2 Жұма намазына бүгін жиылған халық мешіт ішіне сыймады. Көп қауым ауланың ішінде мешіттің екі жағын қоршай тұрып намаз оқысты. Сармолла осы сырттағы халық арасында болып, мешіт ішінде қарт имам бастаған намаздың әр кезек "тәкбир-тәһлилиін" сыртта ұйыған саптарға ашық үнмен әсемдей естіртіп тұр: "Аллаһуәкбар!", "Сами- ғоллаһу лимон хамидә!", "Әссәләмуғалайкүм уәрәхметолла" – деген ауық-ауық намаз бөлімдерін дауыстап, сырттағы қауымды іштегі михрабтағы имамның намазына қалт еткізбей ұйытып тұрды. Халық пен іштегі мешіт намазын оң үйлестіру үшін ол әдейі мешітке кірмей, сол мешітке кіретін ашық, биік алаңның үстінде аз адамдармен бірігіп сапқа тұрып оқыған. Мешіттің екі жағы мен алдын түгел қаптаған қауымның бар саптарына Сармолла жақсы көрініп тұр. Ұзын, қабілетті бойымен, әсем ораған бұхаралық жасыл сәлдесімен және сәл жирендеу келген алтындай мол сақалымен Сармолла бөлек байқалады.
Намаз оқылып болған соң зор дауысты семіз мәзін Самұрат жаңағы Сармолла тұрған алаңға шықты. Ширақ қозғалып, халыққа қол көтерді де: "Жамағат!" – деп екі-үш рет үн қатты. Намаздан тарамай, бұған қарай қалған жұртқа ол сартылдаған үнмен бар сөзін анық сөйлеп жар етті.
– Жамағат, сабыр етіңіз! Тарамаңыздар! Ишан, хазірет қазіргі жұма намазы ақырында хұтпа оқиды! – деді.
Осы шақта саптағы жұрт орын-орнына жаңағы намазда отырғандай жүгініп отырысып қалды. Енді біразда мешіт ішінен халфелер мен сәлделі қарилер, қартаң шәкірттер қоршаған күйде кәрі ишан шықты. Ол бар жұртқа айқын көрініп тұрған мінберге тақады. Ишанның даусы кәріліктен қырылдай шығатын және былдырлап ұғымсыз естілетін. Оның үстіне әдетте басын төмен салып ақырын сөйлейді. Бүгін де имамның хұтпасы көп жұртқа естілмеді. Және, әсіресе, қырық-елу жылдан бері бұл имамға машықты болған хұтпа көбінше арабша аят хадістен немесе парсы аралас жаттанды сөздерден құралатын. Бұл махалланың көп халқы оқымаған адамдар, білсе намаздығын ғана зорға білген шала оқыған, шала надан, шала сауатты қазақ саудагері. Бірақ имам ол халді еске алып, есепке тұтпайды. Дін ұстазы деп аталатындар өздерінің махалла халқымен мүлде ұғымсыз тілде қатынас жасайтынын ескеріп, ойлап көрмеген. Ал халық имамның бүгін де осылай сөйлейтінін білсе де, тарамай отырып алған.
Бұрын мың рет оқылған ұғымсыз хұтпаға бүгін хазіреттің қосқан сөзі өте қысқа, мәлім ғана жайлар болды. Ол обаны "алланың бенделеріне жіберген жазасы" – дейді. "Әр заман, әр қауымға, сол қауымның құлқы бұзылып, күнәсі көбейгенде, күпірлігі асқанда, құдіретті күшті иесінің жіберетін осындай жазасы болады. Бұл фәләкәттің себепшісі тек сол тәңірдің тағдыры. Ол Лаухул-махфузда солай жазылған. Адамзат мұны келтіруге де, кетіруге де ықтиярлы емес. Тәңір бұйырған уақытта келді, өзі тоқта деген сағатта тоқтайды. Тек сол үшін аһлі ислам пәлеге сабыр айласын, мінәжатын, құлшылық ғибадатын күшейтсін. Нәпсісін түзесін, қаріп-қасерлерге мейір, шафқат көрсетсін. Әр адамзат өзінің күнә сұмдығын тәңірісінен қорқып ойласын. Сондықтан хайыр-садақасын, зәкат, парыздарын ада қылсын!" – деді. Өздерінің дағдылы алым-жемі жайын еске салып, күңгірт сөзін күмілжіп аяқтады.
Хазіретті қоршаған халфе, қарилер, көп молдалар беттерін сипап бата қылып, дағды бойынша осымен "хұтпа тамам болды" – деп жұрттың тарауына белгі жасай бастады. Бірақ жиылған қалың жұрт болса, онша асыға қоймайды. Қайта жаңағы хұтпаға тоймағандай, тағы бір нәрсе күткендей. Дәл осы сәтте мінбер маңындағы дінбасылар күтпеген оқыс бір хал туды.
Жаңа хазірет түскен мінберге енді жылдам басып, ажарлы жүзін халыққа қаратып, Сармолла шықты. Бар дінбасылардың ақ сәлделерінен бұның жасыл сәлдесі басқаша. Сармолла саңқ етіп, зор үн қатып, жамағаттан ілтифат тіледі. Ол да алғашқы үндеу сөзін арабша бастады. Зор, ашық үнін кең тастап:
– Я әйюһал мүслимина! – деді. Осыдан соң халыққа ұғымды, көбінше қазақша тілмен сөйледі. Тек оқта-текте ғана кітап, араб сөзін қосады. Ол тура, кеше түнде ястау намазы алдында өзі айтқан сөздерін баяндап шықты. Тек қалың жиынға бүгін қосқаны: әр пәлекетті жаңа хазірет айтқандай қадір алла өзі жіберетіні рас. Және де сонымен бірге құдірет иеміздің әр пәле-пәлекеттен Мұхаммет үмметін сақтармын, құтқарармын дегені де бар. Сүре "ясин", өздеріңіз білесіз, "алхамду лиллаһи" соған куә. Хатта пәледен сақтармын және сақтансаң сақтармын деген. Сол себепті тәңір ием әр дертін жіберумен бірге шипасын да жаратқан. Аның үшін, ей, жамағат, сіздің өз қамыңыз үшін, осындай хал-ахуалымыз апатта тұрғанда мен бір мәслихат айтамын. Мен көбіңіздің балаларыңыздың ұстазымын, мұсылмандық қарызым үшін, дін қарындастық достығым үшін айтамын. Сақтаныңыздар! Бұл оба деген қазадан, ауыр дерттен тек қана сақтанумен аман қалуға болады. Аның үшін көп-көп өтініп айтайын, тәкірәрлап айтайын, сақтаныңыздар! Сақтану үшін не ғилаж?
Қаза болған адам үйіне, жаназаға мүмкін қадырынша халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келіп-кету болмасын. Ол үйде ас ішу, көп халыққа тағам тараттыру, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқталсын! Жаназаға, хатімге көп молда, мәзіндер, халфелер, шәкірттер шақырылмасын! Бір ғана дін ұстазы, тілесе хазірет пе, халфе ме, басқа молда ма, барсын да, бір адам жаназа шығарсын. Хатімді және де бір ғана молда оқысын. Көп молда, шәкірт, мәзін, қарилер бұдан былай осы махаллада барлық ауырып өлген адамдардың үйлеріне қаптап барып, басқа үйлерге және қаптап жүрулерін тоқтатсын. Олар, қазір байқалғандай, бірден өздері ауырады. Білесіздер, Жұман молда, Сахип халфе, Амантай шәкірт, тағы көп сондай жандар жақында дін ұстаздары арасында да обадан қаза болды. Көп молдалар осы оба ауруын, осы зарарлы хастені ықтиярсыз таратушылар болды! Олар халқының халін, қамын ойласын! Жаны ашысын, махалла халқына! Инсаф ойласын, мұсылманшылық қарызы деп инсаф ойласын! – деді.
Сармолла сөзінің аяғын тағы да аса бір қамқорлық үнмен анықтап, салмақтап тұрып айтты:
– Міне, махалла халқы, қарындас қазақ халқы! Менің осы сөзім осы махалланың әрбір қорасына, әрбір естияр азаматтарына жетсе екен. Және мағлұм болсын, бұл айтылған мынау фәләкәт тұсындағы қамқорлық, достық сөз менің өзім ғана айтқан, Сармолла тарапынан ғана шыққан сөз емес. Слободка халқына осы мәслихатты айтушы қазақ халқының қамқор дос адамдары. Солардың ішінде, халайық, сіздің ең жақын қамқорыңыз және білгіш, ақын досыңыз Абай деп біліңіз! Сол кісі де сіздерге осылайша, мен айтқандай сақтануды мәслихат етеді. Ол дін ұстаздарынан халық үшін қамқорлық талап етеді. Сақтаныңыз, сақтан, халайық! – деді. Соңғы рет ашық үн тастады. Мол, сұлу сары сақалы сілкіне түсті. Үні тыныш аспанда саңқ етіп, біраз жаңғырыға тұрып тоқтады.
Сармолла бұл сәтте дегеніне жетті. Имам бастаған бар молданы ол бір араға үйіп-төгіп, құлата салып кеткендей болды. Ұйлығып сасқан молда, халфелер мынау қалың елден қысылады. Бүліне күйгені болса да, қазір Сармоллаға қарсы ем табыса алмады. Ешкім де Сармолланың артынан мінберге шығуға жараған жоқ. Титығы құрып, іштерінен өштіктің оты лаулаған мәзін мен соқыр қари, Шәрібжан халфелер жарылғалы тұр. Халық болса, бұларды әсіресе улатқандай мінез көрсетеді. Мінбердің маңында тұрған мәзіндерге халықтың дабырлап айтып бара жатқан сөздері естіліп тұр.
– Бәрекелде, Сармолла!
– Сармолла жақсы айтты!
– Сөз Сармолланікі.
– Анық халыққа жаны ашыған сөз осынікі.
– Сармолланың жолы болсын! – десіп бара жатқан сөздер жаңағы қари, халфе, мәзіндердің бастарына тиген қамшыдай тілгілеп қинап өтіп жатыр. Соның орайына халфелер мінберден түскен Сармолланы қоршап алып, хазіреттің қасына тықсырып әкелді. Енді осы араға бүгін намазда болған қала саудагерлері және бірнеше ел кісілері де, қазақ қалашылары да жиналып кепті. Жаңа Сармолланы құптап қостаған топтың бір шоғыры да оны сырттай қоршап, осы биік алаңға шығып апты.
Жайшылықта мешітке бас сұқпайтын болса да, осы бүгінгі жұма намазына әдейі ынтыға келген кісілер бар. Олар кеше түнде осы мешіт түбінде молда, сопылар өзара мүйіздесіп, шайқасып қапты дегенді естіген. Сол хабар қала халқы мен елден келген керуен, қалашы, базаршының бәріне де мол жеткен көрінеді. Ал қазір мынау мінбер айналасындағы топқа жанаса келіп тұрған қалашылар болса, бұлардың көбі елдің сөзуар, пәлеқор партия басы – атқамінерлері. Олар сүйегіне біткен машығы бойынша айтыс пен таласты сүйеді. Қақтығып-қағысқан кездер болса, ол үшін бар жұмысын, жүрісін де доғарып қойып, керіс қызығын көруге жаны құмар.
Мешітке құдай жолын көксеп келмесе де, молдалардың ендігі мінездеріне қызыға келген осындай адамдар тобы, мінберде сөйленген сөздерге түгел тоя алмады. Айызы қана алмай қалған. Әсіресе, имамның "хұтпа" деп сөйлеп өткен жайларынан олар мүлде түңіліп қалған. Солар көбінше Сармолланың сөзінен дәме қылысты. Тобықты тымағын киіскен бір-екі қара сақал мен тағы бір бурыл сақал үшеуі бірін-бірі түртіп, тақымдарын қысысып, дәмеленіп отырысқан.
– Үндеме, сөздің беті енді түзелер.
– Бәсе, мына сөздің артынан ашылысар деймін беттері.
– Ашылар да, ашынар да. Сармолла осындағы молда, қожаның талайын шапқа түртті білем!
– Үндемеңдер, қызық енді болады.
– Жүр, қызығын көрейік!
– Тақап барайық, құлақ оты жерден тыңдайық.
– Бұлар жұрт алдында салғыласпағанмен, оңашада жақсы жарғыласады! – деп бурыл сақал сылқ-сылқ күлді.
– Мен білген Самұрат мәзін, соқыр қари болса, Сармолланың қолында өледі.
– Е, ауыздағысына жармасса жаны шыдар ма! – деп тағы бір тыңдаушы күле түсті.
– Тістеп тұрғанын тартқылап жатыр ғой. Жаны күймей қайтсін, –деп және біреу қостайды.
Бұл кезде хазіреттің қасына келген Сармоллаға Шәрібжан халфе, соқыр қари, Самұрат мәзін жан-жақтан ақырын айтқан айыптау сөзбен жабыла кетті. Олардың аузындағы сөздер сырттай сыпайы болғанмен, шын мәнін ұққан кісіге Сармолланы қатты күнә еткен адамдай қаралап тұр.
– Сармолла, сіз өзі надан жамағатты қайда адастырмақсыз!
– Ғазаппен өлген пұшайман мұсылмандарға көп молдалар аузы айтатын дұға, аят, хадистің сауабын аядыңыз ба?
– Сіз надан халықты, өзі қараңғыда адасқан халықты одан бетер тұйыққа, надандыққа, зұлымдыққа қамайсыз! – деседі.
Сармолла тек хазіретке қарап, бұлардың бар сөзін елеген жоқ. Үнсіз сыздана түсіп, кейде сәл ғана иығы сілкініп кекеткендей мырс береді. Жирен мұрты астынан езу тартады. Аласа бойымен Сармоллаға шаншыла қарап, жоғарылата көз тастап тұрған хазіретке естіртіп, Сармолла қысқа ғана айтты.
– Бұл күндерде кімде-кім халықтың қамын жеп, қасіретін ұқса, сол адам мен айтқан өсиетті айтатынына шүбә қылмаймын. Біліңіз, хазірет, бір мен емес, сіз имам болып отырған қазақ қауымы, қазақ қарындастардың сахарадағы және шаһардегі бар халқына қадірлі Абай мырза да айтады! – деді.
Бұл сөзді Сармолла осымен екінші рет айтқан. Соған орай елден келген атқамінер тобының бір адамы қатты дауыс беріп, қатулана килікті.
– Ой, молдеке, осы Абай, Абай деп қайта-қайта қоймайсың. Сол Абай туралы не білуші ең өзің!
Сармолла өзіне арнап бұндай тұрпайы үн қатқан кісіге жалт қарап еді. Ол – басында ақ елтірі жеңіл бөркі бар, кесек мұрын, бурыл сақалды кісі екен. Түйілген қалың қабақты, жалғыз көзді, орта бойлы, нығыз адам тәрізді. Сармолланың байқауынша, бұл сахара қазағының қасында сыртын ала қоршап тұрған бірнеше қала байы, саудагерлері де көрінеді. Сәнді киінген белгілі бай, киізші Сейсеке, оған тақау қасапшы Қасен, дүкенші Жақып, қылшы Сәрсен дейтін Сармоллаға мәлім кісілер. Бәрінің шатырлы ағаш үйлері бар. Осы махалланың "инабатты" дейтін белгілі саудагерлері тұр. Хазірет те жаңағы соқырдың қоршау қосарларын аңғарып, бұл адамға ілтифатпен қарады. Қалың сақалын тағы да сілкінте жыбырлатып, жұқа еріндері күбірлей жыбырлап, үздіксіз дұғаларын оқып тұр. Соқырдың өзіне қадалған жалғыз көзі еріксіз жауап айтуды тосып тұрғанын аңғарды да, Сармолла Абай жайын айтып берді.
– Мырза, сіз менен Абай жайын сұрадыңыз. Мені ол кісіні білмейді деп ойлаған шығарсыз. Сізге мағлұм болсын, мен Ибраһим мырзаның қазақ халқына ұстаздық, өсиет етіп жазған сөздерін бек білемін. Және аса зор құрмет етемін. Ол заманымыздың асылзада адамдарының бірі деп білемін! – дегенде, жаңағы соқыр шапшаң сөйлеп кетті.
– Абай деп көп алданған сорлының бірі көрінеді мынау молда. Айтпасыма болмайды. Мен Абайдың қасындағы халықтан шыққан адаммын. Абай дегеннің бар шынын міне менен сұра, мен айтайын. Ал Абай сахара халқын азғырып болған. Ата жолынан, дін жолынан аздырған. Өзі орысқа табынған, барып тұрған бүлдіруші, ел бүлдіргіш, азғын. Біз қалаға келдік, мынау құдайдың үйі мешітке келіп тұрмыз. Осындағы имамға иланамыз, мұсылмандық жолындамыз деп келіп тұрмыз. Тағы да алдымыздан Абайды алып шығып аздырмаңдар жолымыздан. Тым құрса шәһәрімізді, бұндағы бәйтолланы, тәңірге иіп, сәждә қылатын жерімізді Абайдай орысқа шала шоқынғанның атын атап арамдамаңдар. Сен, Сармолла, халыққа өсиет айтамын дейсің. Сол өсиетіңнен бұрын әуелі өзің аузыңды тазала! – деді.
Бұның айналасындағы байлар мен қари, мәзіндер мәз бола күлісті. Олар арасынан:
– Дұрыс айтады Оразекең!
– Мақұл айтты Оразбай ақсақал.
– Молда адасады. Тыңдасын, әне не айтады екен, оқымаған халық адамы! – деседі.
Сармолла жаңағы соқырдың кім екенін енді білді. Абайды бар жерде жамандап, сол арқылы ұлықпен де жақсы, елдегі нелер жуан бұзықпен де, содыр-сойқанмен де жақсы боп жүретін Оразбай дейтін соқыр бар. Абайдай жақсының дұшпаны! – деген сөзді Сармолла кейбір дұрыс адамдардан да естіген болатын.
Жаңа Абайды аямастан қаралаудың үстіне Сармолланың өзін де әдепсіз, тұрпайы түрде қағытқан Оразбайға қарсы, ызақор Сармолла қазір қатты ашуланып қалған еді. Ол бұндай кезде басына қандай соққы тисе де, бір айтарын қауып түскендей етіп, қатты айтып салатын. Ашуында ауыздық жоқ дағдысына басты.
– Ә, мырза, мен сіздің Оразбай екеніңізді жаңа білдім. Не харакетпен, не фиғылмен сіздің өзіңізге абырой тауып, мал тауып жүргеніңізді де білемін. Сіздей адамдар туралы хазіреті Абуль-Ғала Мағри1 айтқан еді.
Фәиннәл үсідә, тәтбағұһа зиһабен,
Уағұрбәнен фәмән ғұррен, уәғұр жөн...
Яғни "Арыстан жүріп өткен ізбен ақсақ, соқыр бөрі де, қарға, құзғын да ілесе жүріп азық айыратын", – деп. – Сіздей Оразбайлар өздігіңнен халыққа не берем дейсіз? Шын жақсыны жамандап қазіргідей, жаңағыдай жүз берем дейсіз, әлбетте! Сонымен де атымды шығарып күн көрем дейсіз ғой! – деп бір-ақ кесті.
Өңі де қып-қызыл боп, алтындай мол сақалын қатты бір-ақ сілкіп тоқтаған еді. Оразбайдың қасындағы байлар қожырай жөнелді.
– Моллеке, тіл тигізбе!
– Молда, сіздің бұныңыз не?
– Бұл кісі мейман. Бұныңыз лайық емес! – десе бергенде, солармен жарыса Сармолланың сыртында тұрған қаланың жай халқының бір тобы, жаңағы байлар тобына қарсы, жапырлай сөйлеп қарсыласа кетті.
– Сармолланікі дұрыс.
– Зорлық етпеңдер!
– Қонақтың өзі бұрын тиді молдаға.
– Сармолла сөзінің бәрі дұрыс, жабылмаңдар!
– Халыққа шынайы жаны ашып, достық сөйлеп тұрған осы Сармолла деп білеміз біз!
– Басқасы жоқ, не десеңдер о де!
Осындай үндер мінбер маңындағы адамдардан басталып, төменде сөзді тосып тұрған тағы бір топ жай адамдар арасында да қатты даурығып естіле бастады.
1А б у л ь-Ғ а л а М а ғ р и – арабтың Х-ХІ ғасырларда жасаған классик ақыны.
маңында, биік алаңда қалған жұрттың бәрі де қозғалды. Хазірет енді тек қана Шәрібжан, соқыр қари, Самұрат мәзін және ұзын бойлы көсе қара Самат халфенің қоршауында келе жатқан еді. Сармолланы сәл ғана белгі етіп оқшаулап алды. Бес-алты сәлделі дінбасылар өздері ғана болып оңашалана бергенде, бағанадан күйіп болған хазірет енді Сармоллаға аса суық ажармен сөз қатты.
– Әфәндім Сармолла! Мен сізді тыңдадым, тыңдадым да таныдым. Білдім, енді халас! Бір ғана нариза уәһәм хахихат сөзімді айттым. Сіз ғайыплысыз, қайтыңыз тез қателік жолдан. Тыйылыңыз, фәләкәттан! Анық үшін сіз қиянат жолына бастыңыз! Қайтыңыз лағнат ниеттеріңізден! Қайтпасаңыз, малғұн боларсыз! – деп, қолындағы аса таяғымен жерді қатты түйіп қалды. Кірпіксіз суық көкшіл көздерін Сармоллаға қатты жиренішпен қадап тұрды. Сармолла қып-қызыл боп тұтана түсті де:
– Хазірет, сізді бұ қасыңыздағы халфе, мәзін, қарилер осылай маған қарсы уағыздаған. Сіз солар сөзін айтасыз. Бұл мен үшін қиянат деп білемін. Себебі сіздің бұл адамдарыңыз ғаділетсіз, зұлым. Шунки олар мұтасиб емес, ұрылар! – дегенде, Шәрібжан халфе мен соқыр қари дүрсе қоя берді.
– Сен өзің залым!
– Сен бәдбахт!
– Сен кәззапсің! – деп, Самұрат мәзін де жағын тістеп, екі көзі қанталап ұмтыла түсіп еді, Сармолла осы кезде қатты ашуланып, айғайлап жіберді:
– Тоқтат хақарат сөздеріңді. Болмаса қазір-ақ мен махалла халқын жиямын. Кім кәззап, кім залым, кімдер ұры екенін қазір осы арада ашып, шешуін талап етемін! – деді.
Енді ұрысты тыңдамай жүре бергісі келген хазіреттің алдында Сармолла көлденең адымдай түсіп, ең соңғы аса қатал және соншалық салмақты бір қаруын жұмсады. Осы мешіттің ол білетін сондайлық қараңғы, сорақы сыры бар еді. Айғайлап тұрып, хазіреттің құлағына әр сөзін нықтап тұрып соны айтты.
– Мен махалла халқының алдында ұрының, залымның атын атап беремін, ендеше! Халыққа пәле, қаза шақырған кім? Оған куәлар бар. Тірі куә, өлі куә болады. Ең алдымен мынау мешіттің астында тұрған үш табыт куә! Осы оба фәләкәті келерден бұрын "адам өлмеді", "жаназа болмады", "фидия, садақаға тойымсыз терең қалтам толмады" – деп табыт қаққан кісілер бар. Солардың қара тілегі бүгін халық басына мұншалық зор апатты, соншалық көп өлімді әкеліп отыр! Кімдер сол табытты қаққандар! Қай күні, қай кеште, қай намаздан кейін табыт қақты?1 Оны мен ғана емес, хазірет, менен басқа да сіз иланатын, инабатты бес адам көрген. Тілейсіз бе, қазір мен сол масқараны әшкерелейін?! Мынау тұрған Самұрат мәзін, мынау ғаріп болса да, іші жауыз соқыр қари, мынау Шәрібжан халфеңіз үшеуінің де мен тілесем дәрхал жүздерін халық алдында қап-қара етіп таңбалаймын. Тілейсіз бе қазір! Халықты шақырып алып мен: "біліңіз, уә ағаһ болыңыз, мұсылмандар" – деп, осы мешіттің соншалық масқара қылмыс сырын фаш етейін бе? – деді. Соңғы сөздер тұсында даусын зорайта шығарып, қатты қадалып тоқталды.
Осылайша бар сұмдық жаңалықты енді ғана білген хазірет үн қата алмай, ауыз аша алмай қалды. Ол тек құп-қу болып шошына қалтырады да, Сармолла жақ бетін алақанымен қоршағандай болды. Тағы да ақ сақалын дірілдетіп, сілкінтіп, өз-өзіне күбірлеп, дұғаларын оқып тайқи берді. Сармолланың ендігі айтқан айыбы әрі шын болғандықтан, әрі халық естісе, мынау қазаның үстінде мәзін мен қари, халфені лаулап тұрған отқа тастағандай жаза болатынын сезген оның жаулары қатты шошыды. Өтірік сұрқияланып, түршіккен кісі болып жағаларын ұстап, "астағфиралла", "сүбіханалла" дей берген болды. Содан басқа түк айта алмай жым болысты.
1" Т а б ы т қ а ғ у" деген дінбасылар мен діндар халық арасында зор сұмдық саналатын. Ол–өлім тілеу, кім болса да тың біреудің өлімін тілеу.
Осы оқиғаның ертеңінде бұл махалланың көк төбел үйлі көрнекті бір байы – Жақып дүкеншінің кәрі әкесі обадан қаза болды. Бай үйлерге өте сирек соққан бұл апат ауру, ірі саудагерлердің ішінен ер-азаматты әкетіп отырғаны осы. Жұрт не айтса да, өз әкесін Жақып саудагер бұрынғы үйреншікті, дағдылы жол-жөнмен жөнелтпек болды. Сонымен, кешегі халфе, қари, мәзіндердің бәрін хабарландырды. Бүгін таң атқалы оның арнаулы хабаршылары төменгі мешіттің имамы, халфе, мәзіндеріне және бер жақ пен ар жақтағы Жақыптың өзімен іліктес, дос-жар, жақсы таныс саудагер, қажылар, байлар үйіне де хабар еткізді. Сөйтіп, дүкенші-саудагер Жақыптың асты-үстілі бес-алты бөлмесіне тегіс дастарқан жайылды, қабырғаларды іргелей ұзын көрпелер салынды. Аса көп жұртты күтуге әзірлік жасалды. Қораның іші мен ас үйдің бәрі - түгелімен палау басқан, сарбұға салып былқытып ет асқан қазан, ошақтарға толы. Әр бөлменің леген-құманы, майлық-сулық орамалы әзірленіп, осы байдың приказшігі, тіл-хаты, малайы есебінде жүретін жеті-сегіз жігіт күтушілер де әр бөлмеде қонақ тосумен болды.
Бірақ осынша әзірлікке қарамай, Жақып байдың әкесі Жұмаділ қарттың жаназасы жетім қыздың тойындай боп шолтиып қалды. Себебі бұл жаназаға екі мешіттің дінбасылары мен Жақыпқа алық-берік айласы бар, істес боп жүрген он шақты саудагерден басқа жұрт келмеді. Жиын Жұмаділ отырған кішілеу бөлмені ғана толтыруға жараған бір шөкім саудагерлер мен сәлделілер ғана.
Өзге бар бөлме келмеген қонағын тосып бос қаңырап қалды. Жаңағы аз топтан басқа, бай үйіне қай күні болса да кіруге рұқсат етілмейтін соқыр қайыршы, ақсақ, саңырау, кем-кетік тіленшілер ғана келген еді. Жиылған имамдар мен Жақып бай "жамағат келер" деп бір сағат, екі сағат тосты. Сенбінің сәті енді біраз тосса ауып кететін. Сонымен, амалсыздан асығып, өлікті шаңқай түс бола бере қазақ зиратына апарып, көміп қайтысты.
Содан қайта жаңағы жасаулы үйге келіп, асқа-дәмге кіріскен шақта ғана кейбір саудагер мен бірен-саран дінбасылардың тілі шешілді. Іштерінде бағанадан бері түйін боп жатқан "кесір" шетін шығарысты.
Сармоллаға кеше қарсы болған киізші Сейсеке, қасапшы Қасен бүгін әсіресе ызаланған екен. Бұлардың қасында ұдайы қосалқы, қостаушы, құптаушы боп жабыса жүретін Қорабай, Отарбай дейтін ожар-сотқар, пәлеқорлар болушы еді. Олар малы-пұлы, тән-сомасы шағын саудагерлер болса да, осы отырған байларға қол артып, осылардан ұдайы дәме қып, өздеріне жағына жүретін. Сөзуар, пәлеқор, "айғайшы қаралар" осылар болатын. Мынау үш-төрт бай оларды керек кезде емеурін жасап, айтақтап қояды. Білегі жуан, қамшылары дырау, жанжалқойлар да осылар. Жаназа үстінде Жақып байды қала халқының бүгін осынша жалғыз, жалаңаш тастағанын Сейсеке мен Қасен байлар қатты кінә қып сөйлеген. Сонда және "бұның бәрі Сармолла салған пәленің ғаламаты" – деп Қорабай, Отарбайларды Сармоллаға өшіктірген-ді. Мынау екі ожар болса, кешегі мешіттегі жанжалды өздері көрмесе де, көп естіп қанып алған.
Енді ас үстінде солар "Сармолланың кесірі тиді", "Сармоллаға тыйым бола ма, жоқ па!" – десіп, Жақып үшін күйіп те, намыстанып та сөз қатысқан. Байлар бұл тұста сөзге араласқан жоқ. Тек Қорабайларды құптайтындарын ғана айтып, бірі тамсанып, бірі бас шайқап мекірену-ыңыранумен болды. Семіз қарындары ғана сөйлегендей рай танытқан. Хазірет те солар тәрізді үндемеуді, шешіліп ашылмауды мақұл білген. Тек соңғы күндерде Сармолла десе тұтана жөнелетін белгілі халфе, қари, мәзін қысқа бір-бір ауыз сөзбен Сармоллаға лағынет айтысты.
– Сармолла әлі талайды аздырар!
– Махалла халқын дін жолынан адастырмаса не қылсын.
– Мұншалық апаттай ғазап күндерде соншалық қас ниетті ойлар ма?
– Өйтпесе Сармолла болар ма?
– Ол имамдардың, хазіреттердің бар мұсылман қауымы атынан айтқан бәддұғасына, теріс батасына ұшырамай тоқтамас! – десті. Осы соңғы бір аса зәрлі жайды өзгеше айлакер қулықпен Самұрат мәзін айтып тоқтады.
Өз имамын Сармоллаға өшіктіріп шүйлеудің үстіне, төменгі мешіттің үнсіз отырған Қоңырқожа дейтін имамын да осы жайға әдейі жетелей әзірлеп, шаң беріп отыр.
Қаланың беделді байларын, сотқар, ожар Қорабай, Отарбайларын да осы сайқал сөзімен еліктіре түсіп, айтақтап қойды.
Бірақ қазір фидия, садақа бергелі отырған, қаза көрген осы дастарқан иесі Жақып бай, бұл сәтте жаңағы сөздерге бірде-бір шырай бермеді. Томсара сызданып, үндемей қалған. Ол әкесінің өлімі үстінде біреулерге қосылып, біреулерді жамандасып сарапқа салып отыруды лайықсыз көрді. Ішінен Сармолланы бүгінгі жаназаның қорлығы үшін, масқаралығы үшін түтіп жегендей болса да, бар кегін кейінге сақтап отыр. Қабарған қызыл жүз, бітік көз, тықпа күрең сақалды Жақып бай осы қаладағы айлалы саудагер. Салмағы мен сызы мол бай.
Қазір сол Жақып үндемеген соң Сармолланы сарапқа салған сөз ұзаққа бармады. Бірақ осы бөлме тола отырған сәлделілер мен саудагерлер жаңағы бетте Сармоллаға бәддүға1 оқумен тарасты.
Осыдан бір жұмадай мезгіл өткенде оба науқасы әлсіремей, күшейе түсті. Талай үйлерге рахымсыз, тоқтаусыз қасірет-қайғы, қаралы қаза араласып тұр. Сонымен қатар енді алғашқы оба келген күндердей емес, барлық жаназаларға, хатімдерге барушы жұрт күн санап азая берді. Анау жұмадағы хұтпадан кейін болған қақтығыс жайы ар жақ пен бер жақтың барлық жаназаларында, хатімінде, жетілерде қалың сөз болып, барлық қалаға тарап жатты. Мешіт-медресемен байланысы жоқ, намазға бас қоймайтын көп қала халқы хабарланды. Олар базарда, қайық үстінде, аралда, көпшілік баратын ішіп-жем жайларында "Сармолла мен бар молда" арасындағы талас сөздерге қанық болды.
Молдалардан тараған және бер жақтың бірнеше байларынан естілген сөздер Сармолланы аса қатты жамандайды. "Бас мешіттің имамына, қарт ишанға халық алдында Сармолла қатты қарсы шығыпты. Сонымен өзі дінді шала білетін қазақ қауымының арасына жалған өсиет, қауіпті үгіт таратыпты. Көпшілік надан қауым енді жаназадан қашып, өліктерін имам, молдасыз да жасырып қойып жатыр екен" – деген хабарлар ар жақтың жеті мешітінің бар имам, халфе, қари, сопы, қожалары мен мәзіндеріне жетті. Діндар, жалған сопы байларына да мол тарады. Тағы біраз күндерде Сармоллаға қарт ишан енді бәддұға оқиды екен деген сөздер де шыға бастады.
Осы күндерде, Абай Құмаштың үйінде кітап оқумен шұғылданып отырған бір күнде, түс мезгілінде, шешесі жұмсаған жайменен Дәмежанның үлкен баласы Жұмаш келді. Көзі жасты, жіңішке сида бойлы бала жігіт бүгін таңертең обадан әкесінің қаза болғанын хабарлай келіпті.
Абай бұдан бұрын да Құмаштың осы басжатақтағы екі қабат үйіне көрші отырған бірнеше кедей, нашар қайықшы, отыншы, сауыншылардың үйінде болған. Бәріндегі қазаға көңілқостық білдіріп, кіріп шыққан. Дәмежанның үйіне де ол іркілместен келді. Өңі-жүзін, нұрлы, қарақат көзін шыны қасірет жасымен жуып отырған Дәмежанға Абай құшақтап көрісіп, жұбату айтты. Осы үйдің көршісі Жабайқан да өлген екен. Оның ересек баласы Бидайбайға да көңіл айтып, әкесінің орнына кіріп шыққан. Абай қалаға келгеннен бері оба науқасы қалыңдай түсіп, талай жанды әкетіп жатыр. Әсіресе Дәмежан үйіне келіп, осы маңда өзі білген кедей-кепшіктің жайларын сұрастырғанда, Абайдың бұл халыққа өзгеше жаны ашыды. Он жасар жалғыз-жалқы ұлынан айырылып, құп-қу шөлмектей боп жылаған ананы көрді. Абай жайларын жақсы ұғатын момын етікші Сақып өлгенде, артында шиеттей алты баланың ортасында қалған Қамар дейтін есті әйел бар еді. Балаларының аштығынан қиналған сол әйел, мойкеге жүн жууға барып жүріп жақында өзі де оба боп келіпті. Бар баласының алдында қор тірлікке иман айтып қоштаспай, лағынет айтып көз жұмыпты.
1Б ә д д ұ ғ а – теріс бата, қарғап-сілеу, жазалау дұғасы
Дәмежанның тағы бір көршісі отыншы Түсіп екен. Сол аралдан отын алып қайтып, ертең базарға апарып, ауру әйел мен қарт шешесіне болымсыз сусын әкелмек еді. Отынын зорға арқалап есік алдына келіпті де, жығылып жан беріпті. Өйткені есіктен кіре берсе, қарт шешесі мен бұған пәрмәне болған жан серігі, есті жары - Сәтжан қатарынан оба болып жатыр екен. Өзі кеткенде сау жандарының ендігі жүздеріне өлім ноқтасы түскенін көргенде жүрегі жарылып өліпті.
Осы жұрттың бәрі де Сармолланы ауызға алуды қоймайды. Дәмежан да Сармолла айтты деген өсиетті балаларынан естіпті. Аралда пішен шапқан, отын кескен бар бейнетқор баршасы да енді жаназаға имам, қарилерді шақырмайтын бопты. Дәмежан да жылап отырып мешіттің молдаларын Жәбікеннің жаназасына шақыртпағанын айтты.
Абай оның байлауын мақұл көрді. Бұл үйге Абай отырғанда келіп-кеткен басжатақтың қайықшы, етікші, ұстасы, жұмысшысы көп болып еді. Бәрінің де Сармолланы құптап, соның ақылын ала жүргендерін Абай жақсы қабылдап, ақыл бере сөйлеген.
Дәмежан үйінен шығып, өз пәтеріне жаяу келе жатқан Абайдың есіне жаңа естіген қайғылы өлімдер түсті. Етікші Сақыптың, жесір қатын Қамардың, отыншы Түсіптің өлімдері енді жеке-жеке ащы қасірет, ауыр тағдырымен көзге айқын, жақын елестеді... Аталар, аналар зар-шерлері... Балалар соры, жетімдігі, панасыз, аш-жалаңаш, қат-қабат ауыр бейшаралықтары – бәрі де Абай жүрегін қатты жанышты. Күрсіне де алмай, тыныс тарыла қамығып, қалың ауыр сордан шошыды. Дәрменсіздік әсіресе булықтыра қысады... Үй емес, тыста, елсіз көшеде жапа-жалғыз келе жатса да, Абай өзін тұншығып бара жатқандай сезінді. Халық қайғысы ойлы көңілді қамқор жанды анық ауыр уайымға, шынайы терең қасіретке сала бастады...
Ол осы бетте пәтеріне қайтқанда, Құмаштың қорасына қырдан келген, шаң басқан пәуеске кеп кіріп еді. Бұл келген Абайдың екі жұмадай тосып жүрген баласы Әбіш пен оның жаңадан ғана үйленген келіншегі Мағыш екен. Абайдың үстіне, ол отырған бөлмеге Әбіш сәлем беріп кіргенде, Мағыш іркіліп ұялып есік сыртында қалып еді. Абай соны аңғарып қалып, офицер киімін киген, қалаға әскерлік формасымен кірген Әбіштей баласының сәлемін жөндеп алмастан-ақ, оны қайта жұмсады.
– Сәлемің жөн, бірақ артыңда, есік сыртында менен ұялып Мағыш тұрып қалды. Олай қалуы сенің офицерлігіңе, менің аталық әкелігіме жараспайды. Бар, ертіп кір үстіме. Менімен амандасудан ұялмасын бұдан былай! – деді.
Әбіштің қоңырқай қызыл тартқан тотыққан жүзі қып-қызыл боп кетті. Ол қысыла күлген бойында, әскери қозғалыспен шұғыл бұрылып, есікті аша берді де, Мағышты өзінен бұрын кіргізді.
Мағыштың бой сымбаты сұңғақ, биік. Аппақ маңдайына, қара қасына шұғылалы үлкен қой көзі, сәл ғана қайшылықтай болса да, жақсы жарасқан. Абайдың жүзіне Мағыш көзі құрмет ізетпен қарай түсіп, төмендей берді. Толық сұлу еріндері мен сопақша келген аппақ қызғылт беті де әдептілік танытады. Қызыл еріндерінде сәл ғана сыпайы жымию бар. Бұл жүзден уыз жастықтың сүттей таза, момын адалдығы нұр атады. Абай оған "қарағым" деп амандасты. Әкелік бейілмен жылы достық аңғартты.
– Ұзақ жолдан шаршап талмадың ба, Мағышым! – дегенде, Мағыш әсем дауыспен ақырын ғана:
– Жоқ, аға, оншалық шаршағам жоқ, – деді.
Абай бұл балаларының өз қасында болуын, әсіресе, бер жақта қалуын қауіп санайды. Әбіш пен Мағыш екеуінен де сол ойын іріккен жоқ. Қазір аттарын доғартпастан тезінен ар жаққа жөнелу керек. Абай солай байлаған екен. Ар жақта бұлардың түсуіне лайық, көп жұрт бармайтын Данияр деген оқыған қазақтың үйі бар. Оны Әбіш те біледі. Жастар енді сонда барады. Осымен Мағышты Баймағамбет ертіп тысқа шыға берді. Абай сәл іркіліп қалған Әбішке тез ғана бір мәслихат айтты. Оны жаңа ғана есіктен шыққан сұңғақ, сұлу бойлы Мағыштың сыртына қарап айтқан еді.
– Ауылдағы енелер мен абысындарға қосылып Ділдә келініне кимешек-шаршы, қалың жібек желек кигізіп жіберіпті. Мағыштың өз бойының жарастығын жеткізе түсем деп, жасыра түсіпті. Қаланың үлгісіне лайық емес. Сенің бұдан былай араласатын ортаңа кимешек-желектің керегі не, қалай дейсің? – деп, Абай күле қарап еді. Әбіш өзінің бұрыннан байлап қойған жайының үстінен дәл түскен әкесіне ырза болды. Үндемей күліп, бас иді де, шығып кетті.
Дәмежан үйіне барып, ондағы бір үй емес, көп үйдің қазасын көрген Абай, ауыр бір мұң ойлап қайтқан. Әбіштердің келуі, қызықты баласы мен келінін қалада көру жаңа бұның көңілін алаң етіп, сәл сейілткен еді. Енді Әбіштер кетісімен сол уайымы қайта оралды. Бір үйде емес, күңіренген көп үйлердің көкірек жарған өксігін естіді. Жетім балалар мен жесір жар, жылаулар, аналар айырылу күйігінен жалын атады. Қасірет басқан жандардың үні мен демі әлі де қақ қасынан шарпып тұр. Етер шара, көрсетер көмек аздығы өзгеше қинайды, қапалы көңілді қыса түседі. Жұрт уайымын өз аузынан естіп, азалы жүздерін өз көзімен көрумен қатар, Абай қала кедейлерінің Сармолла турасындағы дұрыс бейілін де байқады. Оны ел кінәламайды.
Бірақ бүгін таңертеңгі шайда осы үйдің иесі Абайға бір жай айтып еді. Сол аз сөзді, турашыл адам – Құмаштан естіген сөз қазір тағы еске түсті. Құмаш кеше түнде ястау намазына барып, мәзін, халфелерді көріпті. Соңғы күндерде базарда Сейсеке, Қасен, Отарбайды көрген. Солардың өз ауыздарынан естігендерін Құмаш Абайға жеткізді. Сонда ең соңғы айтқаны:
– Сармолланы бар молда мен саудагерлер аса жек көріп алған көрінеді. Соншалық өшіккен тәрізді, тіпті айтып болмастай. Немен тынарын да білмеймін! – деген.
Абай бір жағы осы сөзді ести отырып, екіншіден, кедей үйлерінің жайын ойлап, енді Павловқа бір соғып, сәл ақыл қосып қайтуды мақұл көрді.
Павловтың пәтері Слободканың орыс бөлімінде, каланча мен больницаның аралығында болатын. Құмы жоқ кең көшемен Абай тақап келгенде, жалғыз қабат, қоңыр шатырлы үйдің күн жақтағы екі терезесінің сыртқы қақпағы шала жабық екен. Шықырламай жеңіл ашылатын кіші қақпаны Абай ашып, қораға кірген жерде, ол орыс үйдің қорасын аңғарды. Ашық ауланың тап ортасында ағаштан қиып биіктеп қойған құдық сырты көрінді, салма ағашы да бар. Одан әрі тауық пен қаз, үйрек шұбырып кіріп жүрген құс қорасы. Кішкентай ғана төбесі жабық сиыр қорасы да бар.
Өзіне белгілі пәтердің сыртқы есігін ашып, чуланға кіре бергенде, Абай орыс үйінің ішкі ерекшелігін де аңдады. Төбеде моншаның сыпыртқысы қыстырылыпты. Бұрыштағы су сақтайтын күбі шелектің беті жабық. Және бұнда биік қолжуғыш тұр. Ол көк түске боялған қалпында кішкене чуланның көркі тәрізденеді. Екі жақ қаңылтыр қанатына қызыл көк сабындар қойылған. Үй иесі – сағатшы Савелийдің тазалықты алдымен ескергені байқалады.
Осы үйдің барлығы төрт бөлме болғанда, жарымында сағатшының өзі де, қалған екі бөлмесінде Павловтар тұратын.
Абай келгенде Павлов пен Александра Яковлевна да өздерінің осы бер жақтағы больницаға жақын, кішкене пәтерінде, үйде екен. Абайды бұл үйге әкелген уайымымен қатар, күдікті бір сұрағы да бар. Ол Александра Яковлевнадан сол соңғы жайын сұрастырды.
– Не себепті мен келген кезде, осы екі жұма бұрын ауру да, өлім де азырақ еді? Неліктен асқындап, көбейіп барады? Бұлай болғанда осы халықты құртып болмай тоқтамайтын болғаны ма? Қайткенде тыйылады? – деді.
Жаназа, хатімдерге соңғы он шақты күннен бері қала халқы өте аз барады, тіпті жөнді жиылмайтын болып еді. Сонда да ауру неліктен саябырламайды, асқындап кетті, осы жайды сұраған.
Дәрігер әйел Абайға өзінің қажып, талған, мұңшыл қаракөк көзімен ұзақ қарап алды. Оның ашаңдау жүзінде, жұқалау біткен шекесінде жіңішке көк тамыры білінеді. Абайдың уайымын ол адамгершілік белгісі деп түсінді. Өз жүрегі де осы күндерде көріп жүрген селдей мол көз жастан қиналатын. Қазір бұл әйел Абайға аса бейілді, ынталы жауап берді.
– Ибрагим Кунанбаич, сіз алғаш келген кезде бұл қалаға ауру жаңа ғана араласқан-ды. Ол мынау ыстық күндерде осылай үдемей қоймайды. Ал жаназалар өз істейтінін істеп болған. Сонда ауру жұқтырған жеке-жеке адамдар, енді өздерінің үйлерін дертке ұшыратып, жұқтырып жатыр! – деді.
Сонымен қатар Абайдың мүлде үмітсіз уайымын дәрігер әйел теріске шығарды.
– Ауру енді екі жұма, көп болса бір ай шамасында азаяды да тыйылады. Ол август айының салқындауына қарай бәсеңдейді. Себебін де азғана айта кетейін, Ибрагим Кунанбаич... Бұл ауруларды да, басқа көп жұқпалы аурулардай, залалды микроб тудырып, жаяды. Ол микробтар ыстық шақта күшті тірлік етеді. Ал салқынды сүймейді. Салқында әлсіреп, өздігінен өліп, қырыла бастайды! Суық түскен шақта ауру мүлде болмайды, басылады, – деді.
Сонымен қатар күйеуі мен Абайға Александра Яковлевна бүгін больницада болған, көз жас арасындағы бір күлкі жайды әңгіме етті.
Көптен күлкіні ұмытқандай боп, қаны қашқан әйелдің ашаң жүзі енді сәл әзілқойлықпен жылынып, жадырай берді. Бүгін таңертең бұл дәрігер больницаға барғанда ойда жоқ оқыс қызық бір халдің үстінен түсіпті.
Семей шаһарына, Слободкаға оба науқасы араласқаннан бері бұндағы жұрттың бәріне енді мәлім болған, бұрын халық атаулы көріп-білмеген, адам шошырлық "қара арба" дейтін арбалар шыққан. Бұларды күн сайын ерте мен кешке, қаланы аралатып шығуға больницалар жібереді. "Қара арба" кәдімгі кең сары арба болған да, үстіне биік үйшік етіп, айналасына тұйық жабық брезент қоршау жасалған. Оба науқасының індетті құртын зарарсыз ету үшін бұл брезент пен арбаның өзіне де карболкадай қара май төгіледі. Сондай қап-қара май сіңген үлкен брезентті арба, обадай обыр дерттің баршысы тәрізді. Өзі де жаман сұмдық белгісі есепті. Өйткені бұл арба қаланы аралап жүріп, көшеде, ойда жоқ жерде өліп жатқан адамдар болса немесе өлмелі аурулар болса, соларды жинап, больницаға әкеледі.
Бүгін Александра Яковлевна аңдаса, сондай екі арба больницаға таңертең оралып келген екен. Соның біреуінің ішінен екі еркекті түсіріп жатады. Дағды бойынша бұларды оба екен десе, олар арбадан өздерін түсіргенде боқтап, бұлғақтап, қарсылық көрсетеді. Больница адамдары енді аңғарса, ол екеуі ауру емес, мастар болып шығады. Құйма түбінде жығылып жатысқан соң бұларды да күндегі оба науқасы екен деп қара арбашылар алып кеткен. Қазір арбадан түсіргенде екі мас бірін-бірі сүзе қағысты. Бұлғақтай түсіп, бірін-бірі нұсқап, әуелі ырсылдап күліскен-ді. Ұзын бойлы, ұйпаланған сары сақалды біреу аласа бойлы тықыр қараға әзіл айтпақ болады.
– Сені мынау жақсы адамдар оба десе, сен ғой, ұятсыз, алдайсың! – деп, біресе сақылдап, біресе ырсылдап күледі.
Анау болса, өзінің қанталаған ала көзін әрең ашып, қайда тұрғанын аңдай алмай сипаланады. Құтты бір ендігі жүрген жерін қалтасынан қарап білетін кісідей, бешпетінің екі қалтасына қысқалау қолын кезек-кезек сүңгітті. Ырғала тұрып, бір сәтте оң жақ қалтасынан бір бумажник суырып алды. Өзі енді сол мыржиған майлы қара бумажникке не таңданып, не наразы болғандай үрке қарап, алақанына салып созып тұр. Сол сәтте бұл бумажникке көзі түсіп, енді өзі қалтасын сипалап тұрған ұзын бойлы, сары сақалды жаңағы күлген жүзін, ақситқан тісін өзгертпестен кеп аласа қараны әлсіз қолымен қойғылай жөнелді.
– Сен талаушы, кісі талаушы, маскүнем! – деп қояды.
Артынан анықталса, бұл екеуі екі жерде ішіп, біріне-бірі жақын жерде құлаған екен. Тек әуелі сары сақалды мас болып жығылып жатқанда, соның үстіне анау екінші мас келеді де, оның қалтасын ақтарып тонайды. Сөйтіп, өзі мас, ананы тонаймын деп жүріп мүлде ләйліп болады да, ілгері қарай, жарым квартал жүріп барып, о да құлайды. Қазір олардың оба емесіне больница таңданса, олар өзді-өзі де аң-таң. Бірі ұрысын тауып, екіншісі өзі тонаған жемін тауыпты. "Бұл дүние не қылған сандырақ түс тәрізді, опасыз" дегендей аңырған жайлары болыпты.
Александра Яковлевна айтып берген бұл оқшау оқиға Абай мен Павловқа екі түрлі әсер етті. Павлов әдеппен сәл күле беріп, мысқыл байқатып бас шайқады да, ернін шүйірді. Абай күлген жоқ. Ол өзінің осындай жандарға қарап айтқан екі жол ажуа өлеңін еске алды:
Есер, есірік болмасаң,
Тіршіліктен пайда жоқ...
Өлеңін айтпай, достарына ол осы өлеңдегі ойын айтты.
Жұртта кім жоқ?! Жылаған мен шерленгеннің арасында "тапқаным осы, табынғаным осы" деп жындыбастыққа салынатын жандар да бар... "Мейлің ыза бол, мейлің күл" – деп жиреніш ойлап қалды.
Басжатақтағы көп кедей үйлердің өлім қазасы мол боп жатқанын Абайдан естумен бірге, Павлов та бұған өзі білген өлім-қаза жайларын айтты. Ол ар жақтан Затондағы пароход грузчиктерінің ортасында жиі болады екен. Сондағы тон заводы, пима басатын, сыра қайнататын, арақ ашытатын дүкен, заводтарда Павлов жиі болушы еді. Бер жақтағы мойканың, тері заводының және қайықша атаулының көп топ жұмысшыларымен ұдайы араласы бар екен. Абайға өзі көрген жайларын жеткізе отырып:
– "Азап қайда, жоқшылық қайда, адам тірлігінің ит қорлыққа түскені қайда?" –десеңіз, Ибрагим Кунанбаевич, бәрі де сол мен көрген жерлерде. Әрине, мынау ауыр дерттің әсіресе ойнақ салған жері де сонда! – деп баяндады.
Осымен қатар әйелімен екеуі қосылып, Абайға және де қазақ халқы арасына осы аурудан сақтану жайын білдіру қажет екенін айтысты. Бұл жөнге келгенде бұлар бұқара қамын қатты ойлайтын дос-жар адамдар жүзімен жарыса айтысады. Осы күндерде өздерінде обадан басқа уайым жоқ. Обаға ұшырап жатқан қалың қарындас-бауырға қам ойлап, пәруәна болудан басқа бірде-бір шет жайлар, мұң да жоқ тәрізді. Бұл достарының қазақ кедейі үшін барын құрбан етер бейілін көре отырып, Абай өзінің де жұрт керегіне жарауы аса қажет екенін ойлады. Ол бұл сәтке дейін өз тарапынан не қимыл жасарын, қандай амал табарын аңдай алмай жүрген. Достарына Сармолла әрекеті мен әңгімесін Абай баян еткенде, олар Сармоллаға қатты сүйсінді. "Ондай адамды қостау керек, барынша көмек етіп, сол бастаған әрекетін тоқтатпай соза беруге қайрау керек. Бейілдендіру қажет!" – десті.
Абай бұлармен ақылдасып, енді өзінің де бір жол тауып, ар жақ, бер жақтың халқына ақыл айтуын қажет деп байлады.
Александра Яковлевна Абайдай беделді адамның сөзі қазақ қауымына қаншалық қымбат болатынын өзгеше ойланып еді. Ол сол ойын дағдылы ісшілдік, ширақтығымен қолма-қол іске асыруға асығады. Сармоллаға дінбасылар қарсы әрекет сайлап жүр дегенді түсінгенде, әйел Абайдың өзіне де ақыл қосты.
– Барсаңызшы, сіз мұсылмансыз. Сол мешітке сіз де барып, жұма намазында сіз де сөйлесеңізші! Неге сөйлемеске, Ибрагим Кунанбаич? – деді. Ашаң аппақ жүзі қып-қызыл боп ду ете түсті. Ол дағдысынан тыс қызына сөйлеп еді.
Бұл жайға, әрине, Абай да және соған ілесе Павлов та амалсыз күле қарасып, қарсылық білдірісті. Мұсылманның мешіті, оның мінбері мен хұтпасы тек имам, халфелердің ғана жұртқа сөз қатар орны екенін айтысты. Ол жер күніне бес намаз түгіл, бес айда бір намаз оқымайтын Абайдың аяқ басар жері емес. Осыны айтып, Абай дәрігер әйелді енді күлдіре отырып, анықтап ашып берді. Бірақ бұл үйден кетерде қалай болса да бір жолдар тауып, Абай ар жақ пен бер жақтың қазақ халқына дәрігерлер ақылын жеткізіп көруді міндет, серт етіп ала кетті.
Келесі күні ертемен ыстық, ашық сәске шақта Абай Ертістің арғы жағына таяу жүргіншіні өткізетін үлкендеу бір жел қайыққа кеп мінді. Қайық иесі биік кермені жалаң аяқ бойда түрегеп тұрып ұстаған Сейіл екен.
Ол жағадағы екі күрекші, жас қайықшыларға кендір арқанды лақтыра тастады. Абай келіп отырғанда жүргіншілер мөлшері қайыққа толып қалып еді. Енді қайық ар жаққа жүруге айналды. Бірақ Ертісті көлденең кесіп арғы жағаға өту үшін бергі жағада біраз жерді өрлеп көтеріліп алу шарт. Сонымен, Сейілдің "тартыңдар!" деген қысқа бұйрық белгісі бойынша екі күрекші ұзын арқанды иықтарынан асыра қымтып, арқалай тартып кетті. Қайық аз теңселіп барып, өрге қарай баяу жылжып келеді. Сейіл өзі кермені түзеп ұстаумен қабат, ұзын сырықты қайта-қайта су түбіне қадап қойып, қайрат салып, ауыр қайықты Итере жүргізіп келеді.
Ертіс суы тегінде Семей тұсында көкшіл, тұнық боп ағатын. Бүгінгідей жауынсыз ашық күні сол мол су әсіресе көгілдір тартып, мөлдірей түсіпті. Сәл жасылданған бояуы да байқалып қалады. Қайық бергі жағаға өрлеген сайын Слободканың өзенге шығатын көшелері бірінен соң бірі кезектеп ашыла берді. Әр көшеде суға келіп жатқан жандар байқалады. Алыстағы ауқатты үйлерден су алуға бөшкелі арбалар келіп, өзенге ат жалдата түседі. Ол бөшкелердің үлкен-кіші мөлшері, ескі, жаңа қалпы, әсіресе қызылға, жасылға, немесе көкке боялған іреңдері де әр сәнді. "Көктөбел үй", "тасболат үй" дейтұғын бай үйлерді байқатады. Әзір осылар көрінумен қатар, иықтарына әкпіш ағаш салып, қос шелекті көтеріп келіп, су алып кетіп жатқан келіншектер, қартаң әйелдер, не бала жігіттер көбірек көрінеді.
Абай Ертіс суын ішуге әкетіп жатқан үйлердің қаупін ойлап қалды. Мөлдіреген, сылдыраған, ауыр салмақпен сәндеп аққан сұлу Ертіс, бұл шақта қаншалық үнсіз қатер, жым-жырт жаманат, ауыр дерт таратып жатыр. Ол күй ойды қорқытады да, амалсыздық тығырығына қамайды... Мынау жағалай отырған жаман үй, кедей шоқпыт қоралардың, ескі шарбақ, құймалардың, жыртық аласа қақпалардың ар жақтарында тұрған үйлердің бәрі бір халде. Олар амалы жоқ, суды Ертістен ішпей қайдан алады. Су емес, "у" десең де, Ертістен басқа ауызсу іздер жері қайсы?.. Сондықтан да барлық ортажатақ, басжатақ Ертіс суын жаңағыдай алып, ішіп жатыр да, кесел дерт обаның қазасына белшесінен батып жатыр.
Ертістің суы жаз ортасында тартыла түсіп саязданғандықтан, қайықшының қайсысы болсын кейде суға секіріп түсіп, қайықты қолымен де итеруге тура келеді. Сол себепті жасы елуге тақалған Сейіл маңдайы мен екі ұрты, көз ұясы айғыз-айғыз әжімге толған қалпымен жалаң аяқ тұр. Балағының бірі жыртық, ақ дабы дамбалдың ышқырын түріп апты. Өзі біресе кермені ұстап шалқайып, біресе қаққы ағашты өзен түбіне қадап, еңкейе тіреу салады. Қайықтың тез жылжуына қайрат етеді. Сөйте тұра Сейіл Абайды жақсы біліп, құрмет тұтатын қалпымен оба науқасы жайынан ақыл сұрай бастады.
Дәмежан үйінде Абай естіген басжатақ кедейлерінің күйіндей бер жақтың төмен тұсындағы кедей-кепшік үйлерінің де өлім, қазасы аса көп екен. Жақында ғана Сейілдің кіші балалары, 6-8 жасар екі ұлы бір күнде қаза болыпты. Мынау қайық тартып келе жатқан екі жас жігіттің біреуінің келіншегі өліпті. Біреуінің ас пісіріп, жас жетім інілерін күтіп отырған шешесі қайтыс болыпты.
Сейіл Абайға қарап:
– Бұл дертке шара-шыпа бар ма, Абай мырза? Осылай қыруар халық қырыла-жойыла барғаны ма! – деді. Аса ауыр дертке тым құрса жұбаныш тілегендей. Ендігі үміт тірегі 15-16-ға келген, үлкен ұлы екен. Сол, анау кіші інілері ауырғанда бірге жығылса да, әзірге ұсынып кетпепті. Қысыла барып, әкесін неше күндей қан жылатып, "ес кетті, жан шықты" дегенде сәл бері қараған тәрізді.
Сейілдің дімкәс әйелі бар екен. Бір күнде топ баласының ішінен оққа ұшқандай үш бірдей баласы мұрттай түскенде, ол ес-түстен айырылып, ыстық істеп беруге де жарамай қалыпты. Кәрі кемпір, әже болса бүк түскен күйде: "Мені ал, балаларымның жолына айттым өзімді, тым құрса біреуі үшін құрбан еттім өзімді", – деп, о да өлімге бас байлапты. Аза менен наладан ауыз жимай, бас алмай қойыпты. Сейіл үйге барса, күңіренген шер мен зар естиді. Осы жайын айта келіп, ол бір сәтте:
– Мынау үлкен балам жазылмай, тағы да қайталап жазым боп кетсе, әйелім мен шешем обадан бұрын қайғы-қасіреттен өртеніп өлетін. Осындай аурудың бері қарағаны, тегі қайталай ма екен, Абай. Оны білгеніңіз бар ма? – деп сұрайды.
Абай Сейілді жұбату үшін ғана емес, анық сенімі сол болғандықтан, қайықшының көңіліне медеу болар сөз айтты.
– Үштің бірі болса да, аман қалғаны ырысың екен. Алғашқы ауыр күндерде аман өткен соң, бұл балаң енді осы дерттен құтылды деп біл, қайталамайды, – деді.
Бір кезде Сейілдің қайығы үлкен Ертісті жүзіп өтіп, жарлау кенересі бар көгалды аралға жиектеп келіп еді. Енді тағы да ескектегі жас қайықшылар қолдарына арқан алып секіріп түсті. Семей жақтағы Қарасуға қосылатын ағынды арнаны өрлеуге кірісті. Қайық ішінде Абайдың сырт жағында отырған он шақты жаяулар бар еді. Арасында екі татар әйелі, бастарына көтерген жұқа қара шапандарын беттеріне тұмшалай бүркеп алыпты. Өзге жүргіншілермен олар да түсті. Қайықтың өрлеуіне жеңілдік жасамақ. Сол барлық жүргіншілермен қатар Абай да қайықтан түсуге бейімделгенде, Сейіл оны сыйлады да:
– Сіз түспеңіз, ешнәрсе етпейді, шаршайсыз, шықпаңыз! – деді.
Абай мол, ауыр денесімен сыртына қарай бұрылды. Қайықтан өзгелерден соңырақ шығып жатқан екі татар әйеліне көз салды.
– Тіпті мынау әйелдер де шығып жатыр. Денім сау, менің отырғаным лайық болмас! – деп еді, Сейіл әжімді жүзін өте сирек күлкімен тыжырайтты да, жарылған ернін ашып, ақсия күлді.
– Ол әйелдерден қысылмаңыз. Бұлар жаяу жүрмесе шаршайды емес пе. Отыруға шаршағаннан қыдырып бара жатқан жоқ па! Сіздің жөніңіз бір басқа, отырыңыз! – деп, Абайды шығармады.
Екеуі оңаша қалғанда Абайдың ойында жоқ сыр ашып, Сейіл Сармолла жөнінде қаланың төменгі жатағы айтысып жүрген бір жайларды сөйледі.
– Абай мырза, біздің естігеніміз рас па, осы? Сармолланың өзге молдаларға жақпай жүргені, ол: "Молдаларға жаназа, садақадан түсім түспей қалса да, жұрт науқастан амандау болсын. Ендігәрі кісілерің өлсе, жайшылықтай емес, молда-қожаны шақырмаңдар, көп жұртты жиып ас бермеңдер. Бұл менің халыққа айтқан достығым!" – депті. Соған бас мешіт пен біздің мына төменгі мешіт имамдары сөз қосып, қатты жауығып апты. Бұлардың сойыл соғар, бас бұзар сотқарлары күндіз істемесе, түн жамылып істейтін қастық аз емес қой. Осылар сол Сармолланы құртпай тынатын емес! – деседі. Одан сіз не білдіңіз? – деді.
Абай бұл сөзден сәл сескеніп, ойланып жауап берді.
– Сармолланың сөзі халық қамына жақын сөз екені даусыз. Аралары ұрыс-таласқа айналып жүргенін де естіп ем. Бірақ соншалық өшігіп, қастық етуге барар ма екен. Оны неліктен айттың? – деп өзі сұрау берді.
– Айтқаным сол, кімнен демеңіз, осында Отарбай дейтін, сөзімен бірге қамшы, қаруы қоса сілтенетін бір сотқар саудагер бар. Оның Семейқан, Қорабай дейтін өзіне серік төбелесқой саудагерлері бар. Бұлардың ар жағы порттардан шықпайтын бірнеше ішкіш, қарташы, кісі өлтіргіш, ұры, бұзықтарға жалғасып жатады. Отарбай үйі менің анау су жағасындағы жаман үйіме жақын болатын. Әр үйлерді аралап жүрген бір шал сушымыз бар еді. Соның сөзін тыңдасам, Отарбай үйіне жаңағы бар қаны бұзық сойқандар жиылып, Сармолланы сыртынан құртып, жойып жатыр дейді. Ол екі имам алдында "ләнет" аталады. Қаланың бар басты саудагер байларын түршіктірді. Дін мұсылман қарындасты мынау қараңғы күнде, апат үстінде орға, жарға жыққалы тұр. Діннен аздырғалы жүр. Астыртын орыстың төрелері мен поптарының дегеніне қарай жетектеп, халықты мешіттен, имам, хазіреттен бездіріп барады! – депті. Сол үшін "ондай ел аздырушыны дін жолымен жазалау керек", "аямай құрту керек" – деп есіттім.
– Бұны қашан есіттің? – деп сұраған Абайға ол өткен бейсенбінің кешін атады. Оған Бүгін үшінші күн.
Абайдың енді көңіл күйі, әсіресе, қобалжытқан ренішке ауысты. Ол Сармолламен өзінің кеңесінде "халық қамын ойлап, жұртқа естірте өсиет айту керек" дегенін еске алды. Сол жолда не ниетпен болса да, Сармолла әрекет етіпті де, осы қаланың бар момын еңбек еліне қамқор адам есебінде аты шықты. Оның айтқанын бар хазірет, халфеден әлдеқайда артық санаған момын жұрт мынау қайықшы Сейілдер. Кешегі басжатақтағы көзі жасты, көңілі қаяу жүдеу-жадау көп үйлер. Сармолла жалғыз болса да, ауыр дерт үстінде, көп үшін өз басын күшті топтың жаулығына қарамай қатерге тіккен кісі тәрізденіп тұр.
Молдалармен арасында қандайлық өші-қасы болса да, бүгін оның хазіреттерге қарсы айтқан жарты лебізінің өзі де көпке жетіп, жұртқа жақты. Ендеше, Абайдың қолынан келсе, сол Сармолла айтып жүрген сөзді бұл өз тарапынан да жұртқа жеткізу борыш-қарыз тәрізді.
Енді біразда ауыр қайық үлкен қала жақтағы Қарасуға қарай тақап келіп еді. Қазір аралды айналып, сол Қарасуға шыға бергенде, кішкене өзеннің арғы жағасындағы үлкен Семей кең ашылып, мол көріне берді. Бер жақ пен үлкен қала арасын бөлген, көзден тасалап тұрған қалың биік тоғайлы Полковник аралы енді арқада қала берді. "Қарасу" бөлек өзен емес, Ертістің сол аралды айналып аққан бір тарауы да, Семейдің үлкен қаласы осы Қарасудың жағасында. Қазір қаланың Қарасуға құлай түскен бірнеше кең, түзу көшелері алыстан аңғарылады. Дәл өзен жағасына қарай ыра төмен салынған үлкенді-кішілі көп үйлер көзге түседі. Солар арасында, әсіресе қайықтың қарсы алдында аппақ, көп қабатты бу диірмені көрінеді. Оның қызыл кірпіш мұржасы бар. Атыраптан бойы асып, қара қошқыл түтінін будақтатып тұр... Атақты татар байы Мусиннің бу диірмені, қазақтар атандырған "қызыл барабайы"1 осы.
Содан арырақ биікше алаңда окружный соттың екі қабат, ақ тасболат үйі көлденеңдейді. Бұған жалғасырақ өзенді құлдай салынған Плещеев шеркеуі және бірнеше аққа боялған екі қабат тас үйлер, көк шатырлы асты-үстілі ағаш үйлер бойлап көрінеді. Кеңселі, машиналы, биік алтын кресті, қоңыраулы орыс қаласы айқын ерекшеліктермен байқалады. Әсіресе қырдан, сахара үнсіздігінен қалаға келген қазаққа жаңағы қызыл барабайдың "қышқырғаны" қандай! Жақын шіркеулердің көп қоңырауын қаңғырлата, шалдырлата, гүмбірлете, салдырата соққандары да өзгеше өмір дабылын, тірлік тынысын танытады. Сол жайды бүгін ерекше аңғара отырып, қайықтағы Абай Қарасудың жиегіне жетіп қалғандарын байқады. Алда біраз жерде жаңағы қайықтан түскен жаяулар тұр екен. Беттерін қара шапандарымен қымтай түсіп, бір жақ қана көздерін сығырайта қараған татар әйелдері де жетті. Қазағы, ноғайы бар, әр жасты, әр үлгілі киім киген қала адамдары енді қайыққа беттеді. Осылай тақай бере Сейіл өзге сөздерін үзе қойды. Абайға оңашада айтып қалайын деген бір соңғы сөзін еңкейе тұрып баян етті.