Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1.Шалкиіз шығармалары қай тілге аударылған?
2.Шалкиіз қажылық сапардан кімді, неге алып қалды?
3.Шалкиіз шығармасын зерттеген кімдер?
Әдебиеттер:
1.М.Мағауин Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғ.)3 кітап.Оқулық.
2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-А.,1993
3.Тоқсамбаева А. Қазақ әдебиетінің тарихы. Хандық дәуір.Оқу құралы
-Семей., 2009. «Интеллект».
4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті. (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.) Оқулық.-А.,1991
5.Алдаспан.Жинақ.-А.,1971
6. Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген ерлер жыры»
7.Абылқасымов Б.Жанр толгау в каз. устной поэзии.-А.,1984
8.Абылай хан (Тарихи жырлар)-А.,1993
9.Әдеби мұра және оны зерттеу.-А.,1961
10.Әуезов М. Әдебиет тарихы. А.,1991
Дәріс 7 ДОСПАМБЕТ ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы
Дәрістің мақсаты:Доспамбет туралы аңыз әңгімелерді,шығармаларының зерттелуін толық меңгерту.
Дәрістің жоспары:
1.Доспамбет туралы аңыз-әңгімелер.
2.Доспамбет шығармаларының жарық көруі.
3.Доспамбет шығармаларының тілі, толғауларының маңызына, өзіне
арналған жырларына тоқталу.
4. Кейінгі басылған Доспамбет шығармаларын,алдында басылған
еңбектердегі шығармаларымен салыстыру.
Жыраулық поэзия туралы сөз қозғағанда,ноғайлы дәуіріндегі әдебиет мұраларына біржақты қарап,оның ірі өкілдерін қазақ, қарақалпақ, ноғайдың әрқайсысына еншілеп келдік. Ал, шын мәнінде, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз жырларын «төрде басы, төскейде малы бір болған», түбі бір туысқан, тілі етене жақын осы халықтардың төл шығармалары дегеннен гөрі ортақ туындылар деп таныған жөн болар еді. Мұның өзіндік тарихи сыры бар: Еділ мен Жайық арасын ноғайлар мен «қара бөріктілер» (қарақалпақтар), осы өңір мен оған жапсарлас Сарыарқаны қазақтар жайлап, аралас-құралас отырған бауырлас үш халықтың әдебиеті бір арнадан тарады да, XV-XVI ғасырларда бұл халықтардың ара-жігі соншалықты ашылған жоқ. Үш халық ішінде бәріне ортақ ру аттарының кездесуі де осы туыстық төркінінен болар.
Сол себепті де ауылы аралас, қойы қоралас, тілі бір, тіпті әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі де бір үш халық арасында Асан қайғы, Қазтуған, IIIалкиіз, Доспамбет аттары бірдей таралып, қазақ, қарақалпақ ноғайға ортақ тұлғалар болып танылған. Сондықтан да алғаш рет көрнекті қазақ ақыны Ғұмар Қараш «Ғабдолла Мұштақ» деген бүркеншік есіммен құрастырып, 1910 жылы Орынборда шығарған «Шаир, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында олардың жырларын жариялады да, бұл кейін жыраулар шығармаларының белгілі жазушы-ғалым М. Мағауин құрастырған «Алдаспан» (1971). «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1989) жинақтарында, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» хрестоматиясында (1993) жарық көруіне негіз болды. Сонымен бірге Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз шығармалары ноғай әдебиетінің өкілі ретінде М. Османов құрастырған «Ноғай уа құмық шиғырлары» (СПб, 1883), А. Жәнібеков құрастырған «Ауыл поэзиясы иа де ноғай әдебиеті» (Мақашқала, 1935), «Яшав сокпаклары» (Черкесск, 1979) жинақтарына еніп, А. Сикалиевтің «Сынап қарап, сырласып...» атты зерттеуінде (Черкесск, 1975) олар ноғай ақындары ретінде, ал К. Мәмбетовтың Нөкісте шыққан «Әмудария» журналында жарияланған мақаласында (1972. № 9) қарақалпақ жыраулары ретінде зерттеледі.
Қазақ, қарақалпақ және ноғай халықтары бірге өмір сүрген кез жыраулық поэзияның алтын дәуірі болды. Сол себепті де бөле-жаратын ештеңе жоқ екенін айта келіп, «бұл сипаттас біраз сөз үлгілеріне қазақ, ноғай, қарақалпақ, т. б. халықтардың ортақ еншілігі бар мұра ретінде қарау керек» деген Қ. Өмірәлиев пікірі мен бұл нұсқаларды осы халықтарға ортақ туындылар деп тану қажеттігін айтқан Р. Сыздықова ойын толық қостаған дұрыс.
Үш халық құраған «ноғайлы цикліндегі» әдебиетте үшеуінің де еншісі бар. Осы дәуірге тән жыраулар поэзиясы қазақ әдебиетінде кең арнамен дамыды да, ата-қоныс жер үшін, атамекен ел үшін «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» қан төгіп, «ақтабан шұбырынды» заманын бастан кешкен халқымыз өлең-жыр өзегін кейінгі ұрпақтарға аман-есен жеткізді. Ғасырлар қойнауынан үзік күйінде болсын жеткен сондай асыл мұраның бірі – қазақ пен ноғайға да, қарақалпаққа да ортақ Доспамбет жырлары.
Қазақ халқының өз атымен өмір сүруі XV ғасырдың орта шені десек, осы кезден басталатын қазақтың төл әдебиетіне өзіндік үлес қосқан, сол замандағы әлеуметтік іс-шаралардың бел ортасында болып, ерлігімен де, өрлігімен де, хас батырлығымен де, өр рухты жырларымен де ел құрметіне бөленген көрнекті ақын-жыраудың бірі – Доспамбет жырау.
Доспамбет – тарихи тұлға. Ноғайлының атақты биі Мамайдың заманында, яғни XVI ғасырдың орта тұсында Азов теңізі түбінде өз алдына жеке ел болған Азаулы ноғайлыларының басшысы, ел қорғаны, қол бастаған батыры немесе Азаулының Аймадет ер Доспамбет ағасы. Жырау өз есіміне Аймадет деген сөзді қосып айтады. Бұл жөнінде қарақалпақ ғалымы К. Мәмбетов Аймадет пен Доспамбетті екі батыр деп қарастырады, ноғай әдебиетінде Доспамбет Азаулы деген сөз тіркесімен ғана шектеледі. Аймадет пен Доспамбеттің бір адам екендігі туралы М. Мағауин: «Бұл оның руының не тайпасының аты болса керек... Ноғай тайпалары кейде өздерінің билерінің немесе мекен еткен жерлерінің атымен де атала береді екен. Әрине, ондай тайпалардың біраз уақыт өткен соң есімін өзгертуіне тура келеді. «Аймадет» те сондай атаулардың бірі болуға тиіс» деп, дәлелді пікір айтады. Қазақта да ру аты-мен қосақтап айтылатын Албан Асан, Әбубәкір Кердері, т. б. ақындар біршама. Сондықтан да Аймадет Доспамбеттің бір кісі екенінде еш күмән жоқ.
Жыраудың бүгінге жеткен мұрасы аз ғана – бар-жоғы 160 жолдың көлемінде. Осы жыр үзінділерінің өзіне қарап оның шығармаларының тікелей жорық үстінде, ұрыс майданында туғанына көзіміз жетеді. Себебі, оның қазір қолда бар шағын толғауларында жырау өмірімен қоштасар алдындағы адам кейпінде өткен дәуренінің мән-мағынасы туралы терең тебіреніп ой қозғайды.
Жаралы жауынгер-жыраудың көркем бейнеленген шұрайлы тіл арқылы өткен өмірімен қимай қоштасуы, ішкі қайғы мен өкініштің ақтарылып шыққан зарлы мұңы, кейінгі ұрпаққа арнай сөйлеген жыр-аманаты елес береді. Солай болғанмен де, оның жырларындағы басты қазық – ақынның туған жеріне, еліне деген ыстық махаббаты, ынта-сезімі. Бұл қасиетті ұғым жолында туған жерін жаудан қорғау – жырау үшін басты азаматтық парыз. Сол себепті де ол жауынгерлік жорық жолдарын тебірене еске алып, жырға қосады.
Доспамбет жырлары – майдан, ұрыс кезеңінің жылнамасы іспетті. Оның жырларында ел үшін, жер үшін айқас, жаралы жыраудың өлім мен өмір арасында қиналған арпалысты сәттері ерекше әсер қалдырып, жорық кезіндегі қайсар қылықтарымен өршелене жауға ұмтылған ержүрек ерлердің қимыл-әрекеті көркем бейнеленеді. Бұл жырлар – қазақтың қаһармандық поэзиясының нағыз бастапқы қайнар бастаулары.
Доспамбет поэзиясына тән үлкен бір ерекшелік – оның өлең-толғауларындағы айтылған ой қазақ мақал-мәтелдерімен астасып, ішкі мағынасы жағынан болсын, сыртқы айтылу түрі, ұйқасы, салыстыру өзгешеліктері жағынан болсын үндесіп, қоғамдық құбылыс жөнінде нақтылы сөз өрнегімен беріледі.
Доспамбет шығармалары аздығына қарамастан ғұмырлы, қашан да мәңгілік. Оның толғаулары өзінің мән-маңызы, ішкі толғанысы жағынан алып діңгектер сияқты үлкен әлеуметтік жүк арқалап тұр. Жырау жырлары тарихтың талай аласапыран оқиғаларының арасында адасып жоғалып кетпей, бізге келіп жетті де, рухани бастаулардың қуатты көзі бола отырып, шығармашылығы мен күрескерлігі өзімен үндес XVIII ғасырдағы әдебиеттің ірі өкілі Ақтамберді мен XIX ғасырдағы өршіл рухты азамат ақын Махамбет поэзиясына және одан кейінгі бүкіл әдебиет дамуына игі әсерін тигізді.
Жырау шығармаларының кеңінен тарап, дәстүрін дамытқан ортасы – қазақ ортасы. Доспамбет есімінің қазақ жыраулар поэзиясының көшбасшылары қатарында аталуы да осыған саяды. Қай шығарма болсын өз алдына жеке пайда болмайды, оны орта тудырады. Доспамбет шығармалары ноғай топырағында туып, қазақ ортасында дамыды. Сондықтан да жырау туындылары бүкіл әдебиетіміздің жемісі болып табылады, халықтың рухани күш-қуаты мен мәдени қарым-қабілетінің артуына орай кейінгі ұрпақ бұл өршіл де асқақ сезімге толы жыр жолдарынан біздің адамгершілік қайнар көзіміздің бастаулары мен ерлік рухын, көркем сөз құдіретін танып ашады.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1.Орыстың қай ғалымына Доспамбет туралы аңыз әңгімелер белгілі
болды?
2.Доспамбеттің толғауларының тақырыбы не жайында?
3.Толғауларының маңызы не?
Әдебиеттер:
1.М.Мағауин Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғ.)3 кітап.Оқулық.
2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-А.,1993
3.Тоқсамбаева А. Қазақ әдебиетінің тарихы. Хандық дәуір.Оқу құралы
-Семей., 2009. «Интеллект».
4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті. (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.) Оқулық.-А.,1991
5.Алдаспан.Жинақ.-А.,1971
6. Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген ерлер жыры»
7.Абылқасымов Б.Жанр толгау в каз. устной поэзии.-А.,1984
8.Абылай хан (Тарихи жырлар)-А.,1993
9.Әдеби мұра және оны зерттеу.-А.,1961
10.Әуезов М. Әдебиет тарихы. А.,1991
Дәріс 8 ЖИЕМБЕТ ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы
Дәрістің мақсаты: Жиембеттің жыраулар поэзиясындағы алатын орнын
өлеңдерін талдау арқылы жеткізу.
Дәрістің жоспары:
1. Жиембет Бортоғашұлының өмірінен мәлімет.
2.Жиембеттің тек жырау емес, Еңсегей бойлы Ер Есімнің әскербасы батыры,
ел басқарушы биі қызметін атқаруы.
3.Жиембет туралы біршама деректердің барлығы.
4.Жиембеттің атын ескі шежірелер қорынан да кездестіруге болатыны. 5.Жиембет өмір сүрген дәуір сипаты.
6.Жиембеттің есімін кеңінен танытқан «Есімге арнаған толғауы екендігі». 7.Өмірінің ақырығы кездерінде Жиембеттің қуғынға ұшырауы.
8.Жырау шығармашылығының маңызы.
Халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған небір майталман ақын-жыраулар өздері өмір сүрген кездің жақсылығын да, келеңсіз мәселесін де кеңінен толғап, кемеліне келтіріп сөз еткен. Осы орайда Асан қайғыны, Қазтуғанды, Бұқар жырауды еске алсақ та жеткілікті. Халқымыз «тіл бас жарады, бас жармаса тас жарады, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп сөз өнерін соншама биік бағалапты. Осындай асыл сөз иесі – XVII ғасырдың аса көрнекті ақыны, ірі ойшыл, қырағы сардар Жиембет.
Мұхтар Мағауин Жиембет жырау шығармаларын «Алдаспан» жинағында жан-жақты талдай келіп: «Бортоғашұлы Жиембет жырау көшпенділердің әскери аристократиясынан шыққан. Халық аңыздарының және көне шежірелердің айтуынша, Жиембеттің арғы атасы – Ноғайлының қорғаны Алау батыр. Алау – XVII ғасырдың бірінші жартысында жасаған тарихқа белгілі адам.
Жыраудың қай жылы туып, қай жылы өлгендігі жайында нақты деректер жоқ. Тек біздің заманымызға жеткен шығармаларындағы кейбір сәттерден, халық жадында сақталған әңгіме, жырлардан, ескі шежірелерден жырау жайында біраз мәлімет ала аламыз.
Жиембет – Есім ханның әскербасы батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы», – десе, бұл жағдай үлкен жыраудың өзінің өлең-толғауларында да әдемі айтылған.
Жыраудың барлық саналы ғұмыры Еңсегей бойлы Ер Есім ханның қасында өтіпті. Ол ұлы ханмен тең сөйлесіп, керек жерінде үзеңгі қағыстыруға дейін баратын сияқты... Кейде тіпті ханның жалғыз, қарашаның көптігін айтып, Есім ханның алдында иілмейтіндей сыңай да танытқан. Ақын өзгенің де, өзінің де қадір-қасиетін терең сезінетінін аңғартып, ешнәрседен сескенбей, хан алдында қаймықпай, қасқая толғайды:
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менің кеңесім!
Ес білгеннен, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін –дейді.
Бұл жерде Жиембет жай ғана жырау емес, жаужүрек батыр жырау ретінде де танылады. Соншама айбатты, соншама қайратты, арғы-бергіні толғай, жақсы-жаманды талғай білетін, данышпан да даңқты ел ағасына биіктен сөйлеу дегеннің қаншама ауыр екенін түсіну де, түсіндіру де қиын. Олай дейтін себебіміз, бірде Бұқар жырау Абылай ханға қатты реніш үстінде: «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, кеше Еңсегей бойлы Ер Есім ханға да жолдас болдым, сен оның бір түстігіне де жарамайсың, – депті. Ер Есімнің бағасын бұдан артық жеткізу мүмкін емес сияқты. Ал бүкіл қазақ «Еңсегей бойлы Ер Есім» деп ардақтап алақанына салса, Алтай мен Атыраудың арасын қалмақтан босатқан асқан жауынгер ханға Жиембеттің назы оңайға түсті деп айту қиын.
Жиембеттің Есім ханға шалыс келуі бір себептен Асан қайғыдан тамыр тартқан дәстүр жалғастығы сияқты. Ол – Асанның Әз-Жәнібекке айтты дейтін кең толғамы, терең пәлсапалық дүниесі. Жиембет Асан қайғының сол толғауларының түрі мен мән-мазмұнын дамыта түскен.
Жиембеттің жоғарыда сөз еткен «Еңсегей бойлы Ер Есім» толғауы хан мен екеуінің арасындағы келіспеушіліктен туған сияқты.
Алайда, азуы алты қарыс ақын ары қарай тарата, тармақтата толғайды. Ол:
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайда дегенде,
Не деп жауап бересің?! –
деген жыр жолдарынан жыраудың өзінің ел алдында, хан алдында қадір-қасиетінің қаншалықты екенін өте жақсы білетінін көреміз. Бір жағынан ханға мен көппін, сен жалғызсың, «көп қорқытады, терең батырады» деген, сен де артыңды ойла дегендей сыңай танытады. Тіпті қыза-қыза ақын ханға дөң айбат та көрсетіп қояды.
Жиембет жырында өзі айтқандай жырау өрлігіне сүйсіне түсесің. Жыраудың осы өлеңде қолданған теңеу-эпитеттері жарасымды, қазақы пиғыл, қазақы психология. Ол өзінің ішкі-сыртқы портретін айнытпай салып тұр... Бір жағынан Есім ханға жырау ешкімнен сескенбейтін жаужүрек екенін, тіпті тұрысатын жерінде «жолбарыс пенен аюдай» ерлігі бар екенін де ескерте кетеді. Енді осы өлеңнің туу себебіне сәл тоқталсақ, Еңсегей бойлы Ер Есім – ақынның інісі Жолымбеттің ерсі қылығына наразы екен, енді Есім хан Жиембетке де қыр көрсетіп, өштесе бастайды. Бұл туралы «Жақсы үгітте» былай делінген: «Бұрынғы достық дұшпандыққа душар болды. Жиембет ойлайды: сырттан томырайғанша, бетпе-бет, ауыз-ауызбенен айтып, біржолата ат құйрығын кесіп, қайтып көрместей болып, көкірекке келген сөзді айтып шығайын». Бұдан Жиембеттің өр мінезін, биік парасатын танып білеміз. Көк аспан қақырап, қара жер қақ айрылып кетсе де, көкірегіндегісін жасырмай бетке айту – шынайы ерліктің нағыз кісіліктің ісі екені түсінікті. Тымырайып кек сақтау, үндемей аңысын аңду, ішінде иті өліп жатудан оңбаған тірлік бар ма, одан асқан зұлымдық бар ма?! Жырау бұл жолды қаламай, ақиқатын сардита айтқан.
Жиембеттің күші, жоғарыда айтқанымыздай, қаумалаған қалың ағайын-туысы мен ақынды аса қадір тұтатын елі-жұртында екені анық. Оны біз жыраудың өз толғауынан білеміз.
Жырау өзінің талай-талай қанды шайқаста көзсіз ерлік көрсеткенін, жайшылықта жанына жалау, қолтығына демеу болып, бір туып, біте қайнасқанын да тереңнен толғайды. Ол «мен кісіден көрген ізгілігімді жақсылықпен қайтаратын адаммын, сен де бір кездері менен мол сыбаға алып едің, соны ұмыта көрме» дей келіп, ары қарай сонау бір алыстағы, ұмыт болып кеткен ескі «жараның» аузын ашып, ханның сасып, қарашаның қашқан, жаудың мысының басқан кезін нақты, шебер суреттейді.
Тіпті хан басымен «соқыр бурыл байталға» ер-тоқым, айыл-тұрмансыз мінгеніне дейін тәптіштеп, қорықпай-үрікпей салмақты сөз саптайды. Бұл – бұл ма, одан әрі Жиембет іс-әрекетін тереңдете, әріден қозғап, ханға зіл тастай отырып, оны екіншілей көрмеске, онымен мәжілістес, сұхбаттас болмасқа серт бергендей шымырлата, буырқана, ашына жырлайды.
Жырау қаншама күш көрсете сөйлегенмен, Есім ханды биік бағалап, оның ерлік істері мен парасатты ел басшысы екенін мойындап тұрғандай. Қалай дегенмен де ханның арғы-бергі, жақсы-жаманды жүріс-тұрысы мен көңілге қона бермейтін кейбір қыңыр қылықтарын есіне салып, құдай тәубасын аузына келтіргендей.
Бұл толғау осындай ерекше қасиетімен құнды, шындықты ірікпей-бүкпей, тура қасқая қарап бетке айтуымен қымбат. Сонау арғы ғасырлардан бері ұмытылмай ел есінде сақталып келуі де жұрттың көкірегіндегі көкейкесті айта алмай жүрген сөздерін жеткізуінен болса керек.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1.Жиембет жыраудың арғы атасы кім болды?
2.Жиембеттің атқарған қызметі қандай болды?
3.Есімге арнаған толғауының себебі не болды?
Әдебиеттер:
1.М.Мағауин Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғ.)3 кітап.Оқулық.
2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-А.,1993
3.Тоқсамбаева А. Қазақ әдебиетінің тарихы. Хандық дәуір.Оқу құралы
-Семей., 2009. «Интеллект».
4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті. (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.) Оқулық.-А.,1991
5.Алдаспан.Жинақ.-А.,1971
6. Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген ерлер жыры»
7.Абылқасымов Б.Жанр толгау в каз. устной поэзии.-А.,1984
8.Абылай хан (Тарихи жырлар)-А.,1993
9.Әдеби мұра және оны зерттеу.-А.,1961
10.Әуезов М. Әдебиет тарихы. А.,199ж.
Дәріс 9 МАРҒАСҚА ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы
ның зерттелуі
Дәрістің мақсаты:Марғасқаның бізге жеткен жырларының тақырыбын
ашу,шығармашылығын,өмірін толық меңгерту.
Дәрістің жоспары:
1.Марғасқа жыраудың өміріне тоқталу, шығармашылығының зерттелуі.
2.Марғасқаның Еңсегей бойлы Ер Есімнің тұсында өмір сүргендігі.
3.Марғасқа жырау Есім ханның әрі батыры, әрі ақылшы жырау болғандығы
жайлы.
4. Марғасқа жырау туралы М.Көпеевтің «Ел аузынан жинаған әдебиет
үлгілері».
5. Марғасқа жыраудың «Ей, Қатағанның хан Тұрсын»жырының шығу
тарихы.
Марғасқа жырауды қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны әлі де белгісіз, не тарихи кітаптарда, не көне құжаттарда, немесе ескі шежірелерде мына жылы дүниеге келіп, мына жылы дүниеден өтті деген нақтылы дерек кездеспейді. Ғылымда Марғасқа XVII ғасырда өмір сүрді деп айтылады.
Жыраудың өз дәуірінде әлденеше ұзақ-ұзақ толғаулары да болған шығар. Алайда, соның көбісі бізге жетпеген, кезінде хатқа түспегендіктен ел жадынан шығып, бұл күнде ұмыт болған.
Марғасқа ел аузында «бүтін билікке Төле би жеткен, бүтін хандыққа Есім хан жеткен»! деп атаққа шыққан Еңсегей бойлы Ер Есімнің тұсында өмір сүріпті. Ал, осы атақты Ер Есім жайлы Қазанғап Байболов үлкен дастан жазған. Ол жыр Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында (№513) сақтаулы. Осы аталған еңбекте Ер Есімнің қазақ халқын қырық жыл бойы басқарып, белдеуінен тұлпары кетпегені, білегінен қылышы түспегені, өмірінде бел шешіп тыныш ұйықтамағаны жан-жақты айтылыпты.
Есім ханның үлгілі істерін талай тарихшылар жазған да, айтқан да шығар, бірақ ол туралы XVII ғасырдағы Марғасқа толғауы ерекше бағалы екені даусыз. Өйткені, ол айбынды ханның әрі батыры, әрі ақылшы жырауы болғанға ұқсайды.
Ғалым-жазушы М. Мағауин Марғасқа жырау жөнінде былай депті: «XVII ғасыр әдебиетінен қалған нұсқалар өткен дәуірлермен салыстырғанда біршама аз. Бұл кезде жасаған қазақ ақын-жырауларынан біздің заманымызға шығармалары жеткені – Жиембет, Марғасқа жыраулар. Бұл екеуінің де аты XVII ғасырдың алғашқы жартысында билік құрған хан «Еңсегей бойлы Ер Есіммен» байланыстырылады.
Бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруға тырысқан Есім ханның өз мақсатын орындау жолында жеке ұлыс-тайпалардың хандары мен ірі феодалдарының қарсылығын тойтарып отыруына, кейде қантөгіске баруына да тура келеді. Есімнің жолына кесе-көлденең тұрғандардың бірі – Қатаған, Шанышқылы руларының ханы, Тәшкентті билеуші Тұрсын еді. Тәуелсіз әмірші болғысы келген Тұрсын Есімнің қалмақтарға қарсы жорыққа кетуін пайдаланып қазақ ауылдарын шабады. Көп жұртты харап қылады. Ұзамай-ақ кезек Қатағандарға келеді. Ызақор, дұшпанына мейірімсіз Есім жорықтан орала салысымен Тәшкентті шауып алып, Қатағандарды қырғынға ұшыратады. Тұрсын ханның өзін өлтіреді. Бұл оқиға Абылғазы баһадүр ханның айтуынша 1627 жылы болған.
Есім ханның батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы Марғасқаның біздің заманымызға жеткен бір өлеңі осы оқиғаға байланысты туған». М. Мағауинның бұл деректері Марғасқаның өмір сүрген кезінен біраз мәліметтер береді.
Жоғарыда айтқанымыздай, XVII ғасырда өмір сүрген Марғасқаның бізге жеткен жалғыз өлеңі ғана бар.
Бұл шағын өлең небары 13 жол. 1627 жылдар шамасында Тәшкенттің сол кездегі әміршісі Тұрсын ханға байланысты туған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының осы уақиғаға қатысты қолжазбасында былай делінеді: «Еңсегей бойлы Ер Есім Түркістанда қазақ ханы болып тұрған күнде Ташкентте Тұрсын хан Қатаған деген жұртты билеп тұрды. Тұрсын хан мен Есім хан ант етісіп, бір-бірімен жау болмасқа бата қылысты. «Күнбатыс Бұқар, Қоқан, Самарқандпен жауласуға мен қарсы тұрайын. Сен күншығысқа қосын қылып аттан. Ұзын аққан Ертістің басынан кір, аяғынан шық», – деп Тұрсын хан кеңес берген соң, мың кісі қосын алып Есім хан күншығысқа бет қойды».
Тұрсын хан Есім ханды алдап аттандырып жіберіп, иесіз қалған елді шауып алады.
Марғасқаның:
Ей, Қатағанның ханы Тұрсын
Кім арамды ант ұрсын, –
деп ашына айту себебі де осыдан. Мәшһүр жазбаларында бұл екі жол сәл өзгеріспен былай делінеді:
Қатағанның хан Тұрсын,
Қай кеткенді ант ұрсын, –
Бұл мақал содан былай жұрт аузында қалыпты деседі.
Есім ханның Ташкентті алуы өте шұғыл. Қаланы алу барысында көп қан төгіледі. Мұның себебі, біріншіден, Тұрсын ханның сөзінде тұрмауы болса, екіншіден, Есім ханның Тұрсын хан сілтеген жорықта көп қиындықты басынан кешіргендігі болса керек. Мәшһүр Жүсіп бұл ретте былай деп жазады: «Ол күнде Шу мен Сарысу асқан соң, Ертіске дейін елсіз, жыртылып айрылған аңнан басқа дәнеме жоқ екен. Елсіз-күнсіз далада кім жүруші еді деп Есім хандар аттарын қоя беріпті. Бұлар бейғам жатқанда, көліктерін түп көтере қалмақтар айдап кетіпті. Мың сарбаз шөл далада жаяу қалады:
Мінгені Есім ханның ала белді,
Бойында Шідертінің қара көрді.
Көрінген сол қараны кертағы деп,
Аттарын шідер салып қоя берді.
Есім ханның тобы алыстан көрінген жау жасағын аңдармен шатастырып тағы да алдауға түседі, әрі баспанасыз, әрі азық-түліксіз он күн бой құлан жортпас қу медиенде ауыр қиыншылықтарды бастарынан өткереді. Есім хан жасақтарына: «Азаматтар, шоралар, біз бүйтіп жатпайық. Мен жортар аттың он күнге баратын жеріне бір күнде барамын. Маған еругіе жарайтының бар ма?» – дейді. Хан он күндік жолды бір күнде жүре алмаса да, оның бұл сөзі еңсесі түскен сарбаздардың рухын көтереді.
Есім хан ақыры аттарын айдап кеткен жауды қуып жетеді. Алайда, ол өзінің Көкаласын таба алмай көп іздейді. Есім хан тұлпарының сырына қанық қалмақтар оның ер-тоқымын алмай, күндіз-түні қостың қасында, шылбырын қолдарынан шығармай ұстайды. Мұны көрген хан шылбырды жасырынып келіп, білдірмей кесіп жіберіп, атының үстіне қарғып мінеді де, «аттандап» айғайға басып, өз аттарымен бірге жаудың да аттарын айдап кетеді.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1.Ғалым жазушы Марғасқа туралы қандай пікір айтты?
2.Марғасқа жыраудың хан Тұрсынға арналған өлеңінің шығыуына не себеп
болды?
Әдебиеттер:
1.М.Мағауин Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғ.)3 кітап.Оқулық.
2.Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет.Хрестоматия.-А.,1993
3.Тоқсамбаева А. Қазақ әдебиетінің тарихы. Хандық дәуір.Оқу құралы
-Семей., 2009. «Интеллект».
4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиеті. (ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ.) Оқулық.-А.,1991
5.Алдаспан.Жинақ.-А.,1971
6. Ж.Тілепов «Елім деп еңіреген ерлер жыры»
7.Абылқасымов Б.Жанр толгау в каз. устной поэзии.-А.,1984
8.Абылай хан (Тарихи жырлар)-А.,1993
9.Әдеби мұра және оны зерттеу.-А.,1961
10.Әуезов М. Әдебиет тарихы. А.,1991
Дәріс 10 ТӘТІҚАРА АҚЫНның өмірі, шығармашылығы
Дәрістің мақсаты: Тәтіқара жырларының тіл байлығы өткірлігімен
әдебиетімізде өз орнын алатындығын ,өмірін, шығармашылығын меңгерту.
Дәрістің жоспары:
1.Тәтіқара жауынгер ақын, “жортуыл кернейшісі”.
2.Ақын өмірінен мәлімет.
3.Ұлы Шоқанның Тәтіқара жырларына назар аударуы.
4. Ақын есімінің әсіресе 1756 жылы қазақ жеріне басқыншылықпен кірген
Цин үкіметіне қарсы күресте ерекше танылуы.
5. Тәтіқара Абылайдың жанынан тастамайтын сенімді серігі болған.
6. Тәтіқара жайында таралған әр түрлі аңыздарға шолу.
Тәтіқара – XVIII ғасырдағы қазақ ақын-жырауларының көрнектілерінің бірі. Абылай бастаған сарбаздардың айтулы жырауы. Жалаң қылыштай өткір мінезімен, табан астында суырып салма шапшаң айтқыштығымен жорықтастары алдында үлкен беделге ие болған. Аспаннан бұрқаған қара дауылдай, жерден шыққан қара пәледей жау төнгенде, яғни жасақтардың барар жер, басар тауы қалмай тығырыққа тірелгенде көптің көш бастайтын серкесі іспеттес. Сол себепті де ол:
Алдыңнан – су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда! –
деп, тосылып тұрған сарбаздарға ұран тастайды. Кескілескен бір ұрыста жыраудың осы ұлағатты сөзінен кейін қара түнек бұлттың ішінен күн жарқ ете түскендей жасақтар арындап тасып жатқан судан аман өтіпті деседі.
«Тыңдаусыз болса сөз жетім, іздеусіз болса қыз жетім» дейтін бабаларымыздың ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін есті сөзге тоқтамаған кезі кемде-кем. Өз өмірінің көбін шапқын-сүргінде өткізген қазақ халқы елін жаудың ызғарынан, жерін жаттың атының тұяғынан қорғаштап-ақ баққан ғой. Ол үшін ақау шықпас ауыз бірліктің, мызғымас жігердің қажет екенін өмірдің өзі көрсеткен. Осы орайда сүттей ұйыған татулыққа кім шақырмақ, төмен түскен еңсені кім көтермек? Мұндай кезеңде жыраудың орны өзгеше. Жырау – халықтың қорғаны, ол ең алдымен өзін емес, өзгені ойлаған. Екінші сөзбен айтсақ:
Алдаспан ауыр қылыш суырған,
Ажалға қарсы жүгірген, –
дегендей ел-жұртының қылышы, семсері.
Ел аузындағы деректерге сүйенсек, оның ішінде шежіре қарттардың айтқанына құлақ ассақ, Тәтіқара Сарыкөл маңайындағы Уақ руынан шыққан, Уақ ішінде Қалмақ деген атадан, Ақынның туып-өскен жері – қазіргі Қостанай облысының Урицкий ауданы.
Тәтіқараның саналы өмірінің бәрі дерліктей Абылай ханның төңі-регінде өткен. Оның себебі, жұрттың бәріне билігін мол жүргізу үшін Абылай өз маңына ақын, жырау, шешен, батырларды топ-топ ұстаған.
Тәтіқара жыраудың «Қамыстың басы майда» атты толғауы мен Ер Шобан жыраудың толғауы сырттай бір-біріне ұқсас. Екеуінде де көптеген батырлардың аттары аталып дәріптеледі. Оқиғаның шығу төркіні де екеуінде бір негіздес. Екеуі де жан қысылғанда айтылған мадақ.
Тәтіқара жырында аталатын батырлардың өмірде болған адамдар екені тарихтан белгілі. Айталық:
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза, –
дегендегі Арғын ішіндегі Шақшақ деген кіші атадан шыққан Жәнібек батыр Абылай ханға асқан ержүректілігімен, қара қылды қақ жарып кесіп айтатын әділдігімен, ұсақ-түйекке мән бермейтін еркек мінезді тәкаппарлығымен ұнаған.
Тәтіқара толғауындағы бір топ сарбазды өз басшылығына алған Жәнібек батыр тек ерлігімен ғана емес, өзінің үлкен адамдығымен, зор беделімен де ірі тұлға. Біз төменде тағы алғыр батырлармен жүздесеміз, олар мыналар:
Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,
Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы.
Өзге батыр қайтса да, бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт Уақтағы.
Абылай ханның бірде «Өз батырларыңыздың ішінде қайсысы сіздің жүрегіңізге жақын?», – деп сұрағанда, ол: «Ілгеріде өткен азаматтардың ішінен нағыз таңдануға тұрарлығы екеу-ақ. Қалданның қолынан тоқсан тұтқынын қайтарып алған Қаракесек Қазыбек пен тұтқындарға үйде отырып бостандық алып берген Уақ Деріпсәлі. Алғашқысы Қалданға өзі барып сұрап қайтарып алған болса, кейінгісі өз аулында отырып жаудың зәресін алды. Менің батырларымның ішінен байлығы, ерлігі және мінезі жағынан Бәсентин Малайсары, ал ақылы мен ерлігі жағынан Уақ Баян бәрінен жоғары тұр», – дей келіп, тағы да бірнеше қырағы батырларын қосатынын ескерткен.
Баянды кейде Сары, Баян деп қосарлап атайды, оның себебі, қалмақпен бір қатты ұрыста Баян батыр өзінің бауыры Сарымен бірге қайтыс болады.
Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт.
Найзасының ұшына жау мінгізген
Еменәлі Керейде Ер Жабайды айт.
Бөгембай батыр – қазақ тарихындағы өте ірі тұлға. Ол бар өмірін елі-жұрты үшін сарп қылған аяулы азамат, XVIII ғасырдың 20-30 жылдарында болған жоңғар мен қазақ жасақтарының арасындағы шапқыншылықта қазақ сарбаздарын басқарушы қолбасшы.
Бөгембайдың өз тұсында халқына қандай игілікті еңбек еткені, жұртына қандай қадірменді адам болғаны жөнінде мәліметтер өте мол. Ел ішінде ол жайында дастан, аңыздар мол тараған, ал ерлігі жайындағы әңгімелер өз алдына бір қыруар. Біз оның бәріне тоқтап жатпаймыз.
Тәтқара Абылаймен бірге жаугершілікте жүріп, оның әрі ақыны, әрі батыры болған. Бұл турасында М. Мағауин: «XVIII ғасыр әдебиеті жайында сөз болса, Тәтіқара ақынның аты аталмай қалмайды. Жұртшылық санасындағы Тәтіқара қазақ халқының тарихындағы қиын кезеңдердің біріндегі сырт жауларға қарсы күрестің ұраншысы, өз отандастарын қайтпай ұрысуға шақырушы жауынгер ақын, жортуыл кернейшісі», – деп, Тәтіқараның тарихи рөлін байыпты бағалаған.
Достарыңызбен бөлісу: |