5В0117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған



бет3/6
Дата08.07.2018
өлшемі448,5 Kb.
#48477
1   2   3   4   5   6

Бақылау сұрақтары: Фразеологизмдердің көркем шығармада стильдік қызметі. Окказионалды фразеологизмдер деген не. Фразеологизмдердің авторлық өңдеуден өткізіліп қолданылуына мысал келтір. Фразеологизмдердің жалпыхалықтық үлгіде қолданылуы ерекшеліктері. Поэтикалық фразеологизмдердің этномадени мазмұның зерттеуші ғалымды ата. Абай фразеологиясын кім зерттеген?Фразеологизмдердің көркем мәтіндегі жұмсалым аясы. Көркем поэзия тілінде фразеологимдердің қолданылуы.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6
18,19 –дәріс.

Тақырыбы: Көркем мәтіндегі мақал-мәтел, афоризмдер, этнографизмдердің көркемдік ерекшеліктері. Линвомәдени тілдік бірліктерді айқындау, олардағы ұлттық сипатты көрсету. Шешендік сөздер. Дискурс.

Мазмұны: Тіл этногенетикалық (этнос, ұлт) қауымдастықтың қоршаған ортаны тануы мен білуі, игеруі мен қажетіне жаратуы барысында жинақтаған танымдық, қоғамдық-мәдени іс-тәжірибесінің нәтижесін бекітіп қана қоймайды, сөз мағыналары және олардың ассоциациялық жүйесі арқылы адам санасындағы ұғым-түсініктерге (концептуалдық дүние бейнесіне) ұлттық-мәдени реңк үстемелейді. Осыған орай тіл иесінің санасындағы мәдени-ұлттық сипаттағы эталондармен, стереотиптермен, мифологемалармен т.б. ассоциацияға түсетін бейнелі оралымдарға тіл тұрақтылық, біртұтастылық, тиянақтылық қасиет дарытады. Бейнелі тұрақты оралымдар тілдік қолданыста лингвомәдени қауымдастыққа тән менталитетті, дүние бейнесін жаңғыртады. Демек тілдің фразеологиялық және паремиологиялық қорын зерттеу – мәдени дәстүрлер мен құндылықтардың тілге ену жолын, амал-тәсілдерін айқындауға көмектеседі 3, 135-б..

Тілдің паремиологиялық қорын Ә.Т.Қайдар «халық даналығының қоры» деп бағалап, ол қорды «көненің көзіндей «ескі дүниелер» мен «замана талабына сай жаңғыратын, жаңа ұғым-түсініктермен толығып, толысып отыратын» екі жақты тілдік процестердің «ұйтқысы», ғасырлық өмірлік тәжірибе мен қордаланған білімдер жиынтығының нәтижесі» деп таниды.

Мақал-мәтелдер – тіл өкіліне «өз халқының басынан кешірген барша өмірін, салт-сана, қалыптасқан дәстүр, дүниетанымын елестете алуға», «болмыстағы құндылықтарды танып-біліп, заңдылықтарын ашып, олар туралы ой мен түсінігін тұжырымдап айтуға», «адамзат қауымына тән ортақ көзқарас пен құндылықтарды бағалауға» көмектесетін тіл фактілері. Олардың шындық болмыстағы нақты заттар мен құбылыстарға байланысты пайда болған алғашқы мағынасы мен оның даму барысында абстракцияланып, адамға бағышталған ауыс мағынасы арасындағы логикалық, уәждік, семантикалық байланыстың, гомоцентристік үрдістің табиғатын айқындау антрополингвистикалық зерттеуді талап етеді [4, 50-б.].

Мақал-мәтелдерді «тіл-ойлау-мәдениет» тұтастығында зерделеп, олардың этномәдени мазмұнын «тілдегі адам факторымен» сабақтастыру, дүние бейнесін қалыптастырудағы паремиологиялық қордың рөлін анықтау, ұлттық-мәдени құндылықтардың, мәдениет константтарының паремиялардағы көрінісін айқындау – қазіргі тіл біліміндегі антропоцентрлік бағыттың маңызды мәселелері қатарына жатады.



Қазақ тіл білімінде мақал-мәтелдер лексика-стилистикалық, құрылымдық-мағыналық, танымдық-прагматикалық, құрылымдық-синтаксистік, этнолингвистикалық, узуалды-окказионалдық тұрғыдан біршама қарастырылғанымен, мақал-мәтелдер өмірлік-типтік жағдаяттарды «тіл-мәдениет» тұтастығына негіздеп таңбалайтын, бейнелеп атайтын тіл бірліктері ретінде лингвомәдениеттанымдық аспектіде арнайы зерттеле қойған жоқ. Бұл мәселелер таңдалынып алынған тақырыптың сонылығын танытып, өзектілігін дәйектейді.

Бақылау сұрақтары:

  1. Мәтінді сөз тіркесінің стильдік мәніне қарай талдау.

  2. Сөз тіркестерінің стильдік бояуын авторлық идея.

  3. Мақсат-міндеттерін анықтау.

Әдебиеттер.3,4,5,8,11,12.
20,21-дәріс. Мәтіндегі көріктеуіш құралдардың стильдік қызметі. Теңеудің түрлері.

Жоспары: Теңеудің көркем шығармада жұмсалуы. Метафораның тілдік-көркемдік қуаты. Метафораның лингвистикалық табиғаты. Көркем шығармада қолданылуы. Метонимияның лингвистикалық табиғаты. Көркем шығармада қолданылуы.

Мазмұны: Көркем әдебиет тіліндегі бейнелеуіш құралдарды сөз еткенде, метафораны ескерусіз қалдыра алмаймыз. Өйткені метафора көркемдеуіш амалдардың қайнар көзі болып табыладыТілдік құбылыс ретінде метафораның негізінде сөздердің ауыспалы мағынада қолданылуы жатыр.

Метафоралық мағына негізін метафораның предметі мен образына ортақ ұқсастық құрайды десек қателесе қоймаспыз. Өйткені нақты қолданыстың, мәтіннің, дәлірек айтсақ метафорамен қарым-қатынасқа түсіп, оны қоршап тұрған тілдік бірліктердің, сөздердің, ыңғайына, әсеріне қарай метафора образы болып тұрған сөздің лексикалық мағына құрылымының белгілі бір бөлшегі ғана көрініс береді. Мәселен, жұлдыз сөзі метафораланып қолданылғанда, оған тән заттық мағына емес, бірден көзге шалынатын көрнекті, ерекше, баршаға бірдей елеулі, танымал, әйгілі деген сияқты ұғымдық мағыналар көрініс тапқан. Демек, метафоралық қолданыста сөз тура мағынада емес, ауыспалы мағынада жұмсалады. Ал метонимия бір заттың немесе құбылыстың атауының екінші затқа не құбылысқа олардың (заттың не құбылыстың) өзара іргелестігі, тектестігі негізінде атау болып ауысуы және, осыған орай, сөздің ауыспалы мағынада жұмсалуы.

Семантикалық тұрғыдан қарағанда троптың басқа түрлерінен метафора теңеуге біршама жақын болады. Өйткені теңеулік қолданыста да, метафоралық қолданыста да негіз ретінде екі заттың бойындағы ұқсас, ортақ құбылыстар алынады. Олардың арасындағы айырмашылық мынада: теңеулік құрылымда теңеудің негізі болатын ұқсастық белгі жеке аталады да, соның нәтижесінде теңеудің образы болып тұрған сөз тура мағынасында қалады, метафоралық құрылымда ұқсастық белгі жеке аталмай, метафора болып тұрған сөздің мағына құрылымына еніп, оның ауыспалы мағынада жұмсалуына себепші болады. Метафорадан қысқартылған теңеуді де, қысқартылған қарама-қарсы қоюды да көруге болады деп түйеміз. Теңеу мен метафора бір-бірінен тек мағынасы жағынан ғана емес құрылымы жағынан да ерекшеленеді. Теңеу арнайы көрсеткіштер арқылы(-дай, -дей, -ша, -ше жұрнақтары, сияқты, тәрізді тең, бейне, секілді т.б.) жасалады, ал метафорада арнайы көрсеткіш болмайды.

Метафораларды көркем туындыда қолдану оның бейнелілік сапасын, эстетикалық құндылығын арттыра түседі. Әріп поэзиясында метафоралардың неше алуан түрін кездестіреміз. Соның ішінде халықтық поэзияда тұрақты қолданылып келген дәстүрлі метафоралар да мол.



Бақылау сұрақтары: Теңеудің көркем шығармада жұмсалуы. Метафораның тілдік-көркемдік қуаты. Метафораның лингвистикалық табиғаты. Көркем шығармада қолданылуы. Метонимияның лингвистикалық табиғаты. Көркем шығармада қолданылуы. Метафора мен теңеудің айырмашылығы неде.

Дәстүрлі метафораның көркем шығарма тілінде стильдік қызметі. Авторлық метафора дегеніміз не. Мысал келтір. Метафоралық процесс нәтижесінде қандай өзгерістер болып жатады.



Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6

4 модуль

Көркем мәтіндегі грамматикалық тұлғалардың қызметі.

23,24-дәріс. Мәтінді филологиялық талдау. Көркем мәтінді жасаудың лексика-семантикасы.

Жоспары: Сөздердің мағынасы. Көп мағыналы сөздер, этимологиялық түсінік беру. Ауыс мағыналы сөздер, бейнелі сөздер, кірме сөздер, эмоциялы-экспрессивті сөздер. Мәтіндегі шумақ, тармақ, бунақ, интонация, дыбыс үндестігі, қайталауларға мән беру. Автордың сөз жасау тәсілдерін анықтау. Синтетикалық және аналитикалық жолмен туындаған сөздердің арақатынасы, олардың мәтін мазмұнына үйлесімділігі.

Мазмұны: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңіне лингвоталдау. Бұл 14 жолдық шағын өлеңнің сөзі, барлық тіркесі сырт қарағанда өте түсінікті болып көрінеді. Ал шындығында мәтінді зер сала, үңіле оқыған адамға мұнда да бірнеше тілдік талдау қажет екендігі байқалады. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген жолдағы ғылым сөзі осы күнгі біздің түсінігіміздегі ғылым болып қолданып тұр ма? Абай арабтың бұл сөзін екі мағынада пайдаланған: бірі және көбірек жұмсалғаны оқу, білім сөзінің синонимі ретінде келуі, яғни оқу білім ұғымында қолданылуы, екіншісі - бұл сөздің қазақ тіліне енген тура мағынасында «ғылым» деп қолданылуы. Ақын бұл сөзді жалпы білім, оқу мағынасында қолдану үстінде ғылым оқу, ғылым бағу, ғылым іздеу деген тіркестерді өзі жасаған, бұлардың барлығы да ғалым болу, ғылыммен шұғылдану емес, білім алу, оқу мағынасын білдіреді. Атақты «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінің осы жолындағы ғылым сөзі, ғылым табу тіркесі жалпы оқу оқып, сауатты болу,білім алу дегенді білдіреді. Бұл тіркесті Абай халқын оқу – ағарту ісіне шақырған Қара сөздерінде тіпті жиі қолданылады: «Сол малды сарп қылып, ғылым табу керек (10- сөзінде). Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып, сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз? (7-сөзінде). Міне, бұл екі мысалдың екеуінде де ғылым табу «ғылыммен шұғылдану» емес, оқу оқып, білім алу мағынасында жұмсалып тұр. Осы мәнде Абай тіпті ғылым оқу, ғылым іздеу, ғылым бағу тіркестерін де жасайды. Жоғарыда айтылды, ғылым сөзін осы күнгі біз білетін мағынада қолдану да Абай мәтіндерінен орын алады: Химия ғылымын білуші ем, үйретер ем ( Әзім әңгімесі поэмасында), Лермонтовтың: «Мы иссушили ум наукою бесподной» - деген өлең жолын: «Пайдасыз ғылыммен ми кептірер» ,- деп аударады. Сөйтіп, ұлы ақын ғылым сөзін бір- бірінен мағыналық айырмашылығы бар екі ұғымда қолданған екен. Мәтінін біз талдап отырған өлеңдегі: Жасымда ғылым бар деп ескермедім – деген жолдағы «ғылым» сөзі оқу, білім алу мағынасында алынған сөз деп тану керек. Мұның дәл осы мәнде қолданылғандығын бұл өлеңдегі әрі қарай айтылған:

Баланы оқытуды жек көрмедім,

Баламды медресеге біл деп бердім, - деген сөздер дәлелдей түседі.

Медресе деп Орта Азия халықтары мен Еділ бойы татарларында және Қазақстанда бастауыштан кейін әрі қарай діни білім беретін оқу орнын атаған. Ал өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінде жалпы мұсылманша оқу орындарын, оның ішінде сауат ашатын бастауышын да мектеп дегеннен гөрі медресе деп жиірек атаған, сондықтан Абайдың медресеге біл деп бергені – баланың сауатын ашып, білім алуы деген ұғымды білдіреді.

Түсінікті қажет ететін келесі жол: «Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім». Мұндағы қызмет қылу тіркесін өлеңді үстірт оқи салсаң жалпы жұмыс істеу, қызмет істеу деп ұғуға болады. Бұл тіркесті де Абай екітүрлі мағынада жұмсаған. Ең алдымен қызмет сөзінің өзі Абайдың тұсындағы қазақ тілінде екі – үш мағынаны білдіре бастаған көп мағыналы сөз. Біреулерге ілтипат көрсетіп, белгілі бір міндет атқаруды қызмет, қызмет істеу, қызметте болу, қызмет қылу, қызмет шегу тәрізді тіркестермен білдірген. Мысалы, « Қыз Жібек» жырында:

Қызметін қайын жұрттың көрді дейді.

Қамбар батыр жырында:

Қызмет шегіп жүгірді,

Келмембет ердің жолында.

Дулат ақында:

Екі қолын қусырып,

Үлкенге қызмет қылады.

Абай да көп сәттерде «қызмет» сөзінің осы мағынасын қолданады. Әбдірахманның әйелі Мағыштың аузына:

Тым болмаса қызмет қып,

Өткізбедім қасымнан,

Деген сөзді салғанда, қызмет - міндет, күту, бағып - қағу мағынасында келсе,

Я байларға қызмет қыл,

Ерінбей шауып желуге.

Деген жолдарда күн көріс үшін жұмыс істеу мағынасын білдіреді. Осылармен қатар Абай қызмет сөзін әскери және әкімшілік орын, орысша служба мағынасында жұмсайды. Және жай жалпы әкімшілік емес, патша өкіметінің әкімшілігі немесе әскери қызметі дегенді білдіру үшін қолданады. Ал қызмет ету, қызмет қылу- патша өкіметінің әкімшілік органында жұмыс істеу. Кей шығармаларында Абай оязға қызмет қылу немесе военный қызмет деп, қызмет сөзінің ең соңғы көрсетілген мағынасын айқындап береді.

Военный қызмет іздеме

Оқалы киім киюге

Қызмет қылма оязға

Жанбай жатып сөнуге

(Интернатта оқып жүр өлеңі)

Қызмет сөзінің патша өкіметі мекемесінде ресми жұмыс істеу мағынасын қатар тұрған шен алу етістігі және анықтай түсті. Шенді сайланып қойылатын болыстар немесе әскери адамдар алатыны белгілі,қарапайым адам қандай әлеуметтік жүк арқаласа да, оның шені болмайды. Сөйтіп, біз талдап отырған өлең мәтініндегі қызмет сөзінің бұрынғы мағынасы кеңейген: ол жеке адамдардың арасындағы қарым – қатынасты білдіретін тар мағынадан адамдар мен өкімет арасындағы қарым – қатынасты бейнелеуге көшкен. Сөз мағынасының кеңейіп, көп мағыналыққа ие болуы Абай тілі үшін, жалпы Абай тұсындағы қазақ әдеби тілі үшін - заңды құбылыс.

Бұл өлең мәтінінде келесі бір талдауды қажет ететін сөз - кара сөз тіркесі.

Өзім де басқа шауып, төске өрледім,

Қазаққа қара сөзге дес бермедім, дегеніндегі кара сөз нені білдіреді: - «проза» дегені ме, «жай сөз» дегені ме, «көп сөз» дегені ме? Жалпы «сөз» сөзі Абайда қандай мағыналарды білдіреді? Сөз деген сөзді ақын 400- ге жуық (376 рет) рет қолданған. Ол негізі үштүрлі мағынада жұмсалған: бірі – «поэзия, өлең». Абайдың:

Ескі бише отырмын бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрмын зарлап.

Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,

Сендерге де келейін енді аяңдап.

(Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы)

Деген шумағында сөз деп тұрғаны - поэзия, өлеңдер. Ал осы мысал алынып отырған өлеңнің ең бастапқы жолындағы: Өлең сөздің патшасы дегеніндегі сөз - бүкіл поэтикалық дүние, көркем сөз дүниесі. Екіншісі – адамның ой – пікірі, көзарасы, идеясы.



Бақылау сұрақтары: Сөздердің мағынасы. Көп мағыналы сөздер, этимологиялық түсінік беру. Ауыс мағыналы сөздер, бейнелі сөздер, кірме сөздер, эмоциялы-экспрессивті сөздер. Мәтіндегі шумақ, тармақ, бунақ, интонация, дыбыс үндестігі, қайталауларға мән беру. Автордың сөз жасау тәсілдерін анықтау. Синтетикалық және аналитикалық жолмен туындаған сөздердің арақатынасы, олардың мәтін мазмұнына үйлесімділігі.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6
25-дәріс.

Тақырыбы: Көркем мәтіндегі грамматикалық тұлғалардың қызметі. Сөз таптары, Шылаулар, қос сөздер

Жоспары: Көркем мәтіндегі грамматикалық тұлғалардың қызметін талдау.

Мазмұны: Мәтіндерді сөз таптарының жұмсалу ерекшелігіне қарай талдау. Мәтіндегі сөз таптарының арақатысын анықтау. Олардың шығармада айтылатын ойға қатысы. Бір сөз табынан екінші сөз табына мағыналық ауысу құбылысына мән беру. Бір сөз табынан екінші сөз табына мағыналық ауысу құбылысына мән беру. Мәтін талдауда өлең мәтінін түзетін тілдік бірліктердің грамматикалық категорияларының қызметі туралы ғана айту жеткіліксіз. Прозалық мәтін құрайтын сөздер мен сөз тіркестері, сөйлемдерден өлең мәтінін құрайтын бірліктердің синтаксистік көп струкциялар ретіндегі қызметі өзгеше. Проза мәтінінде ой тұтас тығы бір күрделі синтаксистік тұтастықтан көрінсе, өлеңде бір шумақ немесе одан да көп шумақтан соң ой тұтастығы бай қалады.

Өлең мәтіндерінің лексикалық ерекшеліктері оны құрайтым сөздік қорға байланысты. Тіл байлығы, әр сөздің мағыналылығы, бейнелілігі, сөздің символикалық-поэтикалық қасиеттері, мәнерлілік, әуезділік сияқты сипаттары өлең мәтінін талдауда ескеріледі.

Өлең мәтінінде лексикалық, грамматикалык, бірліктер белгілі бір жүйе, рет бойынша қайталанып отырады. Ал өлеңнің семантикалық құрылысы бір-бірімен жүйелі сатылы байланысады, шумақтардың орнын ауыстыруға болмайды. Өлең мәтінінің әр тармақтарындағы мағыналық жағынан өзара бір-біріне тәуелді ой жалғастығы тұтасып семантикалық байланыс жасайды. Өлең мәтінін талдау барысында семантикалық байланыстарға назар аудару керек.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:


  1. Мәтіндерді сөз таптарының жұмсалу ерекшелігіне қарай талдау.

  2. Мәтіндегі сөз таптарының арақатысын анықтау.

  3. Олардың шығармада айтылатын ойға қатысы.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6
26-дәріс.

Тақырыбы: Көркем мәтіндегі грамматикалық тұлғалардың қызметі.

Жоспары: Сұраулы сөйлем табиғаты мен стилистикалық ерекшеліктері. Таңырқау, таңдану мағыналарындағы сұраулы сөйлемдер.Ұнатпау, жақтырмау мағыналарын білдіретін сұраулы сөйлемдер. Күмәндану, сенімсіздік, болжау мағыналарындағы сұраулы сөйлемдер. Ренжу, қапалану сезімін білдіретін сұраулы сөйлемдер. Қазақ тілінің бірыңғай мүшелерінің стильдік қызметі. Бірыңғай мүшелердің, әсіресе басқа сөздермен күрделенген жайылма түрлерінің көріктегіш мүмкіндіктері.

Мазмұны: Мәтіндегі сөйлемдерді мағынасы мен айтылу интонациясына қарай талдау. Мәтін мазмұнының қандай тәсілмен (баяндау, хабарлау, суреттеу, талқылау, әңгімелесу, әңгімелеу) берілгендігін айқындау. Көркем мәтінде қолданылған сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлемдер – кісінің ойын мәнерлі түрде әсерлі етіп айтудың өте ұтымды амалы. Хабарлы сөйлемдер тәрізді сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлемдер де мәтін тілінде әр түрлі мағыналық реңктерге ие болады. Мұндай сөйлемдер үстемеленіп жұмсалуы арқылы сезімді, көңіл – күйді тереңдете, күшейте суреттейді.

Сұраулы сөйлемнің ашық сұрақты, альтернативтік сұрақты білдіретін, әртүрлі эмоционалды реңк беретін, болжалды мағына білдіретін түрлері мол. Мысалы: 1.Таңырқау, таңдану мағыналарындағы сұраулы сөйлемдер. 2.Ұнатпау, жақтырмау мағыналарын білдіретін сұраулы сөйлемдер. 3.Күмәндану, сенімсіздік, болжау мағыналарындағы сұраулы сөйлемдер. 4.Ренжу, қапалану сезімін білдіретін сұраулы сөйлемдер.

Мәтіндерде қолданылған бұйрықты сөйлемдерді экспрессивтілігіне және кейіпкердің көңіл-күйіне орай, тілек, өтініш, кейде ұрсу, жек көру мәнінде жұмсалу мүмкіндігіне қарай мынадай топтарға бөлуге болады : - Өтініш, тілек мәнді бұйрықты сөйлемдер. - Ұрсу, жеку мәнді бұйрықты сөйлемдер - Қорқыту, сес көрсету мәнді бұйрықты сөйлемдер. - Ұран, үндеу мәнді бұйрықты сөйлемдер. - Өсиет мәнді бұйрықты сөйлемдер.

- Келісу мәнді бұйрықты сөйлемдер.Мәтіндерде кездесетiн лептi сөйлемдер әр түрлi мағыналық реңктерде қолданылады.Оларды бiлдiретiн мағынасына қарай мынадай топтарға бөлiп көрсетуге болады. 1.Сүйсiну, таңдану мағыналарын бiлдiретiн лептi сөйлемдер.2. таңырқау мағынасын бiлдiретiн лептi сөйлемдер. 3. Сүйсiну, риза болу мағынасын бiлдiретiн лептi сөйлемдер. 4. Өкiну, қайғыру мағынасын бiлдiретiн лептi сөйлемдер.



Бақылау сұрақтары: Көркем мәтіндегі грамматикалық тұлғалардың қызметі. Сұраулы сөйлем табиғаты мен стилистикалық ерекшеліктері. Таңырқау, таңдану мағыналарындағы сұраулы сөйлемдер.Ұнатпау, жақтырмау мағыналарын білдіретін сұраулы сөйлемдер. Күмәндану, сенімсіздік, болжау мағыналарындағы сұраулы сөйлемдер. Ренжу, қапалану сезімін білдіретін сұраулы сөйлемдер. Қазақ тілінің бірыңғай мүшелерінің стильдік қызметі. Бірыңғай мүшелердің, әсіресе басқа сөздермен күрделенген жайылма түрлерінің көріктегіш мүмкіндіктері.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6
27-дәріс

Тақырыбы: Көркем мәтіндегі композициялық баяндау формалары.

Жоспары: Күрделі фразалық тұтастықтың мағыналық, коммуникативтік және құрылымдық ұйымы. Оның суреттеу, әңгімелеу, ойталқы (описание, повествование, рассуждение) түрлері. Баяндау формаларының бірі – диалог.

Мазмұны:
Суреттеу.
Суреттеу ғылыми және іскерлік сөйлеуге тән, алайда көркем сөзде де жиі ұшырасады. Суреттеу статикалы, онда динамика жоқ.
Суреттеудің негізгі функциясы – ақиқаттың әлдебір сәтін суретке түсіру, қарапайым атауының орнына заттың бейнесін беру, затты, құбылысты табиғи ортасында суреттеу (мысалы, суреттелетін заттарды, құбылыстарды т.с.с.-ды осыған ұқсайтын нышандармен салыстыруда құрылатын жұмбақ-суреттеу).
Ғылыми және іскерлік мәтіндерде суреттеу негізінен фактографикалы немесе фотографиялы болады. Көркем мәтінде суреттеу нышандарын санамалау жолымен табиғат құбылысын (орнын, ортасының жағдайын, т.б), заттарды, адамның, кісілердің жағдайын және т.б. суреттеуге арналған. Суреттейтін затына қарай Күрделі фразалық тұтастықтың пейзаждық (уақиға орнын суреттеу) және портреттік суреттеу (кейіпкерді суреттеу) болып бөлінеді.
Пейзаждық суреттеуде орман, өзен, ауыл сияқты нақты сөздер мен оңында, солында, жанында, астында, алыста, жақында сияқты кеңістік мәніндегі сөздер жиі қолданылады.
Портреттік суреттеуде адамды (бойын, жасын, жалпы сырт бейнесін, жағдайын, т.б.) суреттейтін сөздер басқаларынан жиірек қолданылады.
Суреттеудің формалды нышандары: контиинум мәнді сөздердің (жол жиегінде, таң ата, кешқұрым, т.б.)қолданылуы, суреттелетін құбылыстың қашан болғанына байланысты өткен шақ, осы шақ, етістік-баяндауыштардың көптігі, баяндауыштың іс-қимылды емес, сын есімді болып келуі. Мысалы, жерге су сіңді-жер ылғалды. 
Суреттеу құрамы көбінесе кеңістік мәнді сөздерді қолдану сипатына қатысты. Бір жағдайларда әрбір орын жағдайына бір күрделі фразалық тұтастықтың бекітілсе, басқасында бір күрделі фразалық тұтастықта бірнеше орын жағдайы пайдаланылады.
Бірнеше затты суреттеудің бір мезгілді, параллельді немесе сабақтастықты (қарама- қайшы құбылыстарды, заттарды суреттегенде контрастық әдіс қолданылады) болуы мүмкін. Суреттелетін адамдарды немесе заттарды салыстыру-мұндай суреттемелерде жиірек қолданылатын әдіс.
Затты, құбылысты, адамды суреттеу сөйлеу сөз стиліне де, мәтін типіне де қатысты. Суреттеу ғылыми-техникалық, ресми-іскерлік сөулеуде фактографикалы, көркем сөде бейнелі болады. Автордың суреттелетін затқа, құбылысқа субъективті қатысы көркем мәтіндерде (концептуалдық, модальділік, астарлы мәтін және т.б. түрде) байқалады, ғылыми және ресми-іскерлік мәтіндерде болмайды.
Фотографиялы, суретті мәтіндерде заттың суреттелуі автордың ойы мен фотографияда бейнеленген затқа қатысты. Сондықтан мұндай мәтінде мыналар ескерілуі керек: 
а) суретте онсыз да айқын көрініп тұрған бейне жайлы артық сөздің керегі жоқ; 
ә) суретте жоқ және оны сезіну мүмкін емес жайлар туралы сөз айтылмауға тиіс; 
б) суреттің астарында көрерменнің ой жүгіртуіне жағдай тудыратындай мүмкіндік қалуға тиіс;
в) суретке арналған түсіндірме сананы сілкіндіріп, ой қозғайтындай болуға тиіс;
г) сөз фотографияға сілтеме жасай алады.
Ғалым Б. Шалабай «Көркем проза тілі» атты еңбегінде: «суреттеу болмыстың белгілі бір қалпын, күй- жайын толықтай беру үшін қолданылады»,- деп көрсеткен. Суреттеу арқылы кейіпкердің сыртқы кейпі, киім- киісі, мінез- құлқы, табиғаттың әсем көріністері және т.б. құбылыстар беріледі. 
Кейіпкердің сыртқы бейнесін суреттеу:
Қырынан қарағанда қыз әп- әдемі болып көрінеді екен. Тайқылау біткен тар маңдайы да, артық- ауыс жерлері қырналып, қажетті қалыпқа түсірілген қою қара қасы да ұнасымды. Екі танауы делдиіңкі, келіссіз мұрны да қырлана қалғандай. Жалпақ, доғал иегі де қайтадан қашалғандай мүсінді. (М. Мағауин)
Табиғатты суреттеу: Бұл арада кішкентай көкторғай, бөдене, көксерке, жағалтай кекілік, балтатұмсық, шілден бастап, үлкендігі анау- мынау қозы- лақтан кем емес, қарақаз, бірқазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын. Қазақ даласының өзге жерінде сирек кездесетін жайра, тағанақ, сақалта, алақұмай, көк қарға, қодас қоңылтырды да іздеген адам табатын (Д.Исабеков). 
М. Ахметова суреттеудің екі формасын ажыратады: статикалық және динамикалық. Статикалық суреттеуге оқиғаның мекенін, орнын, кейіпкердің сыртқы келбетін, ал динамикалық суреттеуге оқиғаның қозғалысын, іс- әрекеттерді, кейіпкерлердің көңіл – күйін, мінез- құлқын жатқызады. 
Статикалық суреттеуге мысал:
Осы әйелдердің ортасында еркек кіндіктен жаман жанбай ғана жүреді. Ол- қоймашы, жасы қырықтар шамасында, қалың сырмалы күпәйке- шалбар киіп жүретін тайпақ адам. Қолында бір уыс кілті бар- колхоздағы қойма атаулының кілттері. Қалтасына сыймайды да, үнемі қолына ұстап жүреді (С. Мұратбеков). 
Динамикалық суреттеуге мысал:
Далаға шықтым. Дүниені бозамық сәулеге бөктіріп Сұлуқиядан тік асып ай қалықтап барады. Сансыз жұлдыздар жымыңдайды. Төңірегім шырылдаған шегіртке үні. Тоғай жақта әлде бір түн құсы әлсін- әлі кәдуілгі адамша айқайлап қояды (С. Шаймерденов). 
Әңгімелеу.
Әңгімелеу ең алдымен көркем және публицистикалық сөйлеуге, сондай-ақ тұрмыстық хабарлар мен әлдене жайлы әңгімелерге тән.
Әңгімелеу суреттелетін оқиғалардың дамуы туралы түсінік береді. Бірінші кезекке іс-әрекеттің (үдерістің), құбылыстың, тағы басқаларының өрбу реті шығады. Әңгіменің әрбір сөйлемі әдетте іс-әрекеттің дамуының, сюжеттің шешілуіне қарай қозғалысының әлдебір кезеңін баяндайды. Жалпы әңгімелеу баяндау мәтіні іс-әрекеттің басталуынан, шиеленісуінен, дамуынан, шарықтау шегінен, аяқталуынан, тарқатылуынан, қорытындысынан тұрады.
Мәтінде оқиғаның даму сабақтастығы нақты, яғни өмірде болғанындай не жасанды, яғни автор қолайлы санағандай, мысалы, оқиғаның аяғынан (композициялық амал-трансмутация, түрлендіру), не ортасынан басталуы мүмкін. Әңгіменің толымсыз, дискретті (оқырман тыңдаушы санасында оңай қалпына келтіре алатын буындарының түсіп қалуы) болуы мүмкін. Баяндаудың негізінде уақиға (сюжет) жатады.

Көркем мәтінде пайдаланылатын фабула мен сюжет ұғымдары ең алдымен әңгімелеу мәтіндеріне тиесілі.


Фабула – шығармада айтылатын оқиғалардың жиынтығы. Фабула – көркем мәтіннің референттік кеңістігі, ол әдеттегі мәтіннің референттік кеңістігінен біршама өзгеше. Біріншіден, жазушының тақырып деп аталатын белгілі бір ақиқат аспектісін еркін таңдауының нәтижесі. Екіншіден, фабула – шындығында болған дайын «тарихтардың» ішінен таңдап алу емес, суреткердің шығармашылық қиялынан туатын «тарих».
Сөйтіп, фабула «сюжетке дейін-ақ» өзіне көркем мазмұнды, әлемге авторлық көзқарасты сіңіреді.
Фабулаға керісінше сюжет – сол оқиғалар, тек шығармада хабарланғандай ретпен айтылған. Фабула – өмірде болған жай; сюжет – автордың соны қалай білгені, мазмұндық- астарлы ақпарат және мазмұндық- концептуалды ақпаратпен шендеседі.
Фабула – кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалардың қиялдағы тізбегі болса, сюжет-соның қалай хабарлануы, фабуланың мәтіндегі көрінісі, ішінара іріктелген көрінісі.
Сюжетте ең бастысы – суреттеуге жататын фабула элементтерін іріктеу.
Фабула оқиға тізбегін білдіріп, мәтінде кеңінен суреттелуі мүмкін болса, фабуланы суреттеу реті (референттік кеңістіктің) композиция ұғымының негізгі мазмұнын құрайды. Фабула элементтерін іріктеу де, әңгімелеу реті де мәтіннің, әсіресе көркем мәтіннің көзқарас сияқты категориясымен тығыз байланысты.
Сюжет фабуланы мәтінде көрсету тәсілі ретінде автордың позициясын да көрсетеді, яғни автордың көзқарасы тұрғысынан осы оқиғада ненің маңызды және эксплицитті айтылымға алу керектігін, нені маңызды емес деп тауып, қалдырып кетуге болатынын көрсетеді.
Мәтінде сюжет тікелей беріледі, ал фабуланы оқырман сюжетте аталған элементтер бойынша қалпына келтіреді (яғни он фабуланың тоғызы референциалды астарлы мәтіннен құралады).
Сонымен, фабула мен сюжетті қарама қарсы қою – заңды зерттеушілік амал. Фабула – ой жүгірту, ой жүгірту болғанда да пайдалы, себебі оқырман ойымен кітапта жазылмағанды да сезіп біледі. 
Әңгімеде негізгі мағыналық жүктемені нәтижелі мәнді баяндауыш атқарады. Әңгімелеудің негізгі мәні-іс-әрекеттің дамуын жеткізу. Әңгімелеу түрлі уақыт көрсеткіштерімен, оған бірінші кезекте жаздың басында, күзде сияқты уақытты білдіретін (мезгіл пысықтауышы) сөздермен қамтамасыз етілетін мезгілдік сабақтастық тән.
Әңгімелеуші бірден оқиғаны суреттеуден бастауы мүмкін.
Әңгімелеу таза күйінде де, аралас күйінде де ұшыра береді, оның құрамына суреттеу де, ойталқы да жиі кіреді.
Қазақ тіл білімінде әңгімелеу тәсілін Ахмет Байтұрсынұлының пікірінен бастауымыз қажет. Ахмет Байтұрсынұлы композициялық сөйлеу формаларын әуезе, әліптеу, пайымдау немесе зейіндеме деп көрсетеді. 
«Дүниедегі нәрсенің қайсысы туралы сөйлесек те, бір жағынан ғана емес, әр жағынан алып сөз қылуға болады. Мәселен, бір адамды сөз қылуға алсақ, не ол адамның істеген ісін, айтқан сөзін қылып сөйлейміз. Я тұлға- тұрпатын, кескенін, көркін айтып пернесін әліптеп сөйлейміз, я болмаса ол адамның істеген істерінің, өзінің жақсы- жаман болғанын мәнісін, себебін тексере, пайымдап сөйлейміз. Осыған қарай сөйлеген сөзіміздің түрі не әуезе, не әліптеме, не пайымдама болып шығады. Ахмет Байтұрсынұлы әңгімелеу тәсілін әуезе деп атап, оның шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме деген түрлерін көрсетеді. 
Қазіргі қазақ тіл білімінде әңгімелеу мәтінінің ақпараттық, әлеуметтік, психологиялық сипатын, композициялық сөйлеу бірліктерінің тілдік құрылымдық, прагматикалық және стилистикалық табиғатын анықтайтын зерттеулерін атауға болады. Б. Шалабай, Р. Сыздық, С. Құнанбаева, З. Ерназарова, С. Мұстафина, Г. Әзімжанова, Д. Әлкебаева, М. Маретбаева, Г. Әбікенова, Г. Смағұлова т.б. ғалымдардың еңбектерінде аталған мәселелер жан- жақты зерттеле бастады. 
Ғалым Б. Шалабай «Көркем проза тілін зерттеудің ғылыми- теориялық негіздері» атты еңбегінде:
«Әңгімелеу- көркем прозаның негізгі баяндау формасы. Бұл форма арқылы объективті де, субъективті де мазмұн беріледі. Әңгімелеудің формалық, құрылымдық мазмұның оқиғалардың мезгілдік ізбе- ізділігі, құбылыстардың бірін –бірі айытыруы құрайды,»- деп көрсетеді. 
М. Маретбаева әңгімелеу мәтінін арнайы зерттеген ғылыми еңбегінде қазақ көркем порзасындағы әңгімелесу формасының ақпараттық- мазмұндық, композициялық ұйымдасу ерекшеліктерін, лексика- грамматикалық құрылымдарының өзгешелігін, көркем шығарманың стилистикалық сипатын айқындатты.
М. Маретбаева әңгімелеу мәтіндерінің тақырыптық- мағыналық түрлерін жақтық және оқиғалы мәнді әңгімелесу мәтіндері деп топтастырады. «Жақтық мәнді әңгімелеу мәтіндеріндегі субъективтілік кейіпкердің іс- әрекетіне, соған қатысты баяндалатын оқиға- жағдайға тәуелді болса, оқиғалы әңгімелеу мәтіндеріндегі объективтілік объективтік уақытқа тәуелді болады». 
Мысалы: Оның үстіне 1917 жылдың қысы қатты, жазы қуаң болды. Осынау кезеңде миллиондаған халық көз телмірткен Россия астығын Ақтөбеден Дутов, Кавказдан ағылшын интервенттері бөгеді де, Жетісу ақ бандылары Сібір астығына тосқауыл жасады. Осының нәтижесінде 1918 жылдың августында Ташкентте ауыр жағдай орнады (Ж. Арыстанов). 
Көркем шығармалардан нақты дәлелдеме ретінде үзінділер талдап, Г. Әбікенова әңгімелеу мәтінінің эмоционалды- экспрессивтік, стилистикалық қызметін, оның лексика- грамматикалық құралдары арқылы шығарманың көркемдігін арттыруын, оқиғаны, іс- әрекетті ретімен, мезгілін, мекенін баяндай отыра, кейіпкердің мінез- құлқын, ішкі жан дүниесін ашатынын көрсетеді.

Ойталқы
Ойталқы ең алдымен ғылыми сөйлеуге тән.


Ойталқы үш бөлікке бөлінеді:
- тезис,
- дәлелдеме (дәйектеме),
- қорытынды (түйін, жинақтау т.б.).
Ойталқыда ең алдымен сабақтас құрамалас сөйлемдер, біріншіден, екіншіден, үшіншіден т.б. жалпы алғанда, тұтасынан алғанда, демек, осылайша, ең соңында, себебі, сондықтан т.б. кіріспе-модальды сөздер қолданылады. Мұндай ойталқыда баяндауыш, әдетте, ойталқы тақырыбының нышандарына тән тұрақтылықты білдіретін осы шақта болады. Алайда дәлелдемеде келер шақта болуы да мүмкін.
Ойталқының үшінші бөлімі – қорытындысы жоқ түрлері де кездеседі. Айтылған дәйектемемен мақұлданады. Қорытынды жасау оқырманның (тыңдаушының) өзіне қалдырылады.
Көркем шығармаларда ойталқы мағыналық жағынан да, құрылымдық ұйымдастырылуы жағынан да әр қилы болады. Оларда тезиссіз және қорытындысыз тек ойталқының өзі жиі кездеседі. Ойталқының модальды сөздерсіз құрылуы жиі. Себебі, сондықтан, демек т.б. имплицитті байланыс құралдары көркем шығармада классикалық ойталқыны көрсетіп тұрады. Бұл байланыс құралдарын ойша сөйлемдердің арасына оңай ораналастыруға болады. Ойталқы таза күйінде басқа стильдерге қарағанда көркем әдебиет шығармаларында едәуір сирек кездеседі (іскерлік стильде мүлде болмайды деуге болады). Ойталқы элементтері суреттеу және әңгімелеуде жиірек ұшырасады. Ондай күрделі фразалық тұтастық типін әдетте аралас типке жатқызады.  Негізгі үш бөлім – тезис, дәлелдеме және қорытынды бөлініп көрінетін ойталқыға негізгі назарды аударған жөн. Тезис түсінікті бір сөйлеммен де айқын құрыла береді, дәлелдеме (аргументация) біріншіден, екіншіден, үшіншіден, сол сияқты, сондай-ақ, сонымен бірге және басқа да қыстырма сөздермен басталуы мүмкін. Ойталқының қорытындысы кейде қысқа да нұсқа бір сөйлемнен тұра береді. Ойталқының композициялық ұйымдастырылуы (бүкіл мәтін сияқты) мәтіннің қандай стильге жататына қатысты. Мәселен, ғылыми мәтіннің (кез-келген жанрда) композициясы стандартты, онда үш тармақтық-тақырыптық (кейде тақырыпшаның да), кіріспенің, тақырыптың дамуының және қорытындының болуы міндетті. Жанрды тақырыптық кешенде белгілеу өте сирек. Ресми-іскерлік мәтін композициялық тұрғыда клишелі мәтіндерге, яғни белгілі бір қатаң композициялық құрылымды мәтіндерге жатады. Ресми-іскерлік мәтіннің тақырыбының мәні жоғары, оған тұтас мәтіннің проспективалы белгісі (өтініш, анықтама, акт, түсініктеме хат, бұйрық, заң, т.б.) болып табылатын мәтіннің жанрлық белгісі енуі маңыздырақ. Мәтіннің жанрлық белгісінде адресатқа прагматикалық бағдар көрсетілген. Маман заңгерлер оны зерделеп, тіпті талқыға салады. Алайда ресми-іскерлік мәтінде қорытынды әрдайым бола бермейді. Публицистикалық мәтін тақырыптан, тақырып басталуынан, дамуынан және аяқталуынан тұрады. Тақырып пен аяқталуы антистандартты, бағалау және прагматикалық функцияны атқарады, тақырып-информатикалық, ал қорытынды логикалық функцияға ие. Публицистикалық мәтіннің басталуы тақырыптық мазмұнмен ұқсас-автордың мақсатын білдіріп, оқырманның назарын аударады. Ауызекі сөйлеу мәтінінің шекаралары берілген нақты жағдаймен ғана, этикеттік шеңбермен анықталып, айтушының «мен» желісімен байланысты. Көркем мәтінде композициялық блоктар өте айқын бөлінген: тақырыптар, мәтінді мүшелеудің графикалық тәсілдері. Көркем мәтіннің тақырыбы – мазмұнына ақпарат енген, шығарманың бүкіл құрылысын анықтайтын проспективалы бірлік. Көркем мәтіннің композициялық шегі – басталуы (экспозиция) мен соңында (финал) стандартсыздық басым, алайда мұнда белгілі бір стереотиптер (жанрлық және жалпыстильдік) жинақталған. Жалпы композициялық блоктардың сипаты мен ара қатынасы эстетикалық міндет пен автордың психологиялық мақсатына бағындырылған. Ойталқы формасында кейіпкердің немесе автордың ішкі дүниесінің толғаныстарын, ой арпалысы, болмысқа көз қарасы т.с.с. ойлау үдерісіне негізделген көріністер орын алады. Бұл күрделі фразалық тұтастыққа көбінесе риторикалық сөйлемдер, инверсия, синтаксистік параллель түзілімдер, сөйлемнің үзілмелілігі сияқты тілдік құрылымдар жатады. Мысалы:Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәті шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз (Ж. Аймаутов).
Ойлауды құрайтын маңызды бөлшектерге уақыт пен кеңістік және себеп- салдар жатады. Мысалы: Ақ тиін мен қасқыр
Бір күні ақ тиін бұтақтан ұйықтап жатқан қасқырдың үстіне құлайды. Қасқыр қарғып тұрып оны жегісі келеді. Ақ тиін жалынып: 
Мені жеме, жібер?- дейді. 

Жарайды, жіберейін, бірақ сен маған айт: неліктен сендер әр уақытта шат болып жүресіңдер? Сонда ақ тиін:


Мені жіберіңіз, сонан соң айтайын,- дейді. 

Қасқыр ақ тиінді босатады. Ақ тиін ағаш басына шығып алып:


- Сен қасқыр, залымсың, залымдық ішіңді жандырады.Сондықтан әрқашан қапалы жүресің. Біз ешкімге жауыздық жасамаймыз, сол үшін де әр уақытта шат болып жүреміз, - депті (Елу ертегі). 
Сонымен, мәтіннің композициялық сөйлеу формалары туралы лингвист ғалымдардың ұстанымдарын қорытындылай келе: «Суреттеу- бейнелеудің кеңістіктегі дамуы болса, әңгімелеу- мезгілдік дамуы, ал, ойталқы- логикалық дамуы... Шығарманың композициялық құрлымы осы айтылған сөйлеу формаларының түрліше байланысып қиысқан өрмегінен тұрады.
Диалогты бөлшектеу

Диалогтік мәтіннің бірліктері (монологтік мәтіннен – бір автордың сөйлемдерінің желілік тізбесінен) сөйлеу актісіне қатысушы екі немесе бірнеше адамның айтылымының кезектесуімен құрылатын сөйлемдердің баламалық тізбегін көрсетеді; әр қатысушы сөйлеу актісі үдерісінде не айтушы, не тыңдаушы ролінде болады. Психолингвистикалық көзқарас тұрғысынан диалогтың негізінде екі жақты қатынас: түрлі варианттағы ынталандыру – реакция (бір айтушының ынталандыруына сұхбаттасушының реакциясы, оның әңгімені жалғастыру реакциясы, айтушының өзіне бағытталған адресаттың ынталандыруы және т.б. болуы мүмкін). Коммуникативтік көзқарас тұрғысынан айтушының – ынталандыруы (көбіне сұрақ, дегенмен іс-қимылға ынталандыру және ақпаратты хабарлау) айтылым тақырыбы, ал адресаттың – реакциясы – рема болады, бұл сұрақ-жауап диалогтік бірліктерде тақырып-ремалық қатынас тудыра отырып, бүкіл коммуникацияны өзектендіреді. Барлық жалпы сұраққа әмбебап жауап – мақұлдау мен бас тарту болып табылады.


Жайылма диалогта коммуникативтік прогрессия да өзінше дамиды. «Таза диалог» құрайтын ынталандыру мен реакциялардың баламалы тізбесінде әрбір жаңа буын (ынталандыру-реакция) коммуникативтік прогрессияның жаңа қадамына материал береді.
Диалогтік мәтін коммуникативтік-прагматикалық талдау кезінде байқалатын көп өлшемді мағыналық мазмұнға ие.
Диалогтік мәтіннің мағыналық көлемі реплика (қақпайсөз) тудыратын айтылымдардың пропозициялық мазмұнының негізінде құралып, имплицитивтік құрамалар-пресуппозиция мен импликацияның көмегімен өседі. Алайда негізгі мазмұнын интенциялық мәндер, модальды және эмоциялық мағыналар құрап, осының бәрі статустық, рольдік қатынастардың әлеуметтік мағыналары мен коммуниканттардың психологиялық жағдайларына тіреледі. Диалог бірліктерінің құрылымында монологтық сөздің күрделі фразалық тұтастықтарының құрылымдық безендірілуімен салыстырғанда елеулі айырмашылықтары бар. Диалогтың өзіне тән құрылымдық қыры – репликаның ықшамдылығы. Ауызекі сөзде диалог бірліктерінің интонациялық бірлігі айқын көрінеді.
Диалог – үдемелі дамитын сөйлеу оқиғасы; сөйлеу әрекетінің үдерісі және жемісі ретінде құрылып, оған мыналар кіреді: 
- айтушының әлем және қарым-қатынас жағдайы туралы білімі;
- адресатта да сондай білімнің, пікірдің т.с.с. болуын ескеру;
- өзімен арақатынаста адресаттың әлеуметтік ролі мен мәртебесіне бағдар ұстау.
Диалог бірлігін құрайтын репликалардан тұратын микродиалогтар мен әңгіме, дау, ұрсысу, сұхбаттасу және т.б. жанрдағы макродиалогтар өзара ажыратылады.
Бақылау сұрақтары:
Көркем мәтіндегі композициялық баяндау формалары.

Күрделі фразалық тұтастықтың мағыналық, коммуникативтік және құрылымдық ұйымы. Оның суреттеу, әңгімелеу, ойталқы (описание, повествование, рассуждение) түрлері. Баяндау формаларының бірі – диалог.



Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет