«Қаһарман қызы қазақтың»
Мәншүк Мәметованың туғанына 95 жыл толуына орай өткізілген тарихи экскурс сценарийі
А.Гайдар атындағы
орталық қалалық
балалар кітапханасы
Мақсаты: Оқушылардың Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің маңыздылығын ұғынуларына жағдай туғызу. Ұлы Отан соғысында туған жерін қорғаған Қазақстан азаматтары туралы мәлімет беру. Аттары аңызға айналып, ерлік істері барша ұлтты таң қалдырған қазақтың қос батыр қызы Мәншүк Маметова мен Әлия Молдағұлованың жарқын өмірі және Ұлы Отан соғысындағы ерлік істерін ұрпаққа үлгі етіп, өнеге ету. Оқушылардың бойына патриоттық сезімін ояту. Отан сүйгіштікке, ерлікке, адалдыққа баулу.
10-30
|
Әуенді күй ойнап тұрады
«Қаһарман қызы қазақтың» экранда жазылған шараның аты.
|
Жүргізуші:
|
Сәлеметсіздер ме құрметті оқушылар мен қонақтар! Бүгінгі Мәншүк Мәметованың туғанына 95 жыл толуына байланысты «Қаһарман қызы қазақтың» атты тарихқа экскурс сағатына қош келдіңіздер! Сан мыңдаған ер азаматтардың өмірін қиған Ұлы Отан соғысының әлемдік тарихтағы орны зор. Бес жыл бойы дүниені дүрліктірген соғыста небір жанқиярлық ерліктер жасалды. Небір сын сәттерде Отан үшін отқа кеудесін тосқан аға ұрпақтың қатарында қазақ халқының батыр қыздары мен ұлдары да болды. Соның ішінде Кеңес Одағының Батыр қыздары Шығыстың қос шынары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова туған жерді қасиет тұтып, атамекенді ардақтау Отанын қорғауда үлкен ерлік көрсетті. Қанға боялған даласы, аңыраған анасы, жетім қалған балалар үшін шайқасты.
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйемін.
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған Отан деп сыбырлаған.
Бозторғайы бол оның шырылдаған
Отан, Отан
Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем,- деп ақын Мұқағали жырлағандай, әрбір қазақтың жүрегінде Отан туралы сезім жоғары тұрады.
|
Жүргізуші:
|
Өздеріңізге белгілі, 1941 жылы 22 маусым күні таңғы төртте бейбіт жатқан елімізге Германия ойламаған жерден соғыс ашты. Фашистік Германия қарақшылықпен Совет Одағының шекарасын бұзып, басып кірді. Суық хабар сол күні-ақ байтақ жерімізге жер-жерден, ауыл-аймақтағы радиодан әйгілі диктор Левитанның қуатты үнімен түгел тарады (Үнтаспадан Левитанның үнін естиді). Ер азаматтар өздері сұранып майданға аттанады. Қазақтың қанында бар қайсарлықты сын сағатта қазақ қыздары да көрсетті. Сол сұрапыл соғыста Мәншүк Мәметова өз ерлігін көрсетті. Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова (шын есімі Мәнсия) — 1922, Орал облысы Орда ауданы, 1943 ж. қазанның 16-ы қаһарман қазақ қызы, Кеңес одағының Батыры (1944). Шын есімі Мәнсия. Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен, Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен. Ата - анасынан ерте айырылған Мәншүк балалық, жастық шағын Алматыда Ә. Мәметованың тәрбиесінде өткізеді. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Алматы медикалық институтында оқып жүрді.1942 ж. тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-ші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған, Невель, Алматы, Орал, т. б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» (авторы: А. Михалков Кончаловский, режиссері: М. Бегалин) көркем фильм түсірілді.
|
Жүргізуші:
|
№15 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы
Амангелді Райхан
Ән: «Мен қазақ қыздарына қайран қалам»
|
Жүргізуші:
|
Даламыздың даңқысың
Балауса гүл балғын қыз.
Жанын қиып, халқы үшін,
Жанып түскен ақ жұлдыз.
|
1 оқушы:
|
Мәншүк Мәметова Жансығали қызы 1922 жылы 23 қазанда Орал обылысы, Жасқұтта Нарын ауданында туған. Отбасында 5-еу болған. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін Алматыда апасының қолында болады. Мектепте оқиды, одан кейін Мединститутта оқиды. 1942 жылы Алматыдағы медицина институтын бітіріп, 1942 жылы тамызда соғысқа өзі сұранып аттанады.
|
2 оқушы:
|
Айнала орман алаң бір
Тоқтаған атыс белеңде.
Жалт ете қалды командир,
Мергендер келді дегенде.
Сәби ғой мынау бауырым,
Ернінен уыз кетпеген,
Балалық шақтың әлі бір,
Балауса табы кетпеген.
Жасаған екен батылдық,
Жіберген адам мұны да,
Жауынгер қане атың кім?
Әлия Молдағұлова.
|
3 оқушы:
|
Отан қорғау жолында қаһармандығымен көзге түскен батыр апамыз Мәншүк Мәметова соғысқа өзі сұранып аттанды. Пулеметші болып «Максиммен» жауды топырлата қырды. Өзім өлсем де, Отаным аман болса екен,- деп армандады. Қазір Алматы қаласында Мәншүк Мәметова атындағы мектеп бар. Оның алдында батырдың бюсті түр. Мектептің ішіне кіріп, дәлізбен жүрсең, бір класстың маңдайшасында былай деп жазылған : «Бұл класста Мәншүк оқыған». Бір парта ақпен сырланған. Бұл партада Мәншүк отырған. Батырдың туған қаласы Оралда Мәншүкке орнатылған ескерткіші бар. Невель қаласында да ескерткіші бар.
|
4 оқушы:
|
Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін,
Оқ борап, снарядтар қаққанда ызың.
Қаптаған қалың жаудан тайсалмаған,
Мен көрдім пилоткалы қазақ қызын.
Қолында пулеметі «Максим» оның,
Бойында күш-жігері тасқын оның.
Ерлермен тізе қосып шабуылда,
Оғымен қырғын майдан атты жолын.
Көзінен ұшқын оттай лапылдаған,
Жауына қанар тігіп, қатуланған.
Отан үшін шайқаста ауыр күнде,
Төнсе де өлім қаупі жасымаған.
|
Жүргізуші:
|
Елеңдеумен, келер деумен күндіз-түні,
Қайран шеше, білсе уақыт озғанын.
Жылдар бойы жүрді-ау үзбей үмітін,
Бозаң белден күтіп қыршын боздағын.
|
Көрініс:
|
№15 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы
Ақжолтай Айгерім
(Мәншүктің анасына жазған хаты. Мәншүк болып киініп, пулеметтің жанында тұрып, Мәншүктің хатын оқиды).
«Қымбатты мама».
Көптен күткен хат пен посылканы тура алғы шепке жүргелі тұрған сәтте алдым. Бұл 1943 жылдың 10-шы қыркүйегі еді. Өзіме бір-ақ алма тисе де, мен қатты қуандым. Кішкене сыйлықты мен сияқты күткен жауынгерлер мен командирлер талап кетті. Үлкен рахмет. Жолымыз сәтті болды. Ал қазір, алғы шепте пулеметіммен фашистерді мықтап аңдудамын. Түнде мүлдем дерлік ұйықтамаймыз, ал күндіз тынығамыз. Міне, қалт еткен сәтті пайдаланып, сізге жауап жазып отырмын.
Қымбатты әпкетай! Бүгін күндіз сәл тынығайын деп жатыр едім, бірден ұйықтап кетіппін. Сізді түсімде көрдім. Жалпы қазіргі өміріміз көңілді: фашистермен қару тілімен келіссөз жүргізіп жатырмыз.Жеңіспен оралған соң, айтатын нәрсе көп-ақ. Қолыңды қатты қысып, құшып сүйемін. Қызыңыз Мәншүк. Менің майдангер жолдастарым сәлем айтып жатыр.
|
Жүргізуші:
|
Елеңдеумен, келер деумен күндіз-түні,
Қайран шеше, білсе уақыт озғанын.
Жылдар бойы жүрді-ау үзбей үмітін,
Бозаң белден күтіп қыршын боздағын.
|
|
«Сөнбейді әже шырағың» әні қойылады
|
Жүргізуші:
|
Ал, енді назарларыңызға тағы да бір көрініс.
№15 мектеп-лицейінің оқушылары
|
«Мәншүктің жұлдызды сәті».
Қатысушылар:
1-ші: Мәншүк Мәметова
2-ші: генерал Галицкий
3-ші: подполковник Баймолдин
4-ші: жауынгерлер
Үнтаспадан соғыс даласында жүріп жатқан үндері естіледі.
Генерал Галицкий дүрбімен майдан даласын қарап тұрды. Жанында подполковник Баймолдин. Атқыштар ортасының оң қанатымен жүріп отырып, аға сержант Мәметованың пулеметшілер бөлімшесі алға жылжып барады.
Г.Г - Жарайсың пулемет бөлімшесінің командирі. Қараңдар жолдастар
өзінің бөлімшесін қалай жақсы бастап барады, өзі кіп-кішкентай екен.
П.Б - Жолдас Генерал сіз қазір көріп тұрған бөлімшені қыз бастап барады. Ол - пулемет бөлімшесінің командирі, аға сержант Мәншүк Мәметова.
Г.Г. -Солай ма? Оны маған таныстырыңыздар.
П.Б. - Бөлімшелер сапқа тұрыңдар! (Мәншүк бастаған бөлімшелер сапқа
тұрады).
Г.Г. -Сәлеметсіздер ме жауынгерлер! (Сапқа таяп келіп).
Жауынгерлер: Саулығыңызды тілейміз жолдас генерал.
Г.Г. - Жарайсыңдар жолдастар. Дұшпанға аямай соққы бердіңіздер.
Барлық жауынгерлер мен командирлерге алғыс жариялаймын.
Жауынгерлер: Отанға адал қызмет етеміз.
Г.Г. - Шабуыл кезінде пулеметшілер бөлімшенің аға командирі аға
сержант Мәметова өз пулеметін дұрыс пайдаланды. Жолдас Мәметова
бері келіңіз.
М.М. - Жолдас генерал, аға сержант Мәншүк Мәметова (генералға таяп
келіп).
Г.Г. - Рахмет саған, қазақ халқының қызы, сен жақсы пулеметші екенсің!
М.М. -Отаныма адал қызмет етемін!
Г.Г. - Жасың нешеде, әрі сен майданға қалай тап болып жүрсің?
М.М. 20 жастамын, жолдас генерал, майданға өз еркіммен келдім. Ал өзім
Алматы қаласындағы Медицина институтында оқыдым.
Г.Г. - Ал пулемет ісін қайдан, қай жерден үйреніп жүрсің.
М.М. - Осында жолдас генерал.
Г.Г. - Алдағы шайқастарда саған табыс тілеймін.
|
|
Экранда «Мәншүк туралы ән» көркем фильмінен үзінді
|
Жүргізуші:
|
Қорытынды.
Оқ пен оттан аман оралып, ортамызда жүрген аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбектегі ерліктерін әрдайым мақтан тұтамыз. Елімізді ғана емес, Еуропаны фашизмнің қара түнегінен азат еткен ардагер ағаларымыз бен апаларымызды кейінгі ұрпақ - біз ешқашан ұмытпаймыз. Біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз. Сондықтан да біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін әрқашан қастер тұтамыз. Олардың ерлігі ешқашан естен шықпақ емес. «Батырдың өзі өлсе де, аты өлмейді».
«Ақсақалдың ақ батасын құптаған,
Марқасқалар айтқан сөзін жұптаған.
Есенейге ел билетіп Ұлпандар,
Қобыланды кеңес ал Құртқадан,
Даласы кең осыншама салты бай,
Өле сүйген сүйе алмаған жартылай.
Қажет – жерде батыр қыздар туатын,
Қайран менің қазақ атты халқым-ай», - деп Ақұштап Бақтыгереева жырлағандай Отанымыздың – өр сезім батыр қыздары. «Шығыстың қос шынары» - атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Ұлы Жеңістің 72-ші көктемі құтты болсын! Ел алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалған ерлерге тағзым етеміз. Олар еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Ардагерлер ерліктері арқасында біз осы күнге жеттік. Біздің өз қалауымызбен еркін өмір сүріп, мектепте алаңсыз білім алып жатқанымыз, шаттана күлгеніміз, жайраңдап күлгеніміз - бәрі де сол Ұлы Отан соғысы Жеңісінің жемісі. Әрине, соғыс болмасын! Біздер соғысқа қатысып батыр болмайық. Біз бейбіт күннің батырлары болуға тырысайық. Ел үшін аянбай еңбек етіп, білім алып, өз жеріміздің патриоттары болуға мүмкіндіктер бар. Бүгінгі біздің «Қаһарман қызы қазақтың» атты тарихқа экскурс өз соңына келіп жетті. Жер бетінде соғыс болмасын деп тілейік. Сау болыңыздар!
Жеңіс туралы слайд
|
Достарыңызбен бөлісу: |