Белгілі сыншы, мәдени сарапшы Әлия Бөпежанова қазіргі театрлар туралы өз пікірін білдірді.
– Бүгінгі Қазақстандағы қазақ театрларының жай-күйі туралы не айта аласыз? Театр сыншысы ретінде ойыңыз қандай?
Әрине, әлемдік театрмен бүгінгі қазақ театрын салыстыра алмаймыз. Себебі бірнеше мың жылдық тарихы бар әлемдік театр өнерінің бүгінгі даму қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен алға қарыштап кеткен. Режиссура, драмматургия, актерлік өнер, техникалық мүмкіндіктер, спектакльдерді жарнамалау әлемдік театрларда әлдеқашан игерілген. Сондықтан да әлемдік театр өнеріндегі жаңалықтарды бақылаудың өзі мүмкін емес. Бүгінгі таңда біздің қазақ театрына «жаңа драматургия» мен «жаңа режиссура» қажет. Біз әлемдік театрларда болып жатқан театрлық ағымдар мен үрдістерді бақылай отырып, өзіміздің ұлттық актерлік мектебімізді сақтап, ұлттық келбетімізді көрсететіндей деңгейден көрінуге тиіспіз.
– Қазақ театрларының одан бөлек тағы қандай кемшіліктері сізді ерекше алаңдатады?
– Меніңше, театрлардың басты проблемасы – репертуар таңдау мәселесі. Театр мамандары тақырыпқа жеңіл-желпі қарайды. Театрлардың репертуарында замандастар өміріне қатысты жазылған шығармалар, әлемдік және ұлттық классикалық пьесаларды сахнаға шығару төмендеп кеткен екен. «Репертуар – театр айнасы» деген сөз бекер айтылмаған. Себебі репертуардағы шығармалардың сапасымен театрдың бейнесі айқындалмақ. Әр театрдың репертуары сол театрдың өзіндік ерекшелігін ескере отырып жасалады. Сондықтан да бүгінгі қазақ театрларына жастардың патриоттық сезімдерін ұштайтын ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді насихаттайтын пьесаларға орын берілуі керек деп есептеймін.
– Әрине, пікіріңіз орынды, дегенмен қоғамның сұранысы дейтін мәселе де бар. Бүгінде әзіл-сықақ театрларының айы оңынан туып тұрған сияқты. Осы туралы ойыңыз қандай?
– Қазір әзіл-сықақ театрлары көп. Жалпы, қазір әзіл-сықақ театрлары жан-жақты. Негізінен бүгінгі күннің әлеуметтік мәселелерін көтереді. Бірақ бір айтатын мәселе: олар қоғамдық әлеуметтік мәселелерден гөрі отбасы-ошақ қасы сияқты жеңіл-желпі тақырыптардың айналасынан аса алмай жүр. Кез келген өнер адамы саясаткер болу керек. Ол қоғамда не болып жатыр, парламент не талқылады, қандай халықаралық мәселелер қаралды, қысқаша айтқанда, бәрін біліп, бақылап отыру керек. Яғни деңгейі өте жоғары, ой-өрісі кең болуы тиіс. Өнерде интеллектуалдық ізденіс көбірек керек. Меніңше, әзіл-сықақ театрларында білім, ізденіс жағы жетіспейтін секілді…(324 сөз)
|