5В 012100 Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арналған



бет8/10
Дата15.09.2017
өлшемі2,19 Mb.
#32501
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Дәрісті бекіту сұрақтары:

1.Шығармашылық өмірбаяны.

2.Азамат ретінде, ақын ретінде қалыптасуына Абайдың әсері.

3. Меккеге бару сапары. Абайдың ақыл-кеңесімен қазақ шежіресін жинауы

4. Орта жастан асқан шағында оңаша тіршілікке бой ұруы.

5. Лирика жанрындағы еңбегі.Реалистік лириканы дамытудағы үлесі.

6. Поэма жанрында Абай дәстүрін жалғастыруы

7. «Қалқаман-Мамыр» поэмасы. Шығармадағы тарихи фон.

«Еңлік-Кебек» дастаны, «Нартайлақ-Айсұлу»


  1. «Әділ-Мария» романы Көркем прозаның үлгісінде жазылған «Шын бақтың айнасы», «Бәйшешек бақшасы», «Мәнді сөздер» атты шығармалары

  2. Аударма саласындағы еңбегі

Әдебиеттер

1. Кенжебаев Б., Есназаров Ө. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. –А. 1976

2. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 430 бет.

3. Дербісәлин Ә. Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті. Алматы, 1966.

4. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Хрестоматия. 1983.

5. Кенжебаев Б. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылар. – Алматы: Қазақстан.1958. - 308 б.

6. Әбдіғазиев Б.Асыл арна.-Алматы: Ғылым, 1990. 128б.

7.Ш.Құдайбердиев. Шығармалары. Алматы, 1991. 560б.

8.Базарбаев М.Заман тудырған әдебиет.-А.,Ғылым.1997.-504б.

9.Ахметов З.Ойшыл,суреткер ақын.//Абай тағылымы.-Алматы. Жалын.1988. - 256 б.

1.Шәкәрім шығармашылығының негізгі идеясы?

2.Шәкәрім Шығармаларының басты тақырыптары,көркемдік ерекшеліктері.

3. Шәкәрімнің философиялық өлендері ой терендегі

4. Шәкәрімнің дүниетанымы, қоғамдық ой-пікірлері.


Тапсырма:

1.«Еңлік-Кебек» дастанының әдеби-фольклорлық сипаты ,композициялық құрылысы туралы талдаңыз

2. ХХ ғасырдың басында "Қазақ” және басқада газеттерде жариялаған еңбектері.

3. Шәкәрім өлеңін жатқа айту.


Әдебиеттер:

М.Мағауин. — Алматы: Жалын, 1988. 256 б.

Құдайбердұлы Ш. Өлеңдер мен поэмалар /Құраст.: Х.Сүйіншалиев.- Алматы: Рауан, 1990. 208 б. — (Мектеп кітапханасы)Айтбаева А.

Шәкерiм Құдайбердiұлының дiни-этикалықкөзқарасы: Автореферат / Абай атындағы Алматымемлекеттiк университетi.- Алматы, 1996.- 26б.

Әбдiғазиев Б. Асыл арна: (Абай дәстүрi жәнеШәкәрiм).- Алматы: Қазақ университетi, 1992.- 128б.

Жолдасбекұлы М. ж.б. Елтұтқа: Ел тарихының әйгiлiтұлғалары / Жолдасбекұлы М., Салғараұлы І., Сейдiмбек А.- Астана: KUL TEGIN, 2001.-


ДӘРІС . Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы

Дәрістің мақсаты: Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат беру, ақын өлеңдері мен романдары туралы білімді одан ары кеңейту.

Тірек сөздер: Роман, ақын, ағартушы, очерк, және т.б.

Дәрістің жоспары:

  1. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың  өмірі жайлы деректер.

  2. С. Торайғыров шығармаларының зерттелуі, жариялануы.

  3. Сұлтанмахмұт өлеңдерінің ерекшілігі.

Сұлтанмахмұт Торайғыров (28.10.1893, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы – 21.5.1920, Павлодар облысы Баянауыл ауданы) – ақын, ағартушы. Торайғыровтың 2 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, баянауылдық Әбдірахман молданың (1908) қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған.

1911 ж. жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 ж. Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақындыққа ден қойып, 1912 – 13 жылдар аралығында

“Оқып жүрген жастарға”,
“Тәліптерге”(“Шәкірттерге”),
“Ендігі беталыс”,
“Оқудағы мақсат не?”,
“Анау-мынау”,
“Мағынасыз мешіт”,
“Жарлау”,
“Досыма хат”,
“Шығамын тірі болсам адам болып”,
“Түсімде”,
“Жазғы қайғы”,
“Қымыз”,
“Кешегі түс пен бүгінгі іс”, т.б. өлеңдерін, “Зарландым” атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста “Қамар сұлу” романын жазуды бастады.

1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров “Айқап” журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, “Өлең һәм айтушылар”, “Ауырмай есімнен жаңылғаным”, “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан”, “Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?”]], т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Журналда аз ғана уақыт қызмет еткен ақын

1914 ж. жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін “Шоң серіктігі” деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспады. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Осындай көңіл-күй әсерімен

“Ләнет бұлты шатырлап”,


“Алтыаяқ” сияқты өлеңдер жазған.
“Ендігі беталыс”,
“Тұрмысқа”,
“Бір адамға”,
“Туған еліме”,
“Сымбатты сұлуға”,
“Қыз сүю”,
“Гүләйім”,
“Өмірімнің уәдесі”,
“Жан қалқам”,
“Гүл”, т.б. өлеңдерін, “Кім жазықты?” атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді (1915). Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол

1916 жылдың күзіне дейін әуелі Қатонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді.

1916 – 17 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп көңілі көтеріледі. “Шәкірт ойы” өлеңінде “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды”, “Мұздаған елдің жүрегін жылытуды” армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты.

1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, “Алаш ұранын” жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап,

1918 ж. сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасты. Осы тұста саяси-философиялық әдебиетті (Г.Ц. Плеханов, Н.Г. Чернышевский, т.б.) көп оқып,

“Шал мен қызға”,


“А, дүние”,
“Жас жүрек”,
“Сарыарқаның жаңбыры”,
“Адасқан өмір”,
“Кедей”,
“Айтыс”, т.б. өлеңдерін жазды.

Шығармашылық мұрасы. 

Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қысқа ғұмырында халқына мол әдеби мұра қалдырып кетті. Ол әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек еткен талантты қаламгер еді. Оның қаламынан жүзден астам өлең, бес-алты поэма, екі роман, он шақты мақала туды.

Сұлтанмахмұт шығармаларының тақырыбы — өз заманының шынайы көріністері, қазақ халқының сол бір аласапыран кездегі тұрмысы, ой-арманы. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен, ондағы кемшіліктерді әшкерелеп, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады.

Сұлтанмахмұттың лирикалық өлеңдерінің сипаты әр алуан. Оларда өмір тауқыметінен шаршаған ақынның қайғы-мұңы да, өкініш-наласы да, халықтың басындағы ауыр халге жүрегі сыздаған аяныш пен жанашырлық сезім де, болашаққа сенген, сол үшін күрескен азаматтық перзенттік патриотизмі де бар. Бірақ ақын өлеңдеріндегі мұң-зар жігерсіз, жасық қайғы емес. Ақын алдағы өміріне зор үмітпен қарайды.

Сұлтанмахмұт өз заманының өзекті мәселелеріне арнап бірнеше поэма жазды. Атап айтқанда, "Кедей" поэмасы ғасыр басындағы қазақ кедейлерінің хал-жағдайын, сезім-күйін, ауыр тұрмысын бейнелесе, "Адасқан өмір" поэмасында ақын айналасында болып жатқан оқиғаларға, өмір құбылыстарына өз сезімі арқылы шолу жасайды. Қала ақыны мен дала ақынының айтысы түрінде жазылған "Айтыс" поэмасында қазақ даласындағы өзгерістер, әлеуметтік өмір көріністері суреттелсе, "Таныстыру" поэмасында төңкерістер заманындағы қазақ елін өрге жетелеген қайраткер азаматтар бейнесін сомдауға талпыныс жасалады.

Сұлтанмахмұттың "Қамар сұлу" (1914), "Кім жазықты?" (1915) романдары қазақ әдебиетінің даму тарихынан елеулі орын алады. Көркем прозаның туу, қалыптасу кезеңінің бастауында дүниеге келген бұл романдарда өз заманының ащы шындығы бейнеленеді. Сол дәуірдегі әйелдердің бас бостандығы, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік мәселелері  мен жаңа психология арасындағы тартысты, қоғамдағы    адамдардың түсінік-танымындары кереғар құбылыстарды    бейнелеу арқылы Сұлтанмахмұт туған халқының болашағы   туралы толғанады.

Сонымен қатар, Сұлтанмахмұт "Зарландым", "Ауырмай есімнен жаңылғаным" атты шағын көлемді прозалық шығармалар, "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан", "Қазақ ішінде оқу жайы қалай?", "Өлеңмен жазылмақ драманың материалдары", "Өлең мен айтушылары", "Социализм" тәрізді бірқатар мақалалар жазды.


Торайғыров өлеңдерінің ерекшілігі

Оның шәкірттік кезеңдегі өлеңдері (1907 – 11) көркемдік тұрғыдан кемшін түсіп жатқанымен, жас ақынның қоғамдық құбылыстар мәнін түсінуге деген ұмтылысы мен өлең тілімен сурет салуға бағытталған талабын танытады. Ол қоғамдағы әділетсіздік пен әйелдердің ауыр тағдыры, діни оқудың схоластикалық сипаты жайлы жазды. Байлық пен кедейліктің теке-тіресін бай мен кедей ұлының өмірі арқылы көрсетуге тырысқанымен, бұл талпынысы биік ақындық талант пен саяси көзқарасты таныта алмады. Торайғыров 1912 жылдан бастау алатын шығармашылығының жаңа кезеңінде Абай, Ыбырай негізін қалаған ағартушылыққа бет бұрды, жастарды оқу-білімге шақырды. “Туған айдай болып туып, күнді алуға бел буады”, тұрмысты жеңуде жігерленіп, ақиқатты табу жолында талмай ізденуді мұрат тұтады. Алғашқы үгіт мәндес өлеңдерінен кейін ақын лириканың өрісін кеңейтіп, лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-әрекетін суреттеуге ұмтылады. Оның жырларынан тағдырға мойынсұнбай, қасарыса алға ұмтылатын, ауыртпалыққа қарсы тұрар өжет мінез көрінеді. Осы кезден бастап ақын шығармаларында ескіні сынау бой көтерді. Ол қазақ арасында көп кезігетін келеңсіз мінездер мен кертартпа әдет-ғұрып салтына қарсы күреседі. Табиғат, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінде ақын адам сезімін қоғамдық көзқараспен, әлеумет өмірімен байланыста қарайды. Ескіге қарсы көзқарас оны қоғамдағы әділетсіздікпен қақтығысқа алып келеді (“Осы да әділдік пе?”, “Бір адамға”, т.б.). Ол өмір шындығын көркем бейнелей келе, қазақ өлеңінің мазмұнын кеңейтті, сырға толы лирикалық жырлар туындатты. Көптеген әңгіме, очерктер, әдеби-сын мақалалар жазды, екі роман (“Қамар сұлу”, “Кім жазықты?”), төрт поэмасын “Таныстыру” (1917 – 18), “Адасқан өмір” (1918), “Кедей” (1919), “Айтыс” жариялады. Торайғыров“Қамар сұлуда” әйел теңсіздігі мәселесін көтере отырып, дәуір шындығын әлеум. тұрғыда талдаса, “Кім жазықты?” романында ауыл өмірінің шындығын жан-жақты суреттей келе, қазақ халқының шаруашылық тұрғыдан дамымағанын, талапсыздық пен шаруаға қырсыздықты, жалқаулықты, алауыздықты сынайды.

Поэма жанрына қосқан үлесі

Торайғыров поэма жанрын жаңа арнада дамытты . Ол сюжетсіз поэмаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы поэмасы “Таныстыруда” Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді.Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтарды таныстырып, олардың “бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – ай” екендігін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкерімді ерекше атап көрсетеді. “Адасқан өмір”, “Кедей” поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды. “Адасқан өмір” – Торайғыров шығармашылығының зор табысы. Мұнда ақын аз ғұмырында көзімен көріп, ойымен түйген, білім-білігімен таныған тұрмыс өткелдерін өзіне ғана тән асқақ үнмен ашына, ақтара жырлайды. Поэманың лирикалық кейіпкері түрлі кәсіппен шұғылданса да, ешбірінен қанағат, теңдік таппай, әділетті қоғамды аңсайды. Шығармада ақын түсінігіндегі болашақ жаңа қоғамның бейнесі жасалады. Шығарманың негізгі идеясы адам өмірді өз тілегіне бағындыра алады және соған ұмтылуға тиіс деген оптимистік қорытындыға саяды. “Кедей” поэмасының бас кейіпкері де өз ортасынан әділдік таппайды, қоғам мен адам арасындағы қайшылықты бітіспес күреске ұластырады. “Айтыс” поэмасы толық аяқталмаған, онда Торайғыров қала ақыны мен дала ақынын айтыстырып, екі ортаның қайшылықты жақтары мен адамға пайдалы тұстарын қатар алып суреттейді. Торайғыров шығармалары – 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері “шындықтың ауылын іздеумен” байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның тенденциясы да сыншыл.



Шығармалары:

Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы.- Алматы: Ғылым, 1993.- — Т.1.-1993.-280б. 525-00

Торайғыров С. Үш томдық шығармалар жинағы: 3 томдық / Жауапты ред. З.Ахметов; Баспаға әзірлеп, түсініктемелерін жазғандар: З.Ахметов, Т.Берікболов.- Алматы: Жібек жолы, 2002 — Т. 1. — 2002. — 176 б. — 300.00 тен.

Торайғыров С. Адасқан өмір; Кедей; Жарқынбай; Кім жазықты; Қамар сұлу.- Алматы: Рауан, 1992.- 238 б.-(Мектеп кітапханасы)

Торайғыров С. Жақсылық көрсем өзімнен.- Астана: Фолиант, 2002.- 96б.-(Мектеп кітапханасы)

Торайғыров С. Қамар сұлу: Роман.- Астана: Елорда, 1999.- 268 б.-(Алтын қор)

Торайғыров С. Үш томдық шығармалар жинағы. Т.2.- Алматы: Жібек жолы, 2003.- 256 б.-(Алаш мұрасы)
Дәрісті бекіту сұрақтары:
1.Сұлтанмахмұт шығармаларының басты тақырыптары, көркемдік ерекшеліктері

2,Ақын шығармаларының зерттелуі.

3. С. Торайғыровтың өлеңдерінің ерекшеліктері?
Тапсырма:

1. "Кедей" поэмасының құрылысын талдаңыз

2 "Қамар сұлу" романы.

3. С. Торайғыровтың өлеңін жатқа айту.


Әдебиеттер:

  1.  Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Педагогика / О 74 Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: "ЭКО" ҒӨФ. 2006. - 482 б

  2.  “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010

ДӘРІС12.

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы (1893-1920).

Мақсаты: Сұлтанмахмұт Торайғырұлы шығармашылығымен танысу,оқу

Тірек сөздер:демократиялық бағыт,төңкеріс,зиялы,Алашорда,лирика,романтика,роман,қара сөз,көркемдік жаңалықтары, стиль,мазмұн, түр, пішін

Шығармашылық өмірбаяны. Сауат ашу, білім алу қайнарлары. «Айқапта» қызмет атқаруы. Демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларымен қызметтес болуы. Тарихи өзгерістердің, төңкерістердің заманының ақын санасына ықпалы. әлеумет ісіне, қоғамдық қызметтерге белсене араласуы. Заман тақырыбына түрлі мақалалар жазып, баспасөзде жариялануы. Ақынның шығармашылық жолының кезеңдері. Алашорда қатысы. Шығармаларының жанрлық, тақырыптық жағынан әралуандылығы.

Лирикасы. Ақын назарына қоғамдағы жаңғыру нышандарының ілінуі. Өзіне өзі серт беріп ұмтылуы. Өлеңдердегі әршілдіктің, романтикалық екпіннің ақын жүрегіндегі жалынды отпен ұштасып жатқандығы. Оқуға, білім алуға, сол арқылы халқына қызмет етуге ұмтылуы. Өлеңдердегі осы сипаттың көрінісі. Табиғатты, әлеуметтік көңіл күйін, жастық пен махаббаттың жырлауындағы шеберлігі. Лирикалық кейіпкері.

«Қамар сұлу» романы. Қара сөз бен өлең аралас шығарма екендігі. Өз дәуірінің көкейкесті мәселесін көтеруде, шынайы образдар жасауда және көркемдік құралдарды пайдалануда жаңашыл шығарма болғандығы. Қоғамдағы жағымсыз салт, жат мінез-құлықтың зияндылығын әшкерелеуі. Қазақ өмірінің шындығы мен қоғам дамуының барысы ұсынып отырған шындықтың өзара астасқан тұсындағы адамдар тағдырының, образдардың шебер бейнеленуі. Романның композициясы, тіл шұрайы мен көркемдік өрнектері.

«Кім жазықты?» романында үш ұрпақ өкілдерінің суреттелуі. Тарихи кезеңнің шындығына орай олардың көзқарастары мен түсініктеріндегі, өмірлік бағыттарындағы айырманың айқындығы. Әжібай образының типтік сипаты. Оның өз заманының туындысы, бүтіндей бір құбылыстың белгісі ретінде көрінуі. Аппақай, Жүсіп, фельдшер т.б. образдары. Шығарманың көркемдік дәрежесі. Лирикалық шегіністің мол кездесетіндігі.

«Адасқан өмір» поэмасында бастан-аяқ ақын өмір сүрген дәуір суреттерінің бейнеленетіндігі. Түрлі адамдар мен мінез-құлықтың, мың құбылған психологияның молдығы. Автордың сыншылдық көзқарасы.

«Кедей» поэмасында қарапайым еңбек адамының заман диірменіне түсіп кеткен ауыр өмірінің суреттелетіндігі. Тарихи кезең сипатының айқындығы. Әлеуметтік теңсіздік үстемдік үстемдік еткен ортадағы хал-ахуал. Лирикалық кейіпкердің образы.Сұлтанмахмұттың поэзиядағы көркемдік жаңалықтары. Мазмұн мен пішін, түр бірлігін шебер ұстана білуі. Ақынның стильдік ерекшеліктері.

Көсемсөз саласындағы бірқатар мақалалары.



Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1.Шығармашылық өмірбаяны .«Айқапта» қызмет атқаруы

2. Ақынның шығармашылық жолының кезеңдері. Алашорда қатысы.

3. Лирикасы, «Қамар сұлу»,«Кім жазықты?» романдары,поэмалары

Әдебиеттер

1. Кенжебаев Б., Есназаров Ө. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. –А. 1976

2. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 430 бет.

3. Дербісәлин Ә. Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті. Алматы, 1966.

4. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Хрестоматия. 1983.

5. Кенжебаев Б. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылар. – Алматы: Қазақстан.1958. - 308 б.

6. С.Қирабаев «Октябрь және қазақ әдебиеті»Алматы, «Жазушы»,1968жыл,99-бет.

7. Ы.Дүйсенбаев. С.Торайғыров. Алматы, – 1967ж.

8. С.Торайғыров. Таңдамалы шығармалар. Алматы, – 1957ж.

9. А. Еспенбетов. Сұлтанмахмұт Торайғыров. Алматы, – 1992ж.



ДӘРІС №13. А.Байтұрсынов,

Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы (1873 – 1937)



Мақсаты: Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығымен танысу,оқу

Тірек сөздер:қоғам қайраткері,газет,уытты сатира, түпнұсқа,жинақ, халықты ояту идеясы,ағартушылығы,көсемсөз,ғылыми зерттеу еңбектер

Шығармашылық өмірбаяны.Қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі, қоғам қайраткері болғандығы. Жас кезінен әлеуметтік теңсіздіктің сырын пайымдауы, оған қарсы үн қатуы. «Қазақ» газетін шығаруы. Газеттің басты мақсаты халық жүрегіндегі сыр мен мұңды қорғау болғандығы. Ұлттық мәдениеттің дамуына, адамдар санасының оянуына көп көмегін тигізуі.

«Қырық мысал» жинағы. И.Крылов мысалдарындағы уытты сатираны қазақ оқырмандарына жеткізудегі мақсатының ең алдымен елді түзеу болғандығы. Түпнұсқаға өзіндік өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отырғаны. Сол арқылы оқиғаны қазақ оқырманына жақын, ұғымына лайық етіп баяндауы. «Маса» жинағындағы халықты ояту идеясы. Ағартушылық ойдың молдығы. Көпшілік мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қоюы.

Көсемсөз шебері ретіңдегі еңбегі. «Қазақ» газетінде сан алуан тақырыпта мақалалар жариялағаны / «Бұ заманның соғысы», «Закон жобасының баяндамасы», т.б. / . Әдебиетке қатысты мақалалар / «Қазақтың бас ақыны, т.б. /. Мақалаларында тарихи шындықты батыл бейнелеуі , елдің тәуелсіздігін армандауы, отарлық саясаттың құйтырқыларын әшкерелеуі. Негізгі жол оқу мен білім жолы, ғылым үйрену мен еңбек ету жолы екенін баса айту.

Қазақтың әдебиеті мен тілін зерттеудегі ғалымдық еңбегі туралы мәлімет. «Әдебиет танытқыштың» қазақ әдебиетіндегі тұңғыш теориялық еңбек екендігі. Әдебиеттің теориясын жасаудағы жаңалық болып саналатыны. А.Байтұрсынұлының ауыз әдебиетінің озық үлгілерін жинап, кітап етіп бастыруы /«Ер Сайын», «23 жоқтау»./.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:


  1. Шығармашылық өмірбаяны.

  2. «Қазақ» газетін шығаруы

  3. «Қырық мысал» жинағы,«Маса» жинағындағы халықты ояту идеясы

  4. Көсемсөз шебері ретіңдегі еңбегі.

  5. Қазақтың әдебиеті мен тілін зерттеудегі ғалымдық еңбегі

Әдебиеттер

1. Кенжебаев Б., Есназаров Ө. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. –А. 1976

2. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 430 бет.

3. Дербісәлин Ә. Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті. Алматы, 1966.

4. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Хрестоматия. 1983.

5. Кенжебаев Б. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылар. – Алматы: Қазақстан.1958. - 308 б.

6. А.Байтұрсынов. Ақ жол. – Алматы: Жалын. 1991.-460 б.

7. С.Қирабаев «Октябрь және қазақ әдебиеті»Алматы, «Жазушы»,1968жыл,99-бет.



АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Дәрістің мақсаты: Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы мағлұмат беру, студенттердің ақын өлеңдері мен зерттеулері туралы білімдерін одан ары молайту.

Тірек сөздер: тіл білімінің атасы, ағартушы, әлеуметтік теңсіздік,бостандық аңсаған, «халық жауы», тірнек өнер, аудармалар, фольклорлық үлгілер, мақала, публицист, теоритик, «Қазақ» газеті. т.б.

Дәрістің жоспары:

1.Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны.

2. Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасы

3.Ахмет Байтұрсынұлы- қазақ ғалымдарының ішінен шыққан тұңғыш әдебиет теоретигі.



4.Ахмет Байтұрсынұлы- публицист

Ахмет Байтұрсынұлы

(1873-1938)

XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы еді. Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші-реформаторы атанған ол өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның төлбасы болды. Өмір жолы. Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысқой, сергек, еті тірі адам болады. Сол себепті де Байтұрсын мен оның ағайындары патша өкіметінің өкілі – уезд бастығын соққыға жығып, түрмеге қамалады. Бұл оқиға он жасар бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Мәселенің түп негізін толық ұқпағанымен, ол өмірдегі әділетсіздік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, көңіліне ой ұялатады. Табиғатынан зерек әрі талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары көзі ашық ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды да, кейін жақын маңдағы ауыл мектебінде оқиды. 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алады. Бұл жылдары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің үлгісінде жұмыс істейтін, игі дәстүрлері мол жаңаша мектептер саны көбейген болатын. Міне, осы тәрізді оқу орындарында оқып, сапалы білім алып шыққан Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылдын 1 шілдесінен өзінің мұғалімдік, ұстаздық қызметін бастайды. 1895-1897 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде, екі сыныптық училищелерде сабақ береді. Мұғалім бола жүріп ол қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға, әлеуметтік өмірге үңіледі. Халыққа білім берудің жолдарын, қазақ тілі мен әдебиетінің мәселелерін зерттеу мүмкіндіктерін қарастырады. Көп кітаптар оқиды, өз бетімен ізденеді. Әдебиетпен айналысады, өлең-жырларын жазады, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайды, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлейді. Өзінің білімімен, ақыл-парасатымен ел аузына іліге бастайды. Бостандық аңсаған, күреске үндеген өлеңдер жазады. Соның салдарынан 1910 жылы Қазақстанда тұру құқығынан айырылып, Орынбор қаласына келеді. 1913-1918 жылдары өзі ұйымдастырған "Қазақ" газетінің редакторы бола жүріп, кең ауқымды әлеуметтік істер атқарады. Газет бетінде халық өмірінің аса күрделі мәселелерін көтереді. Елді оқу-білімге, ілгері ұмтылуға шақырады. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қоғамдық өмірге белсене араласқан Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жұртының тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болады. Кейінірек Қазақстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарады. Кеңес өкіметі тұсындағы коммунистік идеология аласапыранының салдарынан 1929 жылы жазықсыз ұсталып, ұзақ уақыт түрме мен лагерь азабын тартқан Ахмет, 1936 жылы елге қайтып оралғанымен, 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылы атылады. Алаш қозғалысының көсемі ретінде "халық жауы" деп атылған А.Байтұрсыновтың есімі де, шығармалары да көпке дейін жұртшылық үшін жабық болды. Тек тәуелсіз Қазақстан жағдайында ғана ақынның шығармалары жарық көрді, мұралары зерттеле бастады. 1988 жылы ақталғаннан кейін А.Байтұрсынұлы шығармаларының жинағы (1989), "Ақ жол" кітабы (1991) жарық көрді. Шығармашылық мұрасы.

Ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының артында аса мол әдеби, ғылыми еңбектер қалды. Ол өз заманында әрі ақын, әрі аудармашы, әрі ғалым ретінде танылды. Ахметтің 1909 жылы Петербург қаласында "Қырық мысал" деген атпен жарық көрген алғашқы кітабына негізінен орыс мысалшысы И.Крыловтан аударған аударма мысалдар жинақталды. Бұрын мысал арқылы тұспалдап айтылған ойларын Ахмет 1911 жылы Орынбор қаласында шыққан "Маса" атты өлеңдер жинағында өз сөзімен ашықтан-ашық жария етті. Бұл жылдары ол қазақ тілі мен әдебиетінің әр түрлі мәселелеріне арнап көптеген мақалалар жазып, баспа беттерінде жариялады. Әсіресе 1913 жылы жазылып, "Қазақ" газетінде жарияланған "Қазақтың бас ақыны" атты мақаласы Ахметті білікті әдебиеттанушы ғалым ретінде танытты. Бұл мақала ұлы Абайдың ұлттық әдебиеттің тарихынан алатын орнын айқындауға, ақын шығармашылығына баға беруге арналған тұңғыш ғылыми зерттеу еңбегі еді. Әдебиетші Ахмет Байтұрсынов мұрасының маңызды бір саласы – оның ел аузынан жинап, жүйелеп, баспа бетінде жариялаған ауыз әдебиеті нұсқалары. Атап айтқанда, Ахмет жинаған фольклорлық үлгілер негізінде Мәскеу қаласында 1923 жылы "Ер Сайын" жыры, 1926 жылы "23 жоқтау" кітаптары жарық көрді.



Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ұлы түрлендіруші-реформаторы, теоретигі әрі қазақ тілі білімі саласына орасан зор еңбек сіңірген көрнекті ғалым болды. Ол араб әріптерінің негізінде төте жазу үлгісін, яғни қазақтың төл әліпбиін жасады. Өзінің "Оқу құралы" (1912), "Тіл құралы" (1914), "Әліпби" (1924), "Жаңа әліпби" (1926) тәрізді кітаптарында қазақ тілінің ғылыми, теориялық және әдістемелік мәселелерін кеңінен талдап берді. Қазақ тіл білімінде терминдер жүйесін қалыптастырды. Қазақ тілі грамматикасындағы ұғымдар мен категорияларға жаңаша әрі дәл анықтамалар берді. "Әдебиет танытқыш" кітабы. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ғалымдарының ішінен шыққан тұңғыш әдебиет теоретигі. Оның әдебиетші ғалым-теоретик ретінде тұлғасын айқындаған басты еңбегі – "Әдебиет танытқыш". Еңбек 1926 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан. Бұл кітабында ғалым алғаш рет қазақ әдебиетінің теориялық, методологиялық мәселелерін негіздеп берді. Әдебиеттану ғылымындағы басты ұғымдар мен терминдер жүйесін жасады. "Әдебиет танытқыш" кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде көркем әдебиеттің бейнелеу құралдары мен әдіс-тәсілдері талданса, екінші бөлімде әдеби жанр түрлері сөз болады. Тұтастай алғанда, Ахмет Байтұрсынов өнер атаулыны екі топқа бөледі. Оның бірі – тірнек өнері, екіншісі – көрнек өнері. Көрнек өнеріне ғалым сәулет (архитектура) өнерін, сымбат (скульптура) өнерін, кескін (живопись) өнерін, әуен (музыка) өнерін және сөз (әдебиет) өнерін жатқызады. "Өнердің ең алды – сөз өнері саналады. "Өнер алды – қызыл тіл" деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты әрі кескінді суреттер болсын, қандай ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеуге, көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді" деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы. Әдебиеттің көркем бейнелеу құралдары, жанрлары жөнінде талдау жасай келіп, А.Байтұрсынов олардың, әрқайсысына әлемдік әдебиеттану ғылымындағы атауларға сәйкес дәлме-дәл қазақша балама атаулар береді. Бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында қолданылып жүрген ұғымдар мен категориялардың атауларын термин дәрежесіне көтеріп, қолданысқа енгізген Ахмет Байтұрсынұлы дейтініміз сондықтан. Әдебиеттің жанрларын айқындау, тарихи кезеңдерге, бөліп қарастыру мәселесінде де бұл еңбекте көптеген тұжырымды ойлар айтылады. Бұлардың кай-қайсысы да қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңалық болатын. Сонымен қатар, "Әдебиет танытқышта" Ахмет Байтұрсынұлы аса бай фольклорлық материалды пайдаланды. Теориялық қисындарды қазақ ауыз әдебиетінен және баспасөз беттеріндегі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан алынған мысалдар арқылы бекітіп отырды. Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Бұрынғы ескі-ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды. Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді. Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн, Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін, Тартады аққу көкке, шаян кейін Жұлқиды суға қарай шортан шіркін. Аудармада мін жоқ, мүдірмей, тұтықпай, есіліп-төгіліп тұр. Ендігі кезең оқырманына қатысты жаңа ой, соны пікір, толғаулы сөзді ақын өз жанынан қосады. Жігіттер мұнан ғибрат алмай болмас. Әуелі бірлік керек болса жолдас. Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, — деп елді тұтастық, ынтымақ жалауының астына шақырады. Елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық, дәл айтылатын ойлар да бар: Қасқырдың зорлық болды еткен ісі. Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі Нашарды талай адам талап жеп жүр Бөріден артық дейміз оның ісін. Алуан-алуан ойға жетелейтін “Қайырымды түлкі”, “Ала қойлар”, “Үлес”, “Қартайған арыстан”, “Өгіз бен бақа”, “Қайыршы мен қыдыр”, “Ат пен есек” мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алған. Аудармашы негізгі түпнұсқа тексіне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын - әуез қосып отырады. “Қартайған арыстан” мысалына: Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да, Келе алмас жаман батып маңайыңа. Басыңның бақыт құсы ұшқан күні Құл-құтан басынады, малайың да, — деген жалғасты түйін жасайды. Бірнеше кісі тіл таба алмай, берекесі кетіп, өртке шалдығып, үлестен құр қалады. Осы “Үлес” өлеңінің түйінінде ақын өз позициясын ашық көрсетіп: Ойласақ оқиға емес болмайтұғын, Ел қайда өзін жаудан қорғайтұғын. Қазіргі пайдасына бәрі жетік, Адам аз алдын қарап болжайтұғын. Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман Байқасақ ел белгісі оңбайтұғын. Бұл белгі табылып жүр біздің жұрттан Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан. Алданып арқадағы дау-шарына Кәтерден кәпері жоқ, келер сырттан, — деп терең маңызы бар әлеуметтік ой толғайды. Мысал жанрының қазақ әдебиетіне бойлап ену құбылысы әлемдік көркемдік дәстүрлердің типологиялық ұқсастығын көрсетеді. “Дала уалаяты” газетінде 1894 жылы 14 тамызда И.Крыловтың “Инелік пен құмырсқа” (аударған А.Құрманбаев) мысалының жариялануы – қазақ әдебиеті үшін жаңа бір арнаның басы еді. Крыловтан Абай – 14, Спандияр Көбеев – 37, Бекет Өтетілеуов – 12 мысал аударған. Бір мысалдың бірнеше рет аударылғаны да бар. Мәселен: “Аққу, шортан һәм шаян”, “Ат пен есек”, “Қасқыр мен тырна”, “Шал мен ажал (өлім)”, “Айна мен маймыл”, “Маймыл мен көзілдірік” мысалдарын Ахмет Байтұрсынов та, Спандияр Көбеев те аударған. “Ала қойлар”, “Есек пен қамыс (шілік)”, “Бақа мен өгіз” мысалдарының Абай нұсқасы да, Ахмет нұсқасы да бар. Абай аудармалары Крылов түпнұсқасымен көбіне-көп дәлме-дәл келеді, Спандияр Көбеев 8 мысалды қарасөзбен баяндаған. Ал Ахмет Байтұрсынов аудармаларында сюжет сақталғанмен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жаңа идеялар, заман тынысын танытатын жаңа ойлар айтылады. Түп негізі Федрдан алынған Крыловтың он жолдық “Шымшық пен көгершін” мысалы Ахмет Байтұрсынов аудармасында отыз екі жолдан тұратын жаңа шығарма. “Өгіз бен бақа” орысшада – 17, қазақшада – 36 жол, “Қасқыр мен тырна” орысшада – 19, қазақшада – 76 жол, “Арыстан, киік һәм түлкі” орысшада – 35, қазақшада – 56 жол, “Қасқыр мен қозы” орысшада – 37, қазақшада – 68 жол, “Ағаш” орысшада – 31, қазақшада – 56 жол. Бұл фактілер қазақ ақыны дәстүрлі оқиға, қалыпты бейнелерді ала отырып, ойға ой, суретке сурет қосып, жаңа, ұлттық төл туынды жасағанын көрсетеді. Бұрын емеурін, ишара, мегзеу, астар, мысалмен берілген ойлар “Маса” кітабында ашық, анық, дәлді, нақты айтылады. Мұнда Ахметттің өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер, ауыр жолдар, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық, бірталай өлеңдерге арқау болады; ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы – басты сарын. Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам. Алданып жегеніме оны ұмытсам, Болғандай жегенімнің бәрі қарам, — деген жолдардың нақты өмірлік материалы әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге айдалып, қуғын көруі, бала жүректің тілім-тілім жаралануы. Ал, “Жиған-терген” өлеңіндегі: Қазағым, елім, Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып. Талауда малың, Қамауда жаның, Аш көзіңді оянып – деген сөздерді патша цензурасы кезінде жібермей тастаған. Ақын ашынып сөйлейді, тартыстар, қайшылықтарды көрсетеді. Бұл бір сөз қасірет айтып хатқа жазған, Қалмаған түк қасиет қазақ азған. Байға мал, оқығанға шен мақсат боп, Ойлайтын жұрттың қамын адам азған. Күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу мақсаты бар тілектен жоғары қойылады: Мен бұқтым, жаттым, Сен бұқтың жаттың, Кім істемек қызмет? Ауызбен айтып, Істерде қайтып, Жоламасақ не міндет? Тек жүрсе тоқ жүрмекті Қиын деме білмекті. Қазір әлем поэзиясындағы ділмар сөз – афоризм боп кеткен түрік ақыны Назым Хикметтің: Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап Аспан қалай ашылмақ, — деген жолдарының Ахмет Байтұрсынов өлеңімен әуендестігі кісіні таң қалдырады. “Маса” кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар- абыройын сатқан “жақсылығы өз басынан артылмаған”, “бос белбеу, босаң туған бозбала”, “бір тойғанын ар қылмаған шалдар”, “қайырсыз кеще сараң байлар”, “мәз болып құр түймеге жарқылдаған оқығандар” сыналады. “Туысыма”, “Досыма хат”, “Қазақ қалпы”, “Қазақ салты”, “Көк есектерге”, “Жұртыма”, “Қарқаралы қаласына” өлеңдерінде ұлы Абай сатирасын еске түсіретін сарындар, ойлар, образдар бар. “Анама хат”, “Жауға түскен жан сөзі” – қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар. “Масада” Пушкиннен аударылған “Қыздыр дейсің мәжілісті, жан дейсің”, “Ат”, “Данышпан Аликтің ажалы”, “Балықшы мен балық”, “Алтын әтеш”, Крыловтан аударылған “Сорлы болған мұжық”, “Қаздар” шығармалары да берілген. Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, — деген жолдарда өз уақытының сыры айтылса: Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындар мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін, — деген уақытта ақын болашақпен сырласқандай, өлместігіне сенеді. Екі жинақ – “Қырық мысал”, “Маса” – қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болады.

Әр түрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, құқықтану, жер мәселесіне, отарлауға, ғылым-білімге, педагогикаға арналған “Тағы да народный сот хақында” (1911), “Қазақ һәм ІҮ Дума” (1912), “Земство” (1913), “Жер жалдау жайынан” (1913), “Көшпелі һәм отырықшы норма” (1913), “Уақ қарыз” (1913), “Бұ заманның соғысы” (1914), “Жәрдем комитеті” (1915), “Закон жобасының баяндамасы” (1914) (осы мақала үшін Ахмет Байтұрсынов штраф-айып төлеген), “Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение” (1914), “Губернатор өзгертілуі” (1914), “Соғысушы патшалар” (1914), “Қазақ жерін алу турасындағы низам” (1913), “Қазаққа ашық хат” (1916), “Бастауыш мектеп” (1914), “Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек” (1923), “Партия һәм кеңес құрылысындағы рушылдық әсері” (1926) сияқты көптеген мақалалар публицист Ахмет Байтұрсыновтың көзқарасы эволюциясын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік қарымын көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар береді. Ал ғалымның тілші, әдебиетші ретінде жазған еңбектері бірнеше том боларлық мол дүние, бұлардың ішінде 1913 жылы жазылған “Қазақтың бас ақыны” еңбегі – оқшау, дара тұр. Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысымыздағы орны, көркемдік-эстетикалық сипаттар дұрыс көрсетіліп, терең талданып, алғаш рет қазақ оқырманының алдына тартылды. Өмірдің сан алуан көкейкесті мәселелерін арқау етіп жазған Ахмет Байтұрсынов мақалалары алдымен “Айқап” журналында, 1913-1918 жылдар арасында өзі редакторлық еткен “Қазақ” газетінде, кейін кеңес баспасөзінде жарияланған. Мақалалар саны көп, олар мерзімді басылым бетінде шашылып жатыр, бұларды жинап, сұрыптап, ой елегінен өткізіп, жүйелеп бастырып шығару арқылы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тарихи зердеміздің қазір ойсырап, үңірейіп тұрған беттерін толтыратын боламыз. Қазіргі қолда бар материалдардың негізіне сүйенгенде қаламгер – оқу-ағарту, оқулықтар жасау, әліппе, емле, грамматика, жер иегері, кәсіп істеу, халықаралық қатынастар, тарих, құқықтану, заң, философия, қоғамдық күрестер, мәдениет, әдебиет, эстетика проблемаларын тереңнен қозғап, өз кезіндегі қоғамдық-әлеуметтік ойға мұрындық, ұйытқы болған пікірлер айтып, тұжырымдар жасаған. 1917-19 жылдар арасында әр қиянды шиырлаған кездерін автордың өзі де мойындаған. Автордың “Қазақ өкпесі” мақаласында (“Айқап”, 1911, № 2) тарихи мәселелерге объективті, ғылыми тұрғыдан қарайтындығы көрінеді, қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Ресейге қосылудың негізгі жағдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады. “Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты”, дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін ғылым, өнер екенін айтып, оқуға, ағартушылыққа ден қояды. Бұл бағытта жазылған, бірі-бірімен сабақтас мақалалар өте көп. “Оқу жайы” (“Қазақ”, 1913, № 11) мақаласында өз кезіндегі мектептер ісін тиянақтай отырып, сол тұстағы Қостанай уезіндегі сауаттылық мәселелерін қозғайды, әрбір жүз кісіден 6 еркек қазақша, әрбір мың кісіден 6 еркек орысша, әл әрбір үш жүз кісіден 1 әйел қазақша, төрт мың кісіден 1 әйел орысша хат таныды деген дерек келтіреді. “Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді. Тәртіппен оқытарлық мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жолы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық жоқ, оқытудың қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті ететін жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғалимун (педучилище) жоқ” деп күйзеледі. Мұның үстіне автор қазақша, орысша, екі тілде білім алу жүйесін ерекше қолдап, “жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын” деп дәл қазіргі күндегі тәуелсіздік шарттары алға міндет етіп қойып отырған терең білім беру принциптерімен үндес тұжырым жасайды. Ал, революциядан бұрын жазған еңбектердің басым көпшілігінің негізгі идеясы ағартушылық, демократтық, прогрестік биік нысана, олар біздің азаматтық, рухани дамуымыздағы маңызды, мәнді кезеңдер шындығын ашады, бірқыдыру ойлар, пікірлер дәл қазіргі уақытқа қызмет ететінін көруге болады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет