10.Аймақтық экологиялық мәселелер: Семей аймағының, Балқаштың, Аралдың, Каспийдің экологиялық мәселелері.
Аймақтық экологиялық мәселелер — жер бетіндегі ауқымды аймақтарды, яғни бірнеше мемлекеттердің аумағын қамтиды. Ондай экологиялық мәселелерді бірнеше мемлекет бірігіп шешуі тиіс. Мұндай экологиялық мәселелерге жыл құстарын және трансшекаралық су қорларын және т.б. табиғат байлықтарын қорғау жатады. Мысалы, бұған Каспий теңізін, Дунай және Ертіс өзендерін және т.б. қорғау мысал бола алады.
Семей аймағының экологиялық проблемалары:
XX ғасырдың екінші жартысында ұлы державалардың арасындағы әскери қайшылықтар екі мемлекетті жаппай қарулануға әкеліп атом бомбасының пайда болуына себепкер болды. Кезіндегі КСРО-ның термоядролық қаруларды және атом бомбаларын құрастыру, сынау негізінен Семей полигонында жүргізілді.
1949 жылдан 1989 жылдар аралығында Семей полигонында жер асты, жер үсті және ауадағы күрделі 450-ден астам атом және термоядролық қарулар сыналды. Осы жарылыстар жоғары радиациялық күші бар зардаптар әкелді.
Ядролық зерттеу полигонын құру туралы шешім КСРО Министрлер Кеңесінің және КОКП Орталық комитетімен 1947 жылы 21 тамызда қабылданды.
Семей сынақ полигонында жүргізілген сынақтар әскери технология мен қаруды сынақтан өткізуден басқа да мақсаттарда жүргізілді. Атом қаруын сынақтан өткізуді келесідей бөлуге болады:
- ядролық қаруды құрастыру және оны дамыту;
- апатты жағдайларды және режимдерді зерттеу;
- ядролық жарылыстардың әсер ететін факторларын зерттеу;
- фундаментальді және әдістемелік зерттеулер;
- бейбіт мақсаттағы тұрмыстық ядролық жарылыстар;
- бейбіт мақсаттағы өндірістік зарядтарды өңдеу.
Семей сынақ полигонындағы ең күшті жер бетіндегі жарылыс 1953 жылдың 12-ші тамызындағы термоядролық жарылыс болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. 1949 жылдан 1963 жылға дейін жер бетінде жасалған сынақтардың зардабы әсіресе мол болғаны рас. Бұл аймақтағы аурулардың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді. Облыста онкологиялық, жүрек-қан тамыр, жүйке және психикалық аурулар саны күрт өсті. Азап шегіп, өлім құшқан адамдар қаншама. Отбасыларында кемтар балалар көбейді. Бұлар өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары. Жалпы алғанда рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есе өсті. Семей полигонына жақын нақ сол аудандарда жетілуіндегі әртүрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктер әрқилы сәбилер дүниеге ерекше көп келеді. Мамандардың айтуынша, соны бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |