіздік алып, ақ түйенің қарны жарылған тұста халық өзінің табиғи бастауы – тілі, діні, діліне көше бастады. Меңдіқараны осынау бір қиын да қызығы мол шақта ұлтжанды да парасатты азамат Орал Таңжарықов басқарды. Бұрын Боровской атанып келген ауданға өзінің ежелгі атауы – Меңдіқараны қайтарды, аудандық газетті екі тілде шығаратын болды, қазақ мектептері ашылды, енді мешіт ашу ісі қолға алынды. Осы орайда аудандық мұсылмандар қоғамының төрағасы болып Оразбек Жанақаев сайланды. Имандылық үйін ашу туралы ұсыныс көп, бірақ қаражат жоқ. Оған белінен басып, онысыз да жетпей жатқан аудан бюджетінен ақша бөлу мүмкін емес, оны заң қоспайды. Сондықтан да Оразбек ақсақал жанына тілеулес жандарды топтастырып, ауыл-ауылды аралап, түсінік жұмысын жүргізіп, қыруар қаржы жинады. Аудан орталығында баяғы татар көпестері салған бұрынғы банк ғимараты мешітке сұранып-ақ тұрғандай еді. Аудан басшысы сол үйді мешітке бергізіп, іле-шала оны қайта жобалау және жөндеу жұмыстары қызу басталып кетті. Іскер де тындырымды Орекең мешітке қанша қаржы түскені туралы ай сайын аудандық газет арқылы барлық мұсылман жамағатқа хабарлап отырды. Ұйымдастырушылық және түсінік жұмысының нәтижесінде облыс аудандарының ішінде Меңдіқарада алғашқылардың бірі болып мешіт өз есігін айқара ашты. Бұл пәтуәлі істе Оразбек Жанақаев ақсақалдың қалдырған ізі де сайрап жатыр.

Құдайға шүкір, Орекең мен Майра жеңгейдің ұл-қыздары ата-ананың көз қуанышы, еліміздің маңдай алды мамандары, немере-жиендер де гүлдей жайнап өсіп келеді. Жарқайыңның құнарлы топырағынан жаралып, өркен жайған әулетінің ортасында бейқуат өмір кешіп жатқан Орекең өз өміріне, ардагерлерге қамқор болып отырған егемен еліне әрқашан риза.



ҚҰРЫШТАН ҚҰЙҒАН ҚҰДІРЕТ
1. Шолоховпен шай ішкен
Бүгінде Рудный қаласында тұрып жатқан Ұлы Отан соғысының мүгедегі Тасмен Имашев өзінің ұлы жазушымен кездесіп, дәмдес болғанын жыр қылып айтады:

– Ол кезде мен он алты жастағы жасөспірім едім. Батыс Қазақстан облысының "Красный клин" ұжымшарында алып кел, шауып келде жүрген адаммын.

Бірде колхоз басқармасының терағасы М.Журкин шақырып алды. Қасында аудандық газеттің редакторы В.Попченко бар екен. Ол осы колхоздан бір шошқа сатып алыпты. Соны аудан орталығы Дарвин селосына жеткізіп, сонда соғыс басталғаннан кейін паналап жатқан бір дөкейге жеткізу керек екен. Күн болса суық, алай-түлей боран. Ат-шанадан басқа көлік жоқ.

– Саған сенім артып отырмыз, – деді төраға.

Білдей бастық баласынбай үлкен істі жүктеп отырса, қайтып бас тартасың.

– Пар атыңызды, тұлып пен пима берсеңіз, қазір-ақ тартып кетемін, – дедім.

Айтқанымдай, басқарма бәрін істеді. Шанаға шошқаны салып алып, Дарвин қайдасың деп аттанып кеттім. Діттеген жерге қас қарая жетіп, Шолохов деген жазушы тұрып жатқан үй алдында тізгін тарттым. Қан сорпасы шыққан аттарды доғарып жатқанда үстіне қысқа тон, басына жұлдызы бар құлақшын киген орта бойлы бір орыс шықты. Иманжүзді. Аттарды қораға кіргізді. Мән-жайды сұрап жатыр.

– Бүгін ешқайда бармайсың, түн болып кетті, осында қонасың, – деді. Сөйтіп ұядай ғана, жып-жылы бөлмеге бастады. Мен бастапқы сәтте қысылып, қымтырылып қалсам керек, соны сезген ол әңгімені өзі сабақтады.

– Менің кітаптарымды оқыдың ба? – деп сұрады. – "Тынық Дон", "Көтерілген тың" атты кітаптарды мен жазғанмын.

Бар болғаны бес сынып бітірген ауыл баласы ол кітаптарды қайдан білсін. Мүдіріп қалдым. Бірақ жазушы дегендер ерекше жаратылған жандар екенін бар болмысыммен түйсінген кез бұл.

Сол кеште мен Михаил Александрович Шолоховпен бірге терлеп-тепшіп шай ішіп, оның айтқан талай әңгімесін тыңдадым. Бір жақсы жері, үшінші сыныпқа дейін қазақша, ал төртінші-бесінші сыныпта орысша оқығанмын. Орыс тілін бір кісідей біліп қалған кезім. Миша ағайдың әңгімесін аузымды ашып, көзімді жұмып тыңдадым десем, қате болмас. Сөйтіп тағдыр мені бозбала күнімде ұлы жазушыға жолықтырды. Кейін білсем, ол да жер аударылып келген екен ғой. Азық-түлікті кәртішкемен алатын тұс. Жоқшылық. Соны сезген елдегі басшылар жазушыға сыйлық ретінде шошқа жіберген болып шықты.

Ал жазушының "Тынық Донын" мен майдан даласындағы ұрыстар сәл саябыр тапқан сәтте оқып шықтым. Қасымдағы жауынгерлерге Шолоховпен шай ішкенімді де айтып қоямын. Олардың біреуі сенеді, біреуі сенбейді, онда менің шаруам жоқ.



2. Баукең сияқты комбат болған
Бұл күндері сексеннің сеңгіріне шыққан майдангер аға:

– Осы уақытқа дейін түсінбейтін бір нәрсем бар, мені неге 17 жасымда армия қатарына шақырды екен? Әлде алдымен оқуға жіберіп, оқуы біткенше әскерге алар жасқа жетеді деп ойлады ма екен? Бірақ бізге әскери училищені мерзімінен бұрын аяқтатты, – деп еске алады. Тасмен Сейдалыұлы майданға Украина жерінде кірді. Осындағы 29-мотоатқыштар бригадасы құрамында шайқасты. Бір жарым жыл ішінде кеше ғана әскери училище қабырғасынан шыққан кіші лейтенант капитан дәрежесіне жетті. Батальон командирі болып тағайындалды. Жастайынан зерек, өжет, тындырымды жан әскери өнерді де тез меңгерді, жауынгерлердің қамқоры және қатал да әділ командирі бола білді.

Майдандас достары:

– Жолдас комбат, осы қарқыннан таймасаңыз, соғыс біткенше генерал боласыз, – деп әзілдейтін.

Бірақ тағдырына генерал болу жазылмапты. Каменск-Подольск қаласы үшін кескілескен ұрыста оң қолынан ауыр жараланады. Көп шығын болады. Ауыр жараланған жауынгерлерді медициналық-санитарлық бөлімге көлікпен тасыса, өз бетімен жүре алатындар жаяулап, жалпылап жол тартады. Жаралы қолын таңып алып, емделуге келе жатқан капитан аяғынан жараланып, қарға адым баса алмай, зар қаққан солдатқа жолығады. Қалай тастап кетерсің, сау қолымен демеп, оны да санбатқа сүйрейді. Бірақ қансыраған қос жауынгер әбден діңкесі құрып, естерінен танады.

3. Қазақ Имашев қалайша орыс Соколов болды?
– Осы уақытқа дейін таңмын, – дейді майдангер, – қалайша дала госпиталіне жеткенімді білмеймін. Ес жиғанда білгенім, гимнастерка қалтасынан қатардағы жауынгер Соколовтың құжаттары шығады Бәлкім, ол аяғынан жараланған боздақтың құжаты шығар, әлде басқаныкі ме, кім білсін?

Сөйтіп дала госпиталінде жаралы капитан Имашев қатардағы солдат Соколов болып емделіп жатады.

– Айтқан сөзге емес, бір жапырақ қағазға сенетін жандар менің уәжіме құлақ та аспады. Ау, қарақтарым, қараңдаршы, менің мына быттиған бетім, қысық көзім қазақ деп айғайлап тұрған жоқ па? – деймін.

Госпитальда тоғыз ай бойы төсек тартып жатқанда талай жаралы жандарды көрді. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі. Қансыраған капитан бірте-бірте қатарға қосылады. Бірақ дәрігерлер оң қолын кесіп тынады.

Құдай сәтін бергенде, училищеде бірге оқыған курсанттардың бірі де осы госпитальға түседі. Екеуі қимас бауырлардай қауышады. Ақыры сол досының куәлік етуі, жан-жаққа сұрау салуы арқылы ағамыз өзінің қазақ, фамилиясы Имашев, шені капитан екенін дәлелдеп шығады.
4. Қамқор болған асыл жар
Батыс Қазақстан облысындағы Чирово селосына ержүрек офицер бір қолдан айырылып, мүгедек болып оралды. Тағдыр оның бақытына Ұлдай сияқты ару қызды жолықтырды. Екеуі бас қосып, соғыстан кейінгі ауыр жылдары отбасылық өмірлерін бастады. Асыл жар мүгедек майдангердің қатарға қосылып, келісті өмір сүріп, жұмыс істеуіне қамқор болды. Кешегі капитан енді бригадаға учетчик, колхозда бухгалтер, бас бухгалтер болып істеп, абыройға бөленді. Ұл-қыздары дүниеге келді. Ұлдай Ардақты ана атанды. Он үш ұл-қызды туып, тәрбиелеп, өсірді. Енді солардан тараған ұрпақ, майдангердің немере-шөберелерінің өзі бір ауылдай жан.

Әрине, уақыт деген құдірет бар. Оған бәріміз де тәуелдіміз.Сол уақыт, шіркін, жылжып өткен сайын денсаулық та сыр береді, кәрілік те етектен тартады. Бүгіндер Тасмен ақсақалдың екі көзі де көрмейді, Ұлдай ана да төсекке байланған. Алпыс жыл бойы бір-біріне сүйеу болған аға мен апа қазір де бір-бірін қолтықтан демеп, бір-біріне қамқор болып отырған жайы бар.

Қайсар қазақ көзім соқыр, қолым кеміс деп, қайғы жұтып отырған жоқ. Елдегі оқиғалардан хабардар, көкірегі ояу, құлағы түрік. Анда-санда өзінің досы, Рудный қалалық ардагерлер кеңесі басшыларының бірі, майдангер Иван Дьячковқа телефон шалатыны бар. Көзі көрмесе де телефон нөмірін жобалап, өзі тереді.

– Иван Иванович, мен аманмын, – дейді әскери адамның машығымен қысқа сөйлеп. – Майдангер қартың анау-мынауға бола қоймас, тек жетіспей тұрғаны тұздалған капуста, – деп әзілдейді.

Жаз бойы өзінің саяжайында өсіріп, тұздап қойған капустаның бір банкісін алып, оның қасына тағы да басқа жеңсік асты қосып, Иван досы Тасмен ақсақалдың үйіне тартады.

Майдангерлер әңгіме-дүкен құрады. Немере-шөберелер келіп, қарттардың қызықты әңгімесіне құлақ түреді.



ЕЛІН СҮЙГЕН ЕСІЛ ЕР

Қабду Сүлейменұлы өмірінен бір үзік сыр


Үстіміздегі жылы Ұлы Отан соғысының ардагері Қабду Сүлейменұлы үшін ерекше қуаныштармен басталып еді. Ең бастысы майдангер Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерекесіне аман-есен жетіп, сый-сияпатқа бөленді. Астанадағы Жеңіс шеруіне қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев інісінің қолынан ескерткішке жасыл берет алды. Бала-немерелері әкесі мен аналарының отбасылық өмірінің 60 жылдық тойын тойлады.

Бірақ қарт солдат тамыз айында 82 жасында, жарық дүниемен қоштасты. Ол 1923 жылы Сарыкөл ауданының Соналы ауылында дүниеге келіпті. Әкеден он жаста қалған ол анасына қамқор болуға тырысып, тыным таппайды. Соналы бастауыш, Қарашілік орталау мектептерінде білім алады.

Ұлы Отан соғысының қан майданы қызып тұрған, елге ерекше қатер төнген 1942 жылы әскерге алынады. Елдегі анасына серік болсын деп сөз байласқан Нағимаға үйленіп, оны қара шаңыраққа келін қылып түсіреді. Жас жұбайлар бір жеті бірге болды ма, жоқ па – Қабду ұрыс даласына жол тартып жүре береді.

Майданда сапер болған қатардағы жауынгерді елде қалған ана мен жарының көз жасы шығар тағдыр талай қиямет-қайымнан аман сақтайды.

"Сапер бір-ақ рет қателеседі" деген сөз бар. Қабду болса қателеспеді. Талай ажал төккелі тұрған миналарды залалсыздандырды. Жау шабуылы болар тұсқа өз миналарын орнатты. Бірде жазатайым өз командирінің мина жарқыншағынан қатты жарақат алғаны бар. Қолы еп-септі, қол-аяққа тұрмайтын пысық Сүлейменов сол командирінің жарасын таңып, тездетіп медпунктке жеткізіп, ажалдан алып қалғаны бар.

Әскери істі меңгеруде көзге түскен қатардағы жауынгерді басшылар кіші командирлер даярлайтын курсқа жіберіп, алты ай оқытады. Ол кіші лейтенант шенін алып шығып, атқыштар взводының командирі болып тағайындалады. Ленинград, Новгород облыстарындағы елді мекендерді жаудан азат етуге қатысады. Демьянов ауданы маңындағы жан беріп, жан алысқан алапат шайқас кезінде өз взводын шабуылға бастаған жас офицер қатты жараланады. Наурыз айы болса да қыс қаһары қайтпаған, денені қарыған суық күн болса керек. Ес-түссіз құлаған офицер бетіне тиген бір жылы лептен көзін ашады. Көргені – беліне кресі бар мата байлаған санитар ит мұның беті-аузын жалап, тірілтіп алмақшы болып жанұшырып жүр екен. Иттің әрекетіне үйренген санитарлар тірі қалған Қабдуды қауіпсіз жерге жеткізіп, содан кейін госпитальға жөнелтеді... Ұзақ емделіп, сапқа оралады.

Тағы бірде бекіністе жатқан бұлар дала асханасынан тамақ алмақшы болып, котелектерін сайлап, алға тартады. Қарулас жолдастары ұзап кетеді деп ойланбастан ол котелегін жуып-шайып, тазартамын деп кейін қалады. Мына сұмдықты қараңыз, түтіні будақтаған дала кухнясын сол сәтте немістердің "Рама" атанып кеткен ұшағы бомбаның астына алады, кухня да, ас-су алуға келген жауынгерлердің де тас-талқаны шығады. Қабду аман қалады. "Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі" деген осы. Аман қалғанмен ауыр жаралы болып, табандатқан жарты жыл бойы госпитальдың тар төсегіне таңылып, емделеді. Мүгедек ретінде 1943 жылы елге оралады.

Елдің де жетісіп тұрған жері жоқ. Кәрі ана мен жас әйелінің де жағдайы мәз емес. Мүгедекпін деп жатып алуға ары жібермейді, Қарашілік орталау мектебіне әскери даярлықтан сабақ беретін мұғалім болып орналасып, 1946 жылға дейін осы қызметте істейді.

Кеше ғана қан майданнан оралған офицерге оқушылардың ықыласы ерекше еді. Ағаларының жанынан шықпай, оның әңгімесін ұйып тыңдайды. Майдангер аға ұлы Отан, қасиетті парыз туралы тебірене әңгімелеп, жас жеткіншектер жүрегіне туған елге, кең байтақ жерге деген отаншылдық сезімін ұялатады.

Қолынан іс келетін, көпшілікпен жұмысқа ыңғайлы, ең бастысы тапсырылған іске мұқият және өнерлі өрен енді комсомол жұмысына шақырылады. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Партия комитетінің жолдамасымен Алматы жоғары партия мектебінде оқып, оны ойдағыдай тәмамдайды. Содан кезіндегі Пресногорьков аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. 1956-60 жылдары Урицкий (Сарыкөл) аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып, ауыл мәдениетін жоғарылатуға өз үлесін қосады.

1960 жылы Торғай тыңын көтеру бүкілхалықтық іске айналғанда Қақаңды осынау тарихи өңірге жібереді, онда ол "Тасты" кеңшары партия ұйымының хатшысы болып, жаңа шаруашылықтың қаз тұруына өлшеусіз еңбек сіңіреді. 1963-65 жылдары ауыл шаруашылық қызметкерлері кәсіподағы Аманкелді аудандық комитетінің төрағасы болады. Ал 1965 жылдан 1972 жылға дейін аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып, жемісті еңбек етеді, содан 1979 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін осы ауданда халықтық бақылау комитетін басқарады.

Ұлы Отан соғысындағы және бейбіт еңбектегі оның жауынгерлік және жасампаз еңбегі үш орден, он үш медальмен, көптеген басқа да марапаттармен аталып өтіліпті.

– Астанадан Ұлы Жеңістің 60 жылдық шеруінен үлкен қуанышпен келіп еді, – деп еске алады майдангердің Қостанай заң институтында істейтін ұлы Хамит. – Астана қандай ғажап, осындай шаһар орнатқан Елбасы қандай көреген, еліміздің тәуелсіздігін, халқымыздың еңсе көтергенін көрдім, өміріме ризамын, – деп қайталаудан жалықпаушы еді жарықтық.

Иә, жастайынан жетім қалып, жастық шағын соғыс шарпыған, бүкіл саналы ғұмырында халқына, туған еліне қалтқысыз қызмет еткен, ұрпағына өнегелі тәлім-тәрбие берген осындай ағалар өмірі кімге де болса үлгі-өнеге. Оны ақсақалдың желкілдеп өсіп келе жатқан немере-шөберелері де ерекше мақтан тұтады.




ЕКІ АЯҚТАН БІРДЕЙ АЙЫРЫЛЫП...

мүгедек болса да сағы сынбаған сарбаз туралы сөз


Қан майданнан ауыр жаралы болып, екі аяқтан бірдей айырылып, протезін сықырлатып елге оралған Едірес Ағыбаевтың көңілі де алау-жалау еді. Он жеті жасында қарға адым жерге жету мұң болған боздақтың жайын кім түсінер? Әрине, әке мен шеше перзентінің шыбын жаны қалғанына шүкіршілік етіп, бекінер. Ал енді ғана оң-солын танып, үлкен өмірге қадам басар сәтте екі аяқтан айырылған жас жігіттің алдағы күні не болар?

Соғыс басталғанда ол Свердлов облысының Нижний-Тагил кокс-химия комбинатында жұмыс істеп жүрген. Сол алып өндіріс орнынан жалындаған жас жігіттер Отан қорғауға аттанып жатты. Едірес те өз еркімен сұранып, майданға бет алды. 1943 жылы Пермь облысы Кунгур қаласында әскери дайындықтан өтіп, сол жылғы шілде айында Ржев қаласы маңында кескілескен ұрыстарға қойды да кетті. Автоматшы Ағыбаев Великие Луки, Невель қалалары үшін шайқасты.

1944 жылы Витебск маңында екі аяқтан жаралы болып, ес-түссіз жатқан жерінен санитарлар тауып алып, дала госпиталіне салады. Дәрігерлер қанша жандарын салса да асқынған жара бой бермейді. Ақыры бір аяғын кесіп тынады. Енді жас жауынгерді Иваново облысындағы госпитальға жөнелтеді. Тағдырдың ісіне не шара, мұнда енді екінші аяғын кесуге тура келеді.

Сол бір күндері он жетідегі жас жігіттің не ойлағанын, тағдырдың талқысына қалайша төтеп бергенін кім білсін? Кеше ғана басына жастана жүріп оқыған "Құрыш қалай шынықты?" мен "Нағыз адам туралы повесть" кітаптарының әсері ме елге келгенде босбелбеулік танытпай, суарылған болаттай ширыға түскен.

Туған ауылы сол кездегі Ленин ауданындағы (қазіргі Ұзынкөл) Тайсойған елді мекенінің үлкен-кішісі соғыстан қайтқан солдатты алақанға салған. Едірес болса, оқып, есепшілік білім алып, еңбекке араласа бастаған. "Краснопреснен" кеңшарында бухгалтер болып ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ел ықыласына бөленеді. Кезінде еселі еңбегі үшін Москваға барып, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысады, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталады.

Ең бастысы өмірге құштар жас жігіт өзінің сыңарын тауып, отбасын құрады. Асылтас атты әдемі қыз жаны жаралы жанның өмірлік жары болып, оның сенімді серігіне айналады. Алты бала туып, олардың бәрін де азамат қатарына қосады. Немере-жиендерінің шат күлкісіне бөленеді.

Ұлы Отан соғысының бірінші топтағы мүгедегі Едірес Ағыбаев 1980 жылы облыс орталығынан тұрмысқа қолайлы пәтер алып, көшіп келеді. 1993 жылы майдангер аға дүние салады.

Жақында редакцияға сол батыр жауынгердің жары Асылтас Оразбекқызы телефон соғып, газетіміздегі "Майдан жәдігерлері" айдарымен беріліп жүрген материалдар туралы толқи отырып өз пікірін жеткізді. Сөз соңында:

– Едірес ағаларыңның да екі аяқтан айырылып, госпитальда жатқанда жазған өлеңі бар еді, – деді.

Сол өлең мынау, құрметті оқырман:


Ішіме қайғы менен қапа толған
Поездың бір жүрісі желмен ескен,

Тізіліп тал мен ағаш тағзым еткен.

Ішінде орыс қазақ бәрі бірдей,

Берлиннің қаласына келіп жеткен.


Бар дейді 103-ші разъезі,

Алдымда қандай заман болады кез.

Сол жерде аз кідіріп тұрған шақта,

Алыстан ащы дауыс естілді тез.


Ақ жібек, қара жібек алып тұрмын,

Баса алмай екі аяқтан талып тұрмын.

Ағайлар енді менен не сұрайсың,

Айрылып екі аяқтан қалып тұрмын.


Альменнің болнесіне алып келді,

Әкеліп, мұрынымнан дәрі берді.

Көнсін деп салған іске шара бар ма,

Жаралы екі аяқты кесіп алды.


Екі аяқ адамзатқа қиын екен,

Айрылған бір аяқтан ойын екен.

Балқыған корғасындай қайран жастық,

Осындай боламын деп ойлап па едім.


Жүретін енді менің аяғым жоқ,

Көретін бұл дүниеде қызығым жоқ.

Ағайлар енді менен не сұрайсың,

Жатырмын мен болнесте аяқсыз боп.


Әкем де жүріп еді оқытпай-ақ,

Өзім де білмеуші едім әліп таяқ.

Балқыған қорғасындай қайран жастық,

Атандым 17-імде шолақ аяқ.


Жасым бар 17-де сорлы болған,

Ішіме қайғы менен қапа толған.

Уайым осы күні екі аяқ боп,

Ақ жүзім осы күні шөптей солған.
Аққу-қаз көлде жүзіп көлеңдеген,

Көңілім уайымменен төмендеген.

Жанымда жан жолдасым болмаған соң,

Көтердім көңілімді өлеңменен.



АНАҒА ХАТ
Осы облыстық “Қостанай таңы” газетінде 2008 жылғы 29 сәуірде “Хабарсыз кеткен бір батыр” атты мақала жарияланды. Онда сержант Хамит Нұрқанұлы туралы деректер келтірілген еді. Енді сол мақаланы қайта бір назарға салғалы отырмыз. (Оның да себебі бар. Ол туралы кейін айтылады).

“Әулиекөл ауданының Қояндыағаш ауылынан шыққан ержүрек жауынгер, Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовтың есімі Ұлы Отан соғысының тарихына алтын әріптермен жазылды. Ал оның ауылдас досы Хамит Нұрқанұлының тағдыры көп уақытқа дейін беймәлім болып келді. Ұлы Отан соғысы басталар алдында Кеңес Армиясы қатарына шақырылған ол Монғолия жерінде әскери міндетін өтеп жатты. Әскери өнерге машықтанып, ойы да, бойы да өсіп, елге оралар күнді асыға күтіп жүрген сәтте қанқұйлы соғыс басталды. Сержант Хамит Нұрқанұлы да ата жаумен кескілескен шайқастарға қойды да кетті. Талай қиыншылықтарды бастан өткере жүріп Калинин облысы Ржев қаласы түбіндегі жан беріп, жан алысқан шайқастардың бірінде ерлікпен мерт болады. Жердің астан-кестеңін шығарып жау ұшақтары бомба тастап, артиллерия снаряд жаудырып жатқанда кімді-кім іздеген. Ақыры елге снайпер, сержант Хамит Нұрқанұлы хабарсыз кетті деген хат келеді.

Хамиттың апасы Кәмиләда інісінің Монғолияда әскерде жүріп анасына жазған бір хаты сақталған екен. Оны редакцияға сол Кәмилә әжеміздің баласы, майдангердің жиені, ғылым кандидаты Жанділдә Мақанов ініміз алып келді. Өлеңмен жазылған сол хат мынау:

Қолға алайын қағаз бенен қаламды,

Сөз қылайын бұл күндегі таланды.

Қайран анам, сен түсімнен шықпайсың,

Неге ойлайсың Монғолдағы балаңды.
Теріп жүрміз бізге арналған тағамды,

Біз қорғаймыз өзіміздің қоғамды.

Халқым үшін мен күзетте тұрамын,

Неге ойлайсың бұл жақтағы балаңды.


Ден сау болса екі жыл да бітеді,

Тәрбиелеп бізді Совет күтеді.

Терең оймен өзіңді-өзің мұқатпа,

Құр қайғыдан қандай жұмыс бітеді.


Айхай, анам, жақсы көрсең сен мені,

Бір Алла ғой, балаңның да сенгені.

Жазса Құдай ақ сүтіңді ақтауға,

Жетеді ғой бір Алланың көмегі.

Қайран анам, тілектес бол сіз маған,

Замандаспен күліп-ойнап жүр балаң.

Елді ойласа мұнда жүрген қаршығаң,

Баса алмайды алға қарай бір қадам.


Көп емеспін мен қазақтың жасындай,

Бірі кетсе бірі қалар артында-ай,

Олай-пұлай күндер туса басыма,

Нұрқановтың кімі қалар артында?..

Жанділдә Қожахметұлын облыс жұртшылығы жақсы біледі. Талай басшылық қызмет атқарған, ғылымға ден қойған, білімді де білікті азамат. Кезінде облыста шығарылған майданнан оралмаған жауынгерлер туралы “Боздақтар” кітабы редакция алқасының мүшесі де болғаны бар. Сол кітапта хабарсыз кетті деп жазылған туған нағашысы Хамит Нұрқанұлының тағдыры оны бейжай қалдырмайды. Астанада қызмет істеп жүрген кезде әдейі Ресейдің Тверь губерниясына сапар шегіп, Ржев қаласындағы біріккен әскери мұражайдағы деректерге зер салады. Қала басшылығымен жүздесіп, өзінің келген мақсатын жеткізеді. Ақыры араға уақыт салып, сержант Хамит Нұрқановтың дерегі табылды. Асыл азамат сол Ржев қаласы маңындағы бір деревня үшін шайқаста қаза болыпты. Сүйегі сол жердегі бауырластар зиратына жерленген. Оның басына орнатылған мәрмәр таста қазақ солдатының аты-жөні тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Кейін Жанділдә Қожахметұлы сол бауырластар зиратына барып, нағашысының аруағына тәу етіп, құран бағыштады. Қазақстанның Ресейдегі жылы шеңберінде осында өнер сапарымен келіп жатқан опера және балет театрындағы артистермен бірге ата жаумен алысқан арысты еске алды.

Енді осы бұрын жарияланған мақаланы неге қайта еске алып отырғанымызға тоқталайық. Өлеңмен жазылған бауырының осы хаты қолға тиісімен апасы Кәмилә оны әнге қосып, егіліп тұрып шырқайды екен және өлеңнің мақамы да тосын, бұрынғы жаттанды сарынға ұқсамайды. Сол әуен Жанділдәнің де есінде қалыпты. Өткен жылы ол сол өлеңді әдейі нотаға түсіріп, дискіге жаздырып, ағайын-туғанға таратыпты. Осы бір аса қымбат жәдігердің біреуін Жәнділді Қожахметұлы маған да сыйлап еді. Әнді нотаға түсіріп, орындаған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдин. Отан үшін отқа түскен бауырымыздан қалған бір белгі оның асқақ рухын паш еткендей...


Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев

жүктеу/скачать

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет