ДЕРНӘСІЛ МЕН ҚУЫРШАҚТЫҢ ТҮРЛЕРІ
Дернәсіл. Шала түрленіп дамитын жәндіктердің дернәсілдері түрі жағынан ересек жәндіктерге ұқсас (32, а, б суреттер). Морфологиялық және биологиялық жағынан тіршілік ету әрекеттері жағынан бұл дернәсілдер ересектеріне ұқсас болады. Олардың ересек жәндіктен айырмашылығы сол, денесінің көлемінің кішкентайлығы, қанаттарының шала түрленіп дамуы немесе басқа да белгілері бойынша (денесінің түсі, дене құрылысы бөліктерінің қатынасы бойынша) болады.
32 – сурет. Жәндіктердің дернәсілдері.
А – қандала, Б – инелік, В – барылдақ қоңыз, Д – көбелек, Е – қырқар, Ж – мамыр зауза қоңыз, З – бізтұмсық.
Шиланның немесе қандаланың дернәсілдерін қарастырып, олардың өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын табу. Шала түрленіп дамитын жәндіктердің дернәсілінің денесі құрсақ пен кеуде бөліктеріне бөлінеді. Қанаттары кеуде бунақтарының шетінде сыртқы терінің қатпары ретінде пайда болады. Олар әр түлеу процесі кезінде көлемі жағынан үлкейіп, бірте-бірте үлкендігі мен пішіні ересек жәндіктің дене мүшелеріндей мөлшерге жетеді. Дернәсілдері ересектерінен басқа ортада тіршілік ететін және өмір сүру формасы басқаша болатын кейбір шала түрленіп дамитын (шиландар, инелік) ересектерімен ортақ ұқсастықтарына қарамастан, тек дернәсіл кезеңінде қажет және ересек шағында жойылып кететін уақытша мүшелері пайда болады.
Толық түрленіп дамитын жәндіктердің дернәсілдерінің дене құрылысының еркек жәндіктен көр айырмашылығы ьар.
Дернәсілдің денесі құрсақ және кеуде бөлшектеріне бөлінген, көптеген сегменттерден құралады.
Толық түрленіп дамитын жәндіктердің дернәсілдерінің төмендегідей түрлері болады:
Камподей тәріздес – бас қаңқасы жақсы дамыған, жүгірмелі кеуделік аяқтарымен, тығыз ұзыншақ денесімен және кеуде бөлігінің қатты хитинмен қапталғанымен ерекшеленеді. Бас бөлігінде мұртшалары мен кеміргіш ауыз қуысы айқын көрінеді. Құрсағының соңында құрсаққабының болуы жиі кездеседі. Дернәсілдер өте қозғалмалы және сырт бейнесі бойынша алғашқы қанатсыз жәндіктерге (Campodea) ұқсайды (32, в сурет).
Есекқұрт тәрізді дернәсілдер – бас қаңқасы айқын дамыған және кеудесінде кішірек аяқтары болады. Денесі есекқұрт тәрізді тығыз. Кең эллипс тәрізді (32, г сурет).
Көбелекқұрт немесе жұлдызқұрт тәрізді дернәсілдер: дернәсілдердің басы жақсы дамыған, ұзыншақ, құрт тәрізді денелі, кеуделік және құрсақ аяқтары дамыған. Бұл дернәсілдер толқын тәрізді қозғалады.
Бұлардың екі түрі болады: а) көбелекқұрт (құрсағындағы жалған аяқтарының саны 2-5 жұп); б) жалған көбелекқұрт – құрсағындағы жалған аяқтарының саны 7-8 жұп (32, д, е суреттер).
Құрт тәрізді дернәсілдерде тек кеуделік аяқтар болады, кейде тіпті аяқсыз болып, басы дамымаған немесе жоқ болады. Ал қозғалысы бүкіл денесі арқылы жүзеге асады. Құрт тәрізді дернәсілдердің үш түрі болады: басы мен кеуделік аяқтары дамыған (23 в сурет), басы бар, бірақ аяғы жоқ (32, з сурет) немесе бассыз, аяқсыз құрт тәріздес дернәсілдер (32, и сурет).
Бұл келтірілген жіктеулер тек қана шартты түрде келтірілген және дернәсілдердің барлық алуан-түрлілігін қамтымайды.
Алдын-ала жинап даярланған әртүрлі дернәсілдердің коллекциясынан жәндіктердің дернәсілдерін қарастырып, жоғарыда келтірілген топтардың қайсысына жататындығын анықтап, дене құрылысының ерекшелігіне назар сала отырып, суретін салып алу.
Жәндіктердің дернәсілдері өзінің даму барысында бірнеше сатыдан өтеді. Дернәсілдердің әрбір даму сатысындағы айырмашылығы, денесінің мөлшері, өң-түсі және дене құрылысының кейбір бөлшектері ( мысалы, шала түрленіп дамитын жәндіктердің дернәсілдерінің қанаттарының даму сатысы) бірдей емес. Толық түрленіп дамитын жәндіктердің дернәсілдерінің жасын бас қаңқасының мөлшері арқылы анықтайды. Өйткені денесінің ұзындығының көлемі өзгеремелі және тамақтану жағдайына байланысты болады. Ал бас қаңқасының ұзындығы мен көлденеңінің мөлшері әрбір жасында тұрақты мөлшерден ауытқымайды. Мысалға, мамыр зауза қоңызының дернәсілін даму сатысында қарастырып, денесінің ұзындығын бас капсуласының кеңдігімен салыстырады.
Достарыңызбен бөлісу: |