5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтарына арналған


Өзін өзі тексеру сұрақтары



бет4/8
Дата27.12.2016
өлшемі1,3 Mb.
#5890
1   2   3   4   5   6   7   8

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Алғаш Тәтіқара жырына кім көңіл аударды?

2.Тәтіқараның шыққан тегі кім?

3. «Көше тоқыраулы судың бойынан» деген өлеңді кімге арнап шығарған?



Әдебиеттер:

1.М.Мағауин Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғ.)3 кітап.Оқулық.

2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-А.,1993

3.Тоқсамбаева А. Қазақ әдебиетінің тарихы. Хандық дәуір.Оқу құралы

-Семей., 2009. «Интеллект».

4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті. (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.) Оқулық.-А.,1991

5.Алдаспан.Жинақ.-А.,1971

6. Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген ерлер жыры»

7.Абылқасымов Б.Жанр толгау в каз. устной поэзии.-А.,1984

8.Абылай хан (Тарихи жырлар)-А.,1993

9.Әдеби мұра және оны зерттеу.-А.,1961

10.Әуезов М. Әдебиет тарихы. А.,1991


Дәріс11 ҮМБЕТЕЙ ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы

Дәрістің мақсаты:Үмбетей шығармаларының халқымыздың тарихында ерекше орын алатын батырлар туралы бізге мәнді хабар беретіні маңызды екендігін түсіндіру.

Дәрістің жоспары:

1.Үмбетейдің өмірі туралы болжамдар.

2.Қаһармандық жырларды, шешендік сөздерді.

3.Үмбетейге әкесінің әсері,жасынан ән-жыр, сөз өнеріне еліктеп өсуі, халық

әдебиетінің әсері.

4.Үмбетей жырларының басты ерекшелігі.

5. Абылайды да ерекше дәріптеуі, құрметтеуі.

6. Үмбетей жырларының аса көркем келуі, өлең жолдарының көбіне үш

буыннан тұруы7

7. Жыраудың Бұқармен дос-жаран болуы.

Тілеуұлы Үмбетейдің жырау ретінде артына қалдырған мұрасы аса көп емес. Небары жеті-сегіз толғау. Бар қазынасына байыптап қарағанда батыр-жыраулығы ерекше көзге түсіп тұрады

XVIII ғасырда өмір сүрген дуалы ауыздың бірі – Үмбетей Тілеуұлы әскери жорықтарға қатысқан, батырлығы да, ақындығы да қатар жүрген кісі. Шығармасының дені арнаудан тұрады. Әдебиет зерттеушісі М. Мағауиннің айтуынша: «... өз тұсындағы дабыралы ерлер жайлы тарихи поэмалар жасау ісіне белсене араласқан». Әзір қолда бар шығармалары шағын. Академик Қажым Жұмалиев Үмбетейді Бұқардан кейін атапты. Бұнда бір мәніс жатыр.

«Шығармалары өз аттарымен біздің дәуірімізге дейін сақталып келген әдебиет өкілдері: Бұқар, Үмбетей (XVIII ғ.), Дулат, Жанкісі, Байтоқ, Жанұзақ, Шернияз, Алмашты, т. б. (XIX г.) алсақ, бәрі бір дәуір, бір кезеңде өмір сүрсе де, олардың дүние тану, өмірге көзқарастары әр басқа. Өйткені, бұлардың бәрі бір таптың ақындары емес. Әркім өмір құбылысын өз ортасы арқылы, өз табының көзқарасынан танымақ».

Үмбетей – бері де өмір сүрген ақын. Оған белгілі дәстүрді жалғастырушы ретінде қараймыз. Үмбетей есімі Бөгембай батырмен қатар аталады. Арнау жырларымен аты шыққан. Жалпы, XV-XVIII ғасырлар арасындағы қазақ поэзиясының дені арнау, толғаулар десек қателеспейміз.

Қазақ әдебиеті жанрларының тарихын еске алғанда, алдымен ауызға түсетін жанр толғау екендігін, оның жеке-дара ақындар, жыраулар мұрасында көріне бастағанын айта кету керек. Үмбетей жырларының қолда барының дені толғау. Жырау мақалдап, мәтелдеп сөйлейді, халық даналығына сүйенеді. Айтқандарына қарағанда әділетті, ақылды кісі болып елестейді. Оны Бәкеге арнаған жолдарынан байқаймыз. Бұл өлең 1968 жылы қарт журналист Ғалымжан Мұқатовтан жазып алынған. Ал, Ғалымжанның кімнен, қайдан, қашан алғаны белгісіз.

«Алдаспан» жинағында айтылғандай, Үмбетейлермен аталас Жауқашар деген адамның бірінен-бірі өткен бұзық, сойқанды тоғыз ұлы болады. Бір жолы бұлар өздерімен ағайын көрші ауылға барымтаға шығып, үйірге салып жүрген бураларын әкеп сойып алады, Екі атаның арасында дау туады. Бәке деген кісі Жауқашардың тоғызына ара түседі. Сонда Үмбетей әлгі әділетсіздікті әшкерелеп, «Бәкеге» атты өлеңін айтыпты. Әрине, бұл шындықтан туған шымыр жолдар болса керек. Сол дәуірдегі жыраулардың бір қасиеті – ойларынан ешнәрсе шығармаған, өзі өмір сүрген ортаның ғана жағдайын жырға тиек еткен.

Үмбетейдің шығармаларында толық мәтіні кездесуі некен-саяқ Арасынан бірдеңелер қалып отырғанға ұқсайды, қайталаулар ұшырайды.

«Ауызша дәстүр XVIII ғасырда өмір сүрген үш жыраудың – Бұқардың, Үмбетейдің, Тәтіқараның есімдерін сақтаған. Аңыздарға және кейбір архив құжаттарына қарағанда, бұлар феодалдық ақсүйектерден шыққан», – деп жазады ғалым Н. С. Смирнова «XVIII ғасырдағы қазақ жыраулары» деген мақаласында. Белгілі фольклорист Үмбетейді Бұқардан кейін бекерге атап отырған жоқ сияқты, Үмбетей жыраулық поэзияның толысқан тұсына тап келген кісі. Марқасқа, Үмбетей, Жиембет, Тәтіқара, Ақтамберді, Бұқар жыраулардың толғаулары толғаудың әлеуметтік келбетінің кемелденген кезеңіне келетіндігін өз еңбегінде академик Әлкей Марғұлан көрсеткен.

Тәтіқара мен Бұқардың арасындағы орынды толтырып, тарихта болған батырлардың ерлігін паш еткен Үмбетей толғаулары санаулы ақ, онда басқалардан ауысып жүрген дүние көрінбейді, бәрі өзінікіндей оқылады. Үмбетей шығармалары халық поэзиясының қасиетін бойына жақсы сіңірген. Өлеңдері шешендік сөздерге жақын тұрады.

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Үмбетей жырларының басты ерекшелігі неде?

2. «Бөгембай өліміне» өлеңінің шығу тарихы қалай?

3.Үмбетей толғауларында Абылай бейнесі қалай сипатталған?



Әдебиеттер:

1.М.Мағауин Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғ.)3 кітап.Оқулық.

2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-А.,1993

3.Тоқсамбаева А. Қазақ әдебиетінің тарихы. Хандық дәуір.Оқу құралы

-Семей., 2009. «Интеллект».

4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті. (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.) Оқулық.-А.,1991

5.Алдаспан.Жинақ.-А.,1971

6. Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген ерлер жыры»

7.Абылқасымов Б.Жанр толгау в каз. устной поэзии.-А.,1984

8.Абылай хан (Тарихи жырлар)-А.,1993


Дәріс 12 АҚТАМБЕРДІ ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы
Дәрістің мақсаты:Ақтамберді жырларының азаттық,бостандық толғаулары

екендігін жеткізу.



Дәрістің жоспары:

1.“Тауарих хамса” бойынша Ақтамбердінің атақты Қаракерей Қабанбаймен

бірге болғандығы туралы.

2.Ақтамбердінің жай жырау емес, жортуыл жыршысы, әрі балуан, әрі батыр. 3.Ақтамбердінің өте жастай өлең шығаруы.

4.Ақтамберді елін, халықын жаудан қорғаушы.

5.Ақтамберді толғауларының қайнар көзі-Шалкиіз, Доспанбет сияқты өзінен

бұрынғы аталар.

6.Ақтамбердінің бейіті Семей облысы, Абай ауданында.

Ақтамберді жаугершілік заманның әрқилы кезеңдерін басынан көп өткерген. Егер «Алдаспанға» сүйенсек, 93 жыл өмір сүріпті, яғни 1675-1768 жылдарда дәуір кешкен. «Ақындық даңқы жас кезінде шыққанына» қарағанда, бізге мұрасы молырақ жетсе керек еді, әзірше қолда бары шағындау. Немесе Ақтамберді өлеңдерінің біршамасы басқа жырауларда ауысып жүруі мүмкін, XV-XVIII ғасырлар поэзиясында ондай жағдайлар кездеседі.

Ақтамберді қазақтың көне жыраулық эпосының белді өкілдерінің бірі, аты әр жерде айтылғанымен, арнайы зерттелмеген авторлар санатында. Қолдағы қазынасына қарағанда, жырау жорық-жортуылдарға мүлдем ілесіпті. Егер ол «он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» десе, өмірінің тең жарымының көбісі басқыншылармен күресте еткен кісі.

Ақтамберді жарлылық пен жалғыздықтың тауқыметін көп көргенге ұқсайды, адамдыққа, адалдыққа, әділетке жүгінеді. Ауыз толтырып айтар байлығы болмағанын өзі жасырмайды. Тұрмыстың қыр-сырын, от басы, елдік, жерлік мәселелерін жырларында жақсы көрсетеді. Жырау ақиқатты айтудан тайсалмайды, шындық туралы шымыр шешендік сөздерді түйдек-түйдегімен тастайды. Бәрі де сол тұстың ауыр тұрмысынан, күрес шындығынан алынған тартымды тирадалар. Жырау баққа да, таққа да таласпайды, көкірек көзі халың даналығымен суарылған. Ақтамберді, асылы, қысқа нақлият сөздерінің шебері болса керек. Көңіліне түйгенін, піскен ойын шашыратпай, шиыршық атқан күйінде айтып кете берген. Эпикалық кең тынысты туындылары да болуы мүмкін. Бірақ, қолымызға әлі қомақты дүниелері түсе қойған жоқ.

Ақын өзінің замандас жас ұрпағын табандылыққа, ерлікке шақырады. Ақтамбердінің бүкіл шығармасынан жауынгерлікке, ерлікке үндеу, жауға батыл аттану және оның алдында тізе бүкпеуге үндеу сарыны ерекше естіледі.

Жырау жырлары қарапайым қауымның ой, арманын, мінезін, өрісін айқындайды. Әзілмен, айтыспен, сынау-мінеумен, келелі кеңеспен жыраулар ел, жер, күн дауын шешуде зор рөль атқарған. Мәселен, ірілеу боп келсе толғауға түсіп кетіп, дала заңын өздерінше жасауға тырысқан. Кезінде Ақтам6ерді толғауы да осал қызмет істемеген.

Ақтамберді творчествосында басқа тұстастарына қарағанда «меннің» көріне бастауы анықтау секілді. Ол өзінің ғұмырнамасын жырларына толық түрінде болмаса да ептеп түсіре берген. Жалған айтып, жағымпазданып тәуір көрінемін деу онда жоқ, күйінгенін, көңілі қалғанын, алыс арманын айтады. Ал тап берген жауға қарсы жігерлендіруге, алға ұмтылдыруға келгенде одан өткір үгітші, трибун кездеспейді. Бала-шағасын ұмытуға, ат үстінде түн қатуға әзір. Исі қазақтың тұтастығын, іргесінің ыдырамауын ойлаған көсем шешендердің бірі.

Ақтамберді сияқты көреген жырау атамекенді тар мағынада түсінбесе керек, отырықшылдықты ойлауына қарағанда, біраз алысты қиялмен болжаған адам. Тақпақ-термелерінде ішіне сыймаған ойлары жатыр, соны сыртқа шығарған. Қынжыла толғанып шығарғандары ошақ басы емес, ерлікті, елдікті аңсаған зиялы зергердің келбетін танытады.

Көшпенді тіршіліктің де өзінше бір қуаты, романтикасы барын Ақтамбердінің афоризмдерінен байқау қиынға түспейді. «Көшпенді ақындардың өлеңдерінде өзара ұқсас бастау, кіріспе, риторикалық сауалдар, лепті көтермелер, дәстүрлі теңеу, салыстырулар қиялының көріне бастауы бой көрсетеді».

Өзге жырауларға қарағанда Ақтамбердіде қаратпа тіркеспен басталатын өлеңдер жоқтың қасы. Жаугершілік заманда өмір сүріп, ел батырларымен үзеңгілес бола жүріп, оларға арнау, толғау айтпауы қалай деген сауал туады. Соған қарағанда Ақтамбердінің әлі қолымызға түсе қоймаған, ел арасында жүрген шығармалары бар шығар.

Ақтамбердіден қалған мұра әзірше 300 жолдан аспайды. Ерліктің қалың ортасында жүрсе де, жырау қарапайым халық тұрмысын бейнелеуге көбірек бұрылған, тіршілікке көңілі толмай, мол армандағанын, жалғыздықтан, қолдың қысқалығынан жапа-зәбір шеккенін шығармаларынан танимыз. Түр, тақырып, объект жағынан Ақтамбердінің басқа жырауларға ұқсайтын да, ұқсамайтын да жақтары бар.

Ақтамберді жырау табиғатқа, адамдарға бір табан жақын. Шарықтап аспанға да шығып кетпейді, жерден, елден қуат алады, мұңын да, сырын да тыңдаушысынан жасырмайды, бастан кешкен ғұмырлық тәжірибесін қорытады, қиындық пен ауыртпалықтың момын халықтың иығына түскеніне күйінеді, ерлік пен өжеттігін және жасырмайды.

Ақтамберді өлеңдері жыраулардың ауыз әдебиетінен бөлініп, жеке отау тіге бастағандығына дәлел. Халық даналығын көркейтіп одан әрі жетілдіруші, сөз өнерін жаңа ерге апарушы ретінде көрінеді. Соғыс алаңы мен сөз майданында қатар көзге түсу екінін, бірінің қолынан келе бермейді. Әлгі есіңізде болар, «Ел күйінгенде күйінген батыр, ел сүйінгенде сүйінген батыр, ерегісте мыңға татыр» демекші, Ақтамберділердің өзі де, сөзі де мыңға татитыны рас. Халқына қымбат жыр сыйлаған жүйріктердің қашанда бағасы өлшеусіз болмақ. Өз уақытының қашанда озық ойлы кісісі болу жеңіл міндет емес.

«Атадан алтау туғанның» жүрегі қалай, немесе «Атадан жалғыз туғанның» халі қандай, Ақтамберді жырау сол жайды жақсы ұғындырады. Тақырыптың ішіне кірместен бұрын бес-алты ауыз, не одан да көп кіріспе жасайды, не табиғатты суреттеуден, не жыр арнаған адамның өмірбаянынан баяндаудан бастап кетеді. Мұндай әдіс, әдетте, жырауға желпініп, қанатын қомдап, қияға сілтерге қажет. Одан кейін мүдірместен жүйріктей сілтеп кетеді. Діттеген жеріне жетіп тоқтағанша жырау көркем сөзді барынша төгіп салады. Ақтамбердінің «Күмбір-күмбір кісінетіп» дейтін атақты толғауы сондай бір көркем шабыттың келісті көріністі сияқты.

Жырау көрген, білгеннің бәрін тізе бермейді, көкірегіне түйгенін салмақтап, саралап қана шығарады. Жыраудың халық үшін қадірі сонда жатса керек. Суырып салмаға да (импровизация) іштей дайындық қажет, ондай әзірлікті жырау ауыз әдебиетінен алады, халық шешендігінен үйренеді. Осындай жақсы үйренудің нышандарын Ақтамберді поэзиясынан көреміз.



Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Ақтамберді толғауларының қайнар көзі кімдер?

2.Ақтамбердінің зираты қайда?

3.Ақтамбердінің Қаракерей Қабанбайға қандай қатысы бар ?



Әдебиеттер:

1.М.Мағауин Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғ.)3 кітап.Оқулық.

2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-А.,1993

3.Тоқсамбаева А. Қазақ әдебиетінің тарихы. Хандық дәуір.Оқу құралы

-Семей., 2009. «Интеллект».

4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті. (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.) Оқулық.-А.,1991

5.Алдаспан.Жинақ.-А.,1971

6. Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген ерлер жыры»

7.Абылқасымов Б.Жанр толгау в каз. устной поэзии.-А.,1984ж.
Дәріс 13 БҰҚАР ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы,

зерттелуі

Дәрістің мақсаты. Шығармашылығы өз заманының ,өз ортасы,оның әлеуметтік саяси келбетінің айнасы екендігін ашу.

Дәрістің жоспары:

1.Бұқардың ХVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі.

2.Бұқар шығармашылығын жинастырған атақты МәшһүрЖүсіп.

3.Бұқардың Тәуке ханға, Абылай ханға қызмет көрсетуі.

4.Абылайдың алдында беделді, қабырғалы биі болуы.

5.Бұқар шығармашылығының зерттелінуі.

6. Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Қ.Мұхамедханов пен М.Мағауин, т.б зерттеулері.

7.Бұқар поэзиясының көтерген тақырыбының әр алуандығы.

8.Бұқар поэзиясының қазақ әдебиетінің алтын қорынан алатын орны.

Әдебиет тарихынан елеулі орын алып, артына өшпес мұра қалдырған көрнекті жыраулардың бірі – Бұқар Қалқаманұлы. Халық өмірінің алмағайып-аласапыран, тарихта қалу-қалмауы екіталай кезеңінде тұрмыс кешкен жырау өз толғауларында сол тұстағы көкейтесті, күрделі мәселелерге жауап іздеп, соның бірден-бір жоқшы-жыршысы бола білді. Оның жыр-толғауларының үнемі әлеуметтік өткір мазмұнға құрылып отыруының басты себебі де осыдан.

Бұқар жыраудың ұзақ жасаған жасындағы өмірлік деректері бізде көп сақтала бермеген. Тек саналы ғұмырының бәрі түгелдей дерлік Абылай ханның қасында, соның оң тізесін басқан қабырғалы да сәуегей биі, ақылшы-кеңесшісі ретінде өткені мәлім. Өз өлеңдерінде келтірілген деректерге қарасақ жыраудың жоқшылықтың зардабын көп тартқан адам болғаны көрінеді.

Бұқар жырау қазіргі Қарағанды облысына қарайтын (бұрынғы Баянауыл) Ульянов ауданының Далба тауы бойында дүниеге келіп, сол мекенде қайтыс болады. 1993 жылы жыраудың туғанына 325 жыл толған мерекелі тойында оның басына үлкен күмбез орнатылып, Қарағанды қаласында осы мерекеге арнап ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Бұқар жыраудың өмірі мен шығармаларын қалың көпшілікке насихаттау мақсатында бір топ мерекелік мақалалар мен бір кіші-гірім зерттеу кітапша жарық көрді. Сондай-ақ, сол жылы тұңғыш рет жырау жырларының жеке жинағы екі рет басылды (бірі – «Жалын» баспасынан шыққан «Әй, Абылай, Абылай», екіншісі – Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындап, «Мұраттас» орталығы бастырған жинақ). Бұған жыраудың бұрыннан мәлім жыр, толғауларынан тыс, ертеректе А. Сейдімбеков жариялаған кейінгі нұсқа да енді. Алайда, әлі күнге дейін жыраудың туған, өлген жылдары бір ізге түспей, әркім әр түрлі пікір-болжамдар ұсынып келеді. Бұл орайда Қ. Жұмалиев өзінің қазақ әдебиеті тарихының екінші томындағы Бұқар туралы жазған тарауында жырауды 1693 жылы туып, 1787 жылы 94 жасында қайтыс болды деп көрсеткен еді. Ал, X. Сүйіншәлиев пен М. Мағауин жыраудың Тәуке хан тұсында жасап, Абылайдан кейін өлген деген тұжырымына орай Бұқарды 1668 жылы туып, 1781 жылы 113 жасында өлген дейді. Бұл мерзім Абылай хан қайтыс болған жылға тұстас келеді.

Ал енді, жоғарыда айтылған екі болжам-тұжырымнан тіпті өзгеше, яғни алғашқы кездегі 94 жаста қайтыс болды деген дәйектемеге біршама ұқсас пікірді кезінде Қ. Мұхаметханов ұсынған болатынды («Қазақ әдебиеті» газеті. № 31, 32, 1982 ж.). Автор Бұқардың замандасы Үмбетей жыраудың «Бұқардың асында, зиратының басында отырып Үмбетей жыраудың жырлағаны» деген жаңадан табылған толғауы бойынша ой қорытып, Бұқар жырауды 92 жасында қайтыс болды деген пікір ұсынады. Сонда жырау, бұл кісінің айтуынша, 1685 жылы туып, Абылай өлімінен (1781 ж.) 4 жыл бұрын, яғни 1777 жылы қайтыс болған деп тұжырымдалады. Сол Үмбетей айтты деген бір жырдың алғаш 7-8, кейін 11 буынды өлең өлшемімен жазылғанына күдіктенбесек, негізінен, осы ойдың көңілге қонатынын, дәйектілігін айтқан жөн.

Бұқар шығармаларын жариялауда С. Сейфуллин үлкен еңбек етіп, «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты жинағына жыраудың «Ай не болар күннен соң», «Керей, қайда барасың?», «Жал, құйрығы қаба деп», «Асқар таудың өлгені», «Қалданменен ұрысып », «Атам болған жиырма бес», «Құбылып шыққан бәйшешек», «Әй, Абылай, сен он бір жасыңда» атты толғауларын бастырғаны мәлім. Бұдан соң жыраудың бір алуан жырлары әр түрлі хрестоматиялар мен жинақтарда, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып келді.

Бұқар туындылары алғаш рет толыққа жуық көлемде «Алдаспан» жинағында басылды. Бұған оның үлкенді-кішілі 49 толғауы енді. Алайда, Бұқар шығармаларының бізге жеткен асыл үлгілерін айтқанда, ең алдымен, белгілі фольклорист Мәшһүр Жүсіп Көпеев есімін атауға тиіспіз. М. Көпеев жырау туындыларын ертеректе көне көз қариялардан қағаз бетіне түсірумен қатар, солардың ғылым үшін қажетті туу, айтылу тарихын да қызықты етіп жазып қалдырған болатынды. Сол себепті Бұқар шығармаларын сөз еткенде, біз сол М.Көпеев жазбаларын түпнұсқа ретінде негізге алуға тиіспіз.

Ал, енді Бұқар жырларының ең бастапқы жариялану мәселесіне келсек, оның Ш. Уәлиханов, Г. Н. Потанин, И. Н. Березин қорында сақталып, кейбір үлгілерінің солардың жариялануымен басылғанын, сондай-ақ, бір-екі толғауының Құрбанғали Халидұғлының «Тауарих хамса Шархи» атты кітабында жарық көргенін айта аламыз («Ханға жауап айтпасам», «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай»).

Бұқар жырау туындыларының дұрыс бағаланып, оның әдебиет тарихындағы орнын ашып белгілеу ісі М. Әуезов зерттеулерінен басталады. Ол өзінің XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы әдебиетке арналған ертеректегі оқу кітабында Бұқар туралы «Жыраудың мақсаты, міндеті – «не болса сол көңілі ашар», «әлдене» дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи уақиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады. Олжа, табыс, абыройды ханмен қатар үлеседі. Өзі хан қасына жуан рудың – Арғынның қосқан «табан шөңгел биі» болуға лайық... Бұл жағынан қарағанда Бұқар, Орта жүз ханы Абылай болса, соның орталық елі, жуан бел руы – Арғын ішінен шыққан анық үстем тап адамы болады... Бұқар сонда үлкен, қырағы саясаттың толғаушысы боп, әрбір сөзін ірі-ірі уақиғалардың, ірі мәселенің тұсында ғана айтады. Сол сөздері жыраудың таптық-қоғамдық мазмұнын көрсетіп, дәуірінің тарихи сырын ашады», – дейді. Бұны бір ғана Бұқар емес, жалпы жыраулық поэзияның табиғатын ашуға жол салатын ғылыми ұстамды пікір деп айта аламыз. Тек зерттеуші заман ағымына сай мәселеге таптық тұрғыдан келуге мәжбүр болған.

С. Мұқанов Бұқар шығармаларының көпшілігі Абылай ханға арналып айтылғандықтан, өзі сырттай Орда ақынына ұқсағанмен, жырлары сол кездегі саяси-әлеуметтік тұрмыстың нақты көрінісінен туған деп атап көрсетеді. Ол: «Бұқар жыраудың шығармаларында азаматтық, саяси мотив терең, әлеуметтік маңызы зор. Ол Абылайдың мақтаушысы ғана емес, сыншысы да», – дейді.

Қ. Жұмалиев қазақ әдебиетінің орта мектептерге арналған оқулықтарынан бастап, қазақ әдебиетінің алты томдық тарихына жазған Бұқар туралы монографиялық тарауларында да, оны XVIII ғасырдағы авторлығы сақталған тарихи әдебиеттің басы деп бағалай келіп, ол өзінің дидактикалық толғаулары арқылы өмірге ескілік мұнарасынан қараса да, сол кезеңдегі әлеуметтік шындықты тап басып сипаттай алады деп жазады. Ал, Ә. Марғұлан Бұқар жырауды Абылай ханның белгілі жыршысы, кейінгі қазақ ақындарының бірден-бір көшбасшы ұстазы деп бағалайды. Осындай бағаны Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев еңбектерінен де ұшыратамыз.

Белгілі фольклорист Н. С. Смирнова Бұқар творчествосына арналған көлемді зерттеулерінде оның импровизаторлық өнерінің ерен қуаты мен демократиялық тенденциясының нығая түсу ерекшеліктеріне, сондай-ақ, соңғы шығармаларында халықтық ұғымның әлеуметтік терең сипатқа ие болып отыру жәйтіне айрықша мән береді.



Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Бұқардың Абылай туралы екі өлеңін кім орысшалап хатқа түсірген.

2.Бұқар жыраудың өлеңдерін кім жинастырды?

3.Бұқар шығармашылығын зерттеген кімдер?



Әдебиеттер:

1.М.Мағауин Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғ.)3 кітап.Оқулық.

2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-А.,1993

3.Тоқсамбаева А. Қазақ әдебиетінің тарихы. Хандық дәуір.Оқу құралы

-Семей., 2009. «Интеллект».

4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті. (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.) Оқулық.-А.,1991

5.Алдаспан.Жинақ.-А.,1971

6. Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген ерлер жыры»

7.Абылқасымов Б.Жанр толгау в каз. устной поэзии.-А.,1984

8.Абылай хан (Тарихи жырлар)-А.,1993

9.Әдеби мұра және оны зерттеу.-А.,1961ж.

Дәріс 14 ШАЛ ақынның өмірі, шығармашылығы

Дәрістің мақсаты: Шалдың негізгі жырлаған тақырыбы –адам өмірі,өмірінің

мәні, «фәни мен бақи», дін екендігін түсіндіру.



Дәрістің жоспары:

1.Шал ақынның өмірінен мәлімет,шыққан ортасы.

2.Шал ақын Шоқан Уалихановтың бағалауы.

3.Шал -өз дәуірінің даналығын бойына сіңірген кең тынысты, қуатты ақын.

4.Шалдың ұрпақтарының бірі белгілі ақын Нұржан Наушабаев.

5.Шалдың 15 жастан “ақын” ретінде аты шығуы.

6.Шалдың хат тануы, оған өлеңнің дәлел болуы.

7.Шал импровизатор, төкпен ақын.

8. Жырлаған негізгі тақырыбы-адам өмірі, “фәни мен бақи”, дін.

Шал ақын – XV-XVIII ғасырлар әдебиетіндегі ең көрнекті тұлғаның бірі. Тұңғыш рет «Он бес деген жасым-ай» атты толғауы «Жаңа әдебиет» журналында (1958, № 5) жарық көрген. Егер ақынды 1831 жылы дүниеден кеткен деп есептесек, бір ғасырдан соң өлеңі баспа бетіне жетіпті.

Екінші дерек 1958 жылы Ғалым Малдыбаевтың «Қазақ әдебиеті» (№ 48) газетінде жарияланған «Шал ақын кім?» деген мақаласымен ашылды. Шалдың арғы тегінен, өмірбаянынан мәліметтер берілді. Бұрын кейбір оқулықтарда, зерттеулерде аты ғана аталып жүретін Шал жөнінде мақала авторы біраз қысқа хабарлар айтып, кейінгі зерттеушілердің алдына жобалы қазық сала кетеді. Желіге тартқандай сегіз өлеңін іріктеп, оқушының алдына жайып салады. Әр түрлі тақырыпты қозғайтын осы сегіз өлеңнің өзі Шалдың шымыр, шешен кісі екендігін дәлелдегендей еді.

Ғ. Малдыбаев кәріқұлақ қариялардың айтуы бойынша ақынның қай жылдың төлі екендігін анықтайды. Және 15 жасынан бастап-ақ өлеңмен әуестене бастағанын ескертеді. Сынау, мінеуге, өсиет сөздерге жиірек барғанын айтады. Ғалым ақсақал айтқан алғашқы деректер «XVIII – XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (Алматы, 1962) деп аталатын кітаптың жекелеген авторларға түсінік беретін тұсында (389-390-66.) қайталанады. Егер «Қазақ әдебиеті» газетінің 1958 жылғы 28 қараша күнгі №48 санында Шалдың 18 шумақ немесе 70 жолдай жыры басылса, қазақ ақындары шығармаларының жинағында 11 өлеңі, яғни 600 жолдай өлең жарияланды.

Осы жинақтың «Кіріспесінде» Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ы. Дүйсенбаев Бұқар жыраудың әдебиеттегі лайықты орнын айта келіп: «Бұқар, Тәтіқара, Ақтамберді, Шал ақындар қазақ әдебиетінің жаңа кезеңін бастайды, жеке ақындар творчествосы туады. Сөз жоқ, бұл ақындардың шығармалары әр алуан, кей сәтте біріне-бірі қайшы да келіп отырады. Біз бұл жерде әдебиетімізде болған жаңа құбылысты, ауыз әдебиетінен басқа, белгілі авторлары бар жаңа әдеби үлгілер пайда бола бастағанын, кейін осыдан барып жазба әдебиетіміздің негізгі қаланғанын ескертпекпіз», – деп, әрі күрделі, әрі құнды да қызық пікірмен ой тастап кетеді. Міне, бұл секілді ескертпелер Шал жөніндегі кейін туған шағын мақалаларға мұрындық болған сияқты.

Бұл кітапқа енгізілген 11 өлеңнің өзі Бұқар мен Дулаттың арасында Шал секілді сері ақынның тұрғандығын айқындай түседі. 1965 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Үш ғасыр жырлайды» кітабына, марқұм Ғали Әбетовтың көрсеткеніндей, «35 өлеңі оқушылар қауымына ұсынылды, жалпы көлемі – 441 жол». Жинақтың Ысқақ Дүйсенбаев жазған «Алғы сөзінде» Бұқар жырау Қалқаманұлынан кейін Шал Құлекеұлының аты аталып, поэзиясына баға беріледі. «...Қарт ақын ізгілікке сенеді, адамның жарқын жақтарын жырлауды көксейді» деп, Шал мұрасының негізгі тақырыптарына назар аудартады.

1967 жылы шыққан «Ертедегі әдебиет нұсқаларын» құрастырушылар Шалдың афористік поэмасын Қожа Ахмет Иассауи философиясымен салыстырады. Осы кітаптың Шал туралы бір сөзінде «Шал өлеңді жазып та шығаратын болған. Бірақ, ол ең алдымен импровизатор ақын еді» делінген. Ақынның өлеңді жазып шығаруы жайында әлі күнге нақтылы деректер жоқтың қасы. Ал, импровизатор екендігіне ешкімнің таласы болмаса керек. Сосын «Шал мұрасынан біздің заманымызға жеткені – мың жарым жол шамасындағы өлең мен бірнеше ғақлия қара сөздер» дейді. Біздіңше, Шалда қалыптасқан ғақлия жоқ, бұл жайлы да үзілді-кесілді пікір айта қою қиын.

Филология ғылымының кандидаты Мұхтар Мағауин «Қобыз сарыны» монографиясында Шал поэзиясына арнайы тоқталып, талдау жасайды. Бас жағында Шалдың туған жылын 12 жылға кері шегеріп, яғни 1748-1819 жылдар аралығында өмір сүрген деп есептейді. Ғалым Малдыбаевтың айтуынша, «Шал 1760 жылдың төлі сияқты». М.Мағауин Шоқан пікіріне сүйенеді. Шоқан Шалдың эпикалық дүниелер құрастырғанын ескертеді. Ендеше, сол Шал жинақтаған аңыздардан ең болмаса үзінді, жұқана қалмауы қалай, әлде Шоқанның айтып отырғаны басқа Шал ма? Біріншіден, туған жылына келетін болсақ, Ғ. Малдыбаев көрсеткен 1760 жыл шындыққа бір табан жақын тұр. Өйткені, ол Шалды әлі ұмыта қоймаған кәріқұлақ қарттардың дерегіне сүйеніп беріп отыр.

Егер Шалды 1748 жылғы деп шегерсек, одан біздің ұтарымыз шамалы, оның үстіне бізде нақтылы деректер жоқ сондықтан алғашқы дерекке тоқтаған абзал деп ойлаймыз.

Ысқақ Дүйсенбаевтың «Ғасырлар сыры» кітабында «Әдетте, біз әдеби шығарманың қасиеттері мен ерекшеліктеріне басымырақ көңіл бөлудің орнына, қалайда сол ақын-жыраулардың өздерімен көбірек шұғылданып, оларды талай саққа жүгіртумен әурелендік» деген жанды пікір бар. Расында да, біз Абайдың алдында өткен бірқатар ақындардың шыққан тегін, үрім-бұтағын тәуір білеміз де, поэзиясына келгенде жадағай сырғытып өте шығамыз. Сонда олар егіздің сыңарындай бір-бірінен айнымай шыға келеді.

Ақындық мұра сол өзін шығарған ортаға тығыз байланысты. «Литература вся целиком, как целое и в своих отдельных частях, зависит от действительности. Она зависит от нее, получая от действительности и воздействуя на нее; зависит в своих внешних отношениях и внутренних, зависит содержанием и формой. При этом типы зависимости весьма разнообразны», – деп академик Д.С.Лихачев бекерге айтпаған.

XV–XVIII ғасырлардағы қазақ ақындары шығармаларының өздері өмір сүрген қоғамдық ортамен байланысты болмаса, соншалықты шыншыл, сыншыл терең поэзия тумаған болар еді. Мазмұн мен түрдің бірлігі де содан.

Шал шығармалары туралы да соны айтуға тура келеді. Шал өлеңдерінің қоғамдағы теңсіздік, заман, адам жайы анық көрініп тұрады, бірақ біз әлі атығайлық айтқыш қарттың батыр әкелеріне, өлеңдеріне сырттай тамсанып, іштей сыналап ене алмай жүрміз. Мен марқұм Ғали Әбетовтың «Шал ақын жайындағы жаңа деректер» деген мақаласын ден қоя оқыдым. Автор біраз материалдарды қараған екен. Әйтсе де, әңгіменің дені Күлеке батыр жөнінде де, соңғы бір-екі беті Шал өлеңдеріне арналады. Күлекенің батырлығын, батылдығын аша түсетін фактілерге қаныға түсеміз де, енді Шалдың өзі хақында азырқанып қаламыз.

Оның үстіне Шал толғауларына әлі толық текстологиялық талдау, барлау жасалған жоқ. Ол дәуірде өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармалары кейде біріне-бірі атастырылып, араласатын жағдайы бар. Бұқардікі Шалға, Шалдікі Көтешке ауысып кетіп жүреді. Бәрін бір ізге түсіретін уақыт жеткен сияқты. Әсіресе, ғұмыр, адамның жасы, тіршілік мәнін қозғайтын жырлар тұсында бұлар өзара үндесіп, кейде жолма-жол қайталанып кетеді. «Бұл дүниенің мысалы», «Он бес деген жас қайда», «Асқар таудың өлгені», т.б. өлеңдер бірнеше нұсқамен әрқайсысында кездеседі. Кейде мұндай ұқсастық айтушылардан да, жинаушылардан кетуі мүмкін. Дегенмен аражігін ажыратқан ақын-жыраулар мұрасын араластырмаған абзал.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет