5.2. Кристалдық торға түсетін рентгендік сәулелердің дифракциясы
Кристалдардың атомдық құрылымы рентгендік сәуленің, электрондардың, нейтрондардың шашырауы және дифракциясымен анықталады. Рентгендік сәуле үшін үшөлшемді құрылымы бар кристалдар қарапайым табиғи дифракциялық тор болып табылады, өйткені рентгендік сәуленің толқын ұзындығының мәні кристалдағы ретпен орналасқан атомдар арасындағы қашықтық мәнімен шамалас, осы қорытындыны 1912 жылы неміс физигі М. Лауэ жасаған.
Кристалды тордан рентгендік сәуленің дифракциясын есептеудің қарапайым әдісін бір-біріне тәуелсіз кеңес одағының физигі Г.В. Вульф пен ағылшын физиктері Г. және Л. Брэггтер ұсынған. Олардың пайымдауынша, рентгендік сәуленің дифракциясы кристалдық торлардың түйіндері (атомдары) жататын параллель кристаллографиялық жазықтықтар жүйесінен (5.1-сурет) сәуленің шағылуының нәтижесі болып табылады.
Кристалды бірінен-бірі d арақашықтықта орналасқан, параллель кристаллографиялық жазықтықтар жиынтығынан тұрады деп есептейік. Параллель монохроматты рентгендік сәуле ағыны (1,2) сырғу бұрышын (кристаллографиялық жазықтық пен түсетін сәуле бағытының арасындағы бұрышы) жасайды және бір-бірімен интерференцияланатын, 1/ және 2/ когерентті қосымша толқындардың шоғыры болып табылатын, кристалдық тор атомдарын қоздырады.
Достарыңызбен бөлісу: |