Дата01.01.1970
өлшемі
#5

ҰЛЫ ЕРЛІК ШЕЖІРЕСІ
2010 жылы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске – 65 жыл толды. Сонау 41 жылы басталған майданға аттанып, елінің тәуелсіздігі, ұрпағының амандығы, бүгінгі шат өмір үшін жан беріп, жан алысқан шайқастарда асқан ерлік көрсетіп, бақайшағына дейін қаруланған ата жаудың тас-талқанын шығарып, күлін көкке ұшырған жеңімпаз ардагерлеріміздің, “Бәрі – майдан үшін, бәрі – Жеңіс үшін” ұранымен күндіз-түні бел бүкпей ерен еңбек үстінде болған тыл тарландарының мерекесі бұл. Бұл кешегі Кеңес Одағының құрамында жаумен арыстанша алысып, жолбарысша жұлысқан барлық тәуелсіз мемлекеттер достастығы елінің, біздің бәріміздің мерекеміз.

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Ол күндердің даңқы өшпейді.

Біз сол ерлік шежіресінің қысқаша хроникасын жасай отырып, құрбан болған қыршындарды еске алып, бас иеміз және барлық майдангерлер мен тыл ардагерлеріне ұзақ та бақытты ғұмыр тілейміз.
1. 1941 жыл. 22 маусым
Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков өзінің соғыстан кейінгі жариялаған мемуарында былай деп жазды:“1941 жылғы 22 маусымға қараған түнде Бас штаб пен Қорғаныс халық комиссариатының барлық қызметкерлеріне өз орындарында болуға бұйрық берілді. Өйткені шекараға жақын округтарға әскерді жауынгерлік дайындық жағдайына көшіру туралы директиваны неғұрлым тезірек жеткізу керек болды. Осы кезде мен және Қорғаныс халық комиссары округ қолбасшылары және штаб бастықтарымен үзіліссіз байланыста болдық, олар шекараның ар жағындағы күшейе түскен шу туралы мәлімдеді”.

Тарихтан белгілі болғандай, неміс әскерлері сол түні шекараға жақындай бастаған. Бұл туралы Бас штаб бастығы 00.30 минутта И.В.Сталинге хабарлайды. И.В.Сталин округтерге директива жіберілді ме деп сұрайды. Жуков ондай бұйрық болғанын мәлімдейді.

22 маусым. 3 сағат 07 минут. Қара теңіз флотының қолбасшысы адмирал Ф.С.Октябрьскийдің хабары: “Теңіз жағынан көптеген белгісіз ұшақтар ұшып келеді, флот толық әскери жағдайда тұр. Нұсқау күтемін”.

3 сағат 30 минут. Батыс округінің штаб бастығы генерал В.Е.Климовских Белоруссия қалаларына неміс авиациясының көктеп кіргенін хабарлады. Содан үш минут өткенде Киев округінің штаб бастығы генерал М.А.Пуркаев Украина қалаларына жау ұшақтарының жеткенін хабарлады.

3 сағат 40 минут. Прибалтика әскери округінің қолбасшысы генерал Ф.И.Кузнецов жау ұшағының Каунас және басқа қалаларға жеткенін мәлімдеді.

4 сағат 00 минут. Батыс және Прибалтика ерекше округтерінде немістің жаяу әскерлері соғыс қимылын бастады.

Таң ата Германия елшісі граф фон Шуленбург Герман үкіметінің Кеңес Одағына соғыс жариялағанын мәлімдейді.

Сол күні Кеңес үкіметінің мәлімдемесі жарияланды. Онда былай делінді:

“Кеңес Одағының азаматтары мен азаматшалары!

Бүгін таңғы сағат 4-те Кеңес Одағына қандай да болмасын талап қоймастан, соғыс жарияламастан герман әскерлері біздің елімізге баса көктеп кірді, біздің шекарамыздың көптеген жерлеріне шабуыл жасады және өз ұшақтарымен біздің қалаларымыз Житомир, Киев, Севастополь, Каунас және басқаларын бомбаның астына алды...

Енді Кеңес Одағына соғыс басталған сәтте Кеңес өкіметі біздің әскерлерге қарақшылықпен шабуыл жасағандарға тойтарыс беріп, герман әскерлерін біздің Отанымыз аумағынан қуып шығуға бұйрық берді.

...Біздің ісіміз әділ. Жау тас-талқан болады. Біз жеңіске жетеміз!”


2. Жоғарғы Бас қолбасшы
И.В.Сталин қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағындағы әскери округтерінің қолбасшылары мен штаб бастықтары 22 маусымға қараған түнде қаннен-қаперсіз ұйқыда жатты, олар соғысқа ешқандай дайындық жасамады, ал соғыс жарияланғаннан соң да И.В.Сталин ширақ қимыл таныта алмады деген сияқты қауесет тарады. Бұл туралы сол бір сыналар сәтте Жоғарғы Қолбасшымен бірге болған маршал Г.Жуков мұндай тұжырымның шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын ашық жазады.

Сол 22 маусым күні, таңғы 4 сағат 30 минутта Саяси Бюро мәжілісі өтеді. Онда шекараға жақын округтердің қолда бар барлық күшімен шекарадан өткен жауға тойтарыс беріп, оның алға ұмтылуына тосқауыл қою туралы № 2 директива қабылданады. Ал 7 сағат 15 минутта бұл құжат окугтерге жөнелтіледі. Бірақ жаудың күші тым басым болғандықтан оны жүзеге асыру мүмкін болмайды.

Осы арада Гитлердің қанқұйлы жоспарына да тоқтала кеткен артық болмас. Ал ол жексұрын жоспар бүкіл жалғанның жалпағына аян еді:

“Европаға үстемдік етпесек, біздің құнымыз көк тиын, Европа – бұл Германия”.

“Егер біз Ұлы Германия империясын құрмақ болсақ, біз славян халқын қыруға тиіспіз”.

“Анго-сактарды тас-талқан етіп және алдағы уақытта Америка Құрама Штаттарын Германия әлемдік империясына қосып алу керек”.

Бүкіл Европаны түгел бағындырып, Гитлер өзін әлем жеңімпазы деп таныды және өз даңқының бір бөлігін өз досы Муссолинимен бөлісуге де дайын еді...

Адольф Гитлердің бет-бейнесі оның осынау тұжырымдарынан-ақ жақсы танылса керек.

Осындай қаныпезер бастаған және ерекше қаруланған сайдың тасындай неміс армиясына соққы беру оңай шаруа емес еді. Тас-түйін жұмылып, бүкіл Кеңес халқы болып Отан үшін отқа түсер шақ енді туды. Сондықтан да Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1905-1918 жылы туған әскери міндетті барлық азаматтар мобилизацияланды. Мұның Орта Азия, Забайкал және Қиыр Шығыс округтерінен басқа барлық он төрт әскери округке қатысы болды. Еліміздің европалық бөлігінде әскери жағдай енгізілді. Қорғанысқа, қоғамдық тәртіпке және мемлекеттік қауіпсіздікті сақтау мәселелері бойынша функциялар әскери биліктерге берілді. Оларға тұрғындарды және қорғаныс жұмыстары және маңызды әскери және халық шаруашылық нысандарын күзету үшін барлық көлік құралдарын тартуға құқық берілді.

1941 жылғы 10 шілдеде қарулы күштерге басшылықты жақсарту мақсатымен мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің шешімімен Бас Қолбасшының Ставкасы Жоғарғы Қолбасшының Ставкасы болып қайта құрылды, ал 8 тамызда ол Жоғарғы Бас Қолбасшының Ставкасы болып қайта ұйымдастырылды. Сол кезден бастап және соғыстың аяғына дейін И.В.Сталин Жоғарғы Бас Қолбасшы болды.

“Айта кету керек, – деп жазды кейін Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков, И.В. Сталиннің Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Төрағасы Жоғарғы Бас Қолбасшы және Қорғаныс халық комиссары болып тағайындалуына байланысты Бас штабта, Қорғаныс халық комиссариатының орталық органдарында, КСРО Мемлекеттік Жоспарлау Комитетінде және де басқа үкімет пен халық шаруашылығы органдарында оның қатаң талабы анық аңғарылды”.

Сол қанқұйлы соғыстың азабын тартқан, қар жамылып, мұз жастанған, от пен оқтың ішінде жүріп, небір қиямет-қайымды көрген, ақыры жауды жеңіп, Жеңіске жеткен майдангерлердің ықыласы да Бас қолбасшыға тым ерекше. Ұлы Отан соғысының қас батыры Бауыржан Момышұлы “Сталин жарықтықтың несін айтасың” десе, қостанайлық майдангерлер Молдағали Жүнісбеков пен Қазбек Әлжапаров ағаларымыз да өздерінің кітаптарында Сталиннің қолбасшылық рөліне жоғары баға береді.

Әрине, бұл тарихи тұлға іс-әрекеттерінің бәрін қолдап, оң баға беруден мүлдем аулақпыз, ал Ұлы Отан соғысы тарихында оның ерекше орны бар екені ақиқат жайт болса керек.
3. Москва үшін шайқас
Ұлы Отан соғысының тарихынан белгілі болғандай, 1941 жылғы 13 қазанда Москваға әкелетін барлық оперативтік бағыттарда кескілескен ұрыстар басталды.

Бұл Ұлы Отанымызға шындап қауіп төнген ерекше күндер еді. Осындай жағдайда Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитеті мен Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті орталық мекемелердің бір бөлігі мен бүкіл дипломатиялық корпусты және ерекше маңызды мемлекеттік құндылықтарды астанадан Куйбышев қаласына көшіру жөнінен шешім қабылдады.

Күн өткен сайын Москваны бомбалау өрши түсті. Әрбір түн сайын әуе дабылы қағылып жатты. Бірақ бұл тұста жергілікті әуеден қорғану шараларын нығайту жөнінен көп іс тындырылған еді. Миллиондаған азаматтар қорғаныс ережелерін игеріп, “зажигалкаларды” залалсыздандыруды жақсы білетін.

Жоғарғы Бас Қолбасшы Москва маңына истребительдік, штурмдық және бомбалаушы авиацияның ірі тобын шоғырландырды.

20 қазанда Москва мен оның төңірегіндегі аудандарында Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің қаулысымен төтенше жағдай енгізілді. Астананы қорғайтын барлық әскери бөлімдерде тәртіп қатайтылды. Әрбір үлкенді-кішілі тәртіп бұзушылық қатаң жазаланды. Жаудың жандайшаптары – паникерлерге Москва тұрғындарының өздері сазайын тартқызды.

Сол кездегі Кеңес елінің астанасы өз басына төнген қауіпті ержүректікпен, қайсарлықпен қарсы алды. Партия Орталық Комитеті мен Москва қалалық комитетінің астананы қасық қан қалғанша қорғап, жау аяғын бастырмау жөніндегі шақыруы әрбір москвалықтың жүрегіне жетті. Москвалықтар қалаға кіре беріс жолдардың бәріне бекініс орнатып, қаланы алынбас қамалға айналдырды. Москваны қорғау талай ұрпақ мақтан етер ерлік эпопеясына айналды.

1941 жылғы қазанның аса ауыр күндерінде Батыс майданының әскери кеңесі үндеу жариялады: “Жолдастар! Біздің мемлекетіміз үшін аса қатерлі шақта әрбір жауынгердің өмірі Отандікі. Сол Отан біздің әрқайсымыздан орасан зор күш-жігерді, ерлік пен батырлықты, төзімділікті талап етеді. Отан бізді алынбас қамалға айналып, фашист жендеттерінің Москваға жолын кесуге шақырады”.

Москва үшін шайқастың шешуші күндері жақындап қалды. Волокаламск – Можайск – Малоярославец – Серпухов қорғаныс шебінің кейбір тұсы жау қолында еді. Енді майданның әскери кеңесі қорғаныстық жаңа шебін белгіледі. Ново – Завидов – Клин – Истрин су қоймасы, – Истра – Красная Пахра – Серпухов – Алексин.

Уақыт өтіп жатты. Ұлы Қазан социалистік революциясының 24 жылдығына арналған салтанат Москва метросының “Маяковский” станциясында өтті. Ал дәл 7 қараша күні Қызыл алаңда әдеттегідей әскери парад өтті. Жауынгерлер сол қасиетті Қызыл алаңнан бірден майданға аттанды.

Бұл оқиғалар армияның, кеңес халқының моральдық рухын көтеруге өлшеусіз әсер еткені және үлкен халықаралық мәнге ие болғаны белгілі. И.В.Сталиннің сөзінде партия мен үкіметтің неміс-фашист басқыншыларының күлі көкке ұшатындығы жөніндегі сенімі айқын аңғарылған еді.

Дегенмен жау әлі күшті еді. Ол Москваға жақындап келе жатты.

Дәл осындай сәтте Жоғарғы Бас Қолбасшының Жуковтан:

– Сіз біз Москваны қорғап қалады деп сенесіз бе? Мұны мен жүрегім сыздап сұрап тұрмын. Коммунист ретінде турасын айтыңыз, – деп сұрағаны бар.

Жуков болса:

– Москваны сөзсіз қорғап қаламыз. Бірақ әлі ең кемі екі армия мен ең болмаса екі жүз танк керек, – дейді.

Москва үшін шайқасқа Қазақстанда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының көрсеткен ерлігі аңызға айналды. Оның командирі генерал Иван Панфилов пен жауынгерлері өз есімдерін Ұлы Отан соғысының тарихына алтын әріптермен жазды. Бүгіндер Волокаламск қаласында Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов пен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына қойылған ескерткіштер бар.

Москва үшін шайқас Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең шешуші кезең болды. Екпіні қатты жаудың мысы басылып, кейін шегінді, көп әскері мен техникасын жоғалтты. “Жеңілмейтін Герман армиясы” деген дақпыртқа сызат түсті, фашистердің жеңіске деген сенімі жойылды. Фашистерді Москва түбінде тас-талқан қылғаннан кейін тек қатардағы неміс солдаттары ғана емес, сонымен бірге көптеген офицерлер мен генералдар да Кеңес мемлекетінің қуат-күшінің сарқылмас бұлағына қайран қалды, Кеңес Қарулы Күштері алынбас қамал екенін көріп білді, сөйтіп дәрменсіздік күй кешті.

Отан үшін қауіп төнген осынау сәтте И.В.Сталин Москвадан аттап шықпай, бүкіл басшылықты астанадан жүзеге асырды. Бұл да біздің әскерлерге күш-жігер бергені ақиқат.

1965 жылғы 8 мамырдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Москва қаласына “Қаһарман қала” атағы берілді.


4. Сталинград шайқасы
1942 жылдың қазанында неміс командованиесі бүкіл Шығыс майданында стратегиялық қорғанысқа көшуге мәжбүр болды. Осы кезге дейін жау орасан зор шығынға ұшарады, сүйтіп шабуылға шығу мүмкіндігінен айырылды. Мұның өзі, сайып келгенде, олардың Кеңес Одағына қарсы соғыс жоспарының күл-талқаны шықты деген сөз еді.

Тарихи деректерге зер салсақ, 1942 жылдың қараша айында немістердің кеңес-неміс майданында 266 дивизиясы тұрды, онда 6,2 миллион адам бар еді. 70 мыңнан астам орудия мен миномет, 6600 танк пен штурмдық орудия, 3500 жауынгерлік ұшақ пен 194 жауынгерлік корабль болды.

Кеңес Одағының майдандағы әскерінде 6,1 миллион адам, 72,5 мың орудия мен миномет, 6014 танк, 3088 ұшақ бар еді. Ставканың стратегиялық резервінде осы кезеңде 25 дивизия, 18 танк және механикаландырылған корпус, 7 жеке атқыштар және танк бригадасы бар болатын.

Бұдан біз не көреміз? Яғни соғыстың бірінші кезеңінің аяқталған тұсында әскери күштің қарым-қатынасы жағынан Кеңес Одағы алға шыққан.

Кеңес әскерлері Сталинград түбінде аса ірі контршабуыл дайындап жатты және ол асқан құпия жағдайда жүзеге асырылды. Неміс барлаушылары одан хабарсыз болатын. Бұл шабуылға 10 жалпы әскери, бір танк және төрт әуе армиясы, көптеген жекеленген танк, механикаландырылған, атты әскер корпустары, бригадалар және жеке бөлімдер қатысты. Ұрысқа 13,5 мың орудия мен миномет, 900-дей танкі мен өзі жүретін артиллериялық қондырғы, 1414 жауынгерлік ұшақ кірді.

“Сталинград ауданындағы шайқас мейлінше қатаң болды, – деп жазды кейін маршал Г.Жуков, – мен оны тек Москва үшін шайқаспен теңестіремін. 1942 жылдың 19 қарашасынан 1943 жылдың 2 ақпанына дейін 32 дивизия мен 3 бригаданың күлі көкке ұшты, қалған 16 дивизия жеке құрамының 50-ден 75 пайызына дейінін жоғалтты”.

Тарихи деректерге зер салсақ, Дон, Волга, Сталинград аудандарында жау әскерлері 1,5 миллион адамынан, 3500 танкі мен штурмдық орудиядан, 12 мың орудия мен минометтен, 3 мыңдай ұшақтан және де басқа көптеген әскери техникадан айырылған.

Осы цифрларға мұқият назар аударыңызшы. Көз алдыңа қанға боялған ұрыс даласы, істен шыққан сандаған техника, астан-кестені шыққан жер-ана елестері сөзсіз. Мұндай ойраннан тірі қалу да мүмкін емес. Міне, Сталинград үшін шайқаста біздің әскерлер жаудың жанын осылайша алды. Сталинград үшін күрес гитлерлік Германияның әскери машинасын мүлдем есеңкіретіп, тәлтіректетті. Неміс әскеріне күйрете соққы беріліп, біздің тарихи жеңісімізге жол салынды.

Сталинград түбіндегі біздің әскерлердің жеңісі Ұлы Отан соғысындағы түбегейлі өзгерістің басы болды және жау әскерін өз аумағымыздай жаппай тықсыра қуу дәл осы операциядан кейін ерекше серпін алды. Осы сәттен және соғыстың аяқталғанына дейін Кеңес әскерлері стратегиялық инициативаға ие болып, кеудесіне нан піскен басқыншы жауды еліміздің аумағынан сағын сындыра отырып кейін шегіндірді.

Соғыстан кейін немістің генерал-лейтенанты Вестфаль былай деп жазды. “Сталинград түбіндегі жеңіліс неміс халқын да, оның армиясын да масқара қылды. Бұдан бұрын Германияның бүкіл тарихында осынша адамның құрбан болған сұмдық жағдайы болған емес”.

Осынау Сталинград шайқасына қатысқан есіл ердің бірі бүгіндер Қостанайда тұрады. Ол – жасы тоқсаннан асқан Алмат Кемелев ағамыз. Елге Жеңіспен оралғаннан соң ішкі істер органдарында қызмет істеді. Қазақстан ішкі істер органының құрметті қызметкері. Бала-шаға өсіріп, немере-жиендерін еркелетіп отырған абзал әке, мейірман ата.
5. Курск иініндегі шайқас
1943 жылдың наурыз айының ортасында барлық майдандарда да жағдай Кеңес Одағы үшін жақсара түсті. Неміс, румын, итальян, венгр әскерлері Волга, Дон, Солтүстік Кавказ аудандарында талқандалып, олар орасан зор шығын шекті.

Сталинград түбінде кеңес әскерлері қарсы шабуылға шыққан сәттен 1943 жылдың наурыз айына дейін біздің әскерлер жаудың 100-ден астам дивизиясын талқандады. Әрине, бұл орасан жеңіс біз үшін оңайға түскен жоқ. Біздің жақтың шығыны да аз емес-ті.

Кеңес әскерлері барлық маңызды стратегиялық бағыттарда инициативаны сақтап, жаудың мысын басуға мүмкіндік алды. Ал жау болса Сталинград түбіндегі жеңіліс үшін қайткен күнде де реванш алуға жанталасып жатты.

Алда тұрған Курск шайқасына кеңес әскерлері 1943 жылғы мамыр мен маусым айларында мұқият дайындалды. Өйткені жау да өзінің ең басты шабуылын осында жоспарлап отыр еді. Соғыс барысындағы түбегейлі бетбұрысты осы шайқастан күткен-ді. Фашистер өздерінің “Тигр” және “Пантера” танкілеріне және “Фердинанд” шабуыл қаруына сенді. Бұл жойқын қарулар кеңес әскерлерінің зәре-құтын қашырады, оларды быт-шыт қылып жеңеміз деп дайындалды.

Жоғарғы Бас Қолбасшының Ставкасы біздің әскер әрекетін жан-жақты талқылай келіп, барлық маңызды бағыттарда, ең алдымен Курск иіні ауданында терең эшелондандырылған қорғаныс орнату қажет деп тапты. Осыған байланысты майдан қолбасшыларына тиісті нұсқаулар берілді. Әскер терең окоп қазып, берік бекінді. Ставканың құрылып жатқан және резервтегі күші ең бір қауіпті деген аудандарға топтастырылды.

Сүйтіп, сол жылы сәуір айында Ставка алдын ала жоспарлы қорғанысқа көшу жөнінен шешім қабылдады.

Қызыл Армия жазғы науқанға дайындала отырып, орасан зор жұмыс атқарды. Әскерлердің ұйымдық құрылымы жақсарып, жаңа техникамен жарақтана бастады. Майдандар мен армиялар құрамына қосымша артиллериялық, истребитель-танкіге қарсы және минометтік бөлімдер берілді. Байланыс құралдары күшейтілді. Атқыштар дивизиясы жетілдірілген автоматтық, танкіге қарсы қарулармен жарақталды, басқаруға жеңіл және қуатты атқыштар корпустарына бірікті. Жаңа артиллериялық құрылымдар дүниеге келді. Зениттік дивизиялар іске кірісті.

Партияның Орталық Комитеті мен Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті танк пен өзі жүретін артиллерия шығаруға ерекше маңыз берді.

Әскери-әуе күштерін қайта ұйымдастыруға барынша маңыз берілді. Әскер барынша жетілдірілген ЛА-5, ЯК-9, ПЕ-2, ТУ-2, ИЛ-4 және басқа ұшақтар алды. Жазға дейін барлық авиция жаңа техникамен қаруланды, жаңа қосымша авиациялық бөлімдер жасақталды, соның ішінде алысқа ұшатын 8 авиакорпус та болды.

1943 жылдың жазында біздің әскерде 6,4 миллион адам, 99 мың орудия мен миномет, 2200 реактивті артиллерия, 9,5 мыңнан астам танк пен өзі жүретін артиллериялық қондырғы, 8300-дей жауынгерлік ұшақ болды.

Жауынгерлермен саяси-тәрбие жұмысын жүргізуге 1943 жылы 24 мамырда қабылданған “Қызыл Армияда партия және комсомол ұйымдары құрылымдарын қайта ұйымдастыру және майдандық, армиялық және дивизиялық газеттердің ролін арттыру туралы” қаулысы ерекше ықпал етті.

Сөйтіп 1943 жылдың жазында Курск шайқасы алдында, біздің қарулы күштер сан және сапа жағынан неміс-фашист әскерлерінен басым түсті.

Реванш алуға тырысқан жау да қарап жатпады. Олар да кеңес-герман майданына қолда бар барлық таңдаулы күштерін тоғытты. Германияның әскери өнеркәсібі “Тигр”, “Пантера” танктерін және “Фердинанд” орудиясын көптеп шығарды. Әскери-әуе күштері жаңа ұшақтар алды.

Сол сәтте кеңес-герман майданында жау жағынан 232 дивизия, 5,2 миллион адам, 54 мыңнан астам орудия мен миномет, 5850 танк, үш мыңдай ұшақ тұрды.

Немістер Курск иініндегі операцияға өздерінің таңдаулы деген 50 дивизиясын, оның ішінде 16 танк және моторланған дивизиясын, 2 танк бригадасын, 11 танк батальоны мен шабуыл орудиясы дивизионын дайындады. 2800 танк, екі мыңнан астам ұшақ және 900 мың адам ұрысқа сақадай сай тұрды.

Неміс командованиесі өздерінің жеңіске жететініне сенімді еді. Мұның өзі сағы сынған өз әскерлерінің рухын көтереді деп үміт артты.

Курск, Орел және Белгород ауданындағы шайқас екінші дүниежүзілік соғыстағы аса ірі ұрыстардың бірі болды. Мұнда немістің ең бір іріктелген, сорпаның бетіне шығар күші быт-шыт болды. Неміс армиясы мен халқы фашистік басшылыққа сенуден қалды.

Неміс әскерлерінің басты күшін Курск маңында күл-талқан етіп жеңу кеңес әскерлеріне алда тұрған шабуылдарды ойдағыдай өткізуге жағдай жасады. Неміс әскерлерін ең алдымен өз аумағымыздан қуып, сосын Польшаны, Румынияны, Болгарияны азат етуге және фашистік Германияны түпкілікті жеңуге жол ашты.
6. Ленинград үшін шайқас
Ленинград. Әлемдегі ең бір әсем қалалардың бірі. Сәулет, сурет, тамаша ескерткіштер қаласы, тамаша саябақтар мен парктер, мұражайлар. Мұның бәрі Кеңес Одағының мақтанышы еді.

КСРО-ның іргелі индустриялық орталығы және теңіз порты осы қаланы басып алуға гитлерлік командование ерекше маңыз берді. Невадағы шаһарды басып алу фашистік Германияға саяси, экономикалық және моральдық жағынан бірнеше артықшылықтар берді.

Саяси және әскери-стратегиялық жағынан алып қарағанда Ленинградты алып, фин әскерлерімен қосылу гитлерлік коалицияны бұрынғыдан бетер нығайтар еді, мұның өзі кейбір КСРО-ға қарсы соғысқа қатысуға шешім қабылдауға дауаламай отырған елдерді немістер жағына шығарар еді.

Ленинградты тез басып алу Гитлерге ондағы әрекет етуші герман әскерлерін, барлық танкілер мен моторланған құрамаларды босатып алып, Москваны басып алу үшін жасалған “Тайфун” операциясын ойдағыдай жүзеге асыруға пайдалану мүмкіндігін берер еді.

Ал моральдық-психологиялық жағынан Невадағы қаланы басып алу фашистік басшыларға өз армиясының, әскерлерінің, Германия халқының және өздерімен одақтас мемлекеттердің рухын көтеруге және Кеңес Одағына қарсы соғыс жоспарының нақтылығына, өздерінің жеңіске жетуіне сенімін нығайтуға қажет болды. Өйткені Гитлер жария еткен “блицкричтің” сәті түспеді. Шығыс майданындағы орасан зор шығын соғыстың жылдам аяқталатынын жөніндегі дақпырттың күлін көкке ұшырды.

Ал біздің еліміз үшін Ленинградтан айырылу стратегиялық жағынан орны толмас қиындықтар тудырар еді. Жау қаланы алса, онда герман және фин әскерлері қосылады, мұндай жағдайда бізге Москваны солтүстігінен қорғау үшін жаңа майдан құру қажет болады, ол үшін Москваны қорғауға дайын тұрған стратегиялық күшті пайдалану керек, ал бұл дегенің сол күшті әлсіретумен, астананы қорғау мүмкіндігін әлсіретумен байланысты болар еді. Оның үстіне біз сөзсіз аса қуатты Балтық флотын да жоғалтар едік.

Міне, осындай факторлар Ленинград үшін күрестің тым қатал және қатыгез болатынын айғақтаған еді. Тарихтан білетініміздей, дәл солай болды да. Жау қаланы құрсауға алды. Ленинградты қорғау – бүкіл кеңес халқының басты міндетіне айналды. Сондай жауапты шақта, жыр дүлділі Жамбылдың:

Ленинградтық өренім,

Мақтанышым сен едің? – деген жыр жолары құрсаудағы ленинградтықтарға орасан зор күш-жігер берді. Ол туралы сол Ленинградты қорғауға қатысқан есіл ер, Қостанайда тұрып жатқан, тоқсан беске келген майдангер Нүркен Жолмұхамедов ағамыз былай дейді:

– Жамбылдың осынау жырының орысша аудармасы Ленинградтың радиосынан үнемі беріліп тұрды, халыққа листовка ретінде таратылды. Ақын атаның сөзі ленинградтықтарға жігер, күш-қуат берді. Мен өзімді сол жүз жасаған Жәкеңнің бауыры екенімді мақтан еткен кез әлі есте.

Бүгіндер Ленинградты қорғаған Нүрекең Қостанайда тұрады. Жеңістің 65 жылдығын асыға күтіп жүрген арыстардың бірі.

Кеңес әскерлерінің 1943 жылы қаңтарда Ленинград түбінде жеңіске жетуі біздің еліміздің әскери экономикасының өскенінің жарқын айғағы еді. Сол кезде Ленинград және Волхов екпінді тобында 5200 орудия мен миномет болды. 1943 жылдың қаңтар-наурыз айларында Ленинград майданының жауынгерлері үш мың вагонға жуық оқ-дәрі жұмсапты. Соның бәрін құрсаудағы Ленинград жұмысшылары шығарған екен.

900 күн бойы Ленинградты қорғаған үлкен-кішінің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Осы арада “Ленинград тарихының очерктері” энциклопедиясының 5 томындағы мына бір мәліметке назар аударайық: “Авиацияның оқ жаудыруы мен артиллериялық атыстан 16,467 ленинградтық қаза болды және 33,782 адам жарақат алды. Ең кемі 800 мың адам аштық пен жоқшылықтан қайтыс болды – жау құрсауының қайғылы қорытындысы осындай”.

Бірақ ленинградтықтар сағы сынбады. Олар жеңіске жетті.
7. Украина үшін шайқас

1943 жылы 1 қарашада біздің 27 және 40 армия Киевке шабуылға шықты. Неміс командованиесі бұл соққыны ең басты шабуыл деп түсініп, тездетіп қосымша күшті осында төкті. Оның ішінде генерал-фельдмаршал Манштейннің резервінде болған СС-тің “Райх” дивизиясы да болды. Біздің әскерлер үшін керегі де осы еді.

Дегенмен қарашаның 3 мен 4-і күні шабуыл алға баса қоймады. Операция барысына серпін беру үшін П.Рыбалконың 3-гвардиялық танк армиясы көмекке келді. 5 қарашаның таңында ол Киев-Житомир жолын кесті, сөйтіп Киевке шабуыл жасайтын әскерлер үшін қолайлы жағдай туғызды.

5 қараша күні кешке генерал-полковник К.С.Москаленконың 38-армиясы Киевтің іргесіне жетті, ал 6 қараша күні таңғы сағат 4-те генерал А.Т.Кравченконың танк корпусымен бірге Киевті алды.

Жоғарғы Бас Қолбасшыға бірден жеделхат жолданды. Онда былай делінді: “1 Украина майданының әскері Украинаның астанасы – біздің тамаша қаламыз Киевті алу жөніндегі қойылған міндеттің орындалғанын үлкен қуанышпен хабарлаймыз”.

Киевті азат ету, Днепрдегі плацдармдарды басып алып, оны кеңейту Украинадағы неміс әскерінің жағдайын күрт әлсіретті. Днепр немістер үшін оңай алынбайтын қорғаныс ұйымдастыруға мүмкіндік берген еді. Гитлершілер біздің жауынгерлерді нақ осы Днепр жағасында тоқтатпақ ниетте болып, соған орасан зор үміт артқан-ды. Ал олардың бұл ойы біздің командирлерге де белгілі болатын. Сондықтан да Ставка 1943 жылы 9 қыркүйекте Деснадан өткені үшін басшы құрамды Суворов орденіне, ал Днепрден өткені үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну жөнінде бұйрық шығарған еді.

Қыркүйектің аяғында біздің әскерлер жау бекінісінен өтіп, 750 шақырым учаскеде Днепрден өткен еді, сөйтіп одан әрі шабуылға шығу үшін плацдармдарды басып қалған болатын. Днепрден өту кезіндегі көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін екі жарым мыңдай солдат, сержант, офицерлер мен генерал Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Днепр үшін шайқастың маңызды болғаны соншалық, операция басталар алдында “Юг” армиясы тобы штабына Гитлердің өзі келіп, Днепр үшін ақырғы адам қалғанша шайқасу міндетін қойған, қайткен күнде де Днепрді өз қолдарында ұстап қалуды бұйырған.

Өйткені Украинаны жоғалту арқылы Гитлер біздің еліміздің оңтүстігіндегі майданын да жоғалтатынын түсінді. Бірақ Гитлердің және генерал-фельдмаршал Манштейннің қатаң талап етуіне қарамастан Днепр үшін шайқас олар үшін жеңіліспен аяқталды.

Сол кездегі Бас штабтың мәліметі бойынша, кеңес әскерлері 1943 жылдың соңында неміс әскерлері 1941-1942 жылдары басып алған аумақтың тең жартысынан астамын азат етті. Сталинград түбіндегі қайта шабуылдан бері 56 дивизияның көзі жойылды немесе тұтқынға алынды, 163 дивизия аса ауыр зардап шекті. Осы кезеңде 7 мың танк, 14 мыңнан астам ұшақ және 50 мыңдай орудия мен миномет жойылды. Неміс әскері тәжірибелі генералдарынан, офицерлерінен, унтер-офицерлер мен солдаттарынан айырылды.

Отан үшін қиын-қыстау күн туғанда партизандар қозғалысы да үдеді. 1943 жылы партизан отрядтары екі есе өсті. Олар нағыз халықтық кек алушылар болды.

Әсіресе Белоруссия мен Украинада партизан құрамалары ерекше батыл қимыл жасады. Солардың ішінде Халық қаһарманы Қасым Қайсенов ағамыздың болғаны тарихтан және оның өзі жазған шығармаларынан белгілі. Ол “менің екі Отаным бар, бірі – Қазақстан, екіншісі – Украина” деп өтті. Қазақ батырын украиндықтар да “Біздің Вася” деп алақанға салғанына тарих куә.

Ұлы Отан соғысының тарихында ерекше орын алатын Корсунь-Шевченко операциясы 1944 жылғы 24 қаңтарда 2-Украина майданының шабуылымен басталды. 1-Украина майданының әскерлері шабуылды бір күн кеш бастады. Жау әскерлері жан ұшыра қарсы тұрып бақты, бірақ біздің әскерлердің жойқын соққысына төтеп бере алмады.

Жау қоршауға алынды. 18 мың адам тұтқынға алынды, көптеген техника қолға түсті.

Жау әскерлерінің шебін бұзып өтіп, 1 және 2-Украин майданының жауынгерлері қосылды. Осы оқиғаға байланысты Т-34 танкі Звенигорадки қаласының орталығында ескерткіш ретінде тұғырға қойылды.

Украина үшін шайқасқа қатысқан ардагерлер біздің облыста да аз емес.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев

жүктеу/скачать

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет